ЕЛІ СЕНГЕН ЕЛБАСЫ

Жер жүзінде елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын ойламайтын жұрт жоқ шығар. Әсіресе, қазақ халқы үшін «ЕРКІНДІК, ТӘУЕЛСІЗДІК» ұғымдары басқа қонған бақпен, астыға тиген тақпен тең. Ата-бабамы...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 мамыр, 2018

Жер жүзінде елінің тәуелсіздігін, халқының бостандығын ойламайтын жұрт жоқ шығар. Әсіресе, қазақ халқы үшін «ЕРКІНДІК, ТӘУЕЛСІЗДІК» ұғымдары басқа қонған бақпен, астыға тиген тақпен тең. Ата-бабамыз аңсап, арман еткен «бағымызды» бағалап, халықты тек алға бастайтын тақ иесі болу керек десек, ол – ЕЛБАСЫМЫЗ.

Тәуелсіздік алғаннан соң қалың елінің қамын жеп, ұлтын ұйыстырып, жұртын жұмылдырып, өз алдына ел қылуда Нұрсұлтан Әбішұлының төккен тері мен еткен еңбегі зор. Ел қамын жеген елбасының бастауымен Қазақстан дүние жүзіне танылды. Еліміз елдігін көрсетті, ерлігін танытты.

Өткенге бір сәт көз жіберсек, еліміздің ішкі саясаты мен сыртқы саясатының ұйытқысы да, бастамашысы да, бағыттаушысы да Елбасы екені және мемлекет абыройының мемлекет ішіндегі және халықаралық аренадағы биік орны да сол саясатты сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде қажымас қуатпен іске асырып, ел тізгінін түзу ұстап отырған Елбасына - мемлекетіміздің сөз бастайтын шешені мен қол бастайтын көсеміне тікелей байланысты екені айқын сезіледі. Демек, қасиетті көк байрақтың астына топтасып, түтініміздің түзу шығып жатуының сыры да еліміз бен Елбасының бір ұғымдай болып кетуінде жатыр. Ұлт көшбасшысы халқымыздың тағдыр талайына жазылған ащысы мен тұщысын бірге татып, ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңып, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп келеді.

Мемлекет басының кешегі ерен жеңісі, жеткен жетістіктері ауыз толтырып мақтанарлықтай. Ал биылғы жылға келсек, Қазақстанның бағындырған кезекті биік белесі – ол халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесінің «Болашақ қуаты» атты тақырыпта Астана қаласында өткені. Оған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысып, аталған көрмені тамашалауға төрткүл дүниеден 3 млн-нан астам жиналған адам бар-жоғы 20 жылда ғана бой түзеген елорданың ғажайыбына куә болып, әсем ғимараттары мен зәулім сарайларын көзбен көріп қанық болды.

Сондай-ақ, аталған жылдың 12-ші сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сай «Туған жер», «Жүз жаңа есім», «Қазақстанның киелі георграфиясы», т.с.с. бағдарламалары тағы бар. Ұлтының жаңғыруына жасалған жағдайлардың бірі де бірегейі деп қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіруін айта кеткен жөн. Келешекте рухани жаңғыруымыздың темірқазығына айналғалы отырған латын қарпі арқылы әлемдік тілмен үндесетін боламыз. Бұл тағы, сөз жоқ, жасампаздық жұмыстың жарқын жеңісі.

Елімізді бүгінде 26 жылдан астам уақыт басқарған Н.Ә.Назарбаев Қазақ елінің туын көкке көтеріп, әлем танымастай етіп өзгертті. Адамзат үшін ажал құштырған Семей полигонының жабылуы, ұлттық валютаның айналымға енуі, саяси-құқықтық реформа, бейбіт өмір, Елордасы Астананың Сарыарқа төрінен орын тебуі, қазақ елінің ЕХРО-2017 біздің елімізде өткені, елінің рухани жаңғыруына бағыт көрсеткен болашаққа бастаған бағдарлар – бәрі-бәрі Елбасы жүргізген сарабдал саясаттың нәтижесі.

Бүгінде ұлы істерімен ұлтына ұлағатты басшы бола білген көшбасшысыға көрсетілген құрмет ретінде 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіліп келе жатқанына да, міне, 5 жылдың жүзі болыпты.

Қазақстанда 5 жылдың ішінде Тұңғыш Президент күні мерекесі уақыт өткен сайын маңызы артатын халықтық шараға айналып үлгерді деп нық сеніммен айтуға болады. Өйткені, бұл жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлтының ұлағаты.

Айтулы мереке қалалық тілдерді оқыту орталығының назарынан да тыс қалмады. Тұңғыш Президент күніне арналған «Ұлт көшбасшысы» атты көрмеде Н.Назарбаев жайында кітаптар жинақталып, «Ұлтының ұлы данышпаны» атты фотосуреттерінен альбом жасалды.

Орталықтың тіл үйренушілерінің назарларына ел бастаған басшының бүгінге дейінгі жүріп өткен сара жолы бейнеленген көркемфильм ұсынылып, курс тыңдаушылары Дудина Виктория мен Ольга Лакатош «Тұңғыш Президент» тақырыбында жергілікті баспасөз беттеріне мақалаларын жариялады.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси басшылығымен мемлекетіміз әлемде экономикалық, әлеуметтік, мәдени салалардағы үлгі боларлық көрегендігімен дамып, әлі де беки түсуде. Тәуелсіздіктің жиырма алты жылында ел ішіндегі бірліктің, ынтымақтың, толеранттықтың арқасында жақсы ахуал қалыптасып, ішкі жалпы өнім мөлшері үдемелі қарқында өсіп отыр. Біз бүгін Нұрсұлтан Назарбаевты Джордж Вашингтон, Кемал Ататүрік, Дэн Сяо Пин сияқты санаулы адамдармен, ұлы бастамалар авторларымен, ірі реформаторлармен деңгейлес көреміз.

Сөз соңында, елі сенім артқан Елбасымыздың болашаққа бастаған әрбір бағдары жарқын, бағыты түзу болғай деймін!

Муханбетжанова Жазира Мизамханқызы

Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері

Баға беріңіз