Тіл үйренгіңіз келе ме?

Tilalem.kz

Tilalem.kz

23 мамыр, 2018

Қазіргі таңда ата-аналар балаларын мектеп жасынан бастап түрлі ағылшын тілінің курстарына беріп, баласының заман талабына сай болуын көздейді. Бәсеке артқан сайын, тілді меңгеріп жатқан жастардың қатары да артуда. Алайда, курстарға баруға жағдайы келе бермейтін, ауылдық елді мекендерде көптеген мүмкіндіктерден тыс қалатын талапкерлер үшін ағылшын тілін өз беттерінше үйренуден басқа амал қалмайды. Ендеше, ағылшын тілін меңгерудің жолдарын бірге қарастырайық. Әрине, бұл ақыл-кеңес менің тіл үйрену барысында 2 жылдай жүзеге асырған іс-тәжірибемнен түйгенім.

Біріншіден, сіздің сол тілді меңгеруге деген ерекше құштарлығыңыз болу керек. Өз-өзіңізді мәжбүрлеп немесе баға үшін деп ештеңе үйрене алмасыңыз анық. Егер, уақытша жаттап қана жүрсеңіз, оның ешқайсысы ұзаққа бармайтын болады. Демек, адамның мақсаты айқын болған сайын, оған жасайтын қадамдары да нәтиже бере бастайтын болады. Сондықтан, мақсатыңызды айқындай отырып, ерекше талпыныс білдіру керексіз.

Екіншіден, бәрін бірден тез үйреніп алуға асықпау керек. Бір уақытта ережені, сөздерді қатар алып жаттауға да болмайды. Жүйел кесте құру арқылы, барлығына арнайы уақыт қарастырып дағдыланыңыз. Нәтиже тез бола қалса екен деп асығыстық танытатын жағдайлар да болады. Алайда тіл үйрену барысында сабырлық танытудың үлкен мәнісі бар.

Үшіншіден, күнделікті дайындық қажет. Уақытыңыз мүлде болмай жатқанның өзінде, кемінде 20 минутыңызды бөліп, еске түсіріп отыру керек. Күн сайын 1 сөз жаттап алсаңыз да немесе 1 бет ертегі оқып шықсаңызда үлкен пайдасын беретін болады.

Төртіншіден, сөз жаттау барысында сөздерді жеке-жеке жаттауға тырыспаңыз. Әр сөзбен бірге сөйлем құрастыру арқылы есте сақтайтын боласыз. Әрине, қаншалықты көп сөз білесіз, тіл меңгеру мүмкіндігі сол дәрежеде арта түседі. Бірақ, сөздерді жаттаудың өз әдістері болатынын ұмытпаңыз.

Бесіншіден, шағын кітапшалар және фильмдердің көмегі зор. Көретін фильміңіз сізге қызығушылық тудыруы керек. Алғашқы да ешнәрсе түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ, көп көрген сайын құлағыңыздың үйрене бастауы арқылы сол тілді үйренуге жол ашасыз. Есте сақтайтын нәрсе, не көрсеңіз де астында аудармасымен қарамаңыз. Бұл сіздің уақытыңызды өлтіреді және ешқандай нәтиже бермейді.

Қай жерде жүрсеңіз де ағылшын тілінде радиосы тыңдап, өзіңіз жақсы көретін әндерді аудармасымен жаттап жүріңіз. Радио тыңдау арқылы белгілі бір дағдыға түсесіз.

Қазір интернетті ашып қалсаңыз болды, ағылшын тілін үйретуге арналған түрлі курстардан көз сүрінеді. Әрине, олардың көп болғаны дұрыс-ау, егер сол сізге нақты пайдасы тиетін болса. Бірақ, барлығы сіздің өзіңізге байланысты. Қаншама ақшаның басына су құйып, жылдап курстарға барғанмен әлі күнге нәтиже шығара алмай жүргендер бар. Сол үшін де жоғарыдағы шағын кеңестерге ден қойыңыз. Әрине, ағылшын тілін оқудың басты жолы – тәжірбие. Ешқашан да грамматика жаттап, бар уақытыңызды соған өлтірмеңіз. Оны түсінбегендіктен де өзіңізді тіл үйрене алмайтындай сезінетін боласыз. Бұл сіздегі құлшынысты өшіреді.


Баға беріңіз