«Мені әдебиетке мұң жетелеп әкелді»
Палестина, Марокко, Түркия, Ресей, Франция, Украина жазушыларының ағыл-тегіл ағылшыншасымен айтылып жатқан бүгінгі ғаламдық үдерістегі әдебиеттің орны мен маңызы туралы өткір пікірі жаныңа майдай жағып жатқанда, кешегі ХХ ғасырдың басындағы ойлау үлгісі мен жазу машығынан қол үзгісі келмейтін қазақ әдебиетінің даму, өзгеріс атаулыға үрке қарап тұратын үрейге толы мінезі үшін кім кінәлі деген сұрақ өз ішімізден қоса қабаттаса қойылып отырды.
Шақырылған қонақтардың ішінен өз елінде туып, басқа елде өмір сүретін, шығармасын үшінші бір тілде жазатын жазушыларды көргенде, жаһандану кезеңінің жанды мысалымен алыстан емес, бетпе-бет кездескендей болдық. Біз сұхбаттасқан поляктың бүгінгі ең танымал жазушысы Януш Леон ВИШНЕВСКИЙ де Польшада туып, отыз жылдан бері Германияда өмір сүреді. Кітаптары әлемнің 19 тіліне аударылған. Әр шығармасы үлкен дүмпу туғызады. Көп сыналады және сонша көп мақталады да. Физика ғылымдарының докторы.
– Пан Вишневский, әлемдік супербестселлерге айналып, сізді әйгілі жазушы еткен «Желідегі жалғыздық» романыңыздың электронды нұсқасын біз де оқып шықтық. Біздің ұғымымыздағы «салмақты әдебиет», «дәстүрлі әдебиет» дегенді мүлде теріске шығаратын бұл шығармадан ұққаным, жаһанданудың көмейіне жұтылып кетіп жатқан барлық ұсақ ұлттардың құндылықтары сияқты біз өзіміз жақсы көріп оқыған дәстүрлі әдебиетпен де қоштаса беруге болатынын оңай бағамдадым. Қандай әдебиет туралы айтып тұрғанымды сіз де жақсы біліп тұрсыз, ол әдебиет шынымен енді жоғала ма?
– Әуелі ол әдебиеттің шын «салмақты» ма, әлде бәрі бір қолдан шыққандай жаңалығы шамалы, қайталана беретін қатардағы көп дүниенің бірі ме, салмағын анықтап алу керек шығар. Мәселе «салмақты әдебиет» деген түсінікті нақты қандай авторлардың құрайтынында ғой. Мысалы, Америкада нағыз әдебиет деп оқырманы көп танымал әдебиетті айтады. Көп сатылатын, жылдам өтетін, бірнеше рет бірнеше миллион тиражбен қайта басылып шығатын шығарманы нағыз әдебиет деп таниды. Бұл – Америкада.
Кітаптың жетістігін оның қанша тиражбен басылып шығып, қалай сатылатындығы анықтайды деген пікірмен мен де келісемін. «Салмақты әдебиет» деп қатпар-қатпар әлеуметтік мәселелердің астарын ашып көрсететін, сол арқылы адамның жанына жылу сыйлайтын, үмітін оятатын, құлшындыратын, мұң арқылы әлдебір шындықты түсіндіріп беретін әдебиетті айтамын. Тәрбиелік мәні басым. Мен де өз елімде өте танымал жазушы болып есептелемін. Мен де өзімді «салмақты әдебиеттің» өкілімін деп санаймын. Бірақ шынын айтайын, салмақты шығарманың сатылуы өте қиын. Қиындығы шаш етектен. Біріншіден, өте аз данамен басылады. Ертеректе оқырман өз басындағы бақытсыздықты терезенің арғы жағындағы басқаның бақытсыздығымен салыстыратын. Ал қазір Польшада, Германияда «фэнтэзи» жанры бәрін басып озып, алға шықты. Біздің білуімізде, Еуропада Агата Кристиден кейін бұл жанр ұйқыға кеткендей бар-жоғы белгісіз күйде келген еді. Ал енді ұзақ жылғы үнсіздіктен кейін қайтадан бұрқ етіп, әдебиет нарығын жаулап алып жатқаны бәрін таңырқатып отыр. Яғни, телевизиядағы ойын-сауық секілді әдебиетте де көңіл көтеретін жеңіл жанрлар пайда болды.
Мен екі елде де өмір сүретін азаматпын ғой, өзім байқаған тағы бір шындықты айтайын, Германияда да, Польшада да криминалды жанр адам айтса нанғысыз сұмдық сәнді жанрға айналды. Бұл дегеніміз не? Яғни адамдар кітап оқыған кезде әлеуметтік мәселелерден алыс болғысы келеді. Олар онсыз да бұл туралы күн сайын интернеттен оқып, теледидардағы жаңалықтардан естіп, біліп отыр. Ал әдебиеттен көңіл көтеретін жеңіл дүние іздейді. Қаласақ та, қаламасақ та бүгінгі оқырманның таңдауы осы болып отыр. Ал бұл күресте, өкінішке қарай, «салмақты әдебиет» біз ойлағандай текетіресе алатын салмағын көрсете алмады.
– Сонда «салмақты әдебиет» болашақта таңдаулы адамдардың ғана таңдауы бола ма?
– «Салмақты әдебиеттің» беделін, танымалдылығын сақтай алмауының тағы бір себебі, кейінгі толқын оны оқуға дайын емес. Күрделі шығармаларды оқу үшін оқырманда ішкі дайындық болуы қажет. Деңгей болу керек. Белгілі бір мөлшердегі білім қоры болуы керек. Ал қазір әртүрлі деңгейдегі оқырман талғамы мен мәдениетін бір жүйеге бағындыру мүмкін бе? Меніңше, жоқ. Компьютерлік ойындар ойнау, теледидарда көргеніңді қабылдау қиын емес, ал кітапты оқыған кезде ойлануың керек. Автордың айтқысы келген ойын құрығанда сезуің керек. Дайындығы болмағандықтан, «салмақты әдебиет» те бара-бара оқырманын жоғалта береді. Мен де кеңестік дәуірдің идеологиясымен өскендердің бірімін. Ол идеямен өскендер үшін кітап деген – бәрі, бүкіл әлемнің өзі болатын, кітап – ақпараттың жалғыз көзі болатын. Ал қазір ол кітаптардағы шындық басқа, өмірдің шындығы басқа болып шықты, яғни бүгінгі өлшем басқа, ендеше әдебиетке деген көзқарастың да басқаша болуы заңды.
– Сіз қазақ әдебиетімен, оның өкілдерімен таныссыз ба?
– Қазақстанға келер алдында Германиядағы бірнеше кітап дүкендеріне арнайы бас сұғып, қазақ қаламгерлерінің неміс, ағылшын тілдеріне аударылған шығармаларын іздедім. Таба алмадым. Германияға қарағанда Польшада бұл мәселе тәп-тәуір шешімін тапқан. Дүкендерге кірсеңіз, қазақ, украин, қырғыз ақын-жазушыларының кітаптарын кездестіруге болады. Қазақстан ғана емес, қазақ әдебиеті де Еуропадан әзірге тым алыс жатыр. Дәл қазір Польшада, Германияда ағылшын тілді әдебиеттің үлесі басым.
– Барлық посткеңестік елдер үшін ортақ мәселе – кітап құнын жоғалтты. Тура және жанама мағынасында алсақ та бағасы арзандады, оқырман саны азайды, талғамы, оқу мәдениеті төмендеді. Ал Польшадағы әдебиет ахуалы қалай?
– Бізде де тура осылай. Кітап оқу мәселесі бойынша Қазақстандағы статистиканың қандай екенін білмеймін, бірақ Польшадағы статистика адам шошытады. Былтырғы жылғы мәлімет бойынша, 18 бен 25 жас арасындағылардың 37 проценті адам мүлде кітап оқымаған. Бірде-бір. Іссапарлармен Еуропаны жиі аралауға тура келеді. Ұшақтарда, метроларда, жалпы қоғамдық көліктерде смартфон шұқылап отырған адамды өте-өте сирек көресіз, ондағы адамдар негізінен, кітапқа шұқшиып отырады. Польша билігі мұны байқаған болуы керек, қазір қазынадан арнайы дотация бөлдіріп, кітап бағасын арзандатып, көшелерге кітап сөрелерін қойдырып, кітап оқытудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр.
– Поляк қаламгерлері қалай өмір сүреді, қаламақыға күнін көре ала ма?
– Меніңше, қай елде болса да, қаламақыға өмір сүру мүмкін емес. Өйткені Польшада кітап тиражы 15 000-нан аспайды. Әдебиетке қызмет ететін барлық қаламгердің жағдайы бірдей емес. Тіпті алғаш қолыма қалам алып «Жалғыздықты» жаза бастағанымда, маған Польшада оқырманнан гөрі жазушы көп сияқты көрінетін. Польшада шығармалары есебінен қаламақыға өмір сүре алатын өте танымал он шақты ғана қаламгер бар.
– Соның бірі – сіз.
– Иә, қаржылық мәселесі шешілген он жазушының бірі – мен. Көпшілігі жанбағыс үшін үкіметтің жұмыстарын істейді, университеттерде сабақ береді, журналистикада жүргендері қаншама. Мен де Германияда тұрамын, ғалыммын, оқулықтар, ғылыми мақалалар жазамын. Жалақым да жоғары. Бірақ парадокс мынада – мені ғалым ретінде өз саламда жұмыс істейтін елу, мықтағанда жүз шақты ғана адам танитын болар, ал жазушылық өнер мені әлемнің миллиондаған оқырманымен таныстырды. Ал жазумен тек қолым қалт еткенде, сенбі-жексенбі күндері, кезекті еңбек демалысы кезінде ғана айналысамын. Бүгінде мені басқа кітаптарымды айтпағанда, бір ғана «Желідегі жалғыздық» асырап отыр.
– Кітаптарыңыз көп тілге аударылды, аударма мәселесіндегі мәңгілік дилемма мынау – шығарманы бір тілден басқа тілге тәржімалағанда түпнұсқаның нақтылығы маңызды ма, әлде көркемдігі басты орында тұра ма?
– Мәтіннің әуезділігін, оқығанда кібіртектемей, көзіңді жүгіріп отыратын көркемдікті басты орынға қоямын. «Сіз орыс тілін жетік білесіз, «Анна Каренинаны» оқыдыңыз, «Соғыс пен бейбітшілікті» оқыдыңыз, орыс тілінде жақсы сөйлейсіз, айтыңызшы, мына шығарманың орысша аудармасы жақсы ма?» деп менен жиі сұрайды. «Білмеймін», деймін. Шынымды айтайын, аударма мінсіз болса да, оның жақсы-жаманын бәрібір ажырата алмас едім. Өз шығармаларымның да орыс тіліндегі аудармасына баға бере алмаймын. Бір білерім, нақтылық сапа көрсеткіші бола алмайды. Аудармашы нақтылыққа ғана сүйенбей, кейіпкердің көңіл күйін, жан толқынысын, көңіл күйіндегі әртүрлі реңкті, жалпы шығарманың тынысын сездіре алуы керек.
– Сіз физиксіз, химиксіз, информатик-програмиссіз, жазушысыз, көп тіл білесіз, осынша өнердің ішінен өмірлік мақсатым деп қайсысын танисыз?
– Бірінші кезекте – ғалыммын. Ғылымды жан-жүрегіммен сүйемін. Ал әдебиетті «жай ғана әуестігім еді» деп айтуға аузым бармайды. Мені әдебиетке мұң жетелеп әкелді. Әйеліммен арада туындаған қиындыққа одан да күшті қарумен қарсы тұрғым келді. Мұңға, қайғыға қарсы күресемін деп жүріп «Жалғыздықты» жаздым. Әдебиет жеке өмірімдегі қиындықты жеңуге көмектесіп қана қоймай, кеңістікке есік ашты. Ғалым екенмін деп, нақты ғылымдардың жабық әлемінде жасырынып қалғам жоқ. Ендеше, әдебиет – өзім. Ғылым – өмірлік мақсатым болса, әдебиет – өмірімнің мәні.
– Әңгімеңізге рахмет.
Баға беріңіз