ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ АНТОЛОГИЯСЫН КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕ ШЫҒАРАДЫ

11 шілде, 2018

Ұлыбританияның Кембридж қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық жөніндегі меморундамға қол қойылды.

Келісім бойынша ұлыбританиялық баспахана қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмыстарымен айналысатын болады.

Қазіргі заманғы қазақ әдебиеті үлгісінің жинағын БҰҰ-ның алты тіліне аудару жұмысы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бір бөлігі.

«Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасының мақсаты — Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі әдебиет, музыка және бейнелеу өнерінің, хореография, кино мен театрдың жетістіктерін әлемге паш ету. Қазақстандық тараптан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бөлігі саналатын «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша қазіргі уақытта екі антология:«Қазақстанның қазіргі поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстанның қазіргі прозасының антологиясы» бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр антологияға 30 қазақстандық автордың еңбектері енгізілетін болады.


Баға беріңіз