Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Шешендік өнер және шешендік

19.7.2018 287

Қауымды басқару, елдің сөзін ұстап, жол көрсету қай заманда да жаратылысы бөлек, елден ерек тұлғалардың ғана қолынан келетін маңызды әрі бекзат өнер. Осындай маңызды міндетті атқаруға мүмкіндік беретін саясат шешен сөзi – адамдардың қауымдасып тіршілік кешуімен, мемлекеттің қалыптасу тарихымен тікелей байланысты алқасөздің ерекше түрі. Ел басшысы немесе қоғам қайраткерлерi өз мақсаттарын, өзінің көзі жеткен шындығын көпшiлiкке насихаттауда, пiкiрлерiн халыққа түсiндiруде атақты шешендердiң көмегiне, беделi мен өнерiне, олардың жалынды сөздерiне мұқтаж болған немесе көбiне өздерi шешендік өнерді меңгеруге ұмтылған. «Сөзің – өзің» дейді халық даналығы.

Сан-салалы қауым тіршілігін басқару, мемлекеттік жүйені құру, мемлекеттік сана қалыптастыру, оның басты қағидаттарын негіздеп, қоғам мүшелеріне түсіндіру үлкен табандылықты, жауапкершілік пен интеллектуалдық әлеуетті, ең бастысы, шешендік қабілетті талап етеді. Миллиондардың мүддесін бір арнаға тоғыстыру, білімі, ұлты мен нәсілі, діни наным-сенімі, тұрмыс деңгейі, әлеуметтік дәрежесі сан алуан мемлекет азаматтарының арман-тілегін баршаға ортақ мұраттарға жұмылдыру, сол ортақ мұраттарды табу талантты да тәжірибелі, беделі көпшілік тарапынан мойындалған көсемнің ғана қолынан келеді.

«Сөйлей алмаған адам, мансап жасай алмайды» деген Наполеон сөзінің астарында даусыз ақиқат жатыр. Ойлай білу, сол ойын дәйекті жеткізе білу – саясаткерге қойылатын ең басты кәсіби талаптың бірі. «Алмас қылыш – майданда серік, Асыл сөз – майданда да, сайранда да серік» деп келетін қисын өмірлік тәжірибеден, шынайы болмыстан алынған.

Қоғамдағы мемлекеттік институттар дамыған сайын демократияның ең жарқын көрінісі саналатын сөз еркіндігі, алқалы жиында сөз сөйлеу маңызды бола түспек. «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды» дейді Ә.Бөкейхан. Көшбасшылардың өз сайлауалды бағдарламаларымен пікірталасқа түсуі, халықтың алдында есеп беріп отыруы, телеарналар арқылы өз ұстанымдарын миллиондардың талқысына салуы бүгінгі саяси өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды. Бұл үрдіс демократиялық қоғам құрудың алғышарты ретінде қабылданатын болды.

Қазір баршаға түсінікті, «парламент төрағасы» немесе басқосуды жүргізуші дегенді білдіретін «спикер» (speakear) сөзі ағылшын тілінен аударғанда «шешен» деген мағынаны білдіреді. Демек, демократиялық елдерде саяси тақырыпта сөйлеу мен шешендік өнер деген ұғым өзара мәндес, бір-бірімен тығыз байланысты құбылыстар. Сөз бостандығы, пікір алуандығы ең басты құндылық саналатын қоғамда ашық пікірталас алаңдарында түрлі көзқарастағы партия көсемдері ел келешегін айқындайтын аса маңызды ойларын халық талқысына ұсынады. Көпшілікке өзіңді танытудың төте жолы – ашық пікірталас алаңы.

Телеарналардағы тікелей эфир арқылы миллиондардың алдына шығу, санқилы мәселелер бойынша белгілі уақытта өз ойын түсінікті де тартымды тілмен дәйектеу шешендік қабілетті, қоғамдағы өте күрделі деген мәселелерді тап басып тауып, оларға қатысты өз бағдарламасын айшықты тілмен жеткізе білуді, орындаушылық шеберлікті қажет етеді. Сол себепті де шешендік сөздің өзге түрлеріне қарағанда саясат шешен сөздің көтерер жүгі, қоғам өміріндегі ықпалы да аса жоғары.

Тауып айту, қарсыласқа дер кезінде сөзбен соққы беру – белгілі саясаткерлер үшін әдеттегі құбылыс. Әйгілі У.Черчильді саяси қарсыластарының бірі шарап ішкенін бетіне басып: «Сіз массыз!» деп әжуалап, ел алдында мұқатпақ болады. Сонда өмірдің талай талқысын бастан кешкен әккі саясаткер ойланып тұрмастан: «Ал сен – мүгедексің, рухани мүгедек. Мен ертең ертемен мастығымнан айығып кетемін, ал сен болсаң осы кемтар, мүгедек қалпыңда мәңгілікке қаласың!» деп тығырықтан шығар жол табады. «Дұшпанды өз қаруымен соққан батымдырақ болады!» деп әйгілі қолбасшы А.Суворовтың айтқанындай, қарсыласының көпшілік көзінше көрсеткен бейбастақ қылығына кәнігі сөз шебері лайықты жауап қайтарған…

Әлемдік тарихта көреген саясат­керлігімен қоса қисынды сөздерімен халық жадында қалған мемлекет қайраткерлері баршылық. Елді басқарушы жандардан көпшіліктің әдеттегіден тыс ақыл-парасатты, ерекше сөздер мен тосын әрекетті күтетіні белгілі. Билеуші статусына сәйкес өзінің өзгелерден ерекшелігін, сол орынға тек өзі ғана лайықты екендігін айналасына үнемі дәлелдеп отыруы тиіс.

XVII ғасырдағы Англия патшайымы Елизавета І: «Күш пен ақылдың бір жерде тоғысуы – әлемдегі ең тамаша үйлесім» деген қанатты сөзін қалдырыпты. Ал Германияның тұңғыш рейхсканцлері Отто фон Бисмарк кейінгі дәуірлерде жұрт жиі қолданатын: «Революцияны данышпандар ойластырады, фанатиктер жүзеге асырады, ал қызығын алаяқтар көреді» деген пікірімен ел жадында сақталыпты. Елінде үлкен реформаларды жүзеге асырған бұл қайраткер: «Істеген ісіңді ұнатпайтындар қашанда табылады. Бұл әдеттегі құбылыс. Бәріне бірдей тек сүйкімді мысықтар ғана ұнауы мүмкін!» деген астары терең мағыналы ой айтыпты. Ал орыстың императоры Алекандр ІІІ «Россияның екі-ақ досы бар, олар – Армиясы мен флоты!» деген сөзімен тасқа басылып, тарихта қалған.

Корей Халық Демократиялық республика­сының негізін қалаушы Ким Ир Сен де нағыз ділмардың бірі болғанға ұқсайды. «Халыққа Жаратушыға табынғандай табын!» немесе «Өнеркәсіп керек-ақ, бірақ жұмысшының өмірі бәрінен де қымбат!» деген аталы сөздерімен ол өз халқының құрметіне бөленіпті. Ал өзінен кейінгі бірнеше буынға үлгі болып келген АҚШ-тың он алтыншы президенті А.Линкольн: «Халық сенімін бір рет алдасаңыз, оның құрметін мәңгіге жоғалтқаныңыз» деген екен. Шаршы топта сөйлеудің хас шебері болған әйгілі саясаткер: «Мен қарсыластарымды тілеулесіме айналдырып барып қана жеңіске жетемін» деп өсиет қалдырған екен. Әрине, бұл сөздердің барлығы да әйгілі саясаткерлердің көпшілік алдында айтқан ұзын-сонар сөздерінің ішінен алынған үзінділер, «тоқсан ауыз сөздерінің тобықтай түйіні».

Шешендік өнер саяси құрал ретінде ізгілік жолына қаншалықты қызмет етсе, зұлымдыққа да дәл солай қызмет етуі мүмкін… Итальяндық фашизмнің негізін қалаушы, фашистік Германияның одақтасы болған Бенито Муссолини де өз заманының айтулы шешені. Ол – шешендік қасиет арқылы мансап жасаудың жарқын үлгісі болған тұлға.

Елдің алдына шығып түрлі тақырыптар бойынша сөз сөйлеу дәстүрі саясат серкелерінің арасында осы күнге дейін жалғасып келеді. Венесуэла президенті болған әйгілі Уго Чавес телеарналарда тікелей эфир арқылы өзі жүргізген «Алло, президент!» атты бағдарламасында сегіз сағаттан аса үздіксіз сөйлеген. Бір қызығы, көрерменін осынша уақыт жалықтырмай экранға телмірткен шешен саясаткердің бұл телебағдарламасы елдегі рейтингі ең жоғарғы хабарға айналыпты. Бірнеше сағат бойына тоқтаусыз мағыналы сөз айту, тыңдаушыларын жалықтырмай өз лебізіне телмірту атақты Куба басшысы Фидель Кастроға да тән құбылыс екен. Оның БҰҰ мінберінен төрт жарым сағат бойы тоқтамай сөйлегені осы ұйым тарихындағы ең жарқын оқиғалардың бірі ретінде тіркелген. Ал өз елдерін өрге сүйреп, аз ғана уақыт ішінде адам танымастай өзгерістерге қол жеткізген реформаторлар қытайлық Дэн Сяопин, сингапурлық Ли Куан Ю, үнділік Махатма Ганди, түрік Мұстафа Кемал Ататүрік, француз Шарль де Голль, малай Махатхир Мохамад – барлығы да көптің көкейіндегісін дөп басатын айтулы сөз зергерлері болған.

ХХ ғасырдағы әлемдік геосаясаттың ең беделді тұлғаларының бірі Қытайдың ұлы реформаторы Дэн Сяопин болды. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы міндетін атқарған әйгілі Г.Киссинджер Дэн Сяопиннің адами келбетіне, қайраткерлік тұлғасы мен сөз сөйлеу машығына қатысты: «Мао Цзедунның философиялық ұлағатты сөздері мен бейнелі теңеулеріне, Жоу Ынлайдың сабаз да салмақты кәсіптік қасиетіне әдеттеніп қалғандығым ба, кім білсін, әйтеуір Дэн Сяопиннің сөзді өңменіңнен өткізіп, төтесінен кететін сөз сөйлеу мәнері, мірдің оғындай мысқылы, құрғақ теорияны көпірте бермей, нақты мәселеге қанжардай қадалатын сәттеріне мен көпке дейін көндіге алмай жүрдім» депті. Бұл көпті көрген әккі саясаткердің қарсыласы саналатын өз замандасына уақыт өте келе берген әділ бағасы еді.

Дэн Сяопиннің 1961 жылы Гуанчжоу қаласында айтқан: «Маған мысық түсінің қандай екені маңызды емес, тек тышқан ауласа болғаны…» деген әйгілі сөзі барлық тілдерге аударылып, жиі қолданылатын мәтелге айналды. Ол өзінің айтайын деген негізгі ойын халыққа түсінікті бейнелі сөздермен тұжырымдап, көпшіліктің жадында сақталып қалатындай қанатты сөздерге айналдырып береді. Бұл саясаткердің «Мен шындықты іс жүзінен іздеушімін», «Сыртқа есік ашу саясаты», «Тасты сипап өзеннен өту» реформасы, «Санда саясат болады, санды белгілеу – саясатты белгілегендік» деген секілді тұжырымдары тұтастай мемлекеттік бағдарламалардың тезистеріне айналған.

Ал Мұстафа Кемал Ататүрік «Түркия тек түріктерге тиесілі!» деген ұранымен жұрт жадында қалды. Түркия Республикасының негізін қалаған Ататүрік халқына Жолдау жазып, 1927 жылдың 15-20 қазан күндері Анкарада өз аузымен мәжілісте 36,5 сағат оқып береді. Кейін бұл Жолдау қырық баспа табақ болып басылып шығады. Өзін түрік халқының бақыты жолына бағыштаған керемет қабілет иесі, даңқты қолбасшы және мемлекеттік қайраткер өзінің Жолдауында күрес философиясын жан-жақты түсіндіреді.

Ал Ресей президенті В.Путин сайлау алды науқанын айтпағанда, өзінің халықпен тікелей эфир арқылы кездесуін дәстүрге айналдырды. Оның ойлары мен тіркестері, саяси астар бере айтқан мысалдары өте бай, әдеби дәстүрі бар Ресейде қанатты сөздерге айналып үлгерген. Ол бірнеше сағатқа созылатын кездесулерде өзіне қолайсыз деген сұрақтардың өзінен жалтармай, ашық пікірлерімен тыңдаушылардың ықыласына бөленуді шебер меңгерген. Айталық, В.Путиннің 2013 жылдың 25 сәуірінде тікелей эфирде өткізген баспасөз мәслихаты үзіліссіз төрт сағат елу минутқа созылса, 2014 жылдың 17 сәуірі күнгі сұхбаты үш сағат елу бес минут болыпты. 81 сұраққа жауап берген. 2015 жылдың 16 сәуірінде 3 сағат 57 минутта 74 сұраққа жауап берген. Бұл жерде Мемлекет басшысына түрлі тақырыптарға миллиондаған сауалдар беріліп, солардың ішіндегі ең өзектілеріне тәжірибелі сая­саткер жалтармай жауап бере алуымен ерекшеленді.

Әдетте, жоғары деңгейдегі мемлекет басшыларының кездесулерінде аса маңызды тарихи шешімдер қабылданатындықтан, хаттама бойынша ондағы әрбір минут санаулы. Осыған орай саясаткерлер ойларын болған оқиғаға орай жазып дайындаған да, аяқ астынан тауып айту өте сирек құбылыс. «Сәтті экспромт – өте жақсы дайындалған экспромт» дейтін мәтелдің айтылуы тегін емес.

Шынайы шешендік қабілет мәселені тереңінен түсінетін жан-жақты біліммен, жылдам шешім қабылдау қасиетімен тығыз байланысты. КСРО-ның айтулы саясаткері Э.Шеварднадзе С.Абдрахмановқа берген сұхбатында шетелдің белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулерін былайша еске алады: «Ал Маргарет Тэтчер мені британ парламентіндегі қауымдар палатасында депутаттардың сұрақтарына жауап беруімен таңдандырды. Сонда Тэтчер қырық минуттың ішінде жиырма бес сұраққа жауап берді. Әр сұраққа бір минуттан. Кез келген күрделі мәселенің түйінін екі ауыз сөзге сыйғызып жібереді екен» .

Саяси тақырыптағы өзінің шешендік сөздерімен, ұлт тәуелсіздігі жолындағы күрескерлігімен ел жадында қалған ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай болатын. Большевиктік жүйемен еш ымыраға келмеген ол өзінің саяси күресін эмиграцияда жүріп, өмірінің соңына дейін жалғастырды. «Ұлттық зия­лылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп есептеген М.Шоқай, саяси мінбердің айтулы көсемі еді. Оның «Түркістан жастарына» атты сөзі таспаға басылып, дауысы, сөйлеу мәнері біздің заманымызға жетті.

Қазақ саясат шешен сөзінің келесі бір көрнекті өкілі – мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов. Өз кезеңіндегі құқық, саяси экономика, тарих, статис­тика, демография мәселелерімен кәсіби деңгейде айналысқан ол республикалық, өлкелік мәслихаттар мен пленумдарға делегат ретінде қатысып, аса өзекті деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Халық ағарту комиссары қызметін атқарып жүрген Т.Жүргенов 1935 жылдың 26 желтоқсанында «Қазақстанда сауатсыздықты жою туралы» атты баян­дама жасайды. Нақты деректерге, сындарлы талдауға құрылған оның бұл сөзі ХХ ғасырдың 30-жылдарында-ақ уақыт талабына сай ең күрделі деген тақырыптардың өзін қазақ тілінде талқылауға болатындығын көрсеткен үлгілі сөз нұсқасы еді.

Оның қазақ тіліне қатысты көзқарасын айқындайтын мына бір деректі атақты композитор Е.Брусиловский еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде кішігірім мәжіліске шақырды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам – қарағандылық Б.Орлов және мен орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлейді. Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті… Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүкшиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» деп қайталап, Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз!.. Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті».

Алқалы жиында аталы сөз, тұшымды ой айту ілуде біреудің маңдайына жазылатын өрелі өнер, қадірлі қасиет. Ал осы қасиет жоғары мансаппен, ел алдындағы жауапты қызметпен астасса, бірін-бірі толықтырып, тың мағына, соны өріс табады. Кеңес Одағы тұсында әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, ел алдында ұлт мүддесін, көптің көкейіндегісін айтуға жараған санаулы тұлғалар болды. Шығармашылық элитамен қоян-қолтық араласа жүріп, мұндай қайраткерлер ұлт руханиятының «жуанның жіңіш­керіп, жіңішкенің үзілер шағына» таяған тұсында елдік мұраттарға қал-қадерінше қызмет етті. Ж.Шаяхметов, І.Омаров, Қ.Сәтбаев, Ж.Тәшенов, Д.Қонаев, Ә.Қанапин, Т.Тәжібаев, Б.Әшімов, С.Жиенбаев, Ш.Жәнібеков, С.Зиманов, С.Нұрмағамбетов, М.Базарбаев, Е.Бөкетов, Ш.Есенов, Ш.Шөкин, Е.Рахмадиев, Ө.Жәнібеков, Т.Шарманов, Ж.Ысмағұлов, Ш.Елеукенов, Ш.Шаяхметов, Ж.Еркінбеков, А.Асқаров, К.Аухадиев, Ә.Кекілбай, С.Шаухаманов, Ә.Сығай сынды қазақы ортадан шығып, биліктің биігін бағындырған саяси қайраткерлер әр сала бойынша ұлттық құндылықтардың сақталып қалуына ықпал етті.

1981 жылдың 8 маусымында Алматыда қой шаруашылығына арналған республикалық кеңейтілген мәжіліс өтеді. Орталық Комитет Бюросының қаулысына сәйкес Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов осы жиында баяндама жасауы тиіс болды. Ол жылдары жергілікті жерлерде болмаса, Орталықта қазақ тілінде ресми жиындар өткізу деген атымен болмайтын-ды. Жиналысқа қатысушылар құрамын, қозғалатын тақырыптың мән-маңызын ескерген және соған қатысты өз көзқарасын айқындап алған Бәйкен Әшімұлы жиында қазақша баяндама жасайды. Ұзақ жылдар бойы ресми жиын­дарды тек орыс тілінде ғана жүргізіп келгендіктен, осы тарихи жиынға Үкімет басшысы айрықша көңіл бөледі. Алдын ала қазақша мәтінді дайындап, кәсіби мамандардың қатысуымен бірнеше күн бойы сөйлеуге, қазақ тілінде сөздерді дұрыс айтуға дағдыланады. Осы оқиғаның басы-қасында болған көмекшісі Н.Колинко Бәйкен Әшімұлының еңбекқорлығын, тілге деген жауапкершілігін әсерлі суреттейді.

Бұл мысалдан қандай ой түюге болады?! Ең алдымен, кеңестік кезеңдегі қазақ тіліне деген салқын көзқарасты байқаймыз. Баяндаушы үшін де, Б.Әшімовке де көпшілік алдында қазақша сөйлеу әдеттегіден тыс, бұрын-соңды бола бермейтін ерекше оқиға болғанын айқын аңғаруға болады. Екіншіден, Б.Әшімовтің қазақы ортаның мұң-мұқтажын терең білгенін, олардың басқаша ойлап, дүниені өзінше қабылдайтынын қаншалықты терең сезінетінін көреміз. Сол себепті де қайраткердің өз халқы мен көмескілене бастаған ата-баба рухы алдында есеп бергендей бұл шараға үлкен жауапкершілікпен қарағаны байқалады.

Тағы бір көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің де көпшілік алдында жасайтын баяндамаларын үлкен жауапкершілікпен дайындағаны хақында естеліктер бар. «Конференция, пленумдарға дайындалған кезде барлық қажетті материалдарды бөлімдер мен хатшылардан жинап алып, баяндаманы өзі жазатын. Ол кісінің басқаларға баяндама жаздырғанын көзім көрген емес. Жазғанда қандай, шикі материалдардың басын қосып, әр сөйлемді өз орнына қоя білетін. Осы қасиетінен Алматыға келіп, ірі-ірі лауазымдар атқарған уақыттарда да бір жаңылған емес» деп еске алады замандасы К.Панзабеков. Бұл тыңдаушыларды құрметтеудің, сөзді сыйлаудың жарқын үлгісі. Жекелеген жағдайда кейбір лауазымды тұлғалардың өздері жазбақ түгілі айтайын деген сөздерімен тіпті таныс емес екендігі байқалып қалады… Өзін сыйлайтын, сөзін құрметтейтін жан бұлай істемесе керек-ті.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дәуірде қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілуіне орай саясат шешен сөзі жаңа бір белеске көтерілді. Бұл кезеңнің сая­сат сахнасындағы айтулы шешені ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевты айрықша айтуға болады. Н.Назарбаевтың Жолдауларынан, жоғары деңгейдегі ресми кездесулердегі сөйлеген сөздерінен, тікелей эфир арқылы берілген сауалдарға жауаптарынан оның шешендік өнердің қыр-сырын терең меңгерген, халқының салт-дәстүрін жетік білетін тәжірибелі саясаткер екендігін көруге болады.

Мемлекеттік деңгейдегі аса күрделі елдің ішкі-сыртқы саясатына, экономикасына қатысты мәселелерді талқылауда қазақ тілін жетік меңгерген Елбасы өзге саяси қайраткерлерге үлгі-өнеге көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлының саясаттағы сенімді серіктерінің бірі Қ.Тоқаев: «Табиғат Н.Назарбаевқа көптеген маңызды қасиеттерді бере отырып, мырзалық танытқан. Оның ішінде әртүрлі адамдармен тіл табыса білуі де бар… қайран қалдыратын қасиеті – әзілді орнымен айтуы және қабылдай білуі. Кездесулерде әрқашан үлкен саясат әлеміне жақсы танымал екі-үш әзілі табылады. Шетелдік саясаткерлер арасында жоғары бағаланатыны – оның суырыпсалма шешендігі» дейді.

Бұл нақты мысалдарға негізделген, сөздің қыр-сырын жетік меңгерген замандасының Н.Назарбаевтың көпшілікті иландыра білу қасиетіне берген әділ бағасы. Президенттің әлемдік саясатта атқарған тағы да бір тарихи миссиясы – БҰҰ мінберінен 2015 жылдың 28 қыркүйегі күні қазақ тілінде сөз сөйлеуі. Бұл төрткүл дүние көз тіккен айтулы саяси шарада қазақ сөзінің тұңғыш рет сөйленуі еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттік қызметте қазақ сөзінің қадір-қасиетін тереңінен білетін С.Зиманов, Ә.Кекілбаев, М.Жолдасбеков, С.Қасқабасов, Т.Әбдіков, Қ.Сұлтанов, Ә.Асқаров сынды азаматтардың болуы ұлттық идеологияның дұрыс арнаға түсуіне оң ықпал етті.

Қазақстан тарихындағы саясат шешен сөзінің ендігі бір теңдесі жоқ шебері – академик-заңгер С.Зиманов. Ұзақ жылдар бойы құқық тарихымен, қазақ би-шешендерінің шығармашылығымен жүйелі айналысқан ғалым терең теориялық талдауларға, логикалық қисынға құрылған сөздерімен Тәуелсіздікке қол жеткізген мемлекеттің іргесін құқықтық тұрғыдан нығайтуға атсалысты. «Осындай жағдайда туған халқының тағдырына Президентпен бірге қабырғасы қайысып, мемлекетіміздің егемендігі үшін белсене, бел шеше күрескендердің бірі ғана емес, бірегейі депутат Зиманов еді. Ол сессияның биік мінберінде – Үкімет үйіндегі депутаттар алдында ғана емес, үй сыртындағы күллі халық алдында төрт сағат бойы табан аудармастан, тікесінен тік тұрды. Елге егемендік алып беру үшін қарсылардың жағын қарыстыратын, мисыздарды миландыратын, даукестердің діңкесін құртатын Зимановтың зиялылығы, білгірлігі, теориялық тереңдігі, дәлелінің бұлтартпас дәлдігі, ағыл-тегіл шешендігі, тіпті көреген көсемдігі керек болды, солай болып шықты да…» деп тебірене жазады сөз өнерінің қадір-қасиеті саналған академик З.Қабдолов.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Парламент депутаты, Мәжіліс төрағасы, Мемлекеттік хатшы қызметтерін абыроймен атқарған көрнекті қаламгер Ә.Кекілбаев қазақ саясат шешен сөзінің ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында жаңаша жарқырай көрінуіне ықпал еткен аса белсенді қоғам қайраткері болды. Түрлі саяси жиындарда, Парламент мінберінде қоғамның көптеген салаларына қатысты айтқан сөздері тарихи танымға, терең талдауға құрылуымен ерекшеленді. Қазақ тілінің ішкі иірімдерін, ырғақты әуезін, бейнелеу мүмкіндіктерін терең меңгерген айтулы сөз зергері өзінің бұлтартпас логикаға, ғылыми қисынға құрылған эпикалық стильдегі сөздерімен кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетті. Кеңінен алып, молынан пішетін Ә.Кекілбаевтың сол кезеңдердегі сөйлеген сөздерінен берілген тарихи мүмкіндікті, келешек алдындағы жауапкершілікті, тәуелсіздік деген ұлы ұғымды терең түйсінген қалпы мен соны айналасына ұғындырсам деген алғаусыз көңілі аңғарылады. Сөздерінен тынымсыз ізденісті, телегей білімді, өткеннің өнегесі мен қажырлы еңбекті жазбай тануға болар еді.

Республика деңгейінде біршама лауазымды қызметтер атқарған азамат Тоққожа Естенов Ә.Кекілбаевтың тапқырлығы, шешендігі жайлы мынадай бір тосын оқиғаны еске алады: «1998 жылы Алматы облысындағы Қарасай батырға арналған ескерткішті ашуға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен көршілес Қырғыз елінің басшысы А.Ақаев қатысты. Жоспар бойын­ша арнайы тігілген киіз үйге Мемлекет басшыларын салт атпен алып жүруді жөн көреді. Мінген аты асаулау ма, әлде жылқыдан тосын мінез күтпегендіктен бейқам болды ма, орта жолда А.Ақаев мінген ат кенеттен тулап кетіп, ол аттан жығылып қалады. Мұндай оқыс оқиғадан кейін екі елдің басшылары алдында ұйымдастырушылар да, қонақтар да аса бір ыңғайсыз жағдайда қалды. Баршасының ұнжырғасы түсіп, көршілес екі елдің игі-жақсылары бір-біріне не айтарын білмей тосылып отырады. Осы мезетте Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаев: «Алқалы әлеумет! Біздің қазақта жиен елге келгенде «Бай болсын!» деген ниетпен мыңғырған мал жататын жерге жиенді бір аунатып алатын көне дәстүр бар еді. Біз сол жолымыздан жаңылыппыз, атадан қалған үлгілі жолды, ұлы дәстүрді ұмытып кетіппіз. Байқадыңыздар ма, әлгінде айналайын Қарасай бабамның аруағы біздің жіберген сол бір ағаттығымызды түзетіп жіберді. Нағашылап келген жиенді бір аунатып, жауырынын жер иіскетіп алды. Міне, енді біз де өз парызымыздан құтылып, жеңілдеп қалдық!» деп қиыннан қиыстырғанда, дастарқан үстінде дағдарып отырған көпшілік шешеннің тосын тапқырлығына сүйсініп, жадырап сала беріпті. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ!» деп мәлімдеген Әбіш Кекілбаевтың көптеген лебізі қанатты сөзге айналды. 2015 жылдың желтоқсан айында Ә.Кекілбаевты бақилық сапарға аттандырып салуға арналған қаралы жиында академик С.Қирабаев: «Әбіш – баяғы ұлы билердің дәстүрін жалғастырушы кемеңгер тұлға еді…» деп оның адами әрі шығармашылық келбетіне лайықты баға берді.

Мемлекеттік қызметшілердің, саяси тұлғалардың өзгелерден айырмашылығы – белгілі бір мәселеге қатысты олар тек өздерінің жеке пікірін ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар қалыптасқан жағдайға байланысты ұжымның, мекеменің, мемлекеттік органның немесе тұтастай мемлекеттің көзқарасын, ұстанымын көпшілікке жария етеді. М.Әуезовтің: «Ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс» болатын жақсылардың сөзi көптiң көзiнде мiнсiз, толық болуы шарт. Көлденең кiсi мiн таба алмайтындай, қорғасындай ауыр, оқтай жұмыр, өтiмдi болуы керек» — деп келетін талабы саяси тұлғаларға тікелей қатысты. Сол себепті, мейлі мемлекеттік шара, мерекелік жиын, жұмыс бабына қатысты жиналыс, саяси мәлімдеме немесе жеке адамдардың той-томалағы, асы болсын лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің босаңсуына, артық-ауыс сөз айтуына қақысы жоқ. Қандай жағдай болса да, жан-жақты дайын болуы қажет.

Қызмет бабына орай көпшіліктің алдына шығып сөз сөйлейтін адамның өз сөзін тыңдап, өзін-өзі сырттай бақылауы аса маңызды. Қазіргі техникалық мүмкіндіктердің мол дәуірінде әрбір азамат ел алдындағы жауапкершілігін тереңінен сезініп, сөйлеуге дағдылануы қажет. Ең алдымен, саяси қайраткер сөзді акцентсіз, таза айтуға міндетті. Бұл оның өз ана тіліне қатысты. Өз ана тілін жетік меңгермеген саясаткерге көпшілік аяушылықпен, «өзгенің жазып берген сөзін оқып тұр ғой» деген самарқаулықпен қарап, ол қандай жақсы лебіз айтып жатса да ықыласпен қабылдамайды. Әдетте, шешендер өзге тілде акцентпен сөйлеген жағдайда көпшілік оның сөзіне кешіріммен, түсіністікпен қарайды. Әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасатын артикуляциялық дағдысы, сөйлеу машығы, дауыс ырғағы болады. Сондықтан да бір ұлт өкілі өзге тілде анық сөйлемесе де, тыңдаушылардың қолдауына ие болады. Ал аудитория тарапынан жасалатын мұндай жеңілдіктер сөйлеушінің өз ана тіліне жүрмейді. Сондықтан да көпшіліктің мүсіркеуінен, сенімсіз көзқарасынан құтылғысы келген әрбір саясаткер ауызекі сөйлеуге жан-жақты әрі үнемі дайындалуы қажет. Ол үшін ұзақ уақыт әдеби шығармаларды, қызметке қатысты мәтіндерді дауыстап оқу арқылы тілді сындыруға болады. Белгілі актер Ә.Молдабеков орыс мектебінде оқып, алғашында қазақша сөйлегенде тұтығып, сөздерді анық айтпайды екен. Өзіне биік талап қоя білетін талантты жан үздіксіз жаттығулардың нәтижесінде биік белестерді бағындырып, қазақ киносы мен театрында өлмес образдар сомдағаны белгілі. Дәл осындай еңбексүйгіштік, өз қызметіне деген адалдық, жауапкершілік саясаткер үшін қажетті ең басты қасиет.

Мұндай дайындықтар, ең алдымен, тілдегі мүкісті, содан туындайтын психологиялық кедергілерді жеңуге септігін тигізсе, екіншіден, адамның өзі байқай бермейтін кемшіліктермен, оғаш әдеттермен күресуде пайдасы мол.

Жаңа замандағы қазақ саясат шешен сөзінің қарқынды дамуына тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазақ парламентаризмінің ықпалы айрықша болды. «Халық қалаулысы» деген абыройлы атақтың үдесінен шығуды көксеген қос палаталы парламенттің депутаттары мемлекет ісінің сан қырлы аспектілерін әңгімеге арқау етіп, келелі пікірталастың өзегіне айналдыра білді. Бірнеше кезеңнен, көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған ең жоғарғы заң шығарушы орган аса белсенді тұлғалардың саяси сахнада жарқырай көрінуіне мүмкіндік берді. Әр жылдары Парламент мінберінен С.Зиманов, С.Сартаев, С.Әбділдин, Ә.Кекілбай, М.Оспанов, О.Әбдікәрімов, О.Мұхамеджанов, Ш.Мұртаза, Қ.Мырза-Әлі, Қ.Сұлтанов, Ә.Ахметов, Ә.Бәкір, М.Шаханов, А.Айталы, О.Сәпиев, Ф.Оңғарсынова, А.Жұмаділдаев, Т.Әубәкіров, Р.Халмұрадов, Н.Оразалин, У.Қалижан, О.Асанғазы, Н.Сабильянов, Б.Смағұл, Б.Тілеухан, т.б. депутаттар қазақ тілінде қоғамдағы аса өзекті деген мәселелерді күн тәртібіне шығарып, олардың шешімін табуына ықпал етті.

Меритократия – латынның meritus – лайықты және гректің кратос – билік деген сөздерінен шыққан екен. Бұл «лауазымды қызметтерді шыққан тегіне немесе қаржылық жағдайына қарамастан лайықты адамдар атқаруы тиіс» дейтін басқару принципі. Терминді алғаш рет 1958 жылы ағылшын социо­логы Майкл Янг қолданыпты. «Қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа ғой» дейтін қазақ мақалына дәл келетін бұл ұғым екі түрлі мағынада қолданылады. Бірінші мағынасы – басшыларды арнайы қамқорлықта болған қабілетті жандардан тағайындау қажет деп есептейтін жүйе. Екіншісі, кеңінен тараған, қабілетті және еңбексүйгіш жандарға ашық бәсеке жағдайында биік лауазымдарға қол жеткізуіне алғашқы көмекті беру.

Қисынын тауып сөйлеуге ұстаз алдындағы шәкірт, ел қамын жеген қоғам қайраткері, жеткіншекке дәріс оқитын мұғалім, соттағы адвокат, батагөй қария, мәңгілік тақырыбын қозғаған молда, ең арғысы, көкірегі ояу, көзі ашық ата-ана – барлығы да мүдделі. Білім беру үдерісі, той-томалақ, өлім-жітім, саяси науқан – көпшілік бас қосқан кез келген алқалы жиындар да сөзсіз өтпейді. Ал қоғамда осындай басқосуларға бармайтын, ортасымен араласпайтын жан болмайды. Демек, сөйлеу – әрбір адамға тікелей қатысы бар маңызды әлеуметтік категория. Шаршы топта сөз сөйлеудің қыр-сырын, шешендік өнердің тарихы мен қарапайым қағидаларын кез келген жан білуге, меңгеруге тиіс. Ал күнделікті көпшілікпен жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметші үшін бұл талаптың жауапкершілігі еселеп арта түспек.

Тегтер: шешендік өнер, шенеунік, Темірбек Жүргенов, мемлекет
Авторы: Мамай АХЕТ, филология ғылымының кандидаты

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

55 0

ақпарат

​Тренинг – дағды қалыптастыру тәсілі

80 0

ақпарат

​«Латынша жазамыз» акциясы жүруде

25 0

ақпарат

Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің ұлттық коды