​Латын әліпбиі түркі әлемін жақындатады

Tilalem.kz

Tilalem.kz

05 қыркүйек, 2018

Қазіргі уақытта әлем халықтары қолданысында 65 әліпби бар. Абазин әліпбиінде 82, ал Папуа-Жаңа Гвинеяның ротокас тілінде бар-жоғы 11 әріп бар. «Ең кәрі әріп» біздің заманымызға дейінгі 1300 жылы фи­ни­киялық әліпбиде қабылданған «о» әрпі. Отыз үш ғасырдан бері мүлде өзгермеген. Дыбысты ғана емес, тұтас сөйлемдерді бейнелейтін иероглифтердің жөні бөлек. «Чжунвэнь дацзидянь» қырық томдық қытай сөздігінде елу мың түрлі иероглиф таңба бар. Мысалы, мұрныңыз бітіп, тыныс алуыңыз қиындап тұрса, оны көрсететін бір иероглифтің өзі отыз алты таңбадан тұрады!

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл түркі дүниесінің қызығушылығын оятты. Онда «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсеткен. Қазіргі заманда латын қарпіне негізделген әліпби лингвистикалық тұрғыда технологиялық прогрестің негізгі элементтерінің бірі болып отыр.

Өркениет көшінен қалуға болмайды. Әлем халқының 70 проценті латын әріптерін пайдаланады. Латын әліпбиіне өту туралы Украина, Беларусь, Моңғолия елдері де мықтап ойланып отыр. «Егер сіздер әлемдік мәдениетке, Еуропа өмір салтына жақындаймын десеңіз – латын әліпбиіне ауысуыңыз керек» деген Түркияның Мармара университетінің профессоры Хуршид Гюненің пікірі украин қоғамында үлкен пікірталасқа арқау болды. Украина мен Беларусь аумағында XIII-XVIII ғасырларда болған Речь Посполита (қазіргі Польша) мен Литва княздығы жазуы латын әріптері болған еді. Тіпті бір ғасыр бұрын беларусь газеттері латын әрпімен шығып тұрған.

Тіл – адамзаттың саналы қарым-қатынасы негізінде пайда болып, содан бері үздіксіз даму жолында келе жатқан тірі механизм. Сөздік қоры бес миллионнан асатын грек тілі мен небары 340 сөзден тұратын гвинеялық таки тілі қазір бір кезеңде өмір сүруде. Жарты миллионға жуық сөздік қоры бар ағылшын тілі әлемнің классикалық әдебиетінде де, әлемдегі беделі бо­йынша да салтанат құрып тұр. Қазір дүниежүзі халықтары арасында ең көп қолданыстағы тіл – қытайдың мандарин диалекті (900 млн жуық адам) екен. Одан кейін испан тілі (332 млн), ағылшын тілі (322 млн), бенгали тілі (189 млн). Деректер бойынша әлемде диалектілерімен қоса есептегенде жеті мыңға жуық тіл бар. Бірақ, олардың жартысына жуығы жойылу алдында тұрған тілдер, яғни ол тілді қолданушылар саны он мың адамнан аз. Ғалымдардың есебі бойынша 1950 жылдан бері әлемде 230 тіл жойылып кеткен. Мысалы, Кеңестер Одағы құрылғанда 194 ұлт болса, ыдыраған кезде 101 ұлт қалған.

АҚШ Висконсин университетінің профессоры Камел Карпат «Қазақты ұлт ретінде сақтау – түрікті сақтау деген сөз. Өйткені ең таза қанды түрік – қазақтар. Қазақ тілі – ең таза түрік тілі. Түрік тегінің тамыры да осында жатыр. Түркиядағы мұсылманшылық – сол Ясауи уағыздаған мұсылманшылық. Мен америкалық түрікпін. Жүрегімнің бір түкпірінде қазақ тұр» деген пікір айтады. Еліміздегі түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран «Қазақ тілі – барлық түркі халықтарына түсінікті тіл.

Латын әліп­биіне көшкен кезде бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпбиіміз болады. Сонда барлық түркітілдес ағайындар Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқадан оқи алады. Менің ойымша, сол кезде он сегіз миллион қазақстандық қазақ тілін үйренеді» дейді. Яғни әліпби халықтарды бір-біріне жақындататын, оның ішінде түбі бір туыстас ұлттардың өзара ынтымағына көмектесетін маңызды құрал. Түркия бастап, Әзербайжан, Түрікменстан, және Өзбекстан жалғастырып, латын негізді алфавитке көшті. Осы елдер­дің тәжірибесін қолдану және жасал­ған жұмыстарын пайдалану, сонымен қатар олардың жіберген қателіктерін қай­таламау қажет екені айтпаса да түсінікті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік университетінде латын әліпбиіне көшудегі қадамдардың бастамасы ретінде университеттің Инновациялық технологиялар паркінен Түркияның Ыстамбұл университетімен бірлестікте «Қазіргі түркі тілдерінің тілдік үдерісін зерттеу» ғылыми зертханасы ашылды. Зертхана қызметі алдымен қазақ тілін кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне ауыстыруды мейлінше оңтайлы, жүйелі жүзеге асыру және веб-сайтқа негізделген сөздік жобасы, тілашар жобасы, веб-сайтқа негізделген қазақша-түрікше және түрікше-қазақша компьютерлік аударма жүйесі, қазақ тіліндегі сөздердің семантикалық топтары жобасы (Kazakh Wordnet Project) және қазақ тіліндегі сөздердің дұрыс жазыл­уын автоматты түрде түзету (Kazakh Spell checking & Correction), қазақша сөздерді грамматикалық тексеру (Kazakh Syntax checker) сияқты бірқатар қазақ тіліне арналған компьютерлік-лингвистикалық жобалар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады.

Екінші кезең жаңа латын әліпбиінің өтпелі он алты жобасын қамтиды. Жобаны Қазақстан (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті) мен Түркияның (Ыстанбұл университеті) компьютерлік инженерия саласының ғалым-профессорлары мен түркология, филология ғылымдарының профессорлары бірлесе дайындап, екі ғылым саласының әлемдік үздік тәжірибелері негізінде алдымен компьютерлік-лингвистикалық бағыттағы өнімдерді ұсынады. Оның ішінде латын әліп­биін­ ақпараттық лингвистикаға сәйкес­тендіру, оқушылардың жас ерекше­лік­теріне байланысты қазақ тілін үйрету бағдарламасы, қазақ тілін шетел­дік­терге үйрету, қазақша-түрікше сөздік­тер, қазақ тілін морфологиялық және семан­ти­калық талдау сияқты өте маңызды бағдарламалар бар.

ХХ ғасырдың басында латын қарпіне көшуге, емлесін жасауға алғаш назар аударған ғалымдардың көшбасында тұрған, қазақ тіл білімінің негізін қала­ған тұңғыш профессор Құдайберген Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы, лингвистикалық мұралары, тілдік тұлға­сын оқу-әдістемелік, ғылыми, ғылы­ми-танымдық қырларынан таныс­тыратын еңбектер сериясын дайындау, жариялау ісі Қазақстанның Түр­кия Республикасындағы елшілігі­нің қолдауымен «Өлкетану», «Қазақ­стан­дағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы жүзеге асырылуда. Еңбектер түрік тіліне аударылып, қазақ тіліндегі нұсқасы латын әліпбиінде ұсынылады.

Осылардың ішінде ауыз толтырып айтуға татырлық жаңа жобаның бірі «Қазақ тіліндегі мәтін жиілігін талдау жүйесі». Жаңа латын алфавитінде жазылған қазақстандық мәтіндерді және құжаттарды талдау үшін әзірленетін онлайн-бағдарламалық жүйе лингвис­тен мұғалімдерге дейін, психологтардан компьютерлік ғалымдарға дейін пайдаланушылардың кең ауқымды қажеттіліктерін қанағаттандыратын компьютерлік лингвистикалық жоба. Мәтінді талдау лингвистикада, психологияда, компьютерлік ғылымда қолданылатын көптеген әдістердің бірі. Автордың мәтіні немесе кітабына пішін және мазмұнды талдау жасау және шешу, мәтіндегі кейбір мәтіндердің жиілігі тексеріледі. Осылайша, жазбаша сипаттама және жазу стилі туралы ақпарат ашылады. Автордың интеллекті мен сөздік қорының көкжиегі анықталады.

Қазақ тілін оқыту барысында мәтіндік жиіліктердің талдауы әртүрлі грамматикалық пәндер бойынша оқушылардың тапсырмаларын қарастыру кезінде қолданылады. Осылайша, осы мәтіндерден студенттің жасына, грамматикасына, жазу стиліне қарай әңгімелесу қабілеті туралы ақпаратқа қол жеткізіледі. Қазақ тіліндегі мәтіндерді жиілікте талдау барысында, біріншіден, мәтінде қамтылған мақалалар көрсетіледі. Бұл материалдар «Natural Language Procece» арқылы әзірленіп, олардың қосымшаларына кіріс ретінде енгізіледі және әрі қарай талдау жүргізіледі.Мәтін жиілігін талдау қазақ тіліндегі фонология, морфология, синтаксис немесе грамматикалық және семантикалық талдау үшін пайдаланылуы мүмкін көптеген деректерді көрсетеді. Қолмен жасау үшін көп уақытты қажет ететін және іс жүзінде мүмкін емес болып табылатын бұл процесс цифрлы кітапханаларда, ақпаратты іздеу және іздеу жүйелерінде жиі қолданылады. Мәтіндердегі арнайы атаулар мен нысандар (адам, мекеме, географиялық элемент атаулары, техникалық термин­дер, қысқартулар, күндер мен сандар және т.б.) мәтіндерге қатысты көптеген қосымшалар да маңыз­ды. Дұрыс анықтау, олардың жиі­лігін табу көптеген салаларда, мысалы, медицинада адамның ақыл-ойының даму деңгейін анықтауға, әлеуметтік медиа-талдау жасауға, жасалған қылмыстарды талдау мақсатында, мамандарды қызметке қабылдар алдында ой-өрісін тексеруге керек.

Қорыта айтқанда, бұл жобаны заман талабы мен ғылым дамуының деңгейіне қарай қалаған бағытта өркендете беруге болады. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте отырып тіл мен әдебиетте, білім беру саласында, саясатта, медициналық психологияда, құқық қорғау және сот сараптамалық қызметінде, сауда мен бизнес бағытында қажетті арнайы бағдарламалар жасап, дайын өнімді сатуға болады. Цифрландыру және «жасанды интеллект» дегеннің бұл да бір тармағы. Бұл біріккен жобаны зерттеуге, жүзеге асыруға Ыстанбұл университетінің профессорлары Атакан Курт пен Исмет Бинер, Қазақстан тарапынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдары Бауыржан Аманкелдіұлы мен Гүлжан Шоқым бірлесіп жұмыс істеуде.

Ғылым-білім саласында тәжіри­бесі озық елдерден үйренеріміз көп. Дөң­геленген дүниенің төрт бұрышын­дағы ғылым-білімге қатысты соны жаңалықтар, шет елдердегі әріптес­тер­мен кәсіби қарым-қатынастар, айтатын жаңалығы бар ғалымдар, бізге осылардың бәрі-бәрі қажет. Заманның озық ілімімен қаруланған көкірек көзі ояу шәкірттер ел болашағы үшін тер төгері анық. Университеттің негізгі міндеті және қасиетті парызы осындай талапты жастарға сапалы білім мен айқын бағыт-бағдар ұсыну. Сонда «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоға­мымыздың идеалына айналуға тиіс» деген ұстаным батыл түрде жүзеге асады.



Баға беріңіз