​Латын графикасына көшу – маңызды қадам

Бүгінде интернет пен әлеуметтік желілер қоғамдағы ішкі саяси ахуалдың немесе халықтың көзқарасын білдіретін маңызды барометр болды. Бұл желілер арқылы халық қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

17 сәуір, 2018

Әлем қазір Қазақстанды халық­аралық қатынастардың жауапты субъектісі ретінде таниды. Еліміз алыс-жақын мемлекеттердің бар­лығымен достық қатынас орнатты. Сондықтан еліміздегі өзекті оқи­ғаларға шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар, еуропалық БАҚ­ назар салып, өз пікірлерімен бө­ліседі. Осы ретте еуропалық «EUActiv» электронды газеті «Қа­зақ­станның «Рухани жаңғыру» ре­формалары аясында ұлттық біре­гейлікті сақтай отырып, латын гра­фикасына бірте-бірте көшуінің мақ­саты – бүкіл әлеммен байланыстарды жеңілдету» деп жазады.

«EUReporter» газеті «Қазақстан қашанда аймақтық және жаһандық интеграцияны күшейтуге атсалы­сып келеді. Сауда, бизнес жә­не­ дип­­ломатия салаларында­ ынты­мақ­тастықты кеңейту тұрақты және өр­кендеуші мемлекет қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Ла­тын әліпбиіне көшу – Қазақстан үшін осы бағыттағы маңызды қа­дам», дейді.

Еуропалық Парламенттің де­пу­та­ты Андрей Мамыкин: «Қазақ­­стан латын әліпбиіне көшуге көптен дайындалып келеді. Ел Пре­зи­денті Н.Назарбаев Ұлт көш­­басшысы ретінде, дәл қазір бұл өзгерістерді жасаудың уақы­ты келді деп шешті. Бұл алға басушы­лық – көптеген еуропалық саясаткерлерге үлгі боларлықтай», деген ойымен бөлісті.

Бельгиядағы қазақтардың «Ша­ңырақ» ұйымының басшысы Ақ­марал Әмірқұлова қазақ тілін латын графикасына ауыстыру ту­ралы жаңалықты Еуропадағы қазақ диаспорасы қуана қарсы ал­ды дейді.

Ресей сыртқы істер министрі­нің орынбасары Г.Карасин «Бұл жағдайға қатысты біздің ұста­нымымыз байсалды. Қандай әліп­би қолданатынын белгілеу, ол – Қазақстанның ішкі ісі» деп ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, өзге әліпбиге көшуден туындайтын жаңа жағдайға бейімделу уақыт алады, бірақ айтарлықтай проблема туындамайды.

Латын графикасына ауысу мәсе­лесі еліміз тәуелсіздігіне қо­­л­ жеткізген уақыттан бастап тал­­­қы­­ланып келеді. 2012 жылы Пре­зидент Н.Назарбаев 2025 жыл­ға дейін латын қарпіне көшу қа­жет­тігін «Қазақстан-2050» Страте­гиясында мәлімдеді. Яғни 2025 жыл­ға қарай іс қағаздар, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрін латын әліпбиімен басып шығара бастаймыз.

Президент Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласында «Мемлекет пен ұлт құ­рыштан құйылып, қа­тып қалған дүние емес, үнемі дамып­ отыратын­ тірі ­ағ­за­ іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағы­мына саналы түрде бейімделуге қа­білетті болуы керек» деп дұрыс айт­ты.

Израильдегі Қазақстан елшілі­гін­де жұмыс істеп жүрген кезімде 2008 жылғы 23 қаңтарда «Егемен Қа­зақстан» газетінде менің «Өлі тіл деп есептелген көне иврит жазуы тірілгенде, жаны бар қазақ тілі не­ге жанданбасқа?» атты мақалам жа­­рық көрді. Онда Израильдің «өлі» деп есептелген иврит тілін «тірі» тілге айналдырып, шап­шаң қар­қынмен дамытып, оны сая­сат, эко­номика, әдебиет, мә­де­ниет, тех­ника және жалпы күн­делікті қол­даныстағы деңгейге кө­теру жолындағы тәжірибесімен бө­ліс­кен едім. Көне заманнан бе­рі иврит тілі тек еврейлердің «Тәу­рат» діни кітабының тілі болып кел­ді және ол, латын тілі сияқты, тек дұға оқу кезінде ғана пайда­ланылатын. 1948 жылы жаңа құ­рылған Израиль мемлекетіне дү­ние жүзінің түкпір-түкпірінен әртүрлі тілде сөйлейтін еврейлер жинала бастады. Мемлекетке бә­рінің басын қосатын ұлттық идея қажет болды. Сөйтіп 1949 жы­лы иврит Израильде ресми мәр­тебеге ие болды. Иврит тіліне да­муға мүмкіндік беру үшін сол кез­дері шетелден кел­ген репатрианттар пайдаланған идиш, араб, ағылшын, француз және орыс тіл­деріне тыйым салынды, мем­лекеттік қызметкерлер иврит тілін білуге міндеттелді. Бұл тәуелсіздік алған барлық мемлекеттердің ұс­танымы.

Күнделікті өмірге жаңалық ен­гізуде, әсіресе осындай тарихи маңы­зы бар істе қолдаушылармен бір­ге оппоненттер де болады. Ота­ны­­ның болашағын ойлайтын әр қазақ­стандықтың алдында бұл тарихи ше­шім не береді, қандай қиын­дықтар болады деген сауал тұруы – табиғи құбылыс. Сон­дықтан түрлі пікірлер мен ойлар, күмән мен сенім сияқты сезімдер туындайды. Бірақ кертартпа және бөтен пиғылды адамдарға қазақ хал­қы үшін тарихи сәтті сынауға жол беруге болмайды.

Сынаушылардың бірі «Асхана» латынша «Ashana» деп жазылып, ол «АшАна» деп оқылатынын ай­тып мазақ етеді. Оларға менің жауа­бым – жаңа әліпбиді дұрыс мең­геріп, мемлекеттік тілді жетік білетін, көзі ашық және сауатты адам бұл сөзді тура оқиды. Мә­селен, француз тілінде 3-4 әріп бір дыбыс бере алады. Әйгілі фран­цуз автомобилі «Рeugeot» (Пежо) деген сөзде төрт дыбысты 7 әріп береді. Французша ««merci beaucoup» деген сөйлемді бәрі білер. Онда «beaucoup» (боку) (аудар­масы – үлкен) деген сөзде 4 дыбыс 8 әріп арқылы жазылады. Одан француз тілін ешкім кем­сітіп, басқа сөздермен шатас­тырып жатқан жоқ. Керісінше, фран­цуз тілі саясат, дипломатия, эко­номика, әдебиет, өнер, кино, музыка, мода тілі ретінде әлемге белгілі.

Кейбіреулер әліпбидің бір-екі әріпін қайта қарау керек де­ген пікір айтады. Бұл қате пі­кір, әрбір он-жиырма жылда әліп­би өзгере бермейді. Елбасы тәуел­сіздікке қолы жеткен мемлекет үшін өмірлік маңызы бар Жарлық бе­кітті, ал біз осы елдің азаматтары ретінде оны іске асыруымыз қажет. Француз тілі біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырдың ортасында латын ауызекі тілінен пайда болып, дами келе XII ғасырда жазу құқығына ие болды, сөйтіп осы күнге дейін өмір сүріп келеді. Қасиетті Құран Кә­рім­нің жазылғанына он төрт ғасыр­дан асты, бүгінге дейін сол 28 араб әріпі еш өзгермей келеді. Қы­тай, жапон, корейлер де көне иеро­глифін сақтап отыр.

Қазақ тілінің жаңа латын графикасын әзірлеуде оны түрлі сала­дағы ғалымдар, оның ішінде тіл маман­дары, сарапшылар, филологтер және бүкіл халық бірлесе талқылап, үлкен еңбек жасады. Оған қоса, жаңа қазақ әліпбиіне көшуге 2025 жылға дейін уақыт берілді, яғни бұл үдеріс кезең-кезеңмен өтеді деп көзделіп отыр. Осы тұрғыда, қазақтардың тілдерді меңгеру қабілетін ескерсек, республикада латын әліпбиіне көшу үдерісі жоғарыда айтылған иврит тілін «тірілткенге» қарағанда анағұрлым жеңіл өтетіні сөзсіз.

Латын әліпбиіне өтудің қа­зақ тілінің мемлекеттік тіл ре­тіндегі мәр­тебесін көтеруге ық­палы зор. Себебі тіліміз басқа ел­дердің тілдерімен бірдей дең­гейде тұрады, оған қоса, өзге ел­дермен және шетте жүрген қан­дастарымызбен қарым-қатынас жасау­да тиімділігін көрсетеді.


Баға беріңіз