​Қандай кітап көп оқылады?

Бұл сұраққа жауап берудің алдында географиялық, та­нымдық, əр елдегі немесе өңір­дегі менталитетті назарда ұста­уымыз қажет секілді.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

20 сәуір, 2018

Осыдан бі­раз бұрын əлемнің əр өңіріндегі көп оқылатын жанрлар жайлы жа­зылған мақаланы көзім шалып қалды. Ол ақпараттың қазір де көп өзгере қоймағаны анық. Мысалға, АҚШ халқы соңғы жыл­дары əйелдерге арналған романдарды қалдырмай оқиды екен. Одан кейін бұл тізімде балалар мен жасөспірімдерге ар­налған ертегі мен танымдық романдар, фэнтези, бизнес және құқықтық əдебиеттер, комикс­тер, трэш, қазіргі заман мистика­сы, стимпанк, танымал жəне же­тіс­тікке жеткен адамдардың био­графиялық кітаптары орналасқан. Бұл қатарда детективтің жоқ болмауы бізді таңғалдырды.

Нон-фикшннен бөлек əдеби жанр­­лардың бұл жерде аз болуын­ Аме­рика халқының өзіндік ерек­шелігімен түсіндіруге болатын шы­ғар.

Америкалықтарға тəн дү­ние­таным мен «америкалық ар­манға» дейін бұл тізімге өз­ге­ріс əкелгенін көре аламыз. Əйел ­теңдігі, кәсіпке құмарлық, əлеу­мет­тік қатынастарды түсіну­ге және өз құқықтарын білуге ұм­тылу осы өңірдегі кітап нарығына əсер етеді.

Ал Еуропаның кітапсүйер қауы­мы «классикалық» детективке деген құмарын əлі баса алмай келеді. Бұ­ған ХХ ғасырдағы британиялық де­тективтің əсері мол болғаны анық. Еуро­пада шыңына шыққан бұл жанрды бүкіл əлем оқиды. Одан кейінгі орын­дарда балалар кітабы, мистика, сентиментальді махаббат романда­ры, танымдық-ғылыми кітаптар, қазіргі заман Еуропа романы (детек­тив, мистика, эротика, параноя, дадаизм мен эпатаж элементтері бар роман), тарихи романдар, манга мен комикстер, аспаздыққа баулу кітап­тары орналасқан. Бұл жерден де еуро­па­лықтарға тəн дүниетанымның, попса мəде­ние­тінің, жыныстық теңдік, өзін тұл­ға ретінде қалыптастыруға ты­рысу секілді Батыс халқына тəн мен­талитетті көре аламыз. Бұл жер­­де біз нақты əдеби көркем шы­­ғарма тұрғысынан қарағанда, нон-фикшннен бөлек, екі өңірден де фэнтези, детектив, мистика, за­манауи романдардың халық сұ­ранысына ие екенін білуге болады.

Детектив жоғарыда айтқа­ны­мыздай, ХХ ғасырдағы брита­ниялық детективтен бастап халық жүрегінен орын алған. Қазіргі күні бұл жанрда жазылған романдар мен түсірілген фильмдерді санап тауыса алмайсың. Детектив қай кезде де ескірмек емес. Бі­рін­шіден, детектив қылмысты зерт­тейтін, тергеудің тəсілдері ар­қылы оқиға құрайтын жанр. Ал тер­геу ісі де жыл санап өзгереді, дамиды, күрделене түседі. Оқи­ға логикасы, із кесушінің ин­тел­лекті, оқиға желісі, тергеу тəсіл­дері де жаңарып, оқырманды шым-шытырықта ұстап отырады. Екіншіден, детективті көбіне бұ­рын­ғы агенттер мен полиция қызметкерлері, криминалистер жазады. Үшіншіден, оқиға соңына дейін оқырманның өзі де «қылмыскерді» бірге іздеп, жауа­бын алуға тырысады. Бұл кітап сүйер қауым үшін интеллек­туалдық ойын секілді əсер береді. Күнделікті қайталана беретін өмірден шаршаған адамдар үшін бұл кейіпкерлер бірге өмір сүріп, қиялын жетілдіріп, тіпті логикасын жаттықтыруға таптырмайтын кітап.

Фэнтези мен фантастиканың таны­малдылығын қалай түсін­діруге болады? Бұл жерде нақ­ты өмірден қашу бар. Яғни бұл өмірде болуы мүмкін емес нəрсе­лердің бар болуы да адамды қиял­дауға жетелейді. Тағы сол жоғарыда айтып өткен жұмыс пен үйдің ортасында жүрген адам­дардың қиялдауға деген ынтасын айта кеткеніміз жөн. Ал өздігінен қиялға беріле алмайтын адам кітаптағы, кинодағы қиялға еріп, өмірден бір сəтке болса да қашуға мүмкіндік алады.



Баға беріңіз