Көркемсөз шеберін анықтады

Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 мамыр, 2018

Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды табу мақсатында «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» облыстық байқауын өткізді.

Байқауға 17-29 жас аралығындағы талапкерлер, жоғарғы және арнайы оқу орындарының студенттері, басқарма қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Байқауды салтанатты түрде ашу үшін Абайдың 300 өлеңін жатқа білетін, Абай атындағы республикалық байқаудың жүлдегері Татьяна Ситникова қатысушылардың алдында сөз сөйлеп, барлық сайыскерлерді өзінің жеңісті жолын жалғастыруға шақырды.

Байқау мынадай тапсырмалардан тұрды:

1) қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді оқу;

2) Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу.

Байқау соңында қазылар алқасының бағалауы бойынша жеңімпаздар белгілі болды. Жүлдеді І орынға Жұмабек Аружан (Қостанай қаласы) ие болды, ІІ орынды Айдос Оспанов (Әулиекөл ауданы) еншілесе, ІІІ орын Дастан Рысбекке (Ұзынкөл ауданы) бұйырды.Жеңімпаздар дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Барлық байқауға қатысушыларға сертификаттар берілді.

Байқау жеңімпазы республикалық байқауда Қостанай облысының намысын қорғайтын болады.


Баға беріңіз