Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Батырлар есімімен аталатын жер-су аттары

19.7.2018 354

Қарасай. Жезқазған облысында «Қарасай» аталатын екі өзен бар. Біреуі Шет ауданының жерінде, басын Аккемер тауынан алып, Мұқыр өзеніне барып құяды. Ұзындығы — 79 шақырым. Екіншісі - Жаңаарқа ауданының жерінен ағатын өзен. Ол Сарысу алабындағы Желдітау сілемдеріндегі бүлақтардан басталып, Көктас өзеніне құяды. Ұзындығы — 73 км.

«Қарасай» — қазақтың тайпалық бірлестігіндегі белгілі ру аты. Бұл сөз Қазақстан жеріндегі біраз өзендерге койылған. Ақтөбе облысының Мұғалжар, Октябрь аудандарында, Маңғышлақ облысының Бейнеу ауданында, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Қарасай аталатын өзендер бар. Бүл өзен атаулары қара және сай сөздерінен жасалған, қара сай, қара жыра («черный овраг») деген мағына береді.

Ұлы Жүз Шапырашты тайпасының Есқожа руынан шыққан Қарасай батыр Алтынайұлы — тарихта белгілі тұлға. Ол Жетісуда Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаматтық соғыста қол бастаған батыр. 1664—1727 жылдары өмір сүрген. Жезқазған облысындағы өзенге халық өзінің ардақтаған батырының атын беруі де ықтимал. Тарихи деректерден қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларына 1728-29 жылдары ойсырата соққы бергені белгілі. Сол жылдардың куәсі, халықтың ұлт азаттық күрестегі ерлік істерінің ескерткіші ретінде Жезқазған облысының жеріндегі ірі өзендердің бірі — бұрынғы «Білеуті» өзені Қалмаққырған деген атқа ие болды. Бұл азаттық күресте Әбілқайыр, Абылай ханмен қатар, Бөгембай, Қабанбай, Тайлақ, Саурық, Райымбек, Малай, Бақай батырлар көрнекті роль атқарды.

Малай өзені екі облыстың жерінде кездеседі. Бірі — Қарағанды облысының Нұра ауданында, екіншісі—Ақтөбе облысының Байғанин ауданында. Жезқазған облысының Ақадыр ауданында Елшібек деп аталатын бастау бар. Қостанай облысында осы аттас көл де бар. Малай, Елшібек әрі ру аттары (этноним), әрі қазақтың белгілі батырларының есімі (антропоним), кейін бұл атаулар гидронимдерге (өзен, көл атауларына) ауысқан.

Елшібек батырдың туған, өлген жылдары белгісіз. Ол XVIII ғасырда өмір сүрген қазақ батыры. Ұлы Жүздің Шыршық, Келес алқаптарын жайлаған Сіргелі тайпасынан шыққан, қалмақтар мен жоңғарларға қарсы күресте көзге түсіп, даңққа бөленген батыр.

Орталық Қазақстандағы Қиік станциясынан оңтүстік батысқа қарай 20 км жерде қола дәуірінен сақталып қалған зират бар. Зиратта 120 тас қорған бар. Олар зерттеушілердің ойынша қола дәуірінің Атасу кезеңіне (біздің эраға дейінгі 14—13 ғасырлар) жатады. Бұл зират та Елшібек аталады.

Осы сияқты Жезқазған облысының Жезді ауданындағы Райымбек, Ертіс өзенінің сол жақ тармағы — Абылайкеткен өзендері мен Шымкент облысындағы Бөгембайкөл аталатын көл де жоғарыдағы тарихи тұлғалардың есімімен байланысты аталған.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев Райымбек батыр жайында мынандай деректер келтіреді. «Жоңғар басқыншыларының қол астында қалған Жетісудың Іле алқабы бойындағы шығыс бөлігін азат етуге әйгілі батыр Хангелді мен оның немересі Түке баласы Райымбек, Наурызбай, Байсейіт, Қыстық Малай, сондай-ақ Суанның Бөлек, Сатай батырлары көп еңбек етті.

Райымбек батырдың қалмақ батырын жекпе-жекте жеңіп, әскерін күл-талқанын шығара жеңген жеріне қазақтар «Ойрантөбе» деп ат қойған. Ол жер—Алматы — Нарынқол тас жолының бойындағы Көкпекті селосының қарсы бетіндегі тау бөктері. Сол арада Райымбек бұлағы деген бұлақ та бар. Райымбек жоңғарларға қарсы соғысқа он жеті жасында қатысып, батыр аты сонда шығады. Ол атасы Хангелдінің жолын қуып, өз өмірін елінің игілігіне арнайды. Жоңғар басқыншылары қазақ жеріне басып кіргенде, 1723 жылы атасы Хангелді—әйгілі Төле бимен және Қодар бимен бірігіп, Суанның Бөлек, Сатай батырларымен қосыла орыс патшасына хат жолдап, Жетісудағы ұлы жүз қазақтарын қол астына алуын өтінген екен.

Ал Райымбек атасы бастаған игі істің жүзеге асуы үшін жоңғарлықтармен соғысып, Жетісуды азат ету жолындағы күресті ұйымдастырушылардың бірі болды. Райымбек батырдың бейіті Алматы каласында. Оның ерлігін жырға қосып, Мұқағали Мақатаев «Райымбек! Райымбек!» атты поэма жазды.

Жасыбай – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы (Жасыбай аулынан 8 км) табиғаты көркем, тұйық көл. Павлодар облысы Баянауыл ауданы жерінде, Баянауыл ауылынан 15 км жерде тауаралық ойыста орналасқан. Теңіз деңгейінен 397 м биіктікте. Аумағы 4 км2, ұз. 3,5 км, енді жері 2,4 км, ең терең жері 14,7 м. Суының көлемі 25 млн. м3, су жиналатын алабы 31,2 км2. Көл тектоникалық қозғалыстың әсерінен пайда болған. Жағалауы биік жартасты, солтүстік-батыс бөлігі жайпақ келген. Түбі тегіс, лайлы. Суы тұщы, мөлдірлігі 0,5 – 3 м, көкшіл сұр түсті. Суында тұқы, алабұға, шортан, т.б. балықтар кездеседі. Құстардың 50 шақты түрі (қаз, үйрек, тырна, аққу, т.б.) мекендейді.

Жағалауында демалыс үйлері, «Баянтау» туристік базасы, оқушылар дем алатын лагерьлер орналасқан. Көл суы тері ауруларына ем. Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдерінің алабы жоңғар шапқыншылығы кезінде Жасыбай батыр басқарған қазақ жасақтарының жау бетін қайтарған тарихи жерлердің бірі болған. Көл Жасыбай батыр есімімен аталған. Батырдың Жасыбай жағалауында зираты бар.

Атан Мәмбетұлы (туып — өскен жері белгісіз, Ерейментау ауданы) — қазақ батыры. Орта жүздің Қанжығалы, арғын руынан шыққан. 18 ғасырда өмір сүрген. Бөгенбай батырдың кеңесшісі болған. Жоңғарлармен болған шайқас кезінде көзге түсіп, батыр атанған. Ерейментау тауындағы шыңға есімі берілген.

Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай, кейбір әдебиеттерде Бөгенбай (1680, Қаратау бөктеріндегі Бөген өзені бойы — 1775, кейбір деректерде 1776, 1778, Ақмола облысы Ерейментау ауданы Қоржынкөл көл маңы) — қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресі тарихында ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы. 18 ғасырдағы қазақ батырларының жасы үлкен ақсақалы, сондықтан оны халық аңыздарында ардақтап “Қанжығалы қарт Бөгембай” деп атап кеткен. Қарабалта түбінде қырғыздармен болған шайқаста Бөгембай батыр 77 жаста болған деседі. Арғынның қанжығалы руынан. Батырлар әулетінен шыққан. Атасы Әлдеуін батыр Есім хан әскерінің қолбасшысы, әкесі Ақша батыр Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған. 1756 — 58 жылы бірінші рет Шығыс Түркістанға келген қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында қытай әскеріне қатты соққы беріп, оларды Үрімжіден асыра қуды. Бөгембай жасы ұлғайған шағында ауырып қайтыс болған. Мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеу үшін батырдың денесін таза арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. 1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған елдің игі жақсылары батырдың сүйегін нарға теңдеп, Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Иасауи мешітіне жерлеген. Бөгембай батырдың денесі сөреге қойылған жер бүгінге дейін Ереймен өңірінде “Бөгембай сөресі” деп аталады. Бөгембай батырдың ерлігін Қожаберген жырау “Елім-ай” атты тарихи дастанында жырлап, “Ер Бөгембай” аталатын қисса арнаған. Бұқар, Үмбетей, керей Жанкісі, Сегіз сері Шақшақұлы Бөгембай туралы дастандар шығарған. Бөгембай батырдың баласы Тұраналы, немересі Бапан би, оның баласы Сәбден (Саққұлақ би) де өз заманында атақты адамдар болған. 1991 жылы Астана — Павлодар, Ерейментау — Павлодар тоғысқан жол торабында Бөгембай батырға арнап ескерткіш орнатылды.

Жанқожа батыр ауылы — Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы ауыл, Арықбалық ауылдық әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы — Қазалы қаласынан солтүстікке қарай 12 километр жерде, Сырдария жайылмасының қамыс, құрақ басым өскен шалғынды сортаң топырақты шөлдік белдемінде орналасқан. Тұрғыны 1,7 мың адам (1999). 1962 — 1997 жылдары Қазақстанның 40 жылдығы атындағы Қаракөл кеңшарының орталығы болды. Оның негізінде 1997 жылдан Жанқожа батыр ауылында және округке қарасты Шәкен, Шилі, Шалқұм ауылдарында шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Округте 4 мектеп, балабақша, кітапхана, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория және 2 фельдш.-акушерлік пункт бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. Ауылға атақты Жанқожа Нұрмұхамедұлы – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысының есімі берілген.

Олжабай батыр – Ақмола облысының Ерейментау ауданындағы ауыл, Благодатное ауылдық округінің орталығы. Бұрынғы Благодатное ауылы. 2004 жылдан Олжабай батырдың есімімен аталады.

Қазыбек бек Тауасарұлы (1692 ж. Алматы облысы Кербұлақ ауданы – 1776 жылы Алматы облысы Күрті ауданы) – батыр. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының асыл руынан шыққан. Кейбір мәліметтер бойынша жас кезінде шығыс елдерінде болып, мұсылманша жан-жақты білім алған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде шапырашты Наурызбай батырдың әскерінде мыңбасы (кейбір деректерде ақылшысы) болған. Жоңғарлармен болған 1727 жылғы Бұланты шайқасына, 1729 жылы Аңырақай шайқасына қатысқан. Батыр қайтыс болған жерді халық Қазыбек тауы деп атап кеткен.

Өтеген Өтеғұлұлы батыр, Мүйізді Өтеген (1699, Шу өзені бойындағы Хантау маңында Изенді деген жер – 1773, Іле өзені бойындағы Шеңгелді деген жер) – батыр, қолбасшы. 18 ғасырда жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ елінің түстігін, Жетісу жерін, Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірген. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысқан. Қалмақтың Ботхишар, Сабан Тайшық секілді атышулы батырларын жекпе-жекте жер жастандырып, батыр атағы шығып, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналған. Төле бидің, Абылай ханның серігі болған. Өтеген батыр әуелде Іле өзені бойына – қазіргі Қапшағай су қоймасының табанына жерленген. Кейіннен оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерледі (1973). Жерленген жердегі ауыл – Өтеген ауылы атанды. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Қордай ауданы орталығына Өтеген батырға ескерткіш орнатылды. Алматы қаласының бір үлкен көшесіне, Іле ауданының орталығындағы «Энергетический» кентіне Өтеген батыр есімі берілді.

Тегтер: жер-су атаулары, ономастика, атау, батырлар, Қарағанды, Жезқазған
Авторы: Дереккөзі: Дүйсен Жүнісов. Өзен-көл атаулары [Мәтін]. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 128 бет.​

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

55 0

ақпарат

​Тренинг – дағды қалыптастыру тәсілі

80 0

ақпарат

​«Латынша жазамыз» акциясы жүруде

25 0

ақпарат

Мемлекеттік тіл – мемлекеттіліктің ұлттық коды