Аңызға айналған атаулар

Tilalem.kz

Tilalem.kz

16 мамыр, 2018

1.Көкшенің аңыз таулары...

Көкше бойы тұнған аңыз! Әрбір таудың, әрбір тастың ежелден келе жатқан атауы бар. Олардың өздеріне ғана тән нешеме хикая-аңыздар Көкшенің қарағайлы орманды қойнау-қойнауын кезіп жүргелі де не ықылым заман. Көкше таулары – қазақ фольклорымен, жыр-аңыздармен бірге өмір сүріп келе жатқан қасиетті де жауһар мекен! Оқжетпес, Жекебатыр, Бура тау, Көкше биігі, Апалы-сіңлілі үш тоты, Кебіс тау, Жұмбақтас, Айыртау...Әулиекөл, Күміскөл (Бурабай көлі) деп ел аузында қос атауымен қатар аталып келе жатқан айнадай мөлдір көлдің теріскейі мен түстігінде менмұндалап тұратын осы таулардың тәмсіл-тарихынан да аңыз сарыны еседі, шындық болмысынан туып, ел жүрегін тебіренткен аңыздар сарыны! Бүгін, міне, осы бағзы мекеннің аясында өткізген бірер көркем сәттерде мына бір бейне суреттер көңіл пернесін нәзік әуенімен тербеп жіберген еді. Қалың жоталы шырқау биігі мен сүмбіле үшкілін бұлт шалған Көкше биігінің, Апалы-сіңлілердің, Оқжетпестің бірде мұнартып, бірде көзге айқын шалынған аңыз бейнелі мүсіндері мәңгілік саз-сарынын заңғар биігінен қалықтатып тұрды. Осылайша ертегідей таңғажайып күйдің сазына елітіп, сап түзеген қарағайлар мен аққайыңдар әлемі тіршіліктің тағы бір Таңын атырып, тағы бір Күнін батырады... Көкшенің осынау аңыз тау­лары мен айдын шалқарында Жұмбақтасын тербеткен аңыз көлі қыстың соңын ұзартып келген көктемді құшағына алды. Аңыз-табиғаттың аясында тағы бір әсерлі де мейірлі мезеттер марғау-марғау жылжып бара жатты бүгін!..

2. Бурабайдың қарағайлары...

...Бурабай қарағайлары. Хош иісі көкірек-сарайыңа тап-таза кәу­сар нәрін құятын жасыл әлем. Жан-дүниемді айрықша аялайтын қарағайлы, шыршалы Бурабайға деген сағыныш бүгін осылай қарай жетелеп, Наурыз мерекесінің алғашқы күні мені өзінің тұп-тұнық құшағына алды. Теңіз деңгейінен 321 метр жоғары жайған Қотыркөл маңайында, қарағайлы орманының ара­сындағы қонақжай демалыс үйі бізге есігін айқара ашып, құтты тө­рін ұсынды... Әсер көл-көсір: қарағай аясындағы тұнық ауа, тып-тыныш мекен... Наурыз-көктемдегі Күн мен түннің теңелген мезетінде та­биғаттың іңкәр тылсымы әл­дилеген қарағайлы әлемнің осы­­­нау күндізгі әрі түнгі әдемі бей­несін жадымда ерекше бір сезіммен сақтағым келді. Өзгеше көркем, өзгеше биік қарағайларға жақсы да сағынышты лебізбен тіл қатып, олармен сырласқым келді: Сәлем, Наурыз-Көктем, сәлем, Бурабайдың мәңгі жасыл қарағайлары!...

3. Биіктік туралы үш түрлі ой...

...Серуен-тоғай ая­сын­­дағы бүгінгі серуен ма­ған биіктік туралы үш түр­лі ой салды. Биіктік!.. «Биік­тік – географиялық һәм физикалық өлшем, биіктік – сәулет сұлулы­ғы, биіктік – адами қасиет: міне, биіктік осындай үш түрлі пайымға саяды» дейді ішкі ой-түйсігім. Одан әрі зерделесеңіз, мұ­ның өзі де әлі нақты ақи­қат емес, өйткені бұл тір­шілікте бәрі де са­лыс­­­тырмалы, бәрі де ға­йып. Теңіз деңгейінен әл­­де­неше метр биіктікте ас­қақтаған заңғар тау­лардың көк тіреген шың­­дарымен салыстырсаңыз – даланың дөңіс, бұй­раттары немесе қаланың кез келген сұңғақ ғимараты – аласа да бәкене, ал тау­лардың әлгі зор шың-ұшары – көк аспанның шексіз де самғау биігінің қасында бүк түсіп жататын кіш­кене қырат-қырқа ғана... Сәулет сұлулығын бейне­лейтін биіктік те осындай салыс­тырмалы ерекшеліктермен өл­шемденсе керек-ті. Астанадағы биік ғимараттарға сүйсінгенде көңіл сарайыңызды тербейтін бір-ақ өлшем бар, ол – биік болу әрі сұлу болу өлшемі! Десе де, бұл өлшем де әлеми деңгеймен алғанда салыстырмалы ғана екен... Салыстырмалылық ұғымына сыймайтын жалғыз-ақ биіктік өлшемі адами қасиетке ғана тән меніңше! Адамзат әлемінде, адам тіршілігінде адами биіктікке жететін биіктік жоқ! Мұндай Биіктің сәулетшісі – Адам және оның адами бүкіл зерде-болмысы. Алайда өкі­нішке қарай, замананың мынау қым-қуыт тірлігінде бұл биіктікті сомдап мүсіндеу тағдыры жер басып жүрген әрбір пенденің пешенесіне жазылмаған... Бүгін бас қаланың мен көрген мына биік әрі сұлу пей­­заждары маған биіктік туралы осылайша үш түрлі ой салды...


Баға беріңіз