​Қостанайда латын әліпбиіне көшу туралы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті

Tilalem.kz

Tilalem.kz

25 мамыр, 2018

Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған «Латынға көшу – болашаққа бастар бағыт» атты ғылыми-практикалық конференцияға А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, латын әліпбиін жасау тобының жетекшісі Ерден Қажыбек, осы институттың бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбеков, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев және жергілікті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар, білім саласының және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Пленарлық мәжілісте Ерден Задаұлы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді уақыт талап етіп отырғанын, бұл харіпті жер жүзі елдерінің басым көпшілігі пайдаланатынын айтты.

«Уақыт аса жылдамдықпен өзгеріп келе жатыр. Енді жиырма жылда тіпті адам танымастай өзгерістер орын алады. Қазірдің өзінде әр адамның қолында ұялы телефон, планшет, қысқасы бір-бір компьютер жүр деуге болады. Олардың барлығы да латын харпімен жазылған. Бизнес те, ғылым да латын харпімен жазылатын ағылшын тілінде дамып барады. Сондықтан әлемдегі осы үдерістің сыртында қалып қоймауымыз қажет. Екіншіден, біз латын әліпбиіне қазақ тілін емес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін көшіргелі отырмыз. Сондықтан бұл әліпбиді тек қазақтар ғана емес, қазақстандықтар үйренуі тиіс» деді Ерден Задаұлы.

Мәжілісте Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Меңдекенова жергілікті жерде жүзеге асып жатқан істерге тоқталып өтті. «Бір жылдың ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыс тобының мүшелері елімізде жүргізіліп жатқан тіл саясатының, латын графикасына көшу идеясын кеңінен көпшілікке жеткізу мақсатында арнайы ұйымдастырылған кездесулерге қатысты. Өткен кезеңде 3 801 кездесу өткізіліп, 250 мыңнан астам адам (28%) ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен қамтылды» деді Гүлжан Ермашқызы. Конференция үш бағытта секциялық жұмыс жүргізді. Онда Латын әліпбиінің енгізудегі шет ел тәжірибесі, еліміздегі тіл реформасын ілгерілетідегі мемлекеттік ұйымдар мен азаматтық қоғам институтының өзара ынтымағы, жаңа қазақ әліпбиін визуалды ақпарат арқылы ілгерілету сияқты мәселелер терең талданды.

Конференция қорытындысында оған қатысушылар мемлекеттік органдарға, үкеттік емес ұйымдарға, оқу орындарына ұсынымдар қабылдады.



Баға беріңіз