​Гейдар Әлиев туралы жазылған «Еліне жол ашқан» кітабы таныстырылды

Кеше Астанадағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында демократиялық Әзербайжан Республикасының негізін қалаушы, қайраткер тұлға Гейдар Әлиев туралы жазылған «Еліне жол...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

18 мамыр, 2018

Іс-шараға Әзербайжан Президенті­нің қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көмекшісі Әли Гасанов, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Әділ Әлиев, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербай­жан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшесі Низами Джафаров бастаған бір топ делегатпен бірге, айтулы жинақтың қазақ тілінде жарық көруіне атсалысқан еліміздің белгілі тұл­ға­лары, зия­лы қауым өкілдері қатысты. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Президенті Кең­сесі­нің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және тағы басқа ел азаматтары бар.

«Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған барлық республика егемендікке қол жеткізгенде, бұл алмаға­йып кезеңді әр мемлекет басынан әртүрлі жағ­дайда өткерді. Сондай қиын-қыстау кезеңдерде де Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеті достық, бауырластық қарым-қатынасына қылау түсірмей, керісінше, бір-біріне демеу болды. Оның айқын айғағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиевтің арасындағы ұлы достық, рухани жылы қарым-қатынас. Гейдар Әлиев тек Әзербайжан елі үшін ғана емес, күллі түркі әлеміне ортақ қайраткер тұлға. Оның көреген саясатының арқа­сында қазіргі гүлденген, демократиялық Әзербайжан мемлекетінің негізі қаланды. Гейдар Әлірзаұлының ең бірінші алдына қойған міндеті – Әзербайжан халқының, мемлекетінің тәуелсіздігін тұғырлы ету болатын. Ол арманына сөзсіз жетті. Өз халқын дамудың даңғыл жолына салып кетті. Гейдар Әлиев – еліне жол ашқан нағыз қайраткер тұлға» – деп жаңа кітаптың жарыққа шығуымен барша оқырманды құттықтаған Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Кеңсесінің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков көрнекті тұлғаның азаматтық, қайраткерлік жолын баян етті.

Қазақ оқырманына жол тартқан айтулы ғұмырнамалық еңбекке Әзербайжанның бұрынғы президенті, көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиевпен үзеңгілес ел басшыларының, шет мемлекеттер көшбас­шыларының, Әзербайжанның қазіргі басшылығы мен саясат, экономика және бизнес саласындағы тұлғаларының ірі саясаткер һәм әлемдік деңгейдегі азамат жайындағы естеліктері топтастырылған. Ал басылымның алғысөзін Гейдар Әлиевпен тамыры терең достықта болған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жазды. «Бұл ретте, Гейдар Әлірзаұлының 95 жылдығына орай басылып шыққан ғұмырнамалық еңбектің алғаш рет қазақ тіліне аударылып, қалың оқырманға ұсынылуы – Қазақстан мен Әзербайжан арасын жақындата түсетін айтулы оқиға екенін атап өткім келеді» делінген кітаптың кіріспе сөзінде.

Расымен де, Әзербайжан елінің аяулы перзенті Гейдар Әлиевтің 95 жылдығына орай қазақ тілінде жарық көрген кітап­тың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысөзімен шығуы ұлылар үндесті­гінің жарқын көрінісі болса керек. Мұны кітаптың тұсаукесер рәсіміне арнайы қатысқан мәртебелі мейман, Әзербайжан Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер бойынша көмекшісі Әли Гасанов өз сөзімен салмақты сабақтады.

«Түбі бір түркі жұртымыз» десек, бүгін екі елге бірдей ортақ маңызды күн. Олай дейтініміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің елімізге ықыласы айрықша екенін білеміз. Оған екі ел президентінің арасындағы рухани достық һәм ағалы-інілідей туысқандық, бауырластық қарым-қатынастары куә. Осы орайда Әзербайжан халқының мақтанышы Гейдар Әлиевтің 95 жылдық мерейтойы қазақ жерінде осындай игі шарадан бас­тау алып, қазақ тіліндегі жаңа кітаптың тұсаукесерімен жалғасуы – бауырлас қос мемлекет арасындағы ежелден келе жат­қан тіні үзілмеген үлкен достықтың белгісіндей. Бүгінгі жарық көрген Гейдар Әлиев жайындағы ғұмырнамалық еңбекке Нұрсұлтан Әбішұлының алғысөз жазып, өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп һәм саяси бағасын беруі біз үшін үлкен мәр­тебе. Әзербайжан мен Қазақстан ортақ құндылықтар мен қызығушылық жолында әлі де жемісті еңбек ете береді деп сенемін» – деп түйіндеді сөзін Әли Гасанов.

«Өз қолыммен құрған дүниелердің бәрі мен үшін қымбат, ...бәрі де маңызды. Алайда жүрегіме бәрінен бұрын халқым мен туған жерім ыстық» – деп артынан өшпес сөз қалдырып, елін шексіз сүйіп өткен даңқты тұлғаның шын мәнінде Әзербайжан халқының кемел келешегі үшін атқарған еңбегі ересен. Гейдар деген есімінің өзі мағыналық тұрғыда көшбасшы деген ұғыммен үндесетіні де тегін болмаса керек. Қайраткер тұлғаның жүріп өткен жолы мен әрбір жасампаз әрекеті бүгінде зайырлы мемлекетке айналған әзербайжан халқының тәуелсіздігін тұғырлы, еркіндігін еңселі етуге қызмет етіп келеді. Ал тұсауы кесіліп, оқырманына жол тартқан айтулы еңбек Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінің ұзақ жылғы іргесі үзілмеген берік достығының айғағындай.


Баға беріңіз