Қостанай көшелерінің 73 пайызы орысша

Жер-су атаулары – біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің көрінісі. Олар көптеген тарихи оқиғалардан құнды деректер бере алатын, сол арқылы өлкетанушылық білімімізді кеңейтіп, рухани дүниемізді байыты...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

02 мамыр, 2018

Ұлттық тарихымыздың белгісіне айналған елді мекендер атаулары әр ғасырдың шежіресінен сыр тартып, салт-дәстүрден, халықтың өмір-тұрмысынан дерек беретін қайнар көзі. Атауларға негіз болған белгілердің барлығында ұлтымыздың, ата-бабаларымыздың танымы жатыр деп айта аламыз. «Жер-судың атауы – тарихтың хаты» деген халық атауында терең мазмұн, сындарлы салмақ жатыр.

Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер, су, жаһан дүзде кездескен кішкентай бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады»,- дейді.

Баршамызға мәлім Столыпин реформасы, одан кейін тың игеру науқаны кезеңінде облысымызда қаншама ауылдар мен көшелердің атаулары бұрмаланып қайта аталып кетті.

Тәуелсіздік алғалы биыл 27 жыл болмақ, осы жылдарда қабырғамыз қатайып, қорғанысымызды бекітіп, айдай әлемге өзіміздің айбынды кескін-келбетімізді танытып, Мәңгілік Ел болуға қадам жасадық.

Қостанай облысында 19 мыңнан астам гектар жер бар. 2017 жылғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, облыстабарлығы 879 134 адам тұрады. Олардың 351 008 немесе 39,9 пайызы – қазақтар, 364 601 немесе 41,4 % – орыстар, 74 683 немесе 8,5 %- украиндар, 88 842 немесе 10,1 % - басқа этнос өкілдері.

Қостанай облысында қазіргі мәліметтерге сүйенсек идеологиялық тұрғыдан ескірген 63 - ауыл немесе 11%, 42 – а/о немесе 17%, 535 – көше немесе 5%, 168 - әлеуметтік маңыздағы нысандар бар екені жасырын емес.

Ұзынкөл ауданында Бауман, Ершов, Карл Маркс, Киев, Киров, Куйбышев, Новопокров, Петропавл, Преснегорьков, Россия, Суворов, Федоров, Чапаев ауылдық округтерімен қатар Иваноровное, Ксеньевка, Варваровка ауылдары бар.

Таран ауданында Асенкритов, Белинский, Калинин, Новоильинов, Таран ауылдық округтерімен бірге Варваринка, Николаевка, Евгеновка, Елизаветинка, Валерьяновка, Ленинское, Увальное, Нелюбинка ауылдары орналасқан.

Федоров ауданында Баннов, Воронеж, Костряков, Ленин, Пешков, Федоров ауылдық округтерімен қоса Александрополь, Владыкина, Малороссийка, Кравцово ауылдары кездеседі.

Осылармен қатар атаулары ешбір сын көтермейтін көше атаулары да жеткілікті. Мысалы, Нефтебазовская, Колхозная, Коммунаров, Комсомольская, Коммунистическая, Монгольская, Октябрьская, Революционная, Таганрогская, Шанхайская, 22, 23,24,45 партсъезд, 40,50,60,70 лет Октября, 50,60 лет ВЛКСМ және тағы да басқалары.

Идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың орнына байырғы тарихи атауларды қайтару мақсатында Қостанай облысы әкімдігінің бастамасы және қолдауы арқасында Қостанай облысының тарихи топонимикасын зерттеу мен зерделеу үшін арнайы қаражат бөлініп 5 жыл қатарынан облысымыздың барлық аудандарында ғылыми, қырмандық, мұрағаттық-ізденіс жұмыстары жүргізілді.

Сол жұмыстарды нәтижесінде 5 жинақ баспадан шығып, кітапханаларға, әкімдіктерге, жоғары оқу орындарына үлестірілді.

Осындай мағынасы түсініксіз және идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен қайта атау бойынша жұмыстарды жүргізу соңғы 2-3 жылда әсіресе жақсы жолға қойылды.

Өйткені осыған дейін бірнеше жыл қатарынан нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру мен қайта атау жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған болатын.

2015-2018 жылдары Қостанай облысындағы ономастика саласында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Соның ішінде бірқатар білім, мәдениет және спорт ұйымдарына танымал тұлғалардың есімдері берілді.

2015 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 12 ақпандағы№ 57 және 27 сәуірдегі № 360қаулысымен Қостанай қаласындағы № 9 орта мектеп – Ғафу Қайырбеков, № 1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – Қадырбек Оспанов, № 5 орта мектеп Бауыржан Момышұлы, Арқалық қаласындағы саз мектебі – Бақытжан Байқадамов, Жітіқара қаласындағы № 9 орта мектеп Естай Есжановтың есімдерімен қайта аталды.

2017 жылы Қарабалық кентіндегі өнер мектебіне Сералы Қожамқұловтың, № 3 орта мектепке – Мұхамеджан Сералиннің, Қостанай ауданы Красный Октябрь орта мектебіне Қадір Кәрімовтің, Таран ауылындағы «Ұшқын» мәдениет үйіне Елубай Өмірзақовтың, Аманкелді ауданы орталығындағы балалар-жастар спорт мектебіне Ералхан Сейкеновтың, Сарыкөл кенті орталығындағы орта мектепке – Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімдері берілді. (ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 6 наурыздағы № 109 қаулысы).

2018 жылы Алтынсарин ауданы Маяковсский орта мектебіне – Омар Шипиннің, Таран ауылындағы №1 орта мектепке – Сапар Ерғалиевтің, Жітіқара қаласындағы №2 орта мектепке Мұса Шожанов атындағы мектеп болып қайта аталды.(ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 15 қаңтардағы № 9 қаулысы).

2015 жылы облыс аумағындағы бірнеше ауданда 19 көше қайта аталды, оның ішінде Әулиекөл ауданы орталығы – 7, Сарыкөл кенті – 4, Федоров ауылы – 2, Алтынсарин, Жанкелдин аудандары, Қостанай, Рудный қалалары – 1 көшеден. Тарихи және танымал тұлғалар есімдерімен қатар, жаңа көшелерге Астана, Бәйтерек, Тәуелсіздік атаулары берілді.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының 2017 жылғы 28 ақпандағы № 17-32-18/17-388-5 тапсырмасын басшылыққа ала отырып облыс аумағында көптеп кездесетін ономастикалық атауларды ретке келтіру және байырғы атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи атауларға алмастыру, сондай-ақ объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді.

Қостанай облысы әкімі орынбасары М.Қ. Жүндібаевтың төрағалық етуімен 2017 жылы аудандар мен қалалар әкімдері, олардың әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен 2 рет ономастика мәселесіне арналған кеңейтілген жиналыс өткізілілді.

Сонымен қоса әділет Департаментінің, аудандар мен қалалар әкімдіктері мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерініңбасшылары мен жауапты мамандарының қатысуымен арнайы семинар өткізілді.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің үлкен мәжіліс залында 27.10.2017ж «Азат елдің ономастикасы – ұлттың рухани қазынасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өткізілді.

2017 жылғы 18 қазанда Лисаков қаласы әкімдігінің мәжіліс залынды «Тарихи атауларды қайтару – тарихи жаңғыру кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

2017 жылы 5 көше қайтадан аталды, Қостанай қаласы мен Ұзынкөл ауданы орталығы – 2 көшеден, Қостанай ауданы орталығы – 1 көше. Облыс орталығы мен Қостанай ауданы орталығында Тәуелсіздік көшелері мен Қобыланды батыр даңғылы пайда болды.

2017 жылғы облыстық ономастика комиссиясының қараша-желтоқсан айларындағы 3 отырысында өңіріміздегі барлығы 85ұсыныс қарастырылды. Оның ішінде2 білім нысандарына танымал тұлғалардың есімдерін беру, 3 ауылдық округ, 4 ауыл, 1 атауы жоқ алаңға атау беру және 76 көшелерді қайта атау бойынша ұсыныстар қарастырылып комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты.

Қостанай қаласында барлығы 411 көше бар, оның 301 орысша аталған, 51 қазақ тілінде, 59 атауы жоқ.

Қазіргі уақытта облыс аумағында идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы ономастикалық атауларды жаңалау бойынша тұрғындар арасында дәйекті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, жастар мен ардагерлер кеңесінің мүшелері тартылуда.

Қостанай қаласындағы Авиационная көшесін Камшат Дөненбаева атындағы көше, Қазақ көшесін – Әбілсай көшесі деп қайта атау бойынша материалдар жиынтығы 12.03.2018ж. Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданды.

Қостанай ауданы Затобол кентінің атауын Тобыл деп қайта атау және оның мәртебесін аудандық маңыздағы қала деп өзгерту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2018 жылы да облысымыздың жергілікті атқарушы органдары ономастика саласындағы жұмыстарды бұрын белгіленген ұстанымдарға сәйкес жүзеге асыратын болады.

Ағымдағы жылы ономастиканың өзекті мәселелеріне арналған бірнеше шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Мысалы, «Ономастикалық жаңару – рухани жаңғыру кепілі» республикалық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу жоспарланып отыр. Конференция жұмысы бөлімдерінің бірі шет тіліндегі ономастикалық атаулардың латын әріптеріне транслитерация ережелерін түсіндіруге және зерттеуге арналған.

Сонымен қатар, «Тілі бірдің – тілегі бір» республикалық жастар форумын өткізу барысында ондағы қаралатын мәселелердлердң бірі ономастика саласына арналады.

Аудандар мен қалалар әкімдіктері мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, мамандары, әкімдіктердің заңгер мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізу және т.б.

Аталған шаралардың маңыздылығын ескере келе, олардың нәтижесі жақсы болу үшін халық арасында дәйекті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арнайы дайындалған ғалымдар, тарихшылар, филолог мамандар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін тартқан орынды болары сөзсіз.

Осы орайда елді мекендерге, олардың құрамдас бөліктеріне, объектілерге жалпыұлттық деңгейде танылмаған тұлғалар есімдерін беруге жол берілмейтіндігі басты назарда болады.

Түйін. Өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға, тілге, мәдени нысан, көше, дүкен атауларына дейін қай тұрғыдан алып қарасақ та жауапкершілікте екенімізді сезіне білу. Бүгінгі таңдау ертеңгі бейнеміз, ұрпақ еншісіне айналар жәдігер боларын ұмытпауға тиістіміз.


Баға беріңіз