Аида БАЛАЕВА: Авторлардың туындылары тек мемлекеттік тілден шет тілге аударылады

​Қазақ жазушылары мен музыканттарын шетелде таныту, «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жаңа кезеңдері, аталған процеске өзіндік үлесі мен ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру туралы ҚР Президент Әкімшіл...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

28 тамыз, 2018

– Аида Ғалымқызы, осыдан біраз бұрын сіз Франция, Ұлыбритания мен Испания елдерінде болып, сол жақтағы белді баспалардың басшыларымен кездесіп, отандық авторлардың кітабын шығаруға келісіп келдіңіз. Қол жеткізілген келісім туралы толығырақ айтып бере аласыз ба?

– «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тобының жұмыс нәтижесі жайлы қысқаша айта кетейін. Қазіргі таңда жүйелі түрде біздің әдебиеттің, музыка мен суретшіліктің, хорегорафия, кино мен театрдың жетістіктерін шетелде насихаттау жұмысы жүргізіліп жатыр. Әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже бар. Тарқата айтқанда, «Әдебиет» бағыты бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҰҰ-ның алты тіліне аудару үшін отандық авторлардың туындыларының іріктеуін жүргіздік. Жұмыстың әу басында авторлар мен туындылардың көп екенін ескере отырып, белгілі жазушылармен, сыншылар және әдебиетшілермен ақылдаса келе біз «Қазіргі қазақстандық әдебиеттің антологиясы» түрінде проза мен поэзия жанры бойынша аударма жасауды жөн деп таптық. Жобаны тиімді әрі толығымен жүзеге асыру үшін келіссөздер жүргізіп, әлемдегі жетекші баспалар және аударма үйлерімен ынтымақтастық туралы келісімге келдік. Стратегиялық әріптестеріміздің ішінде – «Британ кеңесі» мен Кембридж университеті, Испания Мәдениет министрлігі мен «Сервантес институты», Франциядағы Мишель Де Мол Ұлттық кітап және баспа орталығы бар. Жуық арада Ресейдегі, Қытай мен Араб Әмірліктеріндегі әріптестерімізбен дәл осындай келісімдерге қол қойылады. Жоба аясында аударылған кітаптарды аталмыш төрт елде ғана емес, аударма тілі қолданылатын басқа жақтарда да тарату бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айта кету керек. Мәселен, француз тіліндегі оқушы аудиторияның өзі әртүрлі есептерді алып қарағанда 220 миллион адамға дейін жетеді. Ал испан тілінде сөйлейтіндердің саны тіпті 600 миллионға дейін барады. Аударылған кітаптардың таратылуы коммерциялық негізде де, ғылыми-зерттеу орталарында да жүзеге асырылады. Сондықтан кең ауқымдағы оқушы аудиторияны тартуды көздеген жобаның келешегі зор.

– Қазақ тіліндегі әдеби кітаптардың әлемнің басқа тілдеріне аудару жұмысы қалай жүргізіледі? Осынау маңызды жұмысты атқара аларлықтай білікті мамандар бар ма?

– Әдеби аударма – бұл күрделі шығармашылық процесс. Қажетті аудармашылық база бізде құрылып та қойған. Біздің халықаралық жобаның көзқарасы бойынша Ұлттық аударма бюросының міндеті – сапалы жолма-жол аударманы дайындау. Соның негізінде біздің әріптестер әдеби мәтіндерді әзірлейді. Бұл ретте біз туындыларды тек мемлекеттік тілден аударатынымызды айта кеткім келеді. Шығармашылық ерекшелікті дәлме-дәл оқырманға жеткізе білу мақсатында біз авторларымыз бен шетелдік аудармашылардың, баспагерлердің кездесуін ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл өз кезегінде мәдени диалогты бір жолға қойып, шет мемлекеттермен мәдени байланысты нығайтуға жол ашады.

– Кітаптарды әлемдік тілдерге аударудан басқа «Қазіргі қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау» аясында тағы қандай жобалар қолға алынғалы жатыр?

– Жүзеге асырылып жатқан бағыттардың әрбірі бойынша бізде нақты нәтиже бар. Толығырақ айтар болсақ, көркем өнер саласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі желісі бойынша ҚР Ұлттық музейінің, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының шетелдік экспозициялық жобаларын жүзеге асыру жұмысы жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері «Алтын адамның әлем музейлеріне сапары», «Еуразия көшпенділері», «Азия мен Еуропаның тоғысында» атты көшпелі көрмелер АҚШ, Британия, Қытай, Беларусь, Әзербайжан мен өзге де мемлекеттердің жетекші алаңдарында болып өтті. Бұл ретте аймақтық музейлердің жұмысының белсенділігін ерекше атап өту керек. Олар өздерінің ең үздік қорын ел іші мен шетелдердегі көрме үшін дайындап отырады. Музей экспонаттарын цифрландыру жұмысы да жалғасуда. Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайымен 14 мың дана, ал 3D моделі бойынша 100 дана мүсін цифрландырылды. ҚР Орталық мемлекеттік музей қорында сақтауда тұрғандардың саны 40 мыңға тарта данаға жетеді. Цифрландыру тұрғысынан аймақтарда да жұмыс жүргізіліп жатыр. Тарқата айтқанда, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және өзге де облыстарда музей қорларының 20 пайызы цифрландырылып қойған. Дәстүрлі және классикалық музыка бағыты бойынша шығармашылық ұжымдардың гастрольдік жұмысы да жалғасын табуда. Италия, Ресей, Ұлыбритания елдерінде аймақтық театрлар өнерін паш етті. «I am a singer Қазақстан» халықаралық тележобасының екінші маусымы басталып кетті. Астана мен Алматы қалаларында дәстүрлі түрде әлемнің 15 елінің қатысуымен «Астана дауысы», «Star of Asia» атты музыкалық фестивальдері ұйымдастырылды. Театр өнерінің жетістіктерін ары қарай жалғастыру үшін «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» ұлттық операларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Грузия мен өзге де мемлекеттерде қою жоспарланған. Кино өнері саласындағы айтулы оқиға ретінде 71-ші Канн фестивалінде қазақстандық павильонның ашылуын айта кетуге болады. 2018 жылдың басынан бері қазақстандық 18 фильм 14 халықаралық кинофестивальге қатысты. 11 жүлдеге қол жеткізілді. Осы жылдың маусым айында Италияда және Эстонияда Қазақстан кинолары күні болып өтті. Жылдың соңына дейін дәл осындай айтулы шараларды Таиланд Корольдігінде, Чехияда, Словакияда, Румыния мен өзге де мемлекеттерде өткізу көзделген. Жалпы мәдениет пен өнердің барлық бағыты бойынша біздің мемлекет өзін әлемнің жетекші алаңдарында паш етті. Біздің стратегиялық мақсат – жаһандық мәдени кеңістікке интеграциялану.

– Сіз «Жаһандық әлемге қазіргі қазақстандық мәдениетті насихаттау» бағытының кураторысыз. Шығармашылық адамға, жазушы немесе музыкантқа, суретшіге аталмыш бағытта еңбегін паш ету үшін не істеуі керек? Өнер адамдары өздерін қалай көрсете алады?

– Қазіргі қазақстандық мәдениет туралы айтып отырғанымыздықтан, біздің басты міндеттердің бірі – Тәуелсіздік жетістігін таныта отырып, біздің ел ішіндегі таланттарды қолдау. Шығармашылық бірлестіктермен жүргізілетін барлық жұмыс өнер өкілдері өздері қойған нақты талаптардың негізінде әзірленеді. Міне, сондықтан жобаға кез келген шығармашылық адамының қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл тек сәттік емес, ұзақ мерзімді процесс екенін айта кетсем деймін. Мемлекет басшысының тапсырмасының арқасында мәдениет пен өнердің өкілдері өз өнерлерін әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік алып отыр.

– Осы жылдың ақпан айында Сіз өңірлердегі жас жазушыларды жігерлендіруді мақсат тұтқан «Әдеби белдеу» жобасының басталғанын жария еттіңіз. Қазіргі уақытта ол жоба қалай жүзеге асырылып жатыр?

– «Әдеби белдеу» ел өңірлері туралы түрлі мәліметтерді жүйелендіріп, аймақтың ерекшелігін паш етіп жүрген, тарихи өзгешелігін жыр еткен дарынды әрі талапты жазушыларды біріктіруді мақсат тұтады. Бүгінгі таңда елуге тарта замандас жазушылардан құрылған көшпелі топ жасақталды. Олар еліміздің әртүрлі аймақтарын бағыт алатын болады. Жергілікті әдеби бірлестіктермен бірлесе отырып, жазушылар аймақтардағы тарихи факттерді, киелі географияны және өңірдің өзге де бірегей ерекшеліктерін зерттейтін болады. «Әдеби белдеу» еліміздің мәдени астанасы – Алматыдан бастау алып, жыл соңына дейін еліміздің барлық облысын қамтиды. Авторлардың еңбектері «Туған жер» энциклопедиясында жинақталады. Бұл өз кезегінде атқарылған жұмысты жүйелендіруге мүмкіндік береді.

– Сіз сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық кеңсесіне жетекшілік етесіз. Қазіргі таңда аталмыш құрылым қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүргізу бағытында қандай да бір жетістіктер туралы не айтар едіңіз?

– Жобалық кеңсе – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі үйлестірушісі. Жобалық әдіс барлық аймақтар мен мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысына нақты алгоритм беруге жол ашты. Бүгінгі таңда Қоғамдық даму министрлігінің қызметінің ауқымы кеңейіп бара жатқанына байланысты Кеңсе белсенді транфсормациядан өтіп жатыр. Біздің жұмыстың басты нәтижесі – нақты жобалар мен БАҚ-тың барлық түрі бойынша өте ауқымды ақпараттық қолдау. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған бағдарламаның барлық бағыты халықтың зор қолдауына ие болды. Міне, қазіргі таңда біз ортақ жұмысымыздың нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Бұл бағытта паш етерлік жобалардың бірі – «Туған жер».

Жоба жүзеге аса бастағалы бері демеушілер мен меценаттардың көмегі арқылы 17 мектеп, 62 балабақша, 36 мәдениет, 23 денсаулық сақтау, 169 спорттық нысан, 32 балалар алаңы салынды. Бұл жетістік, жеке бастамаларды айтпағанда, іске асырылған шаруа. Одан бөлек, демеушілердің арқасында сыныптарды компьютермен қамтамасыз ету, аулалаларды абаттандыру секілді қаншама жұмыс атқарылды. Мұндай игі жетістіктер әлбетте келешектегі жаңа жобалар бойынша көңілге қуаныш пен жігер ұялатады.

– Ал Сіз жеке өзіңіз «Туған жер» бағдарламасына қатыстыңыз ба? Туған жеріңізді қолдау бағытында қолға алған шаруаларыңыз бар болар?

– Қоғамдық маңызы бар жобалардың бәрінде жеке қатысудың маңызы өте ерекше. Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бұл ретте жеке бастамаларға ерекше алаң ашып береді. Өзіміз көріп отырғандай, жоғарыда аталған жобалардың қай-қайсысы бүкілхалықтық қолдауға ие болып отыр. Жеке өзімнің үлесім ретінде балаларға арналған «Қызыр қонған құт мекен» атты ғылыми-танымдық кітаптың жарық көруін атап өтуіме болады. Бұл кітап менің туған жерімнің тарихы туралы жазылған. Ол арқылы балалар Алматы мен Жамбыл облысының барлық тұрғылықты мекенінің тарихын біле алады. Ең бірінші кезекте бұл кітап өсіп келе жатқан жас буынға арналған. Балалар өз туған жерінің тарихы, оның киелі орындары мен ұлы адамдары туралы білуі керек. Кітапта өзендер мен таулардың, тұрғылықты жерлердің атаулары қайдан шыққаны туралы жазылған. Кітапта өзендер мен таулардың, тұрғылықты жерлердің атаулары қайдан шыққаны туралы жазылған. Кітапта жиналған материалдар жас өлкетанушылардың зерттеу жұмыстарына жақсы серпін берер деген сенімдемін. Мемлекет басшысы атап өткендей, өз туған жеріңнің тарихы арқылы менің жерлестерім жалпыреспубликалық деңгейдегі оқиғаларды терең зерделей алады. Осыған орай қоғамдық сананың жаңғыруының табысы әрбір қазақстандыққа байланысты екенін түйсіне білуіміз керек. Сондықтан, «Рухани Жаңғыру» – бұл жеке жоба емес, жыл сайын жаңа идеялармен және жобалармен толыға түсетін ұзақ мерзімді бағдарлама.

– Сұхбатыңызға рақмет.


Баға беріңіз