Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Ономастика мамандарын даярлау керек

16.4.2018 63

Тәуелсіздігіміздің бізге берген жақсылықтары көп. Солардың бірі де бірегейі – тарихи атаулардың қалпына келтіріле бастауы, ортамызға оралуы. Әлі де оралмағандары қаншама, десек те мәселе бірте-бірте шешімін табады деген ойдамыз. Жалпы тарихи атауларға шын мәнінде көненің көзі деп емес, өткеннің ұлағатты сөзі деп те қарауымыз керек. Ал сөз дегеніміз, атау дегеніміз бұл жатқан бір тарих. Онда ата-бабамыздың үні, яғни дәуір дауысы, заманның ұлағаты бар. Сол себепті де тарихи атауларға бейжай қарауға болмайды. Бұл орайда ортаға салатын бірнеше маңызды мәселелер аз емес. Ең алдымен мемлекет ретінде мекен етіп жатқан географиялық кеңістігімізде, республикамыздың аумағынан тыс жерлерде қазақ халқына қатысты тарихи атаулардың бас-аяғы жиналып, толыққанды зерттелмей, ғылыми айналымға түспей келе жатқандығы. Тарихи атаулар елімізден бөлек, ­шекаралас аймақтарда, атап айтқанда Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге елдерде, алыс-жақын аймақтарда ұшырасады. Мұның барлығы терең зерттеліп, ғылыми айналымға түссе, ұлттық кодымызды тануға жол ашылады.

Әртүрлі дәуірлер мен ғасырларда, белгілі бір тарихи кезеңдерде пайда болған атаулар сол кездегі гео-саяси жағдайдан, әлеуметтік-мәдени өмірден жан-жақты хабар береді. Ата-бабаларымыздың табанының ізі қалған, ғұмыр кешкен мекендерде, халық жадында, тарих беттерінде көптеген атаулар сақталған. Оларды ұлттық таным көкжиегін кеңейту мақсатында зерттеудің өз қажеттілігі бар. Қазаққа қатысты тарихи атауларды, тіпті бүкіл әлем бойынша іздесек, несі айып? Сөздің мағынасы мен ретіне, қолданысына, шығу тегіне қарай, ғылыми тұжырымдарға сүйене отырып, зерделеу – өзекті мәселе. Бүгінде елімізде шет тілдерін, атап айтқанда ағылшын, түрік, араб, парсы, қытай, жапон және өзге де тілдерді жетік білетін мамандар аз емес. Олардың арасында ғалымдар, тарихшылар да бар. Осындай м­амандарды тарта отырып, ономастикалық, топонимикалық бағыттарды зерттейтін ғылыми орталық құруымыз керек.

Мәселен, Еуропа, Азия елдері ­бойынша кездесетін тарихи атаулардың этимологиясын, атаулар сырын зерттеп, ғылыми жинақ, сөздік ретінде шығарылса, ғанибет болар еді. ­Шынтуайтына келгенде, әрбір тарихи атау – ұлттық санамыз бен бірегейлігіміздің, тұтастығымыздың көрінісі. Тарихи атау арқылы жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға болады. Оны санамызда қайта жаңғырту, ұлттық болмысымызды танып-білуге жол ашады. Қазақтың әрбір атауы жайдан-жай қойыла салмаған. Мұқият зерделесек, ол белгілі бір тарихи жағдайларға, эпостық жыр-аңыздарға, би-шешендер мен батырлардың, қосылмаған ғашықтардың, еліне қамқор болған айтулы тұлғалардың құрметіне, жердің табиғи-биологиялық ерекшелігіне және т.б.қатысты қойылып отырған.

Еліміздің ономастика, топонимика саласына байланысты мәселелерді тілге тиек еткенде, мына бір мәселені де айта кетуіміз керек. Ол – жоғары оқу орындарында ономастика саласының мамандарын даярлау бөлімдерін ашу. Себебі бұл салада елімізде кәсіби мамандардың аздығы байқалады. Бұл мәселені көбіне-көп география, филология салаларының мамандары зерттеп жүр. Ал ономастика дегеніміз бұл бірнеше ғылым салаларының түйіскен жері. Онда тарих та, география, филология, геология да көрініс табады. Географтар сөздің этимологиясын, лингвистикалық мәселелерін біле бермеуі мүмкін, ал филологтар керісінше жер-су атауларының географиялық мәселелерін жете танымауы мүмкін. Ал бұлардың барлығы атау­ларды зерттеуде үстіртіндікке әкеліп соғады.

Ономастика – тіл білімінің күрделі саласы. Ол грек тілінен аударғанда (ὀνομαστική) атау беру өнері деген ұғымды білдіреді. Атаулардың шығу тарихын, олардың ұзақ уақыт бойы қолданыста болуынан трансформацияға ұшырауын зерттейді. Ономастика, ономатология, ономасио­логия, топономастика, антропонимика, астронимика, зоономика, каронимика, космоника болып сала-салаға бөлінеді. Ономастикалық зерттеу­лер әртүрлі халықтардың миграциясы мен түпкі атамекенін, мәдени және тілдік қарым-қатынастарын, тілдердің байырғы қалыбы мен олардың диалектілерін анықтауға мүмкіндік береді. Ғылым үшін құнды деректер ұсынады. Демек ономастика кешенді сала болғандықтан оның мамандарын даярлаудың қажеттілігі осындай мәселелермен айқындалады.

Бүгінгі таңда еліміздің әр облыс, аймағы бойынша дайындалған оно­мастикалық-анықтамалық жинақтар бар екені белгілі. Бірінде тарихи материалдар көбірек болса, енді бірінде анықтамалық тұрғыда ғана қысқаша берілген. Кейбіреулер, тіпті орыс тілінде ғана дайындалған. Яғни барлығы бір жүйеге, бір ізге түспеген. Көлем, баспа табағы да әртүрлі. Енді осылардың барлығын жүйелеп, бірнеше томдардан тұратын, жаңа деректермен толықтырылған сүбелі жинақтар етіп неге шығармасқа? Мұндай жоба қолға алынса, асығыстыққа жол беруге болмайды. Ол бірнеше жылға созылса да, сапалы, елдің көңілінен шығатындай болуы керек. Аталған көптомдықты дайындауға тек қана ғалымдар емес, жалпы халықты да қатыстыруға болады. Елбасы айтқандай, әр азамат өзінің туып-өскен жерін, ондағы жер-су атауларының тарихын жазып берсе, мұның өзі үлкен материалға айналар еді. Сөйтіп, «Рухани жаңғыру» аясында еліміздің ономастикасы да жаңғырады.

Әлбетте, ономастикалық мәселелер тек ғылыми-зерттеулермен шектеліп қалмауы керек. Тарихи атауларды жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға айтар­лықтай көңіл бөлініп отырса, нұр үстіне нұр. Киелі мекендерге экскур­сиялар ұйымдастыру, жергілікті жердің ерекшеліктерімен таныстыру, т.т. Мәселен, Орал өңірінің оқушыларын оңтүстіктің тарихи мекендерімен, Ақмола өңірінің оқушыларын батыс өңірінің тарихи жерлерімен таныстырса, бұл олардың бойында ұлттық сананың қалыптасуына оң әсер етеді. Оқушылар өз облыстарын ғана танып білмей, бүкіл Қазақстанның тарихи жерлерін біліп шығар еді. Отанға деген патриоттық сезім осындай шаралар арқылы қалыптасады.

Президенттің «Рухани жаңғыру» бағ­дарламалық мақаласында жазылған­дай: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».

Иә, шын мәнінде жай сөзбен ғана: «Сен еліңнің патриоты бол» дегеннен нәтиже шықпайды. Патриоттыққа кеудеге мақтаныш ұялататын дүниелермен баулысақ, құба-құп. «Атамекен», «Туған жерге саяхат» және т.б. жобаларды неліктен қолға алмасқа? Шыны керек, оқушыларымыз жазғы демалыста қайда барып, не істерлерін білмей жүреді. Уақыттарын босқа өткізеді. Жергілікті жерлердегі әкім­діктер, білім, мәдениет басқармалары осы сая­хаттық, экскурсиялық жобаларды неліктен ұйымдас­тырмасқа? Әр оқушы бір тарихи атаудың мағынасын біліп және сол жерді өз көзімен көріп қайтса, өмір бойы есінде қалмай ма?

Ономастиканың тағы бір мәселесі – Кеңес уақытында пайда болып, күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан көптеген атаулардан арылу. Мәселен, бір ғана Ақмола облысының өзінде Юбилейное, Московское, Костычево, Донское, Маяк, Савиновка, Ярославка, Знаменка, Сочинское, Наумовка, Филипповка, Дмитриевка және т.б. атамекенімізге қатысы жоқ көптеген атаулар кездеседі. Бұлардың есімі әлемге әйгілі қайраткерлер, ақын-жазушылар болса бір жөн, көбі заманында әйтеуір сол жерге атау беру керек болған соң қойыла салғаны байқалады. Тың игеру жылдарында, сондай-ақ жер аударылған халықтардың қоныстана бастағандарынан кейін пайда болған атаулар ғой. Осындай әрқилы орысша нұсқалар, әсіресе солтүстік өңірлерде көп кездеседі. Оңтүстік облыстарда бірен-саран ғана болмаса, жиі ұшыраспайды. Жер, елді мекен атауларын қазақыландыру бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары саябырсып қалды. Бұл тұста ескеретін нәрсе, атау беруді ешуақытта науқаншылдыққа айналдыруға болмайды. Бізде көбіне-көп, тарихи атауларды жаңғырту емес, кейінгі кезеңдерде ғұмыр кешкен кісі есімдерін беру үрдісі белең алып кетті. Егер есімі берілетін тұлға халыққа белгілі болса, сол жерге, аймаққа еңбегі сіңген азамат болса, бір басқа. Әрбір атау ғасырларға жалғасып, дәуірлерге ұласатын болған соң оның салмақты болғаны дұрыс.

Ендігі бір атап өтерлік жайт, қазір қалалық жерлерден байқайтынымыз, сауда-саттық орталықтары, шетелдік мекемелер, компания­лар, түрлі фирмалар, кәсіпорындар жаппай шетелдік сөздермен аталуда. Бейне бір ­шетелде жүргендейсің. Сонда мемлекеті­міздің ұлттық келбетін, бет-бейнесін қалай қалыптастырамыз? Кез келген атау белгілі бір дәрежеде сол елдің идеологиясын, тарихи-мәдени аспектілерін білдіріп тұруы керек. Оны көріп, жадына түйіп өскен жас ұрпақ та күні ертең өз елінің атауларын мақтаныш тұтады. Ал бізде, өкінішке қарай, шетелдік атау­лар көбейіп барады. Мемлекеттік тіл тұрғысы­нан алғанда бұл дұрыс емес. Ең бірінші кезекте мемлекеттік тілдегі атауларға басымдық берілуі керек. Мұны заңдық тұрғыдан шешетін уақыт келді. Өйткені бұл елдігіміздің бет-бейнесін сақтауға бағытталған мәселе. Қазақстанға келген кез келген ­турист алдымен қаладағы атауларға мән береді. Елдіктің бет-бейнесі мемлекеттің өз тілінде жазылған атаулары арқылы танылатынын естен шығармайық. Осы жағына көбірек назар аударғанымыз дұрыс.

Қорыта келгенде айтарымыз, ономастика саласының өзекті мәселелеріне жете көңіл бөлуіміз керек. Оның дұрыс бағытта зерттелуі, тарихи атаулардың қалпына келтірілуі, мамандар даярлау орталықтардың ашылуы, ономастика мәселесіне ұлттық мәселе ретінде назар аударылуы – барлығы да Тәуелсіздігіміздің нығаюына, мемлекет іргетасының берік ­болуына едәуір үлес қосары анық.

Тегтер: ономастика, қазақ жері, мәселе, атау
Авторы: Дәуіржан Төлебаев, "Ана тілі" газеті

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

46 0

ақпарат

Сирек қолжазба – құнды мұра

48 0

ақпарат

​Қандай кітап көп оқылады?

46 0

ақпарат

«Тәуелсіздіктің дәуірі» - Отаншылдыққа тәрбиелейтін құнды еңбек