Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Латын әліпбиіне ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 тамыз, 2018

Семинар-кеңеске ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ғарифолла Есім, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас директоры Ерден Қажыбек, тіл жанашыры Асылы Османова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов, Қазақстан Республикасы ұлттық ғылымдар академиясының корроспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, лингвист-ғалымдар, сарапшылар қатысып латын әліпбиіне көшудің маңызды мәселелері бойынша баяндама жасады. Латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің емле ережелерінің жобасын талқылады.

- Өзі латын әліпбиінің қабылдануына қарсы болғанымен, Ахмет Байтұрсынұлы жазу ілімі саласындағы еңбегі қазақтың төл жазуы – төте жазуын жасауымен, оның фонематикалық ерекшелігін толық ашуымен, әрбір әріптің қазақ дыбысының табиғатымен сәйкес келуін ескергенмен бағалы. Қазақ жазу ілімі теориясында әріп саны фонема санымен бірдей болуы жетілген жазу екенін танытады деген тұжырым А.Байтұрсынұлы еңбектері арқылы қалыптасты. Дауыстылардың бірыңғай жуан-жіңішкелігі сөздің барлық буындарында сақталатындықтан, көп таңбадан гөрі, сөздің алдына дәйекші белгісін қою арқылы жазу экономиясына жетуге болатынын табуы – Ахмет Байтұрсынұлының реформаторлығы ретінде танылады.

Ең бастысы, қазақ сөзінің дұрыс жазылуына ерекше мән береді, ауызша айтылғанның бәрін сол қалпында жаза салуға да болмайтынын атап көрсетеді. Қазақтың төл жазуы деген түсінікті А.Байтұрсынұлы еңбектерінен кейін қолдануға мүмкіндік туды, - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова.

Семинар-кеңесте ғалымдар әр таңбаның тарихи сандық мәні әрі мазмұны барына ерекше тоқталды.

«С. Аманжоловтың ұсынған ең үлкен жаңалығы – латынша Ü –дың орнына Ұ таңбасын (Улы Сталин болып жазылып кеткендіктен), (нг–ның орнына) Ң таңбасын, Қ, Ғ таңбаларын қосқаны дер едік. Өкінішке орай бұл таңбалар жаңа жазуда көрініс таба алмады. Бүгінгі біз қолданып отырған әр әріп – жеке таңба. Ол таңбаның, шындап келгенде, беретін ақпараты мол. Ғылыми әдебиеттерде әр таңбаның сандық мәні, мағынасы бар екені талай рет жазылған (В.М. Истрин, Г.А. Хабургаев, А.Аманжолов, О.Сулейменов т.б.). Біз латын таңбаларын алуда олардың ішкі таңбалық мәні мен сандық болмысына назар аударуымыз керек. Өйткені біз осы таңбалар арқылы өзіміздің ұлттық коды бар атауларымызды таңбалауды бастамақпыз. Ең алдымен, әліпби құрауда профессор Ә.Жүнісбек ұсынған Ы, І дыбыстарының орны мен таңбалануында бірізділіктің сақталмауы әлі де болса ойландыруы тиіс. У (уай) ағылшын тілінде И дауыссыз (you, yes, yard, young, yet) дыбысын таңбалайды. Мұны сол қалпында қабылдап, қазақ тіліндегі дауыссыз И-ды белгілеу жөн болар еді. Sh-қосарды түрікшеге жақындатып - Ś мен ал Ch-ны – С мен белгілеу – қазақ әліпбиінің бірыңғайлығын қамтамасыз етер еді. «Тілді оқығандар бұзады» деген Х.Досмұхамбетовтің сөзі осындайда еске түседі. Бәріміз оқығанбыз, білеміз деп жүріп, ана тіліміздің қаймағын бұзып алып жүрмелік» - деп ойын түйіндеді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы Құралай Күдеринова.

Сондай-ақ жиында жаңа емле ереженің пилоттық жобасын апробациядан өткізу бойынша Көкшетау, Қарағанды, Семей, Өскемен, Қызылорда, Ақтөбе, Алматы, Астана қалаларында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері, статистикалық көрсеткіштері айтылды. Қоғамдық пікірлер ортаға салынып, оны шешу амалдары қарастырылды.

Семинар-кеңеске қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссиясының мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Баға беріңіз