Біріккен сөздердің бөлек жазылуының сыры неде?

Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 тамыз, 2018

Мақаланың тақырыбына қарап, «Өзі біріккен сөз болса, ол қалай бөлек жазылады?» деп ойлап қалуларыңыз әбден мүмкін. Бұған дейін мен де солай ойлайтынмын. Бірақ «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (2013 ж.) біріккен сөздерді үш түрлі жазады: Олардың бір тобы – бірге (асүй, бозүй, мекенжай, әуежай, т.б.), екінші бір тобы – бөлек (жолым үй, киіз үй, қазақ үй, т.б.), үшіншілері – қос сөз ретінде сызықша арқылы жазылады (қора-жай, мал-жай, үй-жай, т.б.).

«Бұл ала-құла жазылуда не сыр бар? Қандай тілдік теорияға сүйенген?» деп, орфографиялық сөздікті түзушілер­дің ғылыми еңбектерін іздей бастадым. Қолыма бірінші болып түскені – Қ.Күдеринованың 2005 жылы жарық көрген «Бірге және бөлек жазылатын сөздердің орфографиясы» деген монографиясы болды. Кітаптың аңдатпасында: «Мұнда қазақ тілі орфографиясының күрделі мәселелерінің бірі – сөздерді бірге, бөлек таңбалаудың теориялық не­гіздері көрсетіледі» деп жазылыпты.

Көп ұзамай монография авторы өзінің ғылыми жетекшісі – Н.Уәлиевтің еңбегіне сілтеп, «одан сөздерді орфограммалаудың ғылыми негіздерін ұсынатын алғашқы грамматологиялық ізденістерді көруге болады» деп жазыпты. Н.Уәлиев болса, біріккен сөздердің бір заттың атауы болуы, бір мағынаны білдіруі сыңарларының бірігіп жазылуына себеп бола алмайтынын, сондықтан мәселені құрылымдық элементтер деңгейінде қарау керектігін айта келіп, біріккен сөз сыңарларының мағыналық қатынасын профессор М.М.Копыленконың фраза тіркес теориясымен анықтауды ұсынады. Аталған еңбекті тауып алдым. Авторлар айтқандай, ол М.Копыленконың жеке өзінікі емес, З.Поповамен бірігіп жазған «Очерки по общей фразеологий» (1989 ж.) деп аталатын кітап екен. Аты айтып тұрғандай, біріккен немесе бірікпей бөлек жазылып жүрген тіркесті сөздерге емес, тіл білімінің фразеология саласына арналыпты.
Аталған ғалымдардың айтуынша, тұрақты тіркес құрамындағы сыңарлар денотативті де (Д), коннотативті де (К) мағыналарда қолданыла береді екен. Ол кісілердің денотативті мағына деп отырғандары – тура мағына, коннотативті мағына дегені – ауыспалы мағына деген сөз. Мұны өз мысалымызбен түсіндірер болсақ, «ол жолмен келе жатыр» дегендегі «жол» сөзінің мағынасы – тура мағына (Д1), «кітаптың әр жолында 6-7 сөз болады» дегендегі «жол» екінші қатарлы тура мағынада қолданылған (бұл мағына Д2 деп белгіленген). Сондай-ақ «өмір жолы», «өсу жолы» дегендердегі жол – «тіршіліктегі жүріп өткен ізі, үлгі-өнегесі» деген ауыспалы мағынада (К1), ал «ата жолы», «жолдан тайды» дегендердегі «жол» – әуелгі К1 мағынасынан әжептәуір алшақтап кеткен, «салт, дәстүр, әдет-ғұрып» деген мәнде (К2) қолданып тұр.

Олай болса, біріккен сөз дегеніміз – атау септікте тұрған кемінде екі есім сөздің (түбірдің) алдымен бір-бірімен тұрақты түрде салаласа (қабыса) тіркесіп, қолданыла келе өзара жымдасып, лексикаланып, біртұтас жаңа лексика-семантикалық мағынаға ие болып, бір ғана заттың атауы болып тұрған, бір ғана сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі болатын номинативтік бірлік.

М.Копыленко мен З.Попова сөз мағыналарының осындай да түрлері болатынын айта келіп: «Тұрақты тіркестер кемінде екі сыңардан құралады. Олардың ауыспалы мағынада қолданылғандары ғана фразеологиялық тұрақты тіркес бола алады. Тұрақты тіркес құрамындағы сыңарлардың қайсысы тура мағынада, қайсысы ауыспалы мағынада тұрғандықтарына және ол мағыналардың даму деңгейлеріне қарай фразеологизмдерді топ-топқа бөлуге болады» деген ой айтады. Бұл зерттеушілерінің тұжырымы бойынша, Д1Д1-ден К3К3-ке дейінгі аралықтағы тұрақты тіркестер – фразеологиялық тіркестер (фразеосочетания) болып есептеледі. Олардың ішіндегі Д1Д1, Д2Д1 қатынастағылар – еркін тіркестер, К1К1, К2К2 қатынастағылар – фразеологизмдер, ал К3К3-тер – идиомалар.
Орыс ғалымдардың осы тұжырым­дарына сүйенген Н.Уәлиев: «Сөз әуелгі мағынасынан алшақтап (Д2К1), одан қол үзген сайын (К3) екі құрамды күрделі есім сөздерді бірге жазу үрдісі күшейе түседі. Мәселен, ақ аю сөзінің орфография­лық сөздікте бөлек жазылып тұрған себебі – ондағы «ақ» тура мағынада тұр. Ал ақбөкен сөзіндегі «ақ» өзінің тура мағына­сынан алшақтап, көмескіленіп кеткен. Сондықтан ол сөз соңындағы сөзбен бірігіп жазылады» дейді.

Біздіңше, ақаю мен ақбөкен сөздерінің ешқандай айырмашылықтары жоқ.

Н.Уәлиевтің осы ойына шәкірті Қ.Күдери­нова да қосылады: «Екі сыңары да Д1Д1 қатынаста тұрған алтын сағат, күміс қасық, қой қора деген сияқты сөздер – бөлек жазылады Ал қалған қатынастарда тұрған қос құрамды сөздердің (ақбаттауық, көктал, сарымай, т.б.) барлығы біріктіріліп жазылады» дегенді айтады.

Егер К1К1-ден бастап, К2К2 мен К3К3-ке дейінгі аралықтағы қатынастарда тұрған тіркесті сөздердің барлығы бірге жазылатын болса, онда зерттеуші Қ.Күдеринованың қос құрамды тіркесті сөздерді М.М.Копыленко мен З.М.Попованың фразеологизмдерге қатысты теориясына салып, мағыналық қатынастардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, оларға толып жатқан мысал келтірудің не қажеті бар еді? Одан да бірауыз сөзбен «Д1Д1 қатынастағылар – бөлек жазылады, қалғандары – бірге жазылады» десе, жетіп жатқан жоқ па?

Бұдан әрі Қ.Күдеринова: «Фразеоло­гиялық атаулардың (мысалы, арамтамақ, аткөпір, басбұзар, баскесер, баукеспе, жатыпатар, жүзіқара, т.б.) жазылуына келсек, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» (ҚТОС) соңғы басылымында жалпы саны 90-ға жуық тұрақты тіркестер біріктіріліп берілді» дейді.

Өздері айтқандарындай, Д1Д1, Д2Д1 қатынаста тұрған қос құрамды есімді тіркесті сөздердің барлығы ор­фография­лық сөздікте әр уақыт бірге, ал қалғандары бөлек жазылса жөн ғой. Жоқ, зерттеушілер құрастырушы сыңарлардың тура, ауыспалы мағыналарда тұрғанда­рына қарамастан, олардың біразын өз қалауларынша бірге, біразын бөлек жазады. Мысал келтірейін. Қ.Күдеринова: «Кәрі жілік, мойын омыртқа дегендер К2К1 немесе К1К2 қатынасқа жетпеген сөздер. Сондықтан олар бөлек жазылады. Өйткені бұлардың екі сыңары да тура мағынада тұр» дейді. Біздің ойымызша, бұл тіркестердегі «кәрі» сөзі де, «мойын» сөзі де тура мағынада тұрған жоқ. Егер «кәрі» сөзі тура мағынада тұрса, жілік те «адам сияқты қартайып, 70-80 жасқа келді» деп ұққан болар едік. Автор кітабының 78-ші бетінде: «…Мұндағы (орфографиялық сөздіктегі) тас көмір сөзінің бөлек таңбаланып жүруі – композит мағынасын көмір сыңары да бере алу себебінен» дейді. Өзі құрастырған сөздікке қарасақ, «таскөмір» сөзі онда біріктіріліп жазылған.

107-ші бетте: «Аяқ бау, тізе бау, уық бау, шаңырақ бау, қол бау, құлақ бау құрама сөздері бөлек таңбаланса, дәл осы үлгідегі шашбау, белбеу, қазықбау лексемалары бірге таңбаланады» дейді. Бірақ бұлардың бәрі орфографиялық сөздікте біріктіріліп жазылған.

Біздің зерттеушіміз: «Кереге бау, қол бау, қамшы сап сөздері бөлек жазылады» дейді. ҚТОС-та бұлардың кереге баудан басқаларының бәрі біріктіріліп жазылған. Олардың біріктіріліп жазылғаны дұрыс. Алайда қазақ тілінде «кереге бау» деген бау жоқ. Болса, ол сөз ҚТОС пен 15 томдық ҚӘТС-тің ең болмағанда біреуіне алынар еді.

Тілімізде ақ сүйек деген екі түрлі тілдік бірлік бар. Бірі – ұлттық ойын аты. Ол сөз біріктіріліп жазылуға тиісті. Екіншісі – «хан, сұлтан, бек тұқымы, үстем тап өкілі» деген мағынадағы фразеологиялық тұрақты тіркес. Ауыспалы мағынада қолданылып, эмоциялық-экспрессивтік қызмет атқарып тұрғандықтан, бұл тілдік бірлік бөлек жазылуға тиіс еді. Ол сөз Қ.Күдеринованың «теориясы» бойынша, ҚТОС-та да, ҚӘТС-те де біріктіріліп жазылған.

Монография авторы тіркесті сөздердің бірге, бөлек жазылуын айқындау мақсатында тілдік бірліктердің екі жақты сипатын, яғни сыртқы тұлғасы (тұрпат межесі) мен ішкі мазмұнын (мазмұн межесін) тірек етіп алады. Бұл істі теріс дей алмаймыз. Оның теріс жері – басты, негізгі тірек ретінде тұрпат межені алып, оны бірінші орынға шығарғандығы. Яғни мазмұнды тұрпатқа тәуелді, бағынышты еткендігі. Біздің ойымызша, бірінші кезекке тұрпат межені емес, мазмұн межені алға шығарып, тұрпатты мазмұнға бағынышты еткені жөн еді. Өйткені кез келген сөздің, мейлі ол түбір сөз (қасық), туынды сөз (қасықша) болсын, мейлі ол қос сөз (қасық-қасық), тіркесті сөз (ас қасық) болсын, олардың жасалуына түрткі болатын нәрсе – мағына, ұғым. Ұғымсыз, мағынасыз ешқандай сөз жасалмайды. Екінші кезекте – сол мағына мен ұғымның шартты таңбасы болып саналатын сыртқы тұлғасы (формасы). Сөздің сыртқы тұлғасы оның мағынасына сәйкес келіп, дәл ашуы керек. Басқаша айтсақ, сөздердің бірге, бөлек немесе сызықша арқылы жазылуы – олардың қандай сөз түрі екендігін көрсету үшін емес, олардың қандай мағынада қолданатындығын ажырату үшін қажет. Айталық, тал – ағаштың бір түрі (туыс атауы). Сулы жерлерде өсетін, жіңішке жапырақты ағаш. Осы ағаштың ақ тал, көк тал, қара тал, қызыл тал, сәмбі тал сияқты толып жатқан түрлері бар. ҚТОС-та, неге екенін қайдам, сәмбі тал бөлек, қалғандары біріктіріліп жазылыпты. Сәмбі талдың бөлек жазылғаны дұрыс. Өйткені ол – түр атауы. Бөлек жазылуы – оның мән-мағынасына, мазмұнына сәйкес келіп тұр. Ал қалғандарының бірге жазылуы – оларды түр атауы емес, туыс атауына айналдырып жіберген. Бұл – үлкен қателік. Осы жағдайларға қарамастан, жоғарыдағы ақ тал, көк тал… дегендерді синтаксистік сөз тіркесі («ақ түсті тал») деуге келмейді. Алғашқы кезде «ақ» сөзінің «ақ тал» атауының жасалуына уәж болса, болған шығар. Ал қазіргі кезде «ақ» сөзі мен «тал» сөзінің арасында ешқандай синтаксистік байланыс жоқ. Ақ – анықтаушы, тал – анықталушы сөз емес. Олардың әр сыңары атау тұлғада тұрып, бір-бірімен салаласа байланысып, мүлде жаңа мағынаға ие болған. Белгілі бір заттың (тал түрінің) атауы ретінде қолданылған. Сөйтіп, сөйлемнің бір-ақ мүшесі болып жұмсалынады.

Қ.Күдеринованың еңбектерінде ақиқатқа сай келмейтін жаңсақ пікірлер аз ұшыраспайды. Мәселен, «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» (1988 ж.) атты еңбегімде мен «ақбасжусан» деген жусанның (полынь) түрі емес, ол – мыңжапырақ (тысячелистник) деп аталатын өз алдына бөлек өсімдіктің қосымша атауы. Осы сияқты ақбасжоңышқаның (астрагал ветвистый) жоңышқаға (люцерна), қараөріктің (слива) өрікке (абрикос) ешқандай қатысы жоқ. Бұлар өз алдына бөлек-бөлек өсімдік атаулары. Сондықтан мұндайлар белгілі бір заттың атауы ретінде бөлек емес, бірге жазылуға тиісті» деген ой айтқан болатынмын.

Менің осы ойымды теріске шығару үшін Қ.Күдеринова өз кітабында: «Қатардағы оқырман ақбас жусан түр атауы ма, туыс атауы ма деп ойланып отырмайды. Немесе қара өрік сөзін өрікке қатысы жоқ екен деп, бірге жаза алмайды. Олардың емлесі тілдік фактыларға негізделуі тиіс» дейді. Бірақ олардың қандай тілдік факторлар екендігі ол жерде көрсетілмейді. Одан әрі қарай Қ.Күдеринова мен ешқашан жазбаған: «Туыс атауы қысқышбақаны бөлек жазсақ, ол молюскалар типіне жататын перловица болмай, хордалылар типінің қосмекенділер класына жататын бақалар туысының бір түрі болып шығады. Ал шындығында, ол – омыртқасыз жануар» деген үзінді келтіреді де, оны менің 1984 жылғы ҚР Ғылым академиясы Хабарларының 2-ші нөмірінде жарияланған «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі туралы» деген мақалама сілтепті. Біріншіден, мен қысқышбақа деген бақаны білмеймін. Білмеген нәрсем туралы жазу менің әдетімде жоқ. Екіншіден, зерттеуші «менен алған» жоғарыдағы үзіндіні журналдың 93-ші бетінде дейді. Ал менің мақаламның мәтіні журналдың 36-42-ші беттерінің аралығында. Журналдың шифры – П304а. Мақаламды қайта оқып шығып, айтқандарымның растығына көз жеткізген адам кешірім сұраса игі. Егер менікі дұрыс емес болса, мен де қатемді мойындауға әзірмін.

Дау туғызып жүрген бір-ақ нәрсе бар. Ол – орфографиялық сөздікті құ­рас­тырушылардың кесірінен бөлек жазылып жүрген біріккен сөздер. Бұл даудың бірден-бір себебі – біріккен сөздерді осы типтес басқа сөздерден ажыратудың қиындығы мен күрделілігі. Орфографиялық сөздікті құрастырушылар: «Тіркесті сөздерді біріктіру-біріктірмеу үшін олардың арасындағы мағыналық қатынастар­ға (Д1Д1, К1К1, К3К3, т.б.) қарау керек» дейді (Ол туралы пікірімізді біз жоғарыда айтқанбыз). Бірақ өздері оған қарамайды. Біз болсақ, бірге немесе бөлек жазу үшін тіркесті сөздердің жалпылай алғандағы мағыналық ерекшеліктеріне, сыңарлар арасында синтаксистік қатынастың бар-жоқтығына және сөздердің қолданылу қызметтеріне қарау керек деп ойлаймыз. Мысалы, ҚТОС-ты түзушілер теміржол, тасжол (ҚӘТС-те бұл соңғы сөз бөлек жазылыпты) дегендерді бірге жазған. Мұны дұрыс делік. Орфографиялық сөздіктің осы басылымында арба жол, даңғыл жол, жалғызаяқ жол, күре жол, қара жол, қасқа жол, табан жол, тақта жол дегендер бөлек жазылып берілген. Арба жол, даңғыл жол, тақта жол дегендердің бөлек жазылғаны дұрыс. Бұл сыңарлардың арасында синтаксистік қатынас бар. Ол сөздердің бірінші сыңарларына «қандай жол?» деген сұрақ қоюға болады. Ал қалған «жолдардың» (жалғызаяқ жол, күре жол, қара жол, қасқа жол, табан жол) бөлек жазылғаны дұрыс болмаған. Өйткені олардың сыңарларының арасында ешқандай синтаксистік байланыс жоқ. «Жалғызаяқ жол» дегендегі жалғызаяқ сөзіне «қандай жол?» деген сұрақ қойып көріңізші? Жауабы: «Жалғыз аяқпен жүретін жол» болып шығады. Сондай-ақ күре жол дегенді «күреп қойған жол» деп ұғамыз ба? Қара жол – «қап-қара жол», қасқа жол – «қасқасы бар жол» дегеніміз қисынға келе қояр ма екен? Жолдардың басқа түрлері: ат жол, асфальт жол, аяқ жол, баурай жол, кер жол, қия жол, машина жол, соқпақ жол, тақ-тақ жол, тастақ жол, төскей жол, тік жол, шойын жол дегендер орфографиялық сөздікке алынбаған. Бұлардың ішіндегі аяқжол, соқпақжол мен шойынжол (Шойынжолдың теміржолдан ешқандай айырмашылығы жоқ) дегендер – біріккен сөздер. Қалғандарын синтаксистік сөз тіркесі ретінде бөлек жазуға болады. Олай болса, біріккен сөз дегеніміз – атау септікте тұрған кемінде екі есім сөздің (түбірдің) алдымен бір-бірімен тұрақты түрде салаласа (қабыса) тіркесіп, қолданыла келе өзара жымдасып, лексикаланып, біртұтас жаңа лексика-семантикалық мағынаға ие болып, бір ғана заттың атауы болып тұрған, бір ғана сұраққа жауап беріп, сөйлемнің бір ғана мүшесі болатын номинативтік бірлік. Біріккен сөздердің ең басты белгісі – тіркес құрамындағы сыңарлардың арасында ешқандай синтаксистік қарым-қатынастың жоқтығы және мағына тұтастығы. Тіркес құрамындағы сыңарлар өздерінің әуелгі тура мағыналарын сақтауы да (ортан жілік, жан қалта), сақтамауы да (кәрі жілік, ақыл тіс) мүмкін. Біз ортан жілік дегенді «ортада тұрған жілік» деп, жан қалта дегенді «жанға (екі бүйірге) салған қалта» деп ұқпаймыз. О баста сондай ұғымда болғандығына қарамастан (тіл – дамып отыратын құбылыс), қазіргі кезде біз оларды «жіліктің, қалтаның, тістің бір түрінің атауы» деп ұғамыз. Осы тұрғыдан алғанда, «Тіркесті сөздердің құрамындағы сыңарлар әуелгі тура мағыналарын сақтаса, олар бөлек жазылады» деген пікір шындыққа сәйкес келе бермейді. Себебі ол сыңарлар бұрынғы тура мағыналарын сақтағанмен, бір-бірімен анықтауыштық, анықталушылық қатынастарда тұрған жоқ. Басқаша айтсақ, тіркес құрамындағы сыңарлардың арасынан сіз ешқандай синтаксистік байланыс таба алмайсыз. Сондықтан мұндай тіркесті сөздердің бірге жазылғаны мақұл. Ал ол сыңарлардың арасында синтаксистік қатынас болса, олар – тіркесті сөздер емес, синтаксистік тіркестер. Синтаксистік тіркестер бөлек жазылады. Тіркесті сөздерге идиомалану тән емес. Егер тіркесті сөздер идиомаланып, бейнелі, образды мағынада қолда­нылса, М.М.Копыленко мен З.М.Попова айтқандай, олар – фразеологизмдер. Фразеологизмдердің құрамындағы сөздерді біріктіріп жазу – ең үлкен қателік.


Баға беріңіз