Ілеспе аудармашылар шеберлігін шыңдады

Ілеспе аудармашыларға арналған шеберлік сыныбы аяқталды.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 тамыз, 2018

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру шеңберінде, мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін кеңейту және ілеспе аудармашылардың біліктілігін арттыру мақсатында шеберлік кластарын өткізді.

Ілеспе аударма шеберлік кластарының мақсаты - қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға аударатын мамандардың біліктілігін арттыру.

Ағымдағы жылдың 20-24 тамыз аралығында орталық және жергілікті атқарушы органдар және ұлттық компаниялардан оқуға келген 17 аудармашы ілеспе аударма жүргізуге үйреніп, аударма шеберліктері мен тәжірибелерін арттырды. Шеберлік кластарын белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова жүргізді.

Шеберлік кластарында аударма теориясы, жазба және ауызша аударма ерекшеліктері, ілеспе аудармашыға қажетті базалық грамматикалық және фразеологиялық моделдер, сөздік қорды байыту жұмыстары бойынша дәрістер оқылды. Сонымен қатар, аудармашы мамандарға аударма тәжірибесі мен аударматанудың өзекті мәселелері бойынша оқу-әдістемелік көмек көрсетіліп, аударма жұмысы бойынша тәжірибе алмасты.

2016 жылдан бері Қазақстан Республикасы Мәдениетжәне спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен елімізде жүргізілетін ілеспе аудармашыларға арналған шеберлік кластары тілмаштардың біліктілігін көтеретін жоғары курсқа айналды. Осы кезеңде аталмыш курсты 69 маман аяқтап, оларға тиісті сертификаттар тапсырылды.


Баға беріңіз