​Атауларды латынша қалай жазамыз?

Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 сәуір, 2018

Елбасының өткен жылғы сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне бір жыл болыпты. Қоғамымызға рухани сілкініс әкелген бұл құжат ұлттық рухты нығайтатын көптеген игі іс-шараларға жол ашты. Соның бірі жаһандану заманда қазақ қоғамына аса қажет латын әліпбиіне көшу туралы тарихи шешім қабылданды. Бүгінгі таңда бұл мәселе жұртшылық тарапынан жан-жақты талқыланып келеді. Әркім өз көзқарасын айтып, артық-кем тұстары да саралануда. «Көш жүре келе түзеледі» деген халық даналығын еске түсірсек, кез келген жаңа әліпби тәжірибе мен нақты қолданыс барысында жетіледі, анықталған кемшін тұстары түзетіледі. Бұл жалғыз бізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде де солай. Десек те, қазіргі таңда мамандар нақты іс-шараларға көше бастады. Үкімет жанынан Ұлттық комиссия құрылып, жұмыс топтары құрылғаны белгілі.

Орфографиялық, әдістемелік, терминоло­гиялық және техникалық топтар ай сайын отырыстар өткізіп, жұмыс жоспарларын бекітіп, соңғы 2-3 отырысында негізінен ұйымдастыру шараларын талқылады. Ендігі кезекте нақты ғылыми шараларға көшу көзделіп отыр. Мәселен, орфографиялық, терминологиялық топтарда емле-ережелердің, терминжасамның басты қағидаттарын ­немесе транслитерациялауға қатысты қандай да бір нақты өзекті мәселелерді ортаға салу жоспарлануда. Алайда көптеген шаралар түптеп келгенде Орфографиялық ережеге келіп тіреледі. Орфографиялық топ қазіргі кезде қызу жұмыс үстінде. Түсінген адамға ереже жасау бір-екі айда, тіптен бір жылда бітетін шаруа емес. Бұл аса жауапкершілікпен қарауды талап ететін іс. Аталған жұмысты жүзеге асыруға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орфографиялық ереже, сөздік жасау жұмыстарымен көп жылдардан бері айналысып келе жатқан, осы салада мол тәжірибе жинақтаған, танымал мамандар жұмылдырылып отыр. Ереженің жобасы әзірленгеннен кейін алдымен ұжымда, содан кейін жұмысшы топ мүшелері ортасында талқыланып, оны жан-жақты жетілдіре түсу үшін көпшілікке ұсынылады.

Ұлттық жазуымыздың латын әліпбиіне көшуіне байланысты Мемлекеттік бағдарла­масында кезең-кезеңмен көрсетіл­ген іс-шаралар қатарындағы ғылыми-лин­гвис­тикалық, нормативтік-лексико­графия­лық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыс­тарын (грамматология, жазу теориясы, орфография және орфоэпия графикасы, терминография, ономатография, неография салалары бойын­ша теориялық зерттеулер жүргізу) Тіл білімі институты жыл басынан қолға алды. Мемлекеттік бағдарлама шаралары 2025 жылға дейін, жазуымыз латын графикасына толық көшіп болғанша жоспарланған. Соның алғашқы үш жылында латынграфикалы әліпбиге көшудің ең қиын да жауапты тұсы орфографиялық, ономастикалық, терминологиялық емле-ережелер, алғашқы сөздіктер жобасын әзірлеу науқаны басталды. Олар институт ғалымдарымен қатар республиканың жоғары білікті беделді ­мамандарына жүктеліп отыр. Республика жұртшылығының басым көпшілігін латынға қашан, қалай көшеміз деген сауалдар жиі мазалайды. Жұртшылыққа түсіндіру, дұрыс ақпарат беру жұмыстарын жауапты ресми орындардан өзге ғалымдар да БАҚ арқылы жүйелі түрде жеткізіп отырғаны дұрыс деп есептеймін.
Жаңа әліпбиге көшу тек емле-ереже, сөздіктер жасаумен шектелмесе керек, өйткені тіл білімінің негізгі оншақты саласы бойынша жұмыстар қатар жүруі тиіс, олар терминология, тіл мәдениеті, ономастика, компьютерлік лингвистика, фонетика, тіл тарихы, т.т. Бұл орайда айта кетерлігі, ономастика мәселелері терминологиялық жұмыс тобының құрамына еніп отыр. Ал терминологиялық топты Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев басқарады. Ономастика саласының маманы ретінде бұл бағытта атқарылар іс-шаралардың кейбіріне тоқталып өтсем деймін.

Бағдарламада 2020 жылдан бастап төл­құжа­­тымыз түгел латын графикасы негізін­де рәсімделетіндігі көрсетілген. Осы шараға қатысты институт мамандары биылғы 2018 жылдың аяғына дейін бірқатар жұмыс­тарды қолға алмақ. Нақты айтқанда, қазақ кісі есімдері мен аты-жөндерін латын графи­ка­­сының негізінде транслитерациялау ере­желерін, сондай-ақ кирилл және латын гра­фи­каларында қазақ есімдері мен фамилия­ларының параллель анықтамалығын әзірлеу көзделген. Ережеде кісі аттарын жазуда дауыс­ты және дауыссыз әріптердің, латынграфикалы орфограммалардың берілу реті, біріккен тұлғалы есімдердің жазылуы мен бас әріппен жазу, т.б. ережелері қамтылады. Жаңа латын әліпбиінің дағдылы кирилл әліпбиінен өрнегі де, әріптердің орналасу реті де өзгеше.

Кісі есімдерінің нұсқаулығының жобасына қоса, жиі кездесетін ер және әйел есімдерінің, қазақ аты-жөндерінің латын әліпбиіндегі таңбалану үлгісі берілген анықтамалық әзірленеді. Ономастика саласының емле-ережесін жасау биылғы жұмысы мұнымен шектелмейді. Орфографиялық емле-ережеде ономастикалық атауларға қатысты біраз тармақтар, баптар бар. Соларды толықтырып, өңдеп, бұрынғы тілдік деректерді жаңартып, латын қарпімен жазу ережесіне тың мате­риалдар қосу жоспарлануда. Кез келген ережені жасау үшін және ғылыми талдаудан өткізу үшін, ең алдымен, деректік база аса қажет. Мұндай атаулар тізімі екі-үш мың бетке дейін жинақталып, сараланады. Қазір зерттеуге қажет материалмен қатар кирилл, латын графикалы параллель анықтамалық әзірлену үстінде.
Ономастикалық атауларды іріктеудегі басты ұстаным – негізгі бес функционалды стильдегі мәтіндерде қолдану жиілігі болып есептеледі. Олар: оқулықтар, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиет, ісқағаздары, БАҚ және т.б. мәтіндері. Негізінен онда ұлттық, әлемдік мәдениетте кең танымал прецеденттік, яғни мәдени феномендік маңызы бар атау­лар болуы тиіс. Бірнеше сөзден құралған қазақ тіліндегі, шетелдік күрделі атаулар мен феноменонимдердің жазылуының ғылыми принциптерін нақтылау үшін семантикалық талдау жүргізіледі.

Орыс тілі кирилл қарпінде жүре береді делінді. Ал сонда ұлты орыс азаматтардың аты-жөндерін жазуда төлқұжаттарында қазақ латын әліпбиіне жүгінеміз бе, әлде Ресей­дің транслитерациялық жүйесінде қала бере ме деген заңды сауал туындайды. Елі­мізде орыс тіліндегі географиялық атаулар құжаттарда, сөздіктерде, қазақ мәтіндерінде қолданылатыны белгілі. Мысалы, Ольга, Любовь, Игорь есімдеріндегі, Вольное, Усть-Каменогорск, Большое Пенькино, т.б. орысша атаулардағы «ь» (мягкий знак) белгісін белгілеу қажет пе, жоқ түсіріп жазамыз ба? Бұл да өзекті мәселе. Ресейдің 2017 жылғы транслитерациялау ережесінде Ol`ga деп жазылған. Бір қызығы, 2018 жылғы ережесінде халықаралық стандарт бойынша (шетелдік паспортты рәсімдеудің латын қосымшасында) жай ғана Olga, Igor дей салған.

Ағылшынтілді, жалпы латынграфикалы қалаіші нысана атаулары (эргонимдер), кәсіпорын, компания, түрлі кешен атауларын жаңа графикамызға икемдейміз бе, әлде сол күйінде ағылшынша қала бере ме деген сауал да алдымыздан шығады (Air Astana, SCAT, NextFit, Deluxe, т.т.) Қазақ тілінде жазылған болып көрінетін Самұрық-Қазына холдинг атауының бірінші сөзі орыс тілінде Самрук деп, екінші сөзі қазақша жазылған. Латынға көшкенде Samruk-Kazyna атауының екі жағы да Samuryq-Qazyna боп қазақыланары анық. Ал kz таңбасы бар сайт аттарын жаңа латынға сай таңбалаймыз ба, жоқ бренд атау­лар сияқты өзгеріссіз қала бере ме? Олай болса, латынға көшуіміз жартыкеш көшуге айналмай ма?!

Мемлекеттік бағдарлама тапсырмасы бойынша 2019 жылы кирилл және латын графикаларында Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірліктер мен физика-географиялық атауларының параллель анықтамалықтары мен тиісті ережесін әзірлеу ісі қатар көзделген.
Ал 2020 жылы кирилл және латын графикаларында қазақ тіліндегі шет тілдік атаулар анықтамалығы әзірленіп, «Дүниежүзілік ­саяси карта» бетіндегі атаулар латынграфикалы қазақ әліпбиі негізінде түгел транслитерацияланады. Мемлекет, астана, халықаралық әуежай атаулары, қалалар мен теңіз, көл, өзен, тау, арал және Арктика, Антарктида құрлықтарының атауы, т.б. қазақ латын графикасында транслитерацияланады.

Шетелдік атауларды транслитерациялау шаруасы алдымен арнайы ереже дайындауды талап етеді. 2000-ші жылдардың басында Дүниежүзілік саяси картаны алғаш рет қазақшаға аударғанда біраз қиналғанымыз бар. Өйткені экзонимдік атаулардың аудару, транслитерациялаудың өзіндік халықаралық принциптері бар: 1. Түгел аударылатын экзонимдер, мысалы, Pasifik Ocean — Тынық мұхит, Сape Verde – Жасыл мүйіс, Cape of Good Hope — Қайырлы мүйіс аралы; 2. Жартылай аударылатын (аралас-комбинированный) атаулар Жаңа Гвинея, Оңтүстік Америка т.б., бірақ Ресейдегі Новотроицк атауындағы анықтауыш аударылмайды; ­­3. ­Аударылмайтын, жазуы мен қолданысы тарихи тұрақталған, түпнұсқа негіздегі атаулар: Мадагаскар, Калахари, Сан-Франциско, Санкт-Петербург, Ньюфауленд, Нью-Йорк, Рио-Гранде т.б. Бұл атаулардағы анықтауыштар сан, санкт–қасиетті, нью-жаңа, рио-өзен деп аударылады, алайда мұндай типтегі атаулар өзеріссіз қала бермек.

Сондай-ақ күрделі топоним құрамындағы анықтауыштар мен кейбір географиялық терминдер қабылдаушы тілге аударылып алынады. Нақтырақ айтсақ, жер-су атаулар құрамында кездесетін жер бетінің тараптары мен бағдарын білдіретін сын есімдер, мәселен, оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс, жоғарғы, орта, аяқ, төмен және т.б. анықтауыштармен келетін атаулар аударылып беріледі Аударма­ның бұл түрі аралас (комбинированный) деп аталады, өйткені топонимдегі түр-тектік терминдік атау сақталады да алдындағы анықтауыш қана аударылады.

Сондықтан төл жазуымыз латын графикасына көшкенде жер-су атауларының аударылатын-аударылмайтын, транслитерацияланатын, транскрипцияланатын жағдайларға қатысты қалыптасқан халықаралық ережелер мен стандарттарды ескере отырып, ереже жасалуы тиіс. Болашақ ережеде шетелдік атауларды мүмкіндігінше аударып, өз тілімізге икемдеп жазуымыз керек. Шетелдік атауларды жазу дәстүрі тілімізде орыс тілі арқылы қалыптасқан, болашақта сол үрдістен арыла бастауымыз керек. Мәселен, орыс тілі арқылы көптеген мемлекет атаулары –ия қосымшасымен келетіндігін білеміз. Ал түрік, әзербайжан, өзбек тілдерінде кейбір атаулар осы қосымшасыз жазылады екен: Сауд Арабиясы – түрікше Suudi Arabistan, Mogolistan, Ermenistan деп жазылса, Черногория (ағылшынша түпнұсқасы Montenegro) атауы түрік тілінде Karadağ деп түгел аударылған екен. Ал өзбек тілі көптеген мемлекет, астана атауларын өз тілінің фонетикалық ерекшелігіне икемдеп алғанын байқауға болады, сөйтіп біздің Астана – Ostana, Eron, Boku, ал Алжир атауы Cezayir, Jazoir түрік, өзбек тілдерінде түрінде транслитерацияланған, қазақша Жазира, әл-Жазира деуге болады. Сондықтан бізде алаңдамай қалай болар екен деген ойдан арылуымыз дұрыс, жаңа әліпбиде өз тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне сай транслитерациялауға бейім болуымыз керек. Бұл алғашқы байқағандарымыз, ал зерттей келе осы саладағы іс-шаралар ауқымы мен жолдары әрі қарай айқындала түсері анық.
Шетелдің географиялық атауларын қайтадан қазақша таңбалауда түпнұсқаға барынша жақын тұлғада транслитерациялау, қазақ тіліне дыбыстық, мағыналық тұрғыдан мейлінше икемдеп аудару, транслитерациялау – ұлттық ономастиканың алдында тұрған күрделі ғылыми-практикалық мәселелердің бірі.



Баға беріңіз