​Қазақ әдебиеті әлем тілдеріне аударылады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы санаға серпіліс, қоғамға қозғалыс әкелгені белгілі. Оның ішінде аталмыш бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі саналатын «Жаһандағы зама...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 шілде, 2018

Аз ғана уақыт аралығында жолға қойылған жоба әдебиет пен мәдениет жауһарларын әлемге танытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып үлгерді. Соның бірі қа­зір­гі қазақ прозасы мен поэзия­сы антологиясын құрасты­рып әлем тілдеріне аудару ісі десек қателеспейміз. Қазақ жы­ры­ның құрлық асып, құндылықтары­мыздың алпауыт 6 тілге аудары­луы Алашқа абырой, қазақ қазы­на­сына олжа. «Рухани жаңғы­ру­дың» рас үлгісі боларлық іргелі істің игілігі болашаққа азық.

Осыдан бірер ай бұрын ғана Алматыдағы Достық үйінде қаламгерлер қауымымен кездес­кен Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева еліміздің бай әдеби мұрасын әлем халқына танытуда бұл бастаманың орны айрықша екенін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жыл көлемінде атқарылған жұ­мыстардың нәтижесіне тоқ­тал­ған болатын.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масына сай қолға алынған халқы­мыз­дың білім көкжиегінің ке­ңеюіне ғана емес, мемлекеттік тіліміздің мәр­тебесін көтеруге де ықпалы үлкен «Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасын тәуел­сіздік дәуіріндегі тұңғыш сер­піліс десек те болады.

500-ге жуық іргелі шығарма­ның іріктеліп, әлемдік нарық­та на­си­хат­талуын қазақ руха­ния­ты­ның қанатының кеңге жайыл­­ғаны деп білуіміз керек. Ел­ба­сы айтқандай қоғамдық сана­ны жаңғыртып, оны түбе­гейлі өз­гер­туде зиялы қауым өкіл­дерінің үлкен жауапкершілігі жатыр. Бұл тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іс­ке асыру жөніндегі Ұлттық комис­сия тарапынан төл мәде­­ниетіміз бен әде­биетімізді әлем­ге әйгілеуде бір­шама нақты қадам­дар жасалуда. Оның нәти­же­лері жуырда жария болған қазақ­стандық проза мен поэзия антоло­гиясының ағылшын, француз, испан, қытай және орыс тілдеріне ау­да­рыла бастаған берекелі бетбұ­рысы дер едік. «Бұл жай ғана жа­лаң аударма жасап кітап шы­ға­ру деген мақсат емес. Мақса­ты­мыз – мәдениет сала­сын­­дағы халықаралық қа­рым-қаты­нас­тарды нығайту, оның ауқымын кеңейту, әдебие­тімізді әлемдік нарыққа шығарып дүниежүзіне таныстыру», дейді Аида Балаева.

Аталған істердің ақжолтай ха­бары алдымен Кембриджде (Ұлы­британия) «Рухани жаңғы­ру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қо­йылды деп жетті. Келісім бойынша ұлыбританиялық баспахана қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен та­ра­ту жұмысын қолға алатын болды. Белгілі бол­ған­дай, қазір­гі заманғы қазақ әдебиеті үлгісінің жинағын БҰҰ-ның алты тіліне аудару жұ­мы­сы «Жа­һандық әлемдегі қа­зіргі қа­зақ­­стандық мәдениет» жобасы ая­­сында жүзеге асырылуда.

Жо­ғарыда айтқанымыздай, ол жобаның басты мақсаты – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі біздің әдебиеттің, музыка және бейнелеу өнерінің, хорео­графия, кино мен театрдың жетістіктерін әлемге паш ету болып табылады. Қазақстандық тараптан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іс­ке асыру жөніндегі Ұлттық комис­сияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.

«Британдық Кеңес жақтан қолдаудың болуы, сонымен бірге Сambridge University Press секілді белді ұйыммен ынты­мақ­тастық пен оның 500 жылдық тарихы, талассыз абыройы біздің жобаның сәттілігіне негіз болар деген сенімдеміз. Бұл аударма жұ­мысының жоғары сапасына оң әсер етіп, басылымның Ұлы­британияда ғана емес, жалпы ағылшын тілді әлемге таралуы­на мүмкіндік берер деген сенім­деміз. Дәл осындай аударма жұмыстарын испан, француз, орыс, қытай және араб тілдеріне аударып, антология ретінде шығару үшін келіссөздер жүр­гізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Әлеуетті серіктес­терге талап та жоғары. Алдымен тәжі­­рибеге, абырой мен баспа­ха­­на­ның мүмкіндіктеріне басым­дық беріледі», – деді Аида Ба­лаева меморандумға қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Өз кезегінде Сambridge Uni­versity Press ұйымының реформа және білім жөніндегі директоры Джейн Манн Қазақстанмен мә­дени жоба бағытындағы ынты­мақ­тастыққа қуанатындарын жет­кізді. «Қазақстандық автор­лардың прозасы мен поэзиясын ағыл­шын тілді әлемнің оқыр­ман­дарына таныстыру үшін бар­лық күш-жігерімізді сала­мыз. Сambridge University Press бұл ретте жұмыс жүргізу мүм­кін­дігіне ие болып отырғаны үшін алғысын білдіреді», деді ол.

Одан кейін қазақ әдебиетінің жинақтары 600 миллионнан астам адам сөйлейтін испан тіліне аударылады деген сүйін­шілі сөзге марқайдық. Мәде­ниет және спорт министрлігінің қол­дауымен қазақ әдебиеті жинақ­тарын испан тіліне аудару, басып шығару және ілгері­лету жобасының әлеуетті қаты­су­шыларымен келіссөздер аяқталып, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында жүзе­ге асырылатын осынау қазақ­стан­дық бастамаға Испания­ның Мәдениет министрлігі стра­тегиялық серіктес болса, жоба кеңесшісі ретінде «Сервантес институты» бекітілген. Бірқатар ірі испандық басылымның ұсы­ныстарын қарап, сонымен қатар стратегиялық серіктестік ұсы­нысымен қазіргі қазақ әдебие­тінің 2 антологиясын испан ті­ліне әдеби аудару, басып шы­ға­ру және тарату бойынша жұ­мыстардың негізгі операто­ры ретінде «Visor-Libros» бас­па үйі белгіленіп отыр. Сәйке­сін­ше, меморандумға испан астана­сындағы Қазақстан елшілі­гінде қол қойылды. Ол құжат­ты да «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева мен бас­па үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес рәсімдеді. Шараға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.

Айта кетуіміз керек, «Vi­sor-Libros» шетелдік әдебиет­пен жұмыс істейтін маман­дан­дырылған баспа саналады. Баспа редакциясы әлем­нің 10-нан астам елінің ақын-жа­зу­шыларының шығарма­ларын аудару, басып шы­ғару және ілгерілетуде көп жыл­дық тәжірибеге ие. Соны­мен қатар бұл баспа Латын Амери­касы елдері мен Солтүстік Аме­ри­каның испан тілді халық­тары­ның арасында кеңінен таны­мал. Қазақстанмен ынтымақ­тас­тық аясында баспа Испания­дан тысқары жерде де қазақ әде­бие­тінің антологиясын тара­туға қатысатын болады. Айта ке­терлігі, испан тілі тек Испанияда ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының 18 елінің халқы үшін де ана тілі саналады.

Келесі жаңалық та көзі-қарақ­ты оқырманның көңіл көк­жие­гіне серпіліс әкелері сөз­­сіз. Кеше ғана газетімізде жа­­рық көрген жарқын жазбаны тағы да бір қайталап айтып өткі­­міз келеді. Жоғарыдағы жобалар Парижде заманауи қазақ әдебиетінің екі антологиясын француз тілінде тарату, басып шығару және аудару жұмысына араласатын шығармашылық концо­рциумның қатысу­шы­лары анықталды деген жаңа­лық­тармен толықты. Жоба қаты­су­шылары Париждің бірін­ші округінің мэриясы мен елор­да­лық мәдени бірлестіктің қол­дауымен іріктелді. Олар Қа­зақ­стан­ның бұрыннан келе жатқан достары екені белгілі әрі жо­баның стратегиялық серіктес­тері атанды. Сондай-ақ қазақ­стан­дық бастаманы Француз ұлт­тық кітаптар орталығы қол­дады және аталмыш ұйым өкіл­дері кітап сапасының сыртқы рецензенті болады. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын жүзе­ге асыру жөніндегі ұлттық комис­сия ондаған француз баспа­ларын және стратегиялық серік­тес­тердің ұсыныстарын қа­рай оты­рып, өнер және әдебиетті дәріптеу бойынша аударма және баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мишель Де Мол (Michel de Maule) баспасын таңдауды ұйғарды. Оның негізін салушы және бас редакторы-танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix). Меморандумға қол қою кезінде баспашы әрі әде­биетші ретінде жобаның фран­цуз оқырманына жаңа мәде­ниет­ті ашатын зор әлеуетін бай­қай­тынын айтты.

Париждің Мәдени бірлес­тігінің президенті мадам Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңыздылығын атап өтті. Оның пікірінше, антология мәтінінің әдеби және эстетикалық құндылықтан бөлек зерттеушілік мәні бар. Қауымдастық жұмысқа әдебиет, мәдениеттану және аймақтану салаларының білікті мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Олар француз оқырманына Қа­зақ­стан мәдениетін жан-жақ­ты әрі кәсіби түрде танытатын болады. Жоба аясында анто­логияны тек Францияда емес, сондай-ақ француз тілі рес­ми түрде жүретін немесе негіз­гі тіл­мен қатар пайдаланылатын ел­дерде тарату бо­йынша үлкен жұмыс атқарылғалы отыр. Әлем­де дәл осындай елдер саны әр­түрлі есептер бойынша 50-ден астам, 220 миллионнан көп халық француз тілін күнде­лікті өмірде қолданады. Қазақ әде­биетін аталмыш елдерде кеңі­нен танытып, дамытумен фран­цуз тілінде сөйлейтін елдердің бар­лығына танымал «Престиж Ком­муникацион» (Pres­tige Com­munication) жаһан­дық ком­му­ни­кациялық агенттігі айналысады.

Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою кезінде елді мәдениеті, рухани жәдігерлері мен ішкі дамуы арқылы жаһандық әлемде дамытуға бағыттайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын ерекше атап өтті. «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масын жүзеге асыру бойын­ша Қазақстан Прези­денті жа­нын­дағы Ұлттық комис­сия хатшысы Аида Балаева қа­зақ­стандық та­раптан меморандумға қол қоя отырып, серіктестердің наза­рын аудармалардың жоғары көркемдік сапасы мен жа­рия­ланымдардың эстетикалық сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығына аударды.

Франциядағы Қазақстан ел­ші­лігінің ғимаратында өткен ке­ліс­сөздерге Франциядағы Қазақстанның ел­шісі Жан Ғалиев және «Ұлт­тық аударма бюросының» дирек­торы Рауан Кенжеханұлы қа­тысты.

Не керек, әлемнің әр қиырына тарайтын қазақ прозасы мен поэ­зиясы антологиясына 30 ақын мен 30 жазушының тәуелсіздік дәуірінде жазылған елеулі шы­ғар­малары енбек. Зиялы қауым өкіл­дерінің сөзінше, шет тіл­деріне аударылатын шығар­ма­лар қазақ әдебиетінің биік өре­сін танытатын шоқтығы биік туын­дылар болуға тиіс. Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет жобаны ой­дағы­дай жүзеге асыру баршаға ор­тақ міндет екенін жеткізіп, ұлт әдебиетіне танытқан жана­шыр­лығы мен қолдауы үшін Президент Әкімшілігіне барша қаламгерлер атынан алғыс сезімін білдірген болатын.





Баға беріңіз