Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Сөздің сарасы

19.7.2018 240

Белгілі сыншы, әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің «Сарасөз» кітабын оқып шығып, ерекше әсер алдым. Екі бөлімнен тұратын туындыда сыншы ғалымдар портреті, әдебиеттану, сын жанры мәселелері қарастырылған. 1970 жылы алып шаһар Алматыға оқуға келген бозбала күнінен бүгінгі күніне дейінгі шығармашылық процесін суреттейді.

Әсіресе ұстазы профессор Бейсембай Кенжебайұлының ұлы істерін рухани ерлікке балап, тәппіштеп жазуы тәнті етті. «Егер де дарынды шәкірт көрсе тағатынан айырылатын, талапты жанды мәпелеп баулудан ерінбей-жалықпайтын жібек жанды, жұпар жүректі ұлы ұстаз Бейсекеңнің қамқорлығын, шикілі-пісілі бір мақала жазып, ол радиодан оқылса, мұны әдебиетке жатқызуға болса, онда мен әдебиетке, міне, осылай келген едім. Бұл – менің әдебиеттегі тырнақалдым! Алғашқы адымым» деп ағынан жарылады Қ.Ергөбек. Автор өзінің әдебиетке, әдеби сынға келуін, тұлғаға айналғанын рет-ретімен суреттей білген. Кітап оқымайтын бүгінгі ұрпаққа көркем шығармадан бұрын әдеби сын кітапты оқу неге керек деп ойлауыңыз бек мүмкін. Жауап, егер «Сарасөзді» оқымасам, «Абай жолы» романының жарыққа қалай шыққанын, Шәкәрімнің хикаясын, Едіге батырдың жырын, Сұлтанмахмұттың тағдырын, «Дала уәлаяты газеті» жарыққа қалай шыққанын, «Күншығыс халықтары кіндік баспасын» Нәзір Төреқұлов қалай басқарғанын, ояну дәуірінің әде­биетін, әдебиетке адал қызмет еткен арыстарымыздың ерліктерін, тіпті ғалым Б.Кенжебайұлы жасаған қазақ әдебиеті тарихының қалыптасқан жүйесін, 1965 жылдан бастап осы жүйе бойынша жоғары оқу орындары оқитынын білер ме едім?.. Профессор Б.Кенжебайұлының ерліктерін әсерлі жеткізген.

Сөзімнің басында айтқанымдай, «Сарасөзді» оқып отырып әр сөзі мірдің оғындай, аффоризмге бергісіз екен деп, өзімнің қойын кітапшама түртумен болдым. Кенет он төртінші рухани ерлікте Б.Кенжебайұлының күнделігін көне заман философтарында жиі кездесетін «Корманный оракул» (Ақыл қалта), Мәшһүр Жүсіптің «Месі» іспетті деп бағалапты шәкірті Құлбек Ергөбек. «Алма өзінің ағашынан алысқа түспейтінін» аңғартты. Ғалымның «Сарасөзі» де осыны меңзейді. Демек, «Сарасөз» бүгінгі күннің ақыл қалтасы деуге толық негіз бар. Бірнешеуін назарларыңызға ұсынсам артық болмас: «Ілім-білімін бірінің үстінен бірі арыз жазуға, ақыл-айласын қандасын құлатуға жұмсаған, қыранын тұмшалап, тұғырда ұстап, қарғасын қарқылдатқан қайран қазақтың қара мінезі», «Ерлік айғаймен жасалмас. Қарсылықтың бәрі қолға шоқпар ұстау емес. Ерлік – естелік, білімділік. Ерлік – желбуаз қызыл сөз емес, нақты іс-әрекет», «Адам баласы өзі біреуден жақсылық көрмесе өзі біреуге жақсылықты қайдан жасасын», «Асылында жақсылық, қайырымдылық – адам табиғатынан туындайтын тума қасиет. Әйтпесе, өзі жұрттан жақсылық көруден жалықпайтын, бірақ өзгеге сынық сүйем жақсылық жасамайтын, жасай қалғанда өз ауыл-үйі, жерлестерінен аспайтын, соның өзіне дардай болып жүретін пақырлар, аз ба арамызда? Көп қой, көп! Көп ондайлар! Ол да бір табиғат!», «Ойыңды күдікке алдырсаң, бойыңды кірге шалдырасың. Адам табиғаты әр алуан. Әсіресе соңғы кездері адам жаны кісі айтқысыз қасаң тартып кетті-ау. Сондықтан ойды жақсылыққа жеңдіріп жүрейік те, асылы. Қолдан келсе қазақтың баласын алаламай, бөлмей қайырым жасағанға не жетсін?!», «Төрде отырғанда кейін келген кісіге артық сәлем бергеніңмен, орныңды берме», т.б.
Сайыпқыран сыншының «Өлеңсөз», «Дарасөз», «Қарасөз» кітаптары да «Сарасөзден» бір кем емес… Соңғы жылдары жазушының өнімді еңбек еткенінің айғағы.
Кітаптың тағы бір тебірентерлік тұсы – автор ұстазы Тұрсынбек Кәкішевтен көрген жақсылығы туралы ерекше толғанады. Құлекеңнің өз сөзі: «Сонау жетпісінші жылдары әрбір редакцияда әдебиетке, журналистикаға жас талапкер алып келу, тұсауын кесу – жақсы дәстүр еді. Сонау жетпісінші жылдары әрбір студентінен болашақ ғалым, ақын, жазушы көру – әр ұстаздың бұлжымас дағдысы еді. «Қандай көген көздің көзін аштың?» деп журналистер бір-бірінен сұраушы еді. Қазір қандай екен, сірә? Тұрымтай тұсымен болып кетпеді ме екен? Жақсы дәстүрден көз жазып қалып жүрген жоқпыз ба абайсызда?…» Әрине, бүгінгі таңдағы қоғамның жүрек ауыртар тұсын, бүлкілін дөп бастыңыз. Көген көздер қағажу көріп, кімді жағаларын, нені місе тұтарын білмей жүр…
Өз замандастарынан оқ бойы озық тұрған Құлбек Сәрсенұлы түркі халық­тарының рухани астанасы Түркістаннан «Бейсембай Кенжебайұлы­ның Түріктану музейін», «Түрік тілдес халықтар кітапханасын», «Түрік халықтары өнер галереясын» ашты. Құлекеңнің өз сөзі: «Түркістанда Бейсекеңнің түркологиялық музейін ашып жатқан ұрымтал тұста шәкірттері жарықтықтың кезінде жәрдем болар деп берген кітаптарын қайтарар… Адал сүт емген азаматтар еді ғой» деген базынасын осындай оралымды тұста жеткізе отырайын… Күллі түрік дүниесіне ортақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті студенттерінің бағына орай мәдени ошақтар қалтқысыз қызмет көрсетуде.
«Сарасөз» кітабын оқудың алдында азды-көпті тәжірибеге сүйеніп журнал ашсам деген ойда жүр едім. Алайда журналға есім беру қатты толғантты. Кітапты оқығаннан кейін әсерінен айыға алмай жүрген күндердің күнінде Ұлық Алла санама ізгі ой салып тілім «Сарасөз» деп ұрандады. Ендігі мәселе ұлықсат сұрау керек!.. Құлбек Сәрсенұлы оңайлықпен келісім бермеді. Кітабының атында журнал шыққаны қуантатынын, алайда тағдыры қалай болады деп ойланатынын айтты. Ұстаздың сөзі мойнымдағы жауапкершілікті еселеп жіберді… Міне, содан бері тынбай еңбек етіп келеміз. «Сарасөз» кітабының осылайша «Сарасөз» журналы ретінде екінші ғұмыры басталып та кетті…

Тегтер: сөз, Құлбек Ергөбек, Сарасөз, кітап

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

27 0

ақпарат

Ғылыми жоба. Мағжан Жұмабаевтың «Сүйемін» өлеңіндегі перзенттік сүйіспеншілік

18 0

ақпарат

Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында сыни ойлауды дамытуға ықпал ететін әдіс - тәсілдер

27 0

ақпарат

Сабақ жоспары. Дәрумендердің пайдасы