Әуенінен не пайда, мәтіннің мәні болмаса?

​Бұрынғының айтары, «құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» болса, қазіргінің мақалы: «Тойдың сәнін келтірер, ырғақты ән мен әсем би» болды.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 тамыз, 2018

Шудың бойында сені іздедім,

Бәрі ойымда үміт үзбедім.

От боп күйгеннен мені іздедің,

Сенің мойныңда менің іздерім, – деген әнге тойда жарыса би билеп жүргеніміз осының анық дәлелі.

Иә, былай қарасаң болмашы дүние секілді көрінетін шығар. Бірақ ойланып көрер болсақ, қазір­гі кезде әннің де, ән мәтіні­нің де мәні қалмады. Тіпті композитор, ақын деген статустың өзін кез келген адам иемденіп кет­ке­нін қайтерсің?! Бәрі компо­зи­тор, бәрі ақын. Ол – ол ма, әнін де, сөзін де өзі жазып, компо­зи­тор, ақын әрі әнші болып алған «әмбебап таланттар» да көбейіп кетті. Сондай сәтте «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе бай­лама» деген мәтел ойымызға ерік­сіз оралады. Қандай дүние жасал­са соны өз ісінің маманына тап­сыр­ған дұрыс болатынын неге ескермейміз?! Өзімбілемдікке салын­ғанның кесірінен жиі сынға ұшырап жататынымыз да содан болса керек.

Ән өнерінің бағасы неліктен арзандап кетті? Тақпақ пен өлеңді неге ажырата алмай жүр­міз? Жеңіл, арзан дүние жасауға не үшін құмарттық екен? Сұрақ көп, мардымды жауап жоқ. Қазір қайда барсаң да хит болатын ән іздеп жүрген әнші­лер. Оларға әннің сөзі маңызды емес. Әні ырғақты келсе, сөзі тез жат­талса, айтуға ыңғайлы болса жетіп жатыр. Арзан күлкі деген секілді, арзан әндердің көбейіп кеткені де сондықтан. Мұндай әндер бір-екі ай, ары кетсе үш-төрт айдан соң ескі­ріп қалады. Тыңдай-тыңдай халық та жалығады. Содан соң әнші­сымақтар жаңа хит ән іздеуге көшеді.

«Халықтың сұранысы, талға­мы осы болған соң қайте­міз?» деп ақталады көп әнші. Пайда тапсақ болды деп пайда­­сыз дүниелерді халыққа ұсынуды қашан қояды екенбіз?! Талғамымыздың мұн­­ша­лықты төмен­дегеніне таңға­ла­мын кейде.

Шетелдің әншілеріне, әсіресе кәрістің әншілеріне еліктеген жастардың саны көп. Тіпті бірін бірінен ажырата алмайсың. Шашын, көзін, бетін бояп алып, құлағына сырға таққан, үсті­не алба-жұлба киім киген жас әншілерді көріп «бұларға не көрінген» деп ойлайсың. Анығы, олардың көпшілігі сахнада не айтып тұрғанын өздері де білмей­ді. Яғни, түсініксіз ән айтады. Сөздерінің мағынасы да жоқ. Әннің шығу тарихын білмек тұрмақ, мәтіннің мағынасын жете түсінбейтін адамнан қандай әнші шығады?

Кезінде қалай еді? Бір ән туса, әнге лайық мәтін іздейді. Ал өлең бұрын жазылса, сол өлеңнің табиғатын ашатын ән болса екен дейтін бұрынғылар. Қазір бәрібір. Хит болатын ән болса болды. Студияға бара қалсаң, олардың да айтатын әңгімесі осы төңіректе. Тойға жарамды ән жаздыртқысы келеді, сөзі де жеңіл болғанын қалайды. Несін айта берейік. Бүгінгі келбе­ті­міз осы. Бұдан бір-екі жыл бұрын қазақтың тойы Асхат Тарғынның «Чип-чипінсіз» өтпейтін, енді оған Кенталдың «Құдағи бір биі» қосылды. Ал әннің мәтініне мән беріп көрдіңіз бе?

Жігіт жолдас осылай билейд,

Қыз жолдас осылай билейд,

Інілер осылай билейд,

Қарындастар осылай билейд,

Әпкелер осылай билейд,

Аналар осылай билейд,

Анам осылай билейд,

Әкем осылай билейд,

Құрбы достар билеп тұр,

Туысқандар билеп тұр,

Құда өзі билеп тұр,

Бірақ бір кісі билемей отыр.

Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би,

Бір партия.

Құдағи, құдағи бір би,

Құдағи, құдағи бір би.

Иә, тойда халықты билетіп жүр­ген ән мәтінінің сиқы бұл. Осы­дан соң ән мен әншіден, мәтін мен әннен не қайыр?

Ал жастар сүйіп тыңдайтын Ninеty One тобының All i need әнінің мәтініне зер салыңыз.

Мен ұқпаймын не ұнайды,

тым қиын талдап көрсең

Біресе былай,

біресе былай,

менің жүрегім – Алдар Көсе!

Түйсігім дана көсем,

«тек ми ісіткен бала өсер»

Сүйсінген адам өзіне

– қисығын балап төзеді!

Құрттың ғо тағы!

Құрттың ғо тағы!

Құлшынысым болды,

сен құрттың ғо тағы!

Ойлама мені осал біреу деп,

жылап, көз сүртпеймін,

мен жай істеймін dab!

Қиялдың бәрін кейін беремін үндеп.

Өкінішті! Бүгінгі жас тыңдар­мандарымыздың дені осы топтың әндеріне әуес. Жамандап көріңіз. Талап тастауға әзір тұрады. Ал сахнадағы көп әнші махаббаттан әрі аса алмай жүр. Той әншілері той-томалақта ел-жұртты билет­кеніне мәз. Бүгінде Бейбіт Күшқа­лиев­­тің «Аяқты қимылдат», Диета KZ-тің «Че там қарындас», Бүркіт пен Аишаның «Титтей» секілді мағынасыз әндерінсіз той өтпейді. Бұл ащы болса да шындық!

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүретін әншісымақтар тек аранжировкасы жақсы болса болды дейді. Олар несіне қысылсын. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Сосын өзім­­білемдікке салынып елдің жаса­ғанын олар да жасайды. Бұл бірін­­ші кезекте «шоу биз­нес» емес, «той бизнестің» жан­да­нып тұрға­­нынан болар. Нәпақасын той­дан тапқаннан кейін, тойға арнал­ған әндерін тарту етеді. Ал әнде­рінің сапасы сол ортаның көлеңкесінде қалып қояды. Қоры­та айтқанда, әнді жазатындар да, әнді орын­даушылар да, ең алды­мен, сөздің парқын білсе, түсінсе дейсің…

ПІКІР

Балтабай НҰРЖАНОВ, композитор, күйші:

– Қазіргі әндерді тыңдасаңыз, күйдім-сүйдіммен ғана шектеледі. Мұндай әндерді орындаушылардың аудиториясы – жастар. Ал орта жастағылар тыңдайтын ән мүлде жоқ. Біздің жас кезімізде Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеев секілді санаулы сазгер болатын. Олар адам тыңдайтын әндер жазды. Бір-бірінен ұрламады. Бар-жоғы жеті нотадан құралған соң кей әнде сәл ұқсастық болуы мүмкін. Соның өзінде сазгер ағаларымыз өз қолтаңбасымен, болмысымен жүректен шыққан туындыларын халыққа бере білді. Лаки Кесоглу бір сөзінде «Қазіргі жастар өте бақытты. Біз баяғыда оркестрмен бірнеше мәрте репетиция жасап, ритмге түсіп, әннің образын ашып, комиссияның алдынан өтетінбіз. Ал бүгінгі буын бір күнде жұлдыз болып шыға келеді» деген. Бұл сөздің астарында түйсінген адамға үлкен зіл бар.

Бейбіт САРЫБАЙ, жазушы:

– Қазір уақыт қымбат. «Қайықта» деген ән жазу үшін бір қызбен айдын-көлдің бетінде сылбыр қимылдап, баппен қозғалып, оның бетіне қарап, «Ескегіңді берші құрбым. Мен есейін сен еспе» деп отыратын заман емес. Қазір скутердің заманы. Қызды артыңа мінгестіріп ал да, зыр етіп ары жүз, дүр етіп бері жүз, шаруа бітті. Шын талант болсаң бір ән жаз. Ол скутердің жылдамдығындай ремикс болсын. Вальс жазғың келсе, катамаранға отыра сал. «Сен ес, мен есемін» деп ерегеспей, екеуің де тебе бер.

Иә, қайткен күнде де өнерді заманға ыңғайлауымыз керек. Оған біздің жастар бел шеше кірісіп кеткен. Және ол еңбектері жеміссіз де емес. Осы бетімізден қайтпасақ, күні ертең өзбек, қырғыз тұрыпты, кәрістен де колорит қосып, заманауи қазақ әнін тудырамыз. Және ол ғажап ән болады. «Құрттың ғо тағы» деген әп-әдемі жыр жолдарын басқалай естіп қалсаңыз, оған сіздің кәрі құлағыңыз кінәлі. Жасөспірім жеткіншектер, «құрттың ғой тағы» деп өкінген, өксіген замандасының мұңын ұғып отыр.

Әннің бар айыбы сол, Шәмшінікіндей, Нұрғисаныкіндей биік деңгейде шықпай қалыпты. Сол себепті бір кездері «Көше әндері» көбейіп кетті. Тым-тым әсерлі көше әндері әр көшенің төрінде шырқалатын. Ал қазір көшеде жатқан ән жоқ… Шеттерінен «шедевр». Қаншама жылдар, ғасырлар бойы неге алданып келгенбіз. Ән дегеніңіз осындай болады екен. Айтпақшы, осы талғамымызбен қарап, әділ бағасын берсек, «Туканың» «Шаншардағы» айтқан «хәләу-лилау-лилау, игог-гигог-гигок» дегені – өте тамаша ән. Қазіргі шығып жатқан әннің бәрі де сол қарайлас қой.



Баға беріңіз