Мәнсіз мәтіндер мен түсініксіз тіркестер

Қазақ тілінің жағдайы әлі де мәз емес. Сауатсыз аудармаларға енді қоғам назарын аудару үшін қасақана қате жазу үрдісі қосылды.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 шілде, 2018

«Forte банк»-тің мына бір жарнамасына да назар аударыңыз: «Ақша переводить еткіңіз келсе, досыңызда или сізде қандай банк болса да без разницы. Главное оның телефон нөмірін білсеңіз болды – больше ештеңе керек емес.Круто ма?». Банктің Facebook әлеуметтік желісіндегі осы жазбасына наразылық білдірген пайдаланушыларға банк аккаунты қалжынмен (иә, қалжыНмен) қарауды өтініп, жауап берген. Әлеуметтік желінің кей қолданушылары мұны тың дүние деп қабылдауда. Десек те, әзіл-әзілімен, бірақ мемлекеттік тілді қасақана қалжыңға айналдыру қаншалықты дұрыс? (1-сурет) Мемлекеттік тілді құрметтеу ол тілде сөйлеу ғана емес, қазақ тілінде сауатты жазу, тіл талаптарын мүлтіксіз сақтауда да көрініс табары анық. Әзірге, бұл мәселеде көшіміз түзелмей тұр.

Бұл ахуал көптеген банктерге тән. Мысалы «Альфа банк Қазақстанның» ресми сайтын ашып қалсаңыз да, сауатсыз аудармаларға тап боласыз. «Әлемнің кез келген нүктесінен тәулігіне 24 қол жетімді», «Алтын карточкалық футбол желдеткіші» (Золотая карта футбольного болельщика) және өзге де түсініксіз тіркестерден көз сүрінеді. (2-сурет)

1-сурет
1-сурет
2-сурет
2-сурет

«МАТЧ Хоспиталити» Ресейдегі FIFA 2018 Футболдан әлем чемпионаты аясында, матчтарға билеттер кіретін, қонақжайлылықтың ресми пакеттерін ұсынуға айырқша, уәкілетті FIFA құқық игерлері болып табылады». Тағы да сол тікелей һәм сауатсыз аударма. Бұл мекемелердің қазақтілді тұтынушыларын сыйламауы ма, әлде тілге деген немқұрайдылық па? (3-сурет)

3-сурет
3-сурет

«Өткен ғасырдағыдай тиіндер қалаға қоныс аударып, өз үйім деуге тұрар­лық жайлы мекенді іздеу үшін біздің көптеген мәселелерімізді бөлісіп отыр. Тиіндер біздің мамық достарымызбен салыстыра отырып, өзара қарым-қатыныстарымыз бен қайда өмір сүріп жатқанымыз жайлы терең ой қозғауға итермелейді». Түсіндіңіз бе? Бұл Алматы қаласында жаңа­дан тұрғызылған тиін мүсінінің төлқұжаты еді. Әлеуметтік желіде жұрт­шылық наразылығын тудыр­ған соң, ауыстырылған болатын. Бірақ ол тек орыс тілінде жазылған.Тиінді тама­ша­лауға келген қазақ тіл­ділердің мүддесі ескерусіз қалыпты. Мүсінді 23 миллион теңгеге тұрғызғанда оған сауатты мәтін жазатын маман табылмағаны сенгісіз. (5-сурет)

4-сурет
4-сурет

5-сурет5-сурет

Бұл ахуал ресми ведомство сайттарына да тән. Мәселен, Egov.kz электронды үкімет порталындағы қазақ тілінің жағдайы да мүшкіл. Мәселен, «Білім» бөліміндегі «Латын әрпіне негізделген қазақ тілінің әліпбиі» деген мәтінге зер салып көрейік. Біріншіден, тақырыбының өзі логикалық жағынан қате. «Қазақ тілінің латын әрпіне негізделген әліпбиі» болуы керек. Себебі латын әрпіне негізделген қазақ тілі емес, әліпбиі. Сол мәтіндегі мына жолдарға зер салыңыз: «Жаңа әліпбиге көшу аға ұрпақ өкілдері, жастар, тіпті балаларға да оңай болады. Себебі қазір жастардың негізгі массасы қазақ тілінде мәтіндік хабарламаларды беру үшін және және интернет-кеңістікте латын әліпбиін пайдаланады. Жас ұрпақ қазақ тілінен латын әрпіне көшуден сәтті өтетіндігі туралы сенімділікпен айтуға болады. ХХІ ғасыр – компьютер ғасыры деп бекер айтылмаған. Интернет-кеңістікте пайдалануға болады онлайн аудармашы қазақ тілін латын әрпіне көшіру немесе керісінше. Бейімделу үшін шыдамдылық, тырысушылық және уақыт қажет болады». Орыс тілінен тікелей аударма. Қазақ тіліндегі мәтінде не жазылғанын түсіну үшін орысшасын оқу керек. Ол «Перейти на новый алфавит будет легко людям старшего поколения, молодёжи и даже детям. Ведь сейчас основная масса молодежи для передачи текстовых сообщений на казахском языке и в интернет пространстве используют латинский алфавит. С уверенностью можно сказать, что молодое поколение успешно сможет справиться с переходом казахского языка на латиницу. Недаром говорят, что ХХІ век – компьютерный век. В интернет-пространстве можно воспользоваться онлайн переводчиком казахского языка на латиницу или наоборот. Для адаптации понадобится терпение, старание и время» деген мәтіннің аудармасы. (6-сурет)

6-сурет
6-сурет

Үшінші тұлғамен анықтама алып көрдіңіз бе? Біз де алып көрмедік. Түсінбей қалсаңыз айтайық, бұл – жай ғана басқа адамның атынан анықтама алу қызметі. Орысшасы – «Сервис получения справок третьими лицами». Бұл соны меңзеп тұр. Тағы да тікелей аударма. Мұндай мысал көп. Оларды көргенде аударманы адам жасаған ба, әлде Google translate пе деген ойға қаласың…
(7-сурет)

PS: «Айта-айта «Алтайды» Жамал апам қартайды». Иә, біз де Жамал апай болуға зәруміз. Бұрын «жүре келе түзелер» деген көшіміз енді бас бермей кетпей тұрғанда, қайталай береміз. Себебі тілдің айналасында шешілмей жатқан мәселе көп. Сауатсыз аудармалар, қасақана қате жазылған жарнамалар – соның дәлелі. Осы күнде «Қазақ журналистикасында өзекті екі-ақ тақырып бар, ол – дін мен тіл» деп мысқылдайтындар шыққан. Иә, өзекті мәселе өзектілігін жоғалтқанша, бұл туралы айтыла да, жазыла да береді. Ұлттың негізгі белгісі, құндылығы – осылар. Сол себепті ұлттық басылымның «Тіл сақшысы» айдары Ана тілімізге келеңсіздіктерге қарсы күрес қызметіне кірісті…
Қазақ тілі – қарашығым!


Баға беріңіз