Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

​Мағжанды іздеген азамат

12.9.2018 37
Биыл маусым айында жолым түсіп, Шы­ғыс Қазақстанға барып, көптен бері тек телефон арқылы сөйлесіп жүрген, бірақ бұған дейін еш жүздеспеген, сол жер­дің азаматы Алдияр Әубәкіровпен кездес­кен едік. Бір-бірімізді көріп, хал-жағ­дай сұрасқан соң, әңгіме тиегі елімізде болып жатқан елеулі оқиғаларға ауысып, Алаш­тың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына ойысқан-ды. Әңгіме барысында Алдиярдың Мағжанды өте терең білетініне қайран қалдым. Ол маған көпшілік біле бермейтін тың деректерді айтқаны бар. Сөйтіп, екеуара Мағжан ақынның тағдырына қатысты ел ішінде тарап жүрген әңгімелер жайлы пікірлестік.

Жалпы, Мағжанның тағдырына қатыс­ты түрлі деректер соңғы жылдары жиі айты­латын болды. Әсіресе Мағжан Жұмабаев­тың 1938 жылы атылмағаны, оны 1949 жылы Бауыржан Момышұлының Сібірде көрген­дігі туралы әңгімелер тараған. Баспасөзде мұндай мазмұндағы мақалалар бірнеше рет жарық көргені бар. 2013 жылы сондай мақалалардың бірін «Ана тілі» газетінен Алдияр Әубәкіров те оқыса керек. Сол жылы 1938 жылғы репрессияға 75 жыл толған болатын.

Әлбетте қазақтың азаттық жолында бастарын бәйгеге тіккен, ұлттың ұятына айналған боздақтарын іздеуі, оларға лайықты құрмет көрсетілсе деген аңсары қандай да бір атаулы мерзімдермен өлшенбейтіні де хақ. Дегенмен А.Әубәкіров сол жылы итжеккенге айдалып, сүйегі жат жұртта қалған, артында жоқтаушысы қалмаған қазақтарды іздемекке бел байлайды. Сөйтіп «Ақиқат» журналында жарияланған, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Ресейдің жоғары оқу орындарын бітірген қазақ зиялыларының тізімін қолына алып, аталған тізімге Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгіров, Міржақып Дулатовты қосып, сол кездегі Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Р.Жақыповқа хат жолдайды. Ал генерал болса Алдияр Әубәкіровке ресми хат жазып береді де, оны Ресейдің Магадан облысы ішкі істер департаментінің бастығы генерал А.Суровцевке тапсыруын сұрайды. Аталған хат «Мына хатты сізге тапсырушы А.Әубәкіровке қолыңыздан келгенше көмектесуіңізді өтінем, өйткені ол бүгінгі күнге дейін беті ашылмаған зобалаң жыл­дар­дың ақтаңдақтарымен айналысып жүр» деген мағынада болыпты. Сөйтіп А.Әубә­кіров Сібір жерінде қалған, репрессия құр­баны болған қазақтарды іздеуге аттанады.

Әрине сапарға шығардан бұрын Алдияр Әубәкіров өзінің бұл мақсаты туралы сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевқа баяндайды. Облыс әкімі белсенді азаматты сөзге келмей қолдап, А.Әубәкіров жолға шығады. Оның бұл сапарына С.Сайлаубаев, М.Мұзапаров деген іскер азаматтар демеушілік көрсетіпті. Осылайша жоқ іздеген қазақ Магаданнан бір-ақ шығады.

Магаданда ұлтының жоқтаусыз кеткен перзенттерін іздеп жүрген азаматты қалалық архив директорының орынбасары Тамара Васильевна қарсы алады. Алдиярдың айтуынша, қалалық архивте жұмыс істеуіне ешкім қарсы болмаған көрінеді. Бастапқыда өзі апарған тізіммен тәуекелге бел байлап, шаруаны бастап кетсе керек. Архивтен ең алдымен Кабдул Уалиев деген азаматты тауыпты. Ол «Ақи­қат» журналындағы тізімде бар болғаны­мен, аты жазылмаған екен.

Содан соң, Магаданға жер аударылған, сөйте тұра сол жақта жүріп қайтадан сот­тал­­ған­дардың тізімдерімен жұмыс істей­ді. Көз майын тауыса жүріп әлгі құжаттар­дың ішінен 20 қазақтың ақталған тізі­мін табады. Сонымен қатар түрме­ден шық­қан соң елге қайтуға қорқып, Мага­данда қа­лып, сол жердегі шахталарда жұмыс істе­ген азаматтардың аттарын орталық нота­риалдық кеңсенің архи­вінен тапқан. Олар – Көкен Омаров, Акрам Нұрға­лиев, Джумабек Ма­мербаев, Амантай Қаба­таев, Тусумбек Қасымов, Мурзат Дорбаев, Соган Гали (Сагым­гали) Бай­батыров, Бисен Асқаров, Наби Алиев, Багижан Альжанов де­ген аза­маттар екен. Өкінішке қарай, олар әртүр­лі себептерден шахтада қайтыс болыпты.

Алайда, Магадандағы жергілікті би­лік қуғын-сүргін туралы ақпараттық ор­та­­лықтағы құжаттармен танысуға Ал­дияр­ға рұқсат бермеген. Аталған орта­лық мамандарының айтуынша, өткен ғасыр­дың тоқсаныншы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағандарды жаппай ақтау жүргізілген кезде елу мыңдай адамның істері қаралмай қалыпты. Оның ішінде екі мыңдай қазақ азаматтарының істері қаралмай қалса керек. Орталық мамандары бұл жағдай туралы Қазақстаннан арнайы барған А.Әубәкіровке жасырмай айтқан. Бірақ Магадандағы ақпараттық орталық (информационный центр) Мәскеуге бағы­натындықтан, ондағы құжаттармен жұмыс істеуге қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарына ғана рұқсат етілетін болса керек. Сөйтіп 2013 жылғы сапарында А.Әубәкіров Мағжан Жұмабаев туралы ешбір дерек таба алмаған.

Магаданға жасаған сапарында А.Әубә­кіровке архивтің қор ұстаушыларымен және өлкетанушыларымен жұмыс істеудің сәті түседі. Солардың ішінде Давид Райзман деген Магадан қаласының құрметті азаматымен танысқан, ол лагерьде болған шетел азаматтарының өмірбаяндарын зерттеумен айналысыпты. Бірақ ол кісінің тізімдерінде қазақ азаматтарының аты-жөндері болмаған.

Осы сапардың соңғы күні Алдияр Давид Райзман арқылы Анна Байдарова деген келіншекпен танысады. Ол қаладағы қолөнер мектебінің директоры болып жұ­мыс істеп жүріп, бұзылған үйдің шаты­ры­ның ішінен көптеген кенепке майлы бояу­мен салынған суреттердің шық­қанын ай­тыпты. Сол суреттерді көрсеткенде Алдияр­дың көзіне қазақтың қалпағын киген кісінің кескіні оттай басылған. Анна Бори­совна кезінде көп жылдар бойы Алматы қала­сында тұрған екен. «Бұл кім?» деген оның сұрағына: «Қалпағының айырығы алдыңғы жағында екеніне қарағанда – қазақ», – депті Алдияр мүдірместен. «Онда осы суретті саған сыйладым», – деп оны үлкен ақ қағазға орап А.Әубәкіровке тарту етіпті.

Әбден сыз жерде көп жатқандықтан бояулары түсудің аз-ақ алдында тұрғанын байқап, Алдияр елге келген соң, әлгі суретті өзінің досы Н.Аштемаға лакпен боятып аздап қалпына келтірген. Суреттердің сыртында суретшінің А.М.Белявский деген қолтаңбасы бар екен. Ол туралы соңында тоқталамыз.

Енді біздің жоқ іздеуші кейіпкеріміз 2015 жылы жаңағы суреттің сканерленген көшірмесін алып, Магадан облысындағы Сусума деген лагерьде Мағжан Жұмабаев­пен бірге отырдым деген Абдолла Абдрах­манов есімді аттасын іздеп, Атырау облы­сындағы Құлсары қаласына жол тартады. Барардан бұрын сол қаланың архивінің директоры болып істейтін Ұлмекен деген қарындасымен телефон арқылы танысып, жағдайды түсіндірген. Ол кісі бірден түсініп, көмектесетінін айтқан.

«Абдолла атамыз жасы 96-ға жақындап қалса да әлі жас секілді көрінді маған. 1948 жылы мұнай бұрғылау бөлімінде оператор болып жүргенде жала жабылып сотталыпты. Ақсақал Мағжан Жұмабаевтың өмірін зерттеп жүрмін дегенімді естіп, «Қашаннан бері айналысып жүрсің? Неге кеш бастадың? – деп өзіме дүрсе қоя берді. – Сен не іздеп, не табам деп жүрсің: өте кеш бастағансың, бұл жұмыс жалғыздың ісі емес», – деді тағы да сөзін жалғастырып. Содан кейін, орнынан жас адамша шапшаң ұшып түрегеліп, қасында тұрған шкафтың есігін ашып жіберіп, папкаларға салынған көптеген құжаттарды менің алдыма тастай салды.

Біраз отырып әңгімелескен соң, атамыз менің шынында да Мағжанның жанашыры екеніме көзі жетіп, қолындағы жинаған құжаттарын көрсете бастады. Айтуына қарағанда, атамыз Мағжанмен сотталып барған жылдары Сусумада танысқан. Келе сала сол лагерьде орысшаны судай білетін қазақ бар екенін білген. Ол кезде лагерьдегі екінің бірі жаламен жабылғандықтан, бәрінің қарманатыны жоғарыға хат жазу болса керек. Сондықтан олардың бәрі сол қазаққа, яғни Мағжанға өздерінің шағым қағаздарын жаздырады екен.

Абдолла атамыз Мағжанмен біршама уақыт бірге болғанын, онымен талай рет әңгі­мелескенін, оның орысшаға өте жүй­рік екенін, ал қазақша сөйлегенде таңғалды­ратынын, ақынның сырқаты әбден меңдеп, жұмысқа шыға алмай жатқан кездерінде артық нанмен бөлісіп, шайын апарып беріп тұрғаны туралы жырдай қылып айтып берді», – дейді А.Әубәкіров. «Мағжан маған бірде қойнынан өлең жазған дәптерін алып ұсынып, менің бұл фәниде қанша өмірім қалды дейсің, жолың түсіп елге аман-есен оралсаң, жөн білетін адамға тапсырарсың деген еді. Дәл осы аманатын орындай алмағаныма өкінемін, жолда ылғи түрмеден шыққандармен келе жатып ұрлатып алдым. Мағжанның цинга деген аурудан тістері түсіп ісініп, жүруге жағдайы келе алмайтындай уақытқа келді. Мен ол кезде жаспын, бұлшық еттерім ойнап тұрған кез. Норманы күнде асыра орын­дайтынмын. Артық нан-шайларымды ақынға таситынмын. Шайды қоюлатып ішкізетінмін.

Бір күні таңертең жұмысқа шығар алдында сапта тұрғанбыз, Мағжанның жансыз денесін әкетіп бара жатқанын көрдім. Аурудан ісінген бетін көріп бірден таныдым. Менің қолымнан не келеді, жылағаннан басқа. «Қош бол, ағатайым» деп қала бердім...».

біраз әңгімесін тыңдап тағы бір сауалым бар екенін айттым.

Жол сөмкемдегі сканерленген белгісіз қазақтың суретін алып, ол суретті Магадан­нан қалай әкелгенімді айтып бердім.

Абдолла атамыз: «Мынауың кім? Мен он­дай кісіні танымаймын!» – деп қойып қалды. – Ата дұрыстап қараңызшы, мен сонау Өскеменнен осы сурет үшін келіп отырмын, – дедім.

– Әй білмеймін, сен менен бата алу үшін келген болуың керек, – деп тағы бір қарады да, – мен Мағжанның қалпақ кигенін көрген емеспін, – деді. Әлде мені аяды ма, біраздан соң мынасын алып тастаса, деп қалпағын көрсетіп, келетін сияқты деді.

Мен қуана-қуана үйге қайттым. Бірақ Мағжанды Магаданда көрдім деген Бауыр­жан Момышұлы мен атамыз Абдол­лаға сенбеген біздің шенеуніктер маған сене ме деген ой мені мазалай берді, – деп бір тоқтады Алдияр ауыр күрсініп.

Осы сапарынан соң Алдияр Әубәкіров 2017 жылы интернетті қарап отырып петер­­бургтік суретші А.М.Белявскийдің сурет­­терін көреді. Бірден телефон соғып, ешбір жауап ала алмаған соң «жазған құлда шаршау жоқ» дегендей тағы да жолға шығады.

Петербургтің Мәскеу вокзалынан түсе сала, интернеттен көрген «Старина» деген дүкенді тауып алған Алдияр сатушымен танысып, жоқ іздеп жүрген адам екенін, қолындағы суретін көрсете отырып, келген мақсатын тәптіштеп айтып береді. Игорь Николаевич деген сатушы Алдияр көрсеткен суреттің шынында да Белявскийдің қолынан шыққанына күмән келтірмепті. Бірақ ол суретті салған Александр Михайлович Белявскийдің 1959 жылы қайтыс болғанын алдына тартқан. Содан не істерін білмеген Алдияр Игорь Николаевичтен оның баласының телефонын тауып беруін өтінеді. Ол берген телефон арқылы Белявскийдің баласына телефон соғып, Мағжан жайлы айтып, көмектесуін сұрайды. Альберт Михайлович (Хаймович): «Әкемнен ешқандай қағаздар қалған жоқ, менің әкем ешқашан Магаданда болған емес. Мен қазір дачадамын, сіз таба алмайсыз, қыста қалаға келгенде кездесуге жолымыз түсер, біз соғыс кезінде Алматыда тұрғанбыз», деп қысқа қайырыпты. Алдияр рахметін айтып, Игорь Николаевичтен қайтадан көмек сұрайды. Ол болса «А.Беляв­ский туралы деректі Литературный архивтен қараңыз. Шпалерный көшесі 34-үй– деп жазылған адресті қолына ұстатып, – ренжімеңіз қолымнан келгені осы», – деп өз телефонын жазып қоса береді.

– Архивте күні бойы отырып А.М.Бе­ляв­­ский деген суретшінің еш жерде аты-жөнінің жоқ екеніне таңғалып елге қайттым, – деп Алдияр өзінің Петербургке барған сапары жайлы әңгімесін аяқтады. Әрі қарай әңгімесін жалғастырған Алдияр өзінің 2017 жылғы Қызылжарға барған сапары туралы да айтып берді. Оның айтуынша 2017 жылы белгілі журналист Р.Сәрсенбайұлы оған телефон соғып: «Сіз Мағжан Жұмабаевпен айналысып жүр екенсіз, мен Абдолла ақсақалды шақыртып отырмын, ақынның туған жеріне барып тағзым етелік», – деген ұсыныс жасайды. «Бірден келісім беріп, жолға шықтым, – дейді Алдияр. – Мен айтылған уақыттан кешігіп бардым. Бірақ олар ешқайда бармай мені тосқанына өте қуандым. Ертеңінде ерте тұрып тамақ ішіп, бірден ақынның әкесінің зиратына бардық. Біраз кісі жиналды. Соның ішінде бәрін басқарып, бас-көз болып жүрген Өмір деген азаматқа бәріміз разы болдық. Жиналғандардың іштерінде: біз оған сенбейміз, қайтыс болған адамды неге қозғай бересіңдер дегендер де болды, Абдолла атамыз олардың ауыздарын бірден жауып отырды.

Бекен атаның басына құран оқыған соң, Мағжан Жұмабаев ауданы қайдасың деп тартып отырдық. Аудан әкімі жақсы қарсы алып, Мағжан ағамыз туралы өз пікірін ортаға салды. «Ақсақалдар, менің өз пікірім өзімде, бірақ сіздер сияқты үлкен кісілер келіп тұрған соң, сіздермен Сартомарға бірге барып келейін», деді. Біраздан соң ортақ мәмілеге келіп жүріп кеттік. Бірден Сасықкөлге бардық, ондағы Мағжанның басына қойылған ескерткішке Абдолла атамыз құран бағыштады. Бәріміз хабарсыз кеткен ақынның атын атап, қай жерде жатса да жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын деп қолымызды жайып, Алладан жақсылық сұрап, халқымызға бірлік-береке тіледік.

Мағжан Жұмабаев атындағы мектепке келгенде, ақынның музейін көргенде, атамыз көзіне жас алып, Мағжанның өзін көргендей болдым деп қуанды. Ертеңінде жазушы Рысбек Сәрсенбай тағы бір кездесуге қатысуға қалды да, мен қайтып кеттім.

* * *

Алдияр Әубәкіровтің айтуынша, ол Мағ­жан туралы деректі іздестіруді жалғастыра бермек. Оның ойынша Мағжан дерегін табу­дың тағы бір жолы бар. Ол – Ресейдің шығы­сындағы Ванино портына барып, кемеге тиелгендердің тізімін қарау. Кезінде сотталғандарды Ванинодан кемеге тиеп, Магадандағы Нагаево портына түсірген. Осы ойын іске асыру үшін ол Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне хат жолдапты, одан қажетті жауап келсе, міндетті түрде жолға шықпақшы. Бұл мәселеде демеушілердің де табылатынына сенімі зор.

Биыл бәрімізге белгілі Түркі әлемінің жарық жұлдызы, Алаштың ардақты ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы тарапынан ақын шығарма­шы­лығының Париждегі ЮНЕСКО штаб-пә­терінде және түркі тілді елдер астаналарында ұлықталғанынан жұртшылық хабардар.

Жоғарыда біз Алдияр Әубәкіров есімді бір ғана азаматтың мыңға татыр жұмы­сын баян еттік. Алдағы уақытта бұл азаматы­мыз­дың қолға алған істеріне тиісті орындар және еліміздің азаттығы үшін құрбан болған азаматтарды іздестірумен айналысатын арнайы қорлар мен ұйымдар жеткілікті түрде назар аударып, қол ұшын созар деген сенімдеміз.



Тегтер: Мағжан Мұмабаев, ақын, 125 жыл, Мағжан

Сондай-ақ, оқи отырыңыз