Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жаңа әліпбидің жауапкершілігі мол

7.6.2018 223

Еліміз тәуелсіздік алғанда қоғамның саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық, т.б. салаларына көптеген өзгерістер енгені мәлім. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы жабық шеңберде өмір сүрген халық шекара ашылғанда әлемдік деңгейдегі жаңалықтар мен өркениет игіліктерін көруге, пайдалануға қол жеткіздік. Сол кезде сезілмегенімен өміріміздің барлық саласына біртіндеп жаһандану үдерісінің ықпалы жүре бастады. Әлбетте, теңгенің екі жағы болатыны сияқты, бұл процестің де оң және теріс әсерінің болуы – заңдылық. Сол өтпелі кезеңде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу халықтың тұрмысында қаншалықты қиындық туындатса, әлеуметтік, ғылыми салаларда да соншалықты бейберекеттіктің орын алуына негіз болды. Тіліміздің кез келген өзгеріске ең сезімтал тұсы – лексикалық қабат десек, өтпелі кезеңде сол сөздік құрам өте көп мөлшерде жаңа сөздермен толықты. Атап айтатын бір нәрсе – тілші ғалымдар сол кезде шет тілдерінен алынған сөздерді түгелге жуық аударуға, қазақ тілінің сөздік қорынан оларға балама табуға тырысты. Мысалы, жекешелендіру, пайыз, несие, сынып, т.б. сөздерді халық жатырқамай қабылдап, олар белсенді қолданылатын лексика қатарына еніп те кетті.

Тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына таралған түркі халықтарының әлемдік сахнадағы рөлін күшейту мақса­тымен тізе қосып әрекет ету керектігін елі­міздің озық ойлы тұлғалары сол кезде-ақ айтқан болатын. Мысалы, академик Ә.Қайдардың қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру қажеттігі жөнінде ұсыныс жасағаны мәлім. Алайда әртүрлі себептерге байланысты ұсыныс кейінге калдырылған-ды.

Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық тарихында еліміз қай жағынан болса да, едәуір жетістікке қол жеткізіп, енді руханият мәселесіне де назар аударатын кез келді. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы өзгертудің үлкен бір тетігі ретінде қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін қоюы табиғи жағдай деп санаймыз. Осы асыл мұратқа қол жеткізудің бір кепілі – рухани бірегейлікті, сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесімен өмір сүру салтымызды айшықтайтын озық дәстүрлерімізді сақтап қалу. Ұлт көшбасшысы рухани жаңғыруға қатысты ұлттық сана-сезімді дамытудың негізгі екі бағытын көрсетті десек, соның бірі – ұлттық код және оның өзегі ұлттық жазуға негізделген тіліміз болмақ. Бүгінде бір бөлігі батыстың, бір бөлігі шығыстың өмір сүру салтын ұстанып, әртүрлі ағымдарға ілесіп адасуда жүрген бауырларымыздың басын біріктіріп, ұлт ретіндегі біртұтас­ты­ғымызды сақтап қалуда ұлттық тілдің бірегейлігі шешуші рөл атқармақ. Сондықтан да латын негізді әліпбиге көшу барысында тіліміздің өміршеңдігі мен жүйесінің толық сақталуын қамтамасыз етуге тиіспіз.

Халықтың тарихи тамырының тереңдігін көрсететін маңызды бір фактор – оның тілінің тарихы десек, оның даму деңгейі жазуының тарихымен тікелей байланысты. Яғни бүкіл тарихымыз жазу арқылы қатталады және жазу арқылы сақталып, болашақ ұрпаққа мирас етіледі. Сол жазу көзбен көру арқылы қабылданатындықтан, халық жадында тайға таңба басқандай анық көрініс тауып, орнықпақ. Сондықтан бабаларымыздан қалған рухани мұраны келер ұрпаққа шашау шығармай, түгел, тұтас күйінде жеткізу қасиетті парызымыз деп білеміз. Осындай күрделі міндет ұлттық жазуымыз арқылы орындалмақ. Осымен байланысты, латын жазуына негізделген әліпбиге артылатын тарихи жүктің де салмағы ауыр болатыны заңдылық. Осыған орай тіліміздің лексикалық қорына қарқынды түрде еніп жатқан шет тілдерінің сөздерін латын графикасы негізінде таңбалауға байланысты бірқатар мәселелерге кеңірек тоқталғымыз келеді. Мәселен, тіліміздегі кірме сөздердің басым бөлігін экономика саласының терминдері құрайды екен. Сол тілдік бірліктерді қазақ тілінің лингвистикалық заңдылықтарына сәйкес былайша топтастырдық:

Орыс тілі арқылы бастапқы нұсқасын сақтап енген терминдер. Бұларды өз ішінен құрамына қарай дара және күрделі қолданыстар деп бөлуге болады. Дара: эволюция, резерват, оператор, монитор, экспонат, энергия, энергетика, бюджет, жоспар, экология, деградация, субсидия, т.б. Күрделі: медиа-форум, термоядролық, т.б. Екі сөздің бірігуінен жасалған тіл бірліктеріне мысал ретінде криптовалютаны жатқызуға болады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, крипти және валюта сөзі бірігіп, бір сөз ретінде таңбаланып отыр. Ал медиа-форум қос сөз түрінде сызықша арқылы берілген.

Екі кірме сөздің бірігуінен құ­рал­ған күрделі тілдік бірліктер: евро­центристік, антропоцентристік, т.б.

Кірме сөз бен қазақтың төл сөзінің тіркесуі арқылы жасалған күрделі қолда­ныстар: паромдық өткел, эгоистік мүдде, дағдарыс циклдары, көлік-логистика.

Кірме сөз бен төл сөздің бірігуі арқылы жасалған лексемалар: геосаясат, қалтафон, термоядролық.

Осы келтірілген сөздерді латын әліпбиі негізінде жазуға байланыс­ты бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Мәселен, «Терминнің бастапқы таңбалануы қандай еді? Ол орыс тіліне қандай өзгеріспен енді және қазақ тіліне қандай принцип бойынша қабылданды?» деген жайттарға назар аудару қажет. Мысалы, 1-топтан криптовалюта сөзінің латын графикасымен таңбалап көрейік: krıptovalıýta-13. Бұл жерде кирилл қарпімен 12 әріптен тұратын сөз латын әліпбиі бойынша 13 әріппен таңбаланады. Бұған ю дифтонгінің и және у әріптері арқылы жазылуы себеп болып отыр. Бұл сөздің түпнұсқасы:

Crypto currency («криптографическая валюта») екенін ескерсек, біздің тілімізге бірнеше өзгеріспен енгізіліп отырғанын байқаймыз. Бұл жерде қазіргі кезде тілші ғалымдар арасында дау туғызып жүрген «шет тілінің сөздерін тікелей ағылшынша дереккөздерден аламыз ба, әлде орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендірілген нұсқасында аламыз ба?» деген мәселе бой көтереді. Жоғарыда көрсетілген мысалдан байқағанымыз, crypto сөзінің бірінші әрпі с орыс тіліне к түрінде енген; у орыс тілінде и таңбасымен жазылған болатын. Латын негізді әліпбиде и және й дыбыстарына бір ғана I таңбасының меншіктеліп берілуі біршама қиындық тудырады. Сондықтан, алдымен, мұндай кірме сөздерді тікелей түпнұсқасынан аламыз ба, әлде орыс тілінің заңды­лық­тарына сәйкес игерілген кейпінде алған дұрыс па деген сұрақты біржақты етіп шешіп алған жөн.

Екі кірме сөздің бірігуінен құралған терминдерден 14 әріптен тұратын евроцентристік сөзін латын қарпімен таңбалап көрейік: evrosentrıstikevrotsentristik-14. Бұл жерде кирилл әрпімен жазылған сөз 14 таңбамен тұрса, оны латын жазуына көшіргенде де, графема саны сол күйде қалғанын көреміз. Келесі мәселе, осы сөзді түгелдей бас әріппен жазғанда бой көтереді. EVROSENTRISTIK. Мұнда и(ı) және і (і) әріптерінің бас әріптік тұрпаты бірдей екендігі назар аудартады. Мұны дыбыстасақ, евросентристик болып шығады немесе евросентрістік болуы мүмкін. Бұл жазудағы ала-құлалыққа алып келеді. Осындай кішкентай мәселелер жинақтала келе, көпшілік арасында сауатсыздықтың белең алуына себеп болуы мүмкін. Кірме сөздердің үшінші тобынан да мысалдардың таңбалануын келтірейік: paromdyq ótkel, egoıstik múdde, daǵdarys sıkldary, kólik-logıstıka. Терминдердің келесі тобына кірме сөз бен қазақ сөзінің бірігуі арқылы қалыптасқан тілдік бірліктерді жатқызған болатынбыз. Олардың латын әліпбиі бойын­ша жазсақ geosaıasat-10, геосаясат. Кирилл нұсқасында 9 таңбаның, я дифтонгі и+а-ның қосарлануы арқылы таңбаланғандықтан, латынша нұсқаның 1 әріпке артқан­дығын көреміз. Ал qaltafon сөзін таң­ба­лағанда айтарлықтай өзгеріс байқалмайды.

Орыс тілі арқылы бастапқы нұсқасын сақтап енген терминдер. Бұларды өз ішінен құрамына қарай дара және күрделі қолданыстар деп бөлуге болады. Дара: эволюция, резерват, оператор, монитор, экспонат, энергия, энергетика, бюджет, жоспар, экология, деградация, субсидия, т.б. Күрделі: медиа-форум, термоядролық, т.б. Екі сөздің бірігуінен жасалған тіл бірліктеріне мысал ретінде криптовалютаны жатқызуға болады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, крипти және валюта сөзі бірігіп, бір сөз ретінде таңбаланып отыр. Ал медиа-форум қос сөз түрінде сызықша арқылы берілген.

Сонымен, шет тілдерінен еніп жатқан терминдерді түпнұсқасын сақтай отырып жазу, тіліміздің табиғатына біршама қайшылық әкелетінін ескере отырып, олардың төл сөздік қорымыздан табылған баламаларын көбірек қолданған жөн деп ойлаймыз. Бұл – коммуникацияның түсініктілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт. Әсіресе мектеп оқулықтары мен БАҚ-та жарияланатын мәтіндерде осы принциптің басшылыққа алынғаны дұрыс. Ал ондай терминдердің бастапқы тілдегі нұсқасы лексикографиялық дерек­көздерде қолданылғаны жеткілікті.

Тілімізден кірме терминдердің мағы­насын тікелей жеткізетін балама табыл­маған жағдайда, кірме сөзді қазақ тілінің дыбыстау заңдылықтарына сәйкес, бейімдеп алғанымыз жөн. Бұл біріншіден, тілдің тазалығына септігін тигізсе, екіншіден өзіндік орфоэпиялық нормаларының сақталуына мүмкіндік береді. Мұны тіліміздің өзге тілдер ық­палына ұшырамай (ассимиляция), өзіндік дербестігін сақтап қалуы үшін жасалатын қадам деп санаймыз.

Қорыта келгенде, әлемдік өркениет көшіне ілесіп қана қоймай, көшбас­шылыққа ұмтылуды көздейтін талап­шылдығымызға сәйкес, біз қашан да жаңалық атаулыны құптайтынымыз рас. Бірақ ешбір реформаның бас­тапқы жоспарланған қалпында, қолмен қойғандай орындала салуы – тәжірибеде жоқ жайт. Сондықтан жазуымызды латын әліпбиіне көшіру барысында кездесетін проблемалар ортаға салынып, көпшілік талқысынан өткізілген соң ғана дұрыс шешімін табары анық. Бұл жерде «келісіп пішкен тон келте болмас» деген халық даналығын ескерудің берері мол болмақ.

Тегтер: латын, жаңа әліпби, қазақ тілі, ереже
Авторы: Қалбике ЕСЕНОВА, филология ғылымының докторы, профессор

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

52 0

ақпарат

Миллион кімге бұйырады?

31 0

ақпарат

Әдіскерлерге арналған республикалық онлайн семинар өтеді

66 0

ақпарат

​Тіл төрге озғалы қашан - Сүлеймен Мәмет