​Қазақ әдебиеті әлем тілдерінде сөйлейді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі саналатын «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасының маңызы зор. Жоба аясында әдебиет пен мәдениет жауһарларын әлемге танытуға ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 мамыр, 2018

Алматыдағы Достық үйінде қаламгерлер қауымымен кездескен Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева еліміздің бай әдеби мұрасын әлем халқына танытуда бұл бастаманың орны айрықша екенін айтып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.

– Жуырда ғана 100 оқулық жобасының негізінде аударылған 18 кітаптың тұсауы кесілді. Екінші кезеңде тағы да 30 кітап аударылуға дайын. Бұл халқымыздың білім көкжиегінің кеңеюіне ғана емес, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге де ықпал болған игі бастама деп есептейміз. «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы аясында тұңғыш рет тәуелсіздік дәуіріндегі бүкіл өнер топталып, түгенделіп тізімі жасалды. Ендігі кезекте 500-ге жуық іргелі шығарманы іріктеп, әлемдік нарыққа насихаттауға кіріспекпіз. Елбасы айтқандай қоғамдық сананы жаңғыртып, оны түбегейлі өзгертуде зиялы қауым өкілдерінің үлкен жауапкершілігі жатыр. Сондықтан бағдарламаның екінші кезеңінде Қазақстан Жазушылар Одағы бастаған қаламгерлер қауымымен бірлесе жұмыс істейміз деген ойдамыз. Төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлемге әйгілеу үшін қазақстандық проза мен поэзия антологиясын құрастырып, оларды ағылшын, француз, испан, қытай және орыс тілдеріне аудару ісін қолға алдық. Бұл жай ғана жалаң аударма жасап кітап шығару деген мақсат емес. Мақсатымыз мәдениет саласындағы халықаралық қарым-қатынастарды нығайту, оның ауқымын кеңейту, әдебиетімізді әлемдік нарыққа шығарып дүниежүзіне таныстыру, – дейді Аида Балаева.

Әлемнің әр қиырына тарайтын қазақ прозасы мен поэзиясы антологиясына 30 ақын мен 30 жазушының тәуелсіздік дәуірінде жазылған отты шығармалары енбек. Әзірге еңбегі жинаққа енетін қаламгерлердің тізімі анықталуда. Зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, шет тілдеріне аударылатын шығармалар қазақ әдебиетінің биік өресін танытатын шоқтығы биік туындылар болуға тиіс. Басқосу барысында ақын-жазушылар тарапынан осыған қатысты нақты ұсыныс пікірлер де айтылмай қалған жоқ.

Өз кезегінде Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет жобаны ойдағыдай жүзеге асыру баршаға ортақ міндет екенін жеткізіп, ұлт әдебиетіне танытқан жанашырлығы мен қолдауы үшін Президент әкімшілігіне барша қаламгерлер атынан алғыс сезімін білдірді.


Баға беріңіз