Орфография үздік болған жерде нәтиже де үздік

Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 шілде, 2018

Тілдің фонетикалық жүйесінің, морфологиялық және синтаксистік құрылымының жетіле түсуі қоғамның мәдени-әлеуметтік, экономикалық жағдайдың өркендеуімен қабат жүреді десек, бұл үрдістің жазу нормасының тиянақталып, жетіле түсуінен айқындалатыны белгілі. Қазақ тілінің бүгінгі қалпы мен келбеті, болашағы орфографияны жетілдірумен байланысты. Қазақ тілінің келелі мәселесінің ішінде орфография, демек, сөзді дұрыс қолдану, дұрыс жазу ережелерінің жинағы бәрінен де маңыздырақ. Тіліміздің жоғын жоқтап, қадір–қасиетін сақтап, беделін арттырып, мерейін үстем етуде тынбай еңбектеніп, еселеп күш–жігер жұмсайтын қазіргі таңда тіл ғылымының белді бір саласы – орфографияға жүктейтін міндет пен қояр талабымыз еселеп арта түскені анық. Орфография –тіліміздің ажар-көркі, бет-бейнесі деп жүрміз. Қай тілде болса да емле түзелмей, іс өрге баспайтыны да еске жиі алынуда.

Емле сөздігін жетілдіріп, бір жүйеге түсіру мақсатымен әдеби тілдің құрамы мен құрылымын дәлдеп, сөз тұлғаларының жазылу, дыбысталу тәсілін анықтап, тілімізге қиянат қателіктен арылу төңірегінде баспасөз бетінде көптеген пікір, ой–толғам айтылып жүр. Емледегі өзгеріске көкірек көзімен ойлана қарап, сөздің орфоэпиялық нормасын ескере, тілдің табиғи қалпын сақтай отырып, жазуымызды жетілдіре түсу – толғағы жеткен, созбақтауға болмайтын мәселе екені ақиқат. Бүгінгі оқырман қауымды адастырып, әрі–сәрі жағдайға түсіретін баспа бетіндегі емледен ауытқудың жөнсіздігі мен жүйесіздігінің, екіұдай айтып, түрліше жазудың тіл жанашырларын алаңдатары анық. Тілге де иелік керек дейді олар. Емле ережесі баршаға ортақ ресми заң болғандықтан ешбір редакцияның, баспаның, оқу орындарының және жеке адамдардың оны бұзуына жол бермейтін қағида болуы тиіс. Емледегі ала – құлалыққа жол бермеудің, дұрыс жаза білудің бірден – бір тиімді тәсілі – жазудың морфологиялық, фонетикалық принциптерін жөнімен, жарасымдылығын тауып қолдана білуде. Емле ережесінің түзетілген нұсқасы қабылданғасын министрліктерге, мемлекеттік комитеттерге, ведомстволарға, газет – журнал редакцияларына, баспаларға, ғылыми – зерттеу мекемелеріне, оқу орындарына қазақ тілі орфографиясын осы негізгі ережелері жарияланған күннен бастап оны басшылыққа алу міндеттеледі. Алайда жазу – сызу мәдениетінің жай – күйі көңіл көншітпейді. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты осы айтылғандарды дәлелдеп, «Қазақ тілі мен емле ережелерінің» жаңа редакциясын толықтыруының қажеттілігін айтып, ол үшін арнаулы комиссия кұру керектігін білдіріп, Үкімет орындарына: Білім және ғылым министрлігіне, Мәдениет министрлігіне 1996–1997 жылдардан бастап бірнеше рет қатынас қағаз жіберген болатын.

Күнделікті қолданыстағы тілді жанды құбылысқа жатқызамыз. Уақыт талабына қарай оның сөздік қоры еселеніп дамып, емле ережесінің де кемшін тұстары қырналып, түзетіліп, толықтырылып, жетілдіріліп дегендей ішінара өзгеріп отырады. Қазақ тіліндегі басылымдардағы көзге ұрып тұрған емле қателерінің жиі кездесетіні жайында ұдайы айтылып келеді. Қазақ тілінің түйінді түйткілдерін тіл мамандарыбаспасөз беттерінде көтеріп, осы күнгі тілдік қолданыстағы қателіктерді түзету туралы ойларын алға тартуда. Қазақ тілінің сапалық деңгейін нашарлататын шұбарлану, бұрмалау, қате айту үрдістерін болдырмас үшін бұған тиісті көңіл бөлген жөн және қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің бұзылмауы, оның өз дәуіріне тән сипатының сақталу мәселесі шиырлай түспесе, әлі шешімін толық таба қойған жоқ. Мемлекеттік тілді дұрыс қолданбағандарға үлкен көлемде айыппұл төлетуді заңдастыратын да мезгіл жетті деушілер бар.

Қазіргі жазу тәжірибеміздегі пікірталас тудырып келе жатқан мәселелерге қатысты бір пәтуаға келуді мақсат тұтарымыз анық. Ендігі жерде қазіргі қазақ орфографиясындағы қайшылық пен ауытқуларды жинақтап, ғылыми негіздемеге сүйене отырып, бір жүйеге түсіру – кезек күттірмейтін мәселе. Тілдің грамматикалық, орфографиялық және орфоэпиялық заңдылықтары қатаң сақталуы тиіс. Қазір қазақ тілінің шұбарлануы, ауызекі айтылатын аймақтық ерекшеліктердің БАҚ пен газет, журналдарда орын алуы алаңдаушылық тудыруда.Дұрыс жазу мен сөз қолданудағы қателікті лексикалық, емлелік, стильдік, орфоэпиялық қателер деп ажыратамыз. Бүгінгі таңдағы сөз қолданудағы ала – құлалық пен емле ережесінен ауытқушылықтық салдарынан қазақ тіліндегі басылым мен ақпарат құралдарынан қатенің осы аталған төрт түрінің де етек алып бара жатқаны алаңдаушылық тудыруда.

Қазір қазақ баспасөзінде лингвистикалық, орфографиялық сауатсыздық дендеп барады. Қазақ тілі ғылымы тұрғысынан сауатсыздық бүкіл мектептерді, жоғарғы оқу орындарын, министрліктерді, баспаларды, редакцияларды, терминкомға дейін түгел жаулап алған. Осыны ескеріп филолог ғалымдар, басқа да қаламгерлер, мұғалімдер мен жоғарғы оқу орны оқытушылары, баспасөз қызметкерлері кеңінен тартылған орфографиялық кеңес құрылып, айтылып жүрген пікір мен ұсыныстар дөңгелек үстел мен конференцияда талқыланып, қазақ тілі орфографиялық ережелерінің ең соңғы өңделіп, жақсартылған нұсқасын ұсыну қажет болады. Тіліміздің тұнығын бұзбай, келер ұрпаққа жеткіземіз десек, сөздің тұлғалық тартымдылығын сақтап, құрылым–құрылысын жақсартамыз, әдеби тіл нормасын күшейтіп, жетілдіреміз десек, оның болашағына мән беріп, келте ойлаудан шыққан ұшқарылықтан сақтануымыз керек. Тілдің дамуы өмір талабынан кейін қалмауы керек. Емле ережесін оңтайлы етіп, тілімізді әуезді де тартымды ететін жетілген орфографиялық сөздікті тұрақтандыру арқылы тұйыққа тірелген ана тілінің олқылығын толтыра аламыз.

Қазақ тілі өзінің этникалық отанында қауымдастықтың ресми тіліне, мемлекеттік қарым–қатынас тіліне айналса екен деп армандап келдік. Алайда қазақ тілін басқаларға тынбай үйрету қатал шара қолдану арқылы емес, емле сөздігін қолайлы етіп жетілдіргенде ғана мүмкін болады. Өйткені өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін оқып–үйренуге ден қоюында, құлшынысы мен ынтызарлығын оятуда, құрмет сезімін тудыруда тіліміздің беделі мен ауқымын мойындататын икемді де сындарлы емле сөздігінің бірінші кезектегі маңызы бар. Онсыз қазақ тілі туралы мемлекеттік бағдарламаның ұзақ жылдар бойына екіұшты солқылдақ, іске асыру амал–тәсілі дәлелденбеген жоба күйінде қалып қою қаупі бар. Мақсат – барымызды жоғалтып алмай, «көш жүре түзеледі» деп, жайбарақат күтіп отырмай, емле ережесі мен ауызекі сөйлеу тіліне қатысты мәселені жан–жақты ойластырып, саналы түрде ретке келтіру. Оның мәнісі – орфоэпиялық нұсқалардың әуендік–дыбыстық құрылымына қарай ең айқынын, әдеби тілдің әрлене, нәрлене түсуі үшін ең қолайлысын таңдап алуға байыппен үңіле қарау арқылы сөйлеу нормасы үшін үлкен мәні бар мәселенің дұрыс шешімін табуда. Қазіргі тіліміздің орфографиялық, орфоэпиялық нормасы қалыптасқан, сымбаттылығы артқан тіл екені мәлім. Халықтың ұлттық мәдениетінің өскендігінің бір белгісі – баспасөз тілі мәдениетінің мықтап дамуы екені анық. Демек, ішінара ғана түзету болмаса, орфографиялық сөздігімізді түбірімен өзгеріске ұшырату тиімді емес.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру барысында атқарылар даярлық жұмыстың ең көкейкесті өзектісі ана тіліміздің орфографиясын жетілдіріп, емлені ұштай түсу екені айтылып жүр. Емле ережесін басшылыққа алуда бірізділік сақталуға тиіс дейміз. Орыс тіліндегі басылымдардан емле қатесі, стильдік қате түгілі тыныс белгісінен кеткен қатені таба алмаймыз. Өзбек, түрікмен, қырғыз тіліндегі басылымдарда да орфографиялық сөздік қатаң басшылыққа алынады екен. Кейбір елдерде баспасөзде жіберілген емле қатесінің санына қарай редакцияға, баспа орнына айыппұл да салынатын көрінеді. Ресми қабылданған емле ережесін елемей, байырғы сөз формаларын жазуда бірізділік сақтамай, ала–құлалыққа жол беріп, жоқ жерден мәселе тудырудың тіліміздің дыбыстық құрылымының даму, тиянақталу процесіне тежеу жасайтыны белгілі. Қазақ тілі – жеке диалектіге бөлінбейтін бүтін тіл, бірегей тіл болғандықтан, әдеби тіл ешбір жергілікті говор деңгейінде қалып қоймай, бүкіл халықтық тіл негізінде қалыптасқан деп жүрміз. Бұл жағдай орфоэпиялық сөз нұсқаларының әуендік, дыбыстық құрылымына, әсем ырғағына байыппен үңіле қарап, ең айқынын, қолайлысын анықтау арқылы әдеби норма үшін үлкен мәні бар мәселенің шешімін табуды жеңілдетпек. Осы айтылғанға орай, орфографиялық сөздікті басшылыққа алмай, өз бетінше ауа жайылу салдарынан орын алып отырған емле қатесіне, стильдік қатеге, морфологиялық қатеге, жергілікті ерекшелік пен сөз жасамдарының кейбіріне тоқталмақпыз. Ана тілімізді орамды да икемді ететін орфографиядағы оңтайлы емле ережелері жазу мәдениетімізді дамыта түсудің айқын күштері болумен қатар, тіліміздің кең қанат жаюына да әсер етіп, мемлекеттік тілді үйренерлік қажеттілікті тудыруда маңызды рөл атқармақ. Қазақ тілін зерттеуді шынайы ғылыми дәйектілікпен шендестіріп, оны уақытқа сай дамытып, көркейтіп, жетілдіріп, емле ережесін ұштай түсу мына төмендегідей мақсатты көздеп, діттегенде ғана уәжді болмақ деп есептейміз. Біріншіден, тіліміздің лексикалық қазынасын жұтаңдатпай, сөз санын азайтпай, керісінше, сөз байлығын сан жағынан еселей, молықтыра, кемелдендіре түсу жағын қаперде ұстап, ойластырған ұтымды.

Екіншіден, тіліміздің грамматикалық амал – тәсілінің жан – жақтылығы мен молдығын, морфологиялық құрылымын икемді, оралымды ету мүмкіндігін қарастырғанымыз оң нәтиже бермек.

Үшіншіден, туған тілдің дыбыс жүйесінің саздылығын, сөздің тұлғалық тартымдылығын төмендетпей, айтылу әуезділігіне нұқсан келтірмей, оны әсем ырғақты етіп жетілдіре түсу мүмкіндігін есте тұтарымыз белгілі.

Төртіншіден, мүмкін қадерінше сөздің тұлғалық дербестігін сақтау жағын ескеріп, омоним сөздерді көбейтпей, керісінше, азайта түсу де ана тілімізді көркейте түспек.

Бесіншіден, ана тіліміздің туыс халықтар тілінен одан әрі алшақтай беруіне жол бермей, керісінше, жақындай түскені жөн.

Алтыншыдан, ережеге қатысты сөздерді толықтай айқындап, топтау арқылы емле ережелерін қолдануда бір принципке негізделген бірыңғай жүйелілік пен сәйкестікті сақтау жағына мұқият болсақ.

Жетіншіден, орфографиядағы өзгеріс емлені қиындатып, тіл үйренушіні шатастырмау жағын есте тұтсақ.

Сегізіншіден, мүмкін болған тұста сөз тіркесімін алмастыратын атауыш сөз бен одан туындаған сөз тұлғалары сөздік құрамды байытатынын ескеріп, мәлім болғанын түгелімен қолданысқа енгізгеніміз абзал.Тоғызыншыдан, қазақ тілінің сөзжасам тәсілінің бірі – екі түбірдің қосылып, бір мағынаны білдіріп, біртұтастық қасиетке ие ететін біріккен сөздерді де жинап–теріп тілімізді байыта, көркейте аламыз.

Оныншыдан, тіліміздің дыбыстық, лексикалық, морфологиялық құрылымының дамып, жетіле түсу барысында ұзақ уақыт бойы қалыптасып келгендіктен, кіріккен атауыш сөз тұлғаларын таңдаусыз, талғаусыз қолданысқа енгізу арқылы да тілімізді кемелдендіре аламыз. Ал осы сөздіктің соңғы басылымы осы дәстүрді сақтап, кейбір байқалған кемшілікті түзеп, емле ережесін әлі де болса жаңарта, жақсарта түсуді қай тұрғыда ескерді екен? Әлде мерзімді басылым беттерінде, мінбелерде емлеге қатысты айтылып келген бір–біріне кереғар сын пікірлер ресми түрде шешімін таппай жатып, он айналып, жүз толғанып реттейтін мәселе азаймай, толастамай тұрғанда тым ертерек, асығыстау қолға алғандаймыз ба деген ойдың көкейде тұратыны белгілі. Өйткені қазіргі жазуымыздағы ала–құлалықтың көбі орфографиядағы қайшылықтардан туындап отырғаны баршаға аян.


Баға беріңіз