Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

ТӨЛ ПЕРНЕТАҚТАМЫЗ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

30.7.2018 514

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында Латын графикасы жөнінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.

Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» деп атап көрсеткен. Сондықтан Латын графикасын енгізу барысында жаңа технологияларды мүмкіндігінше пайдалану керек. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылып келеді.

Латын графикасы – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қазақ жазуын латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша төрт жұмыс тобы құрылған. Солардың бірі – техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс тобы IT технология және ақпараттық кеңістікке бейімдеумен шұғылданады. Олар латын қарпін пернетақтаға тиімді орналастыру, әлеуметтік желіде насихаттау мәселесімен айналысуда. Технология қарыштап дамып жатқан заманда барлығымыз компьютерге тәуелдіміз. Қазір елімізде қолға алынып жатқан «Цифрлы Қазақстан» жобасымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, болашақта қолданысқа берілетін пернетақта барлық талапқа сай болуы тиіс.

Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, пернетақтаның тарихы – тереңде. Қолданыстағы пернетақта – сонау XIX ғасырда пайда болған баспа машинкаларының жемісі. Мұндай машинканың жұмыс істеу қағидасы қарапайым болып келеді. Кристофер Шоулс ойлап тапқан алғашқы баспа машинкаларда пертақтадағы әріптер алфавиттік тәртіп бойынша екі жолда орналасқан. Бұдан басқа, тек бас әріптермен басу мүмкіндігі ғана ескерілген. Ал 1 мен 0 сандары тіпті болмаған екен, оларды «I» мен «O» әріптері алмастырған. Бастапқы кезде бұл бәрінің көңілінен шыққанмен, уақыт өте келе мұндай машинкалардың олқылықтары анықталды. Мәселен, жеке балғашықтар орындарына қайтып үлгермей, ылғи бір-бірімен ілінісе берді. Көп жағдайда оларды ажырату талпынысы машинкалардың бұзылуына әкеп соқты. Баспа машиналарын өндірушілер қорытынды жасап, мәтінде жиі кездесетін әріптер сұқ саусақтан («слепой печать» он саусақты тәсілді ойлап тапқаннан бұрын, көбіне сұқ саусақтармен басатын) алысырақ орналастырылған пернетақтаны жасап шығарды. Осылайша қазіргі уақытқа дейін қолданылып жүрген QWERTY (үстіңгі қатардың бірінші литерінен, яғни әрпінен солдан оңға) пернетақтасының атақты орналасу реттілігі пайда болды. Онда тетіктердің (балғашық) ілінісіп қалу проблемасы болмайтыны ескеріліп, ол компьютердің пернетақталарына көшіп келді.

QWERTY пернетақтасындағы әріптердің оңтайлы орналаспағанын мойындауымыз керек. Осы ретте Вашингтон университетінің профессоры Артур Дворак ойлап тапқан пернетақтаның орналасу реттілігі әлдеқайда ыңғайлырақ. Онда жиі қолданылатын әріптер ортаңғы және үстіңгі қатарда орналасқан. Сол қолдың астында барлық дауысты әріп, оң қолдың астында жиі пайдаланылатын дауыссыз әріптер орналасқан. Бұлайша қолға түсетін күш барынша теңгерімді болады. Сәйкесінше, Дворак пернетақтасындағы басу жылдамдығы QWERTY пернетақтасымен салыстырғанда 2 есе артық.

Ал, қазір кириллицада басып жүрген қазақ пернетақтасының жағдайы қалай деген сұраққа келетін болсақ, біз орыс пернетақтасының орналасу реттілігін пайдаланып жүрміз. Айырмашылық тек – төл әріптерімізде ғана. Олар жоғарғы символдар қатарынан орын алған. Бұл пернетақта біз үшін ыңғайлы емес. Өзге тіл топтарына жататындықтан, қазақ тілі мен орыс тілінің айырмашылығы жер мен көктей. Орыс тілінде жиі кездесетін дауысты А, О, Е, И және дауыссыздар Н, Т, С, Р әріптері пернетақтаның ортасында орналасқан және сол әріптердің айналасындағы әріптер тізбегі осы ұстанымға бағытталған. Бұл орыс пернетақтасында керісінше берілген. Ең күшті және жылдам әрекет ететін сұқ саусақ басатын ауданға ең жиі кездесетін әріптер қатарын берген, ал әлсіз аты жоқ саусақ пен шынашақ басатын аудандарға сирек кездесетін әріптерді орналастырған. Сонымен қатар, орыс тіліндегі етістіктердің көбі ИТЬ болып аяқталғандықтан, пернетақтада осы әріптер қатар қойылғанын көреміз. Ал ағылшынның QWERTY пернетақтасының орналасуы орыс пернетақтасына мүлдем қарама-қайшы. Мұнда да әріпті теру үдерісі он саусаққа арналған технологиямен жасалғанмен, өзгешелігі айқын көрінеді. Мәселен, А мен Е дауыстылары сол жақта, ал қалған дауыстылар U, I, O оң жақ пернетақтаға бағытталып орнатылған. Жиі кездесетін дауыссыздар сол дауыстылардың маңында шоғырландырылған. Жиі кездеспейтін Z, X, V дауыссыздары пернетақтаның шетіне қарай орналасқан. Талдаудан көріп отырғанымыздай, осылай орналасқан екі түрлі пернетақта біздің грамматикалық ерекшелігімізге, сөздік қорымызға мүлдем кереғар. Біздің сөздік қорымызға икемдірек жасалған пернетақта керек. Ғалымдардың айтуынша, пернетақта жасауға төмендегі талаптарына қойылады екен:

1) Механикалық орналасуы;

2) Визуалды орналасуы (көру);

3) Функционалды орналасуы;

4) Тілдік және ұлттық тіл тұрғысынан орналасуы;

5) Аппаратты жүйелі орналасуы.

Осындай талаптарға сүйене отырып, өзіміздің төл пернетақтамызды ойластырып жарыққа шығаруымыз керек. Қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру барысында, пернетақтаның QWERTY негізінде немесе Артур Дворактың жүйесімен жасалатынын нағыз мамандар шешуі қажет. Қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігін ескеру аса маңызды болғандықтан пернетақта жасау барысында тіл мамандарының да көмегі қажет. Меніңше, біздің пернетақта да он саусаққа негізделуі тиіс және әріптерді саусақтардың белсенділігіне қарай шоғырландыру қажет. Біздің тіліміздегі басты ерекшеліктердің бірі – дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке болып бөлінуі және олардың дауыссыз Қ-Ғ, К-Г дыбыстарымен үйлесуі. Жуан дауыстыларға А, О, Ұ, Ы дыбыстары жатса, жіңішке дауыстылары Ә, Ө, Ү, І, Е дыбыстары жатады. Ал Қ-Ғ, К-Г жұптары осы дауысты дыбыстарымен үйлестіріліп орналасқаны жөн. Мысалы, қазақ, қайық, құралдар т.б. қай сөзді алсаңыз да, Қ-Ғ тек қана жуан дауыстылармен ғана үйлеседі. Сол сияқты, К-Г дыбыстары да үйлеседі. Мысалы, күйші, гүлдер, көл т.б.

Жуан

Жіңішке

А

Ә

О

Ө

Ұ

Ү

Ы

І

Е

Қ-Ғ

К-Г

Міне, осы себептен, аталған үлгіні басшылыққа ала отырып, пернетақтаға дауыстыларды жуан және жіңішкелігіне қарай екіге бөліп орналастырып, олардың қасына міндетті түрде үйлесуіне қарай қ-ғ және к-г орналасуы керек. Сол кезде ғана жазу барысында ұтымды жылдамдық пен ыңғайға ие боламыз. Сондай-ақ жиі қолданатын дауыссыз дыбыстарды саралай келіп, Қ-Ғ, К-Г маңайында шоғырланғаны жөн деп ойлаймын.

Осы айтылғандарды ескере келе, мынадай пернетақта жобасы ұсынылып отыр:


Жоғарыда айтылған мәселелердің негізінде осы пернетақта жобасы жасалды. Бұл пернетақтаның QWERTY және ЙЦУКЕН пернетақталарынан айырмашылығы әріптер толық үш қатарға орналастырылған, пунктуациялық белгілері жоғарыға цифрлық қатарға сыйдырылған. Ал жиі қолданатын үтір мен нүкте QWERTY пернетақтасындағы орнында қалдырылды. Мұнда дауыстылардың ерекшелігіне байланысты тек клавиштердің орны алмасты. Жіңішке дауысты дыбыстар қатары оң қолға лайықталып берілсе, жуан дауысты дыбыстарды жазу үшін сол қолға басымдық берілген. Мұндай жүйе бойынша орналасқан әріптер адамның физилогиялық үйренісуіне тез әсер ететінін байқатады. Осы бойынша қағаз бетіне шығарылған пернетақтаның үлгісімен кішігірім тәжірибе жүргізілді:

Кісі есімдері: Qasym, Erbolat, Nurlan, Nurlybek, Móldir, Aqerke, Juldyz.

Мекеме атаулары: Qazaqstan Respýbllkasynyń Mádenlet Mlnlstrligi; Halyqqa qyzmet kórsetý ortalyǵy.

Жер-су атаулары: Astana, Kókshetaý, Taldyqorǵan, Shymkent, Aqsý-jabagyly, Qorǵaljyn, Aqsý-alýly, Úńirek

Пернетақтадағы дауысты дыбыстар бірдей мөлшерде екі бөлікке және қажеттілігіне қарай бөлінгендіктен, он саусаққа түсетін күш тең болады. Аз уақыттың ішінде адамның қол бұлшықетінің үйренісуі жылдам жүретінін байқатады. Сайып келгенде, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру барысында жасалатын пернетақта басқаның ыңғайына емес, өз тіліміздің мүддесіне сай жасалса абзал болар еді деп ойлаймыз. Бұл пернетақта қолданысқа енетін болса, мұның бір артықшылығы көп қаржы кетпейтінінде және әмбебаптығы.

Қорыта келе, латын әліпбиіне негізделген қазақ қаріптерін пернетақтаға орналастыруда төмендегідей мәселелерді басты назарымызға ұстауымыз қажет:

– заман талабына сай болуы керек;

– ыңғайлы орналасу керек, әріптері көзге айқындығы, он саусақ негіздемесі ескерілуі керек;

– жиі қолданатын пунктуациялар (үтір, нүкте) жеке клавишта болғаны дұрыс;

– әріптердің ыңғайы қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігі сай орналасуы қажет.

Әсия СМЫҚОВА,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ММ-нің «Ресурстық тіл орталығы» КММ әдіскері


Тегтер:
Авторы:

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

38 0

ақпарат

Терминді қиындатпайық

88 0

ақпарат

Тегімізді реттесек…

114 0

ақпарат

Баршаға ортақ қасиетті құндылық