"... қазақ әйелдері кінәлі"

Tilalem.kz

Tilalem.kz

15 тамыз, 2018

Facebook желісін ашып қалып едім, ең бірінше болып көзіме бадырайып Виктор Желудковтың жазбасы көзіме түсті. Онда ол қазақ балаларының ана тілін білмей немесе біле тұра сөйлемеуі аналардың кінәсі екенін айтып, қазақ әйелдерін, болашақ ана мен келіншектерді айыптайды. Оларды «топас», «өзіне сенімсіз» деп қара көздерімізге тіл тигізгені үшін ашуланайын десең, айтып отырған сөзінің жаны бар.

«Қазақ қыздары ақымақтың нақ өзі. Менің байқағаным бойынша, қазақ әйелдері балаларының ана тілін білмегенін өздері жауапты әрі кінәлі деген қорытындыға келдім. Бала анасы қай тілде сөйлесе, сол тілді қолданады. Өзіне сенімсіз қазақтың топас қызы «супер ауылбай» бола тұра баласымен орыс тілінде сөйлеседі. Осылайша өзін заманауи, мықты етіп көрсеткісі келеді» деп жазды Виктор Желудков.

Жазба

Желі қолданушылардың көбі оның бұл пікірімен келісіп, онда шындық бар екенін жазған.

Баланы тәрбиелейтін ана ма? Ана! Баламен көп байланысқа түсетін ана ма? Ана! Сәйкесінше баланың негізгі қолданыс тілді таңдауда анасының рөлі ұшан теңіз. Бұл өзгермейтін аксиома.

Осы ретті саябақта өзім куә болған жағдай есіме түсіп отыр. Таза ауамен тыныстап отыр едім. Жанымнан анасы мен қызы қол ұстасып кетіп бара жатты. Бір мезетте қызы жерде жатқан гүлді көріп, гүлге жүгіріп барды.

- Мама, мынаны қарашы, деді жерде жатқан гүлді қолына алған қыз.

- Нельзя, доча. Оно же грязное, деді анасы.

- Мама, но оно же красивое, деді бастапқыда сөзін қазақша бастап, анасына қарап сөзін орысша жалғастырған кішкентай қыз анасына қиыла қарап.

- Жанара, нельзя сказала, значит нельзя, деп анасы қызының қолынан жетектеп кете барды.

Бұл мысал – АНА мен баланың арасындағы көзге көрінбейтін, сезуге ғана келетін нәзік, сол уақытта берік байланысты көрсетеді. Бала әсіресе кішкентай кезінде анасынан тілді де, тәрбиені де бойына сіңіреді. Бала - ананың айнадағы бейнесі секілді. Әрбір қимылын, сөйлеген сөзін, өзін ұстау мәнерін, бәрін дерлік айна қатесіз қайталайды. Анасын үлгі тұтады. Сәйкесінше ана баланың негізгі тілді таңдауда, тіл меңгеруде іргетасын қалыптастыруда маңызды әрі шешу рөл атқарады.

Алайда кейде қара көз қыздар мен келіншектер мұны жиі жадынан шығарып алады немесе оның маңыздылығына терең бойламайды.

Тіпті ана құрсағындағы балаға ана тілінде ән айтып, жылы сөздер айтып, іштегі шақалағына деген махаббатты сөзбен жеткізген жағдайда бала барлығын сезіп, түсінгендей болады. Оған сәби дүниеге келгенде дәл сол әнді, жылы сөзді естігенде құлағына майдай жаққанын, әркез оны естігенде жымиып, тынышталатын жағдайлар көп болған. Яғни, ана мен баланың тіл арқылы байланысы құрсақта-ақ бастау алады. Одан кейін қазақ тіліне деген сүйіспеншілік ананың сүтімен балаға дариды.

Есейе келе анасы сөйлеген тілді негізгі тіл ретінде қолданады. Анасы тіл тазалығын сақтамай, орыс тілі мен қазақ тілін араластырып сөйлесе, бала да дәл солай сөйлейді. Ана қазақша түсінбесе, бала да ана тілін түсінбейді.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша әрбір адам өз ана тілін тез үйренуге бейім келеді екен. Себебі ана тіл аты айтып тұрғандай ананың ақ сүтімен сәбидің бойына тарап, берілетін биологиялық құбылыс. Ол жай ғана адамдар қарым-қатынас орнатып, түсінісетін байланыс құралы ғана емес, бүтін бір ұлттың тарихын, дәстүрін, менталитетінен, тарихынан сыр шертетін құрал. Өз ана тілін білетін бала өзге тілді де тез меңгереді. Сондықтан балаға ана тілін үйрету, баламен қазақ тілінде сөйлесу өте маңызды.

Қазақ тілінің мәселесі – жауыр болған тақырып дейміз. Жауыр болмай қайтсін? Мәселе қанша көтерілсе де, түрлі бағдарламалар, тілге қатысты заң қабылданса да мәселенің бері қарайтын түрі жоқ. Қазақ тілін білмейтіндер, «70 жыл КСРО құрамында болдық. Орыс мектебін тәмамдап, орыс тілінде ЖОО оқыдық» деп сылтауратты. Ал тәуелсіз Қазақстанда өсіп, өнгендер қандай уәж айтады? Ең сорақысы қазақ тілін біле тұра, отбасында, балаларымен орысша сөйлесетіндердің түсіну тіпті мүмкін емес. Бұл адамдар өз ана тілін білу, оны құрметтеу, өз ана тілін жетік меңгере отырып, өзге тілді үйрену – ұлт, тарих алдындағы абырой екенін түсінбесе керек.


Баға беріңіз