Сөз қадірін кетірмейік

​Тіл – сөз бен сөйлемнің бастау көзі, түп-төркіні екені белгілі. Тіл – сөйлесу, пікір алмасу, ойын жеткізу құралы болғандықтан ол адамзат баласымен қаншама замандар өтсе де тағдырлас болып, бірге ж...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 маусым, 2018

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзегі – рухани-мәдени құндылықтарды жаңғыртумен тікелей байланысты болса, соның ішіндегі ұлтымыздың ең құнды асыл мұрасы бұл ана тіліміз екеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Демек, «Рухани жаңғыру» аясында тілімізді де өркендетіп, жаңғырта білсек, ұта­рымыз көп. Ал енді тіліміздің көсе­гесін қалай көгертеміз? Ол үшін тіл туралы сауатымыздың жан-жақты әрі ғылыми болуы шешуші рөл атқарады.

Қазақ тілінің грамматикасын, фонетикасын, лексикасын оқып-білмеген, тіл ғалымдарының еңбектерінен сусындамаған, тіл ­туралы терең білім алмаған адам тіл қадірін жете түсіне бермейтіні хақ. Нәтижесінде сөзді бұрмалау, тіл табиғатын бұзу, сақтамау тәрізді олқылықтарға жол беріледі. Оған нақты дәлел келтіріп көрейік. Таяу жылдардан бері «Бесбармақ жеу» деген сөз тіркесі пайда болды. «Ет жейміз, ет жедік» дегеннің орнына – «Бесбармақ жейміз, бесбармақ жедік» деп қисынсыз, логикасыз сөйлем құрамыз. Естияр, сауатты қазақ тұрмақ, бес жастағы бала да адамның бармақ жемейтінін біледі ғой. Сонда тілдің грамматикалық, логикалық жүйесі, қисыны деген ұғымдар қайда қалды? «Бес бармақ» сөз тіркесінің соншалықты кең таралып кеткеніне қайран қаламын. «Бесбармақ жеу» сөзін үйреніп алған шетелдік меймандар да: «Қазақ халқы өте қонақжай екен, бізді бесбармақ жасап күтті. Дәмі тіл үйіреді» дегендерін естідік.

Қисындылығына мән берместен қолданылып жүрген сөз тіркестерінің қатарына «бүгінгі таңда» дегенді жатқызар едім. «Бүгінгі таңда» деген сөз тіркесінің айтылуы, естілуі құлаққа жағымды болғандықтан ба, оны орынсыз қолдану жиілеп кетті. «Бүгінгі таңда» сөзі «бүгінгі заманда» деген ұғымды бермей ме? Білместік пе, әйтеуір, мұны сөз арасында «қазір, әзір, аздан соң, сәлден кейін» дегеннің орнына да қолданып қалатын жағдайлар кездеседі. Мысалы, бірде пойыз бекетіндегі хабарлаушының: «Бүгінгі таңда 15 минөт өткеннен кейін, Астанадан Алматыға қатынайтын пойыз жолға шығады, дайындалыңыздар, құрметті жолаушылар» дегенін естігенім бар. Дәрігерлердің: «Бүгінгі таңда көлік оқиғасынан мертіккен пәлен адамға ота жасалды» дегенін теледидардан тыңдап жүрміз. «Бүгінгі таңда ата-аналармен кездесу өткізіп, балаларының отбасындағы жағдайын ұғыстық…» деп сөйлейтін мұғалімдер де бар. Сөйлем мен сөздің түп мағынасын білмеуден – тілдегі оғаштықтар, логикалық ағаттықтар, қисынсыздықтарға жол берілуде. «Бүгінгі таңда тәуелсіздікке қолымыз жетіп, өзімізді-өзіміз басқара алатын болдық» десек, аталған сөз тіркесі дәл орнын тапқан болады ғой.

«Сотовый» дегенді «Ұялы телефон», «Электронды мишық», «Қалта ­телефон», «Сотка телефон» және т.б. деп айтып жүрміз. Егер «Сотовый» атау сөзін қазақшалағымыз келсе, оған біздің қазақ баяғыда-ақ жарасымды атау беріп қойған. Кезінде үлкендеріміз: «Ол қайдағы-жайдағы хабарды елден бұрын естіп алатын сымсыз телефон екен» деп айтып отырушы еді. Сондықтан ұялы телефонға балама аударма іздеп шарқ ұрғанша, оны «сымсыз телефон» десек, мәселе шешілмей ме?

«Лифт» дегенді қытайдағы қазақ­тар қытайшадан тікелей тәржімалап, «төксаты» деп атады. Біздер оған лайық­ты сөз жасамақшы болып: «Ақпажол», «Жеделсаты» деп айтып жүрміз. Менің білуімше, бұл үш атау сөз де дәл мағынасын біл­діріп тұрған жоқ. Себебі: «Саты» сө­зінің мағынасы – екі аяқпен кезек басып, өрлейтін затқа саяды. Немесе ол – «баспалдақ» сөзіне жақын келеді. Төк арқылы әрекетке келіп, өрлейтін нәрсені не үшін «Төксаты», «Жеделсаты» дейміз? «Ақпажол» деген атау да – «Лифт» сөзінің тура мағынасын бере алмайды. «Жол» сөзін тарқатқанда «Көшжол», «Тасжол», «Теміржол», «Қаражол», «жаяужол», «Таужолы», «Жібекжолы», «Даңғылжол», «Күдірліжол», т.б. болып жалғаса береді. Сондықтан «Лифт» сөзін жа­тыр­қамай қабылдағанымыз абзалырақ көрінеді.

Қазақтың киіз үй бөлшектері – шаңырақ, уық, кереге, үзік, туырлық, түңлік, басқұр, желбау, тегеріш, дөдеге, белдеуарқан, жабық, шошай, күлдіреуіш, сағанақ сияқты атаулар мен үйдің ішкі мүліктері – жүкаяқ, асадал, алалбақан, аяққап, өреше, шыпта, тұтқыш сияқты дүниелердің атауы мен ат-көлікке қатысты бұйымдар – сағалдырақ, таралғы, сулық, айылбас, тебінгі, ыңыршақ, ашамай, қом, мойыншақ, көген, сірге және т.б. атауларды қытай тіліне аударуға мүлде келмейді. Сол себепті қытайлар бұл атауларды сол күйінде қабылдап, «Шаңылақ», «Келиге», «Тұңликі» деп түсінігін соңына жазып қояды. Қазақтың тілі оралымды болғандықтан шығар дүниедегі барлық ұлттың тіліндегі атау сөздер бізге келе береді. Сөздік қорымызға дыбысталуын бұзбай жазуға болады. Мен өзім орыс, ағылшын, француз тілдерін білмесем де, атау сөздерін бұлжытпай дыбыстай аламын.

Осы ретте ортаға салар тағы бір мәселе бар. Біз шет тіліндегі мақал-мәтел, қанатты сөздерді өз тілімізге қалай аударып жүрміз? Енді соған аз-кем тоқталайық. Мен Қытайда тіл-әдебиет факультетін тамамдадым. Қытай қаламгерлерінің көркем шығармаларын аздап аударғаным бар. Сонда қанатты сөздерді, мақал-мәтелдерді тәржімалауда біршама қиындықтар болды. Мысалы, «Адам қартайса да, жүрегі қартаймайды, ағаш қартайса да, тамыры қартаймайды» деген қанатты сөйлемді кезіктірдім. Бұл тікелей аударылған сөз болатын. Кейін осы қанатты сөйлемнің түп-төркіні – басқашалау екеніне көзім жетті. Қытай қаламгерлерінен сұрап, сөздіктен қарап көрдім де: «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» деген мақал кезіктірдім. Бұл мақал қытай тіліндегі қанатты сөйлемнің мағынасын жеткізуге дәл келе қалды. Демек, шетел тілін қабылдауда ­аударылатын сөйлемнің түп-төркініне жете үңіле отырып сөздік құрамға қоспаса, мағынасы дәл түсе бермейді. Біздегі аудармада бұл мәселеге көңіл бөлу қалай? Соған да назар аудару қажет.

Шет тіліндегі атау сөздердің бір-біріне келмейтін тұстары аз емес. ­Мысалы, қытайлар орысша атауды дұрыс атай алмай, Горь­кийді – ­Гауаржи, Брежневті – Боло­жінев, Пуш­кинді – Пошыжин дейді. Орыстар да қытайдың атау сөздеріне тілі келмей, Маузыдұңды – Мао Цзе Дун, Гоморо ақынды – Гоможе деп, түпнұсқа аттарын бұзып айтады. Мұндағы негізгі мәселе, өз тіліміздің байлығын барынша тиімді пайдалану. Сөздік қо­рымыз бен сөздік құрамымызды байытуға қазақ тілінің мүмкіндігі мол.

Тілдегі атау сөздердің түп-төр­кінін білмеуден әдет-ғұрпы­мызда, салт-дәстүрімізді сақтауда оғаштықтар байқалуда. Мысалы «Тойбастар» деген атау сөзін қалай түсініп жүрміз? Кез келген тойдың басталуы мен аяқталуы, яғни тарқауы болады. Қазіргі тойлардың көбінде «Тойтарқарды» (тойдың сарқытын үлестіруді) – «Тойбастар» етіп алдық. Бұл атау сөздің тегінде қалай пайда болғанын әртүрлі тарихи деректерден де ұғып жүрміз. Үлкен тойдың басталу алдында той өткізетіндер жақындарының басын қосып, ақсарбас қойын, шамасы келсе, көкқасқа тайын сойып, кішігірім той өткізетін болған. Дастарқан басына жиналған жақын адамдар тойға қанша түтін шақыруды, әр рудың беделді кісілерін қағыс қалдырмауды, қанша мал сойылу керектігін ақылдасып, кеңеседі. Ер-әйел демей, атқаратын міндеттерін бөліседі. Сол жолғы алғашқы жайылған дастарқанды «Тойбастар» деп атаған. Қазіргі тойларда «Тойбастарды» тойдың соңында өткізеді. Асаба «Келесі тойдың басталуына қаратқанымыз» дей салады. Сонда келесі тойдың да басталуы, барысы, аяқталуы болмай ма? Сонда деймін-ау, тілдің тазалығын, сөздің маңызын бұрмалауға неге бейімбіз?

Қазіргі күні көп қабатты үйлерден өзге, бір отбасының жекеменшік салған үйін «Жер үй» дейтін болдық. Ол екі-үш қабатты, кірпіштен, ағаштан, қамыстан салынса да, бәрін де «Жер үй» деп атап алдық. Ал «Жер үй» деп аталған баспана заманында қандай болғанын жас буын білмейтін шығар. Бұрын қыс мезгілінде малына пана іздеп, тау сағалап барғандар күнгей беттен жерді құрық бойы қазып, төбесіне қарағайдан арқалық орналастырып, ағаштың бұтақтарымен, шөп-шалаңмен жауып, оның үстін топырақпен бастырып тастайтын болған. Қазақтар«Жер үй» деп осыны айтқан. «Киіз үй», «Ағаш үй», «Қамыс үй», «Там үй», «Кірпіш үй» дейтін үйлер бұрын да, қазір де болды ғой? Оларды қазақтар «Жер үй» деп атамаған. Бұрынғы заманда, хандар мен патшалардың ерекше сәндеп, алтынмен аптап, күміспен күптеп салынған үйлерін «Хан сарайы, Хан ордасы» деп атаған. Қазір де қолы ұзын қалталылар үш-төрт қабат үйді сәндеп салады. Соны да «Жер үй» дейміз бе? Бұрын қазақтар қосымша шағын үйлерін – «Тошала» деп атаған. Қазір бұл атау сөз ауызға алынбайды.

Әдебиет пен көркемөнерді тану ғылымында сахналық шығар­малар мен кино әдебиетінің өзіне тән ерекшелігін, теориялық заңды­лық­тарын игермей тұрып, ол жөнінде дұрыс түсінік те болмайды. Сахналық шығармалардың құндылығы – ең әуелі оқиға-деталь­дардың саралануы­мен, сюжеттің көрер­менді баурап алу қуатымен, тартымды көрініспен, диалог-моно­логтардың әсерлілігімен өлшене­тіндігін сауатты қаламгердің бәрі біледі. Сахналық шығармалар (драма, комедия, трагедия, т.б.) жоғары­дағы айтылған ерекшеліктер сақталғанда ғана биіктен көрінеді. Қазір телеарналардағы сахналарда аты белгісіз бір «жанр» пайда болды. Оны орындаушы әдетте қонақасыда айтылатын, той басқарып жүрген асаба тойшыл қауымды зеріктірмеу үшін айтатын ұзақ-сонар әңгімені шұбыртады. Сахналық жанрдың ерекшелігін білмейтіндер оның барлығын талғам­сыз қабылдай беретіні анық. Ал өзгелер сахнаға үйлеспейтін мұндай ұзақ әңгімені ұнатпасы белгілі. «Жалаң баяндау – көркем шығарманың жауы» деп әдебиеттанушы ғалымдар неге айтты дейсіз? Әңгіменің күлдіргі тұстары болса да, оның айтылатын орны сахна емес. Осындайды сахнада айтуды қайдан тауып алдық?

Ал, енді кино әдебиетінде де «жаңа жанр» пайда болмаса да, сюжетті әлсіретіп, іс-қимыл, әрекетті қайы­рып тастап, жап-жақсы оқиға-деталь­дарды әңгімелеп айту белең алып барады. Актерлер шағын үстел үстіне жайылған дастарқан басына жайғасып өткен-кеткен істерді диалог арқылы баяндайды. Ондағы қимыл-әрекетті, көріністі көз алдынан өткізбеген көрермен әңгіме тыңдаудан неге жалықпасын? Мысалы, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», кейіннен «Жаужүрек мың бала», «Шал» сияқты фильмдердің динамикасы, актерлердің іс-қимылы көрермендерін жалықтырмайды. Неліктен «Қыз Жібек» фильмін көре бергің келеді? Өйткені оның сценарийін сауатты қаламгер жазып, мықты режиссер түсірген. Рөлдерді шебер актерлер сомдаған. Түсіругі талғампаз операторлар қатысқан. «Көш жүре түзеледі» деп көңіл жұбатқанымызбен, ол қашан түзеледі? Оған дейін өнерге деген талғамды әлсіретіп алмаймыз ба деген ой келеді.

Әдебиет пен көркемөнердің жас буын иелерін қолдау, таланттарының көзін ашу, талғампаздыққа баулу – аға буынның парызы мен қарызы. Өйткені ұрпақтар сабақтастығы болмаса, өнердің даму жолы тұйыққа тіреледі. Десек те, әр жанрдың ерекшелігін білместен, ауқымды жанрларды былай қойғанда, ән әуені мен сөзін де өзі жазып, өзі орындайтын жас өнер иелері жоқ емес. Бұрынғы әйгілі композиторлар қашан ән музыкасының сөзін өздері жазып еді? Олар ән сөздерін талантты ақындарға жаздырған. Мұнда да әр туындыға деген үлкен жауапкершілік, талғампаздық, тыңдарман қауымға қайткенде сапалы дүние ұсыну мақсаты жатыр.

Сондықтан дүниеге келген әннің музыкасы да, сөзі де – ұшқыр құстың қос қанатындай сермеліп, шырқау биікке өрлеп ұша алған. «Атамекен» әніндегі «… Атамекен көкейіңде жатады екен, күннің көзі ұясына қимай оны батады екен…» деген өлең жолдары – ән сөзінің көркемдігін, образдылығын, бейнелеуінің құндылығын әйгілеп тұр. Тегінде халық әндерінің сөзі қандай еді? «Ертістің аржағынан көрдім сені, сырғаңды қайық қылып өткіз мені…» дейтін өлең жолдарына таңдай қақпасқа амалың жоқ. Қазір кейбір өлең жолдарында: «Мен сені жақсы көремін…сен жақсы көресің бе? …шыныңды айтшы…», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын…» деген сияқты қарадүрсін сөздер кезігеді. Көп-көрім жазылған ән музы­­касына ән сөзінің сай келмей жата­тынына қынжыласың. Көтеріле ұшқан құстың бір қанаты салбырап қал­ғандай сезіледі.

Қазіргі әндердің музыкасында – даралық аз, бір ұядан шыққан балапандар сияқты. Халық әндері мен классикалық әндердің әуен-ырғағы біріне-бірі мүлде ұқсамайды. Ол сонысымен де құнды. Жаңа әндер туралы айтылған олқылықтардың төркіні – таланттың жетіспеуінен, әдебиет-көркемөнердің заңдылықтарын жете танып білмеуінен, білімін толық­тыр­маудан туындайды. «Ілімді тал бесіктен жер бесікке дейін үйрен» деп данышпан халқымыз тегін айтпаған. Жастардың талант көзі ашылып, үйренуге дұрыс құлшыныс жасаса, өнердің өрен жүйрік мұрагері боларына сеніміміз кәміл. Сөз соңында айтарым, тіліміздің тазалығына жете мән берейік. Сонда ғана ата-баба аманатына адал болып, асыл мұрамызды алдағы ғасырларға жалғай түсеміз.


Баға беріңіз