Жарыспалы Х мен Қ графемаларымен келетін сөздерді біріздендіру мәселесі

Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 тамыз, 2018

Қазақ тілінің сөздік қорын араб, парсы тілінен енген, қазақ тілінің дыбыстық әуезіне игерілген бірқатар араб, парсы сөздері құрайтыны белгілі. Бұндай кірмелерді тілімізде төл сөздеріміздей қолданып жүрміз. Алайда бүгінгі таңда игерілген бір мағыналы сөздердің түрлі нұсқада жазылып жүрген сөздер баршылық. Әсіресе, араб тілінен енген сөздердің құрамында кездесетін х мен қ әріптерінің сөздің бастапқы және ортаңғы позициясында әртүрлі нұсқада жазылып жүргенін күнделікті түрлі дискурстағы мәтіндер айғақ. Мәселен, рақмет/рахмет, хал-жағдай/қал жағдай, ахуал/ақуал, хұзырет/құзырет, хұтба/құтба, хауыз/қауыз, хазірет/қазірет, хатым/қатым, хұсниқат/құснихат, хажы/қажы, дастархан/дастарқан, дархан/дарқан, т.б. Осы уақытқа дейін жазуда ала-құлалық танытып жүрген бұндай сөздерді латынграфикалы жаңа әліпбиге көшу барысында біріздендірудің тілтанымдық принциптерін нақтылап, орфографиялауды қажет етеді. Әрине, бұндай қатардағы сөздердің ішінде діни ұғымдағы тілдік бірліктер түпнұсқа принципімен жазылып та, айтылып та жүр. Мәселен, құснихат емес, хұснихат, қазірет емес, хазірет, Алла емес Аллаһ, дәрет емес, таһарат т.б. Осындай қазіргі тілімізге бұрыннан игерілген діни сөздерді түпнұсқа бойынша айтуды қуаттаушылар да аз емес. Дегенмен бұлбүгінгі қазақ тілінің әдеби тілінің нормасына, айтылым заңдылыңына қайшы келетінін ескерген жөн.

Арабтың ح «хә:», خ «ха:»,ه«һә:» дыбыстары XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының жобаларында бірде х, бірде һ, бірде қ таңбаларымен белгіленген,кейбір жобаларда тіпті алынып тасталынған. Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омаров, Т. Шонанов т.б ғалымдар һ дыбысы қазақ тіліне тән емес, сондықтан әліпбиден мүлде алып тастауға болады деп тұжырымдайды.Осылайша тұрақты орфографияның болмауы салдарынанараб тілінен енген сөздербірде х, бірде қболып таңбаланған. Мәселен, 1929 жылы құрылған әліпбиде [х] дауыссыз дыбысының таңбасы алынбайды, әліпбиде фонетикалық реңктер енгізілмейді. Содан [х] дыбысы қ фонемасыныңәріптік мәнімен таңбаланды: qat (қат),qalьq (қалық), qabar (қабар)».

Араб сөздерінің құрамындағы х-мен келетін сөздер қазақ тіліне игерілгенде көбіне-көп қ графемасымен таңбалану жиілігі жоғары болып жатады. Мысалы, рахат – 0, рақат –109, бұхара – 0, бұқара – 233. Бұл берілген көрсеткіштер ауызекі сөйлеу тілінің әсері болса керек. Себебі ескілікте жазбаша тілден гөрі ауызша сөйлеу тілі негізінде қалыптанған тілдік бірліктер халық санасында ерекше сақталып, қалай айтылса, солай жазуды қалыптастырған. Мәселен, «нағыз батыр» мағынасындағыигерілген«хас»сөзіндегі х таңбасына қарағанда қ-мен келетін «қас» сөзінің қолдану жиілігі жоғары екені байқалады. Осымен байланысты тілімізде қас батыр тіркесімен қатар жұмсалатын антонимдік мағынадағы қас дұшпан, сол сияқты қас сұлу, қас тұлпар сияқты оралымдар кездеседі.

Арабтың ح «хә:», خ «ха:» дыбыстары кей жағдайдажазуда х графемасымен таңбаланады: хабар, халайық, халық, тарих т.б. Бірақ х графемасы дыбыстық артикуляциялық жағынан қ дыбысына айналып, жуан реңкін сақтайды. Бұл жайында профессор Ә.Жүнісбек: «Қазіргі әліпбиде қолданылып жүрген [х] (хабар, хат, хан, халық) дыбысы қатаң <қ> фонема-инвариантыныңфонетикалық реңктерінің бірі», – деп көрсетеді.

1929-1940 жылдар аралығындағы латын әліпбиі негізіндегі қазақ жазуыныңграфикасы менорфографиясы зерттеген Н. Әміржанова «Латын графикасына негізделген әліпбиде кірме х дыбысының таңбасы болмағандықтан, тілде бірнеше омографиялық элементтерді туғыздырған» дейді. Мәселен,

хор (музыка): qor (бір нәрсенің жиынтығы), qor (қор);

халық (ел): қалық (антонимі – озық), qalьq (қалық);

хабар (мәлімет): қабар (қабағын қабару), qabar (қабар)

хан (билеуші): qan (денедегі), qan (қан);

хал (жағдай): qal (мең) qal (қал);

хат (жазу): qat (қат болу – жетпей жату), qat (қат);

хақ (дұрыс): qaq (су), qaq (хақ тағала), qaq (қақ) түрінде таңбаланды. Çangir өlgen soŋ Çәngirdiŋ balasь Saqьpkerej qan boladь. Qandьq çoq bolqansoŋ sultan pьrabijtildikte çoq boladь (А.Жұбанов, 25-б.).

Яғни, тіліміздегіхат, хабар, хан, хақ сөздерін қазақ тілінің дыбыстық артикуляциясына сәйкес қат, қабар, қақдептаңбаласақ, омографтарға ұшырайтынымыз сөзсіз. Ал кез келген тілдің лексикалық сөздік қорының байлығы сол тілдің омонимдерімен емес, керісінше, синонимдерімен ерекшеленеді. Сондықтан латыннегізді жаңа әліпбиге көшу барысында қазақ тілі дауыссыздар жүйесінде араб-парсы тілдерінен енген сөздердегі «х» фонемасы бар кейбір сөздерді қазақ тілінің дыбыстық артикуляциясына сәйкес, мазмұндық деңгейіне нұқсан келмейтін жағдайда «қ» фонемасымен берген жөн. Мысалы, дастархан-дастарқан, дархан-дарқан, сұхбат-сұқбат т.б. Себебібұл сөздердегі х фонемасы қазақ тілінің дыбыстық артикуляциясына сәйкес келмейтін, араб тілінің дыбыстық жүйесіне негізделген жат дыбыс.


Сейтбекова Айнұр Аташбекқызы

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты,

Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық және

әдістемелік жұмыс топтарының мүшесі


Баға беріңіз