​Жас ақын-жазушылардың алғашқы отырысы болды

Елордадағы Ұлттық кітапханада Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған жас ақын-жазушылар кеңесінің алғашқы отырысы болды.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

24 мамыр, 2018

Жиынды ашқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Сіздердің әрқай­сы­ңыздың отандық әдебиет пен мәдениеттің дамуы жөніндегі пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Сон­дықтан да бүгін міне сіздермен әдебиет сала­сындағы бірқатар мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз», деп кеңестің мақсаты мен маңызы туралы әңгімеледі.

Отырыста ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек жастар әдебиетінің жай-күйі туралы баяндама жасап, Қазақстанда жоғары оқу орны мәртебесі бар «Азия əдебиет академиясын» құруды ұсынып, оның қандай істер атқару керектігі жөнінде жіліктеп айтып берді. Сондай-ақ ол жастар əдебиетінің озық үлгілерін БҰҰ-ның алты тіліне аудару туралы ұсынысын айта келіп: «Үшіншіден, «Мәдениет туралы» заңда әдебиетке қатысты ешқандай бөлім не бап жоқ. Заңда кинематография бар, театр бар, тіпті кітапхана да бар, ал солар­дың бастауында тұрған әдебиет жанры жоқ. Бұл әрине әдебиетке жасауға болатын игіліктерді шектеп отыр», деді.

Одан кейін Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры, ақын Бауыржан Қарағызұлы сөз алып, әдебиеттің жоғары оқу орын­дарында насихатталуы жөнінде ой өрбітті. Қазіргі ЖОО бағдарламалары, қазақ əдебиеті оқу­лығын қайта қарау, оқу бағдарламасына өзге­рістер енгізу туралы ұсыныстарымен бірге. 30-40 жас аралығындағы қаламгерлерге мемлекеттік дәрежеде сыйлық тағайындау керектігі туралы айтты. «Мемлекеттік «Дарын» сыйлығы 29 жасқа дейін берілсе, екі жылда бір берілетін Мем­ле­кет­тік сыйлық 50-60 жастан әрі қарай берілетін сый­лық ретінде қалыптасып қалды, ал нағыз шы­ғар­машылықтың күш алатын кезі 30-40 жас ара­лы­ғындағы қаламгерлерге шабыт беретін еді», деді ол.

Пікір алмасу негізінде еркін форматта өткен жиында кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салды. Кеңес құрамында жас ақын-жазушылармен бірге айтыс ақындары да бар. Солардың бірі, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов эфирден бері­летін айтыстың қисынсыз қиылып қалатынын, айтыс ақындарының асыл сөздерінің тек айтқан жерде қалып, қанша жылдан бері сұрыпталып кітап болып шықпай келе жатқандығын айтты. Министр бұл мәселе туралы кеңінен әңгімелеп, алда­ғы уақытта айтыстың да өтетінін, кітаптың да шығатынын айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, ақын Ерлан Жүніс кітап шығару ісінде жас қаламгерлерге басымдық беріліп, кемі 20% жаңа буының кітабы шықса деген ойын ортаға салса, кеңес мүшесі, ақын Мирас Асан кітаптардың аудио нұсқаларын шығарумен бірге кезінде «Qazaqstan» Ұлттық арнасында жүріліп, кейін тоқтап қалған «Поэзия əлемі» бағдарламасы қайта жалғасын тапса деп тілек білдірді.

Ұсыныстардың бәрін тыңдаған министр өз ойын да ортаға сала отырып, мұның бәрі кеңесте қаралатынын және негізінен шешімін табатын мәселелер екендігін айтты. Жалпы, жаңа замандағы қазақ әдебиеті өзінің атқаруға тиісті міндеттерін толық орындау үшін мемлекет қолдан келген жағдайды жасайтынын, қазір отандық әдебиет пен мәдениеттің дамуына байланысты бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп, бүгінде министрлік заманауи қазақстандық жазушылардың туындыларын әлемнің басты тілдеріне аудару ісіне ерекше мән беріп отырғанын тілге тиек етіп, бұған жастарды белсенді атсалысуға шақырды.


Баға беріңіз