Ұлтынан безген адам ғана ана тілін ұмытады

Таяуда талайды бастан кешкен белгілі журналист Әлихан Жаналтаймен телефон арқылы сөйлескенде ана тілі туралы айтқан бір әңгімесі мені толғандырды. Оның айтуынша, өзінің ұлтын менсінбеген, басқа ұлт...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

06 сәуір, 2018

Әлекең фейсбукта іздеп жүріп осыдан бір неше жыл бұрын, 1960 жылдардың орта тұсында мектепте досы болған бір танысын Швецариядан табады. Ол сонда жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық иесі болып өмір сүріп жатыр екен. Дереу байланысқа өтеді. Сөйтсе әлгі досы өзінін ана тілі ұрдұ тілін ұмытып ағылшын немесе неміс тілдерінде сөйлетін болыпты. Бірақ, әлгі досы жастық шақта Түркияға, одан Германияға кетіп қалған қазақ досының әлі ұрдұ тілін ұмытпағанын білгенде шалқасынан құлай жаздапты.

“Бұл қалай? Өзі Пәкістандық бола тұра жоғары оқу үшін Еуропаға келген ол 40 жыл ішінде ана тілін ұмытады. Жат жұрттық бір адам өзінен бұрын Кәшмірден кетіп қалса да, екінші тіл ретінде үйренген ұрдұ тілін ұмытпай жүреді? Бұған аң-таң болған Әлекеңнің досы мұның сырын сұрайды: “Айтшы, сен ұрдұ тілін, Кәшмірден кеткеніңе 50 жылдан асса да қалай ұмытпай жүрсің? Мен неге ұмытып өзімнің ана тілімде сөйлей алмай жүрмін? Себебі не?” дейді.

Әлекең де аң-таң. Адам өзінің ана тілін қалай ұмытады? Бұл мүмкін бе? Әрі бері ойланғаннан кейін жауабын таптым дейді де сөзін былай деп бастайды: “Мен жастық шақта үш тілде сөйледім. Алдымен анамнан дарыған, көзімді тырнап ашқаннан үйренген және отбасымда сөйлеген қазақ тілі, жергілікті балалармен ойнап жүріп үйренген ұрдұ тілі, сосын мектепте үйренген ағылшын тілі. Одан кейінгі жылдары Түркия мен Германияда бұларға түрік және неміс тілдері қосылды. Сөйтіп бес тілді меңгердім. Әйткенмен, ұрдұдан басқа төрт тілде сөйлейтін орта бар да, ұрдұ тілін білетін еш адам жоқ еді. Мен ұрдұ халқын және оның тілін жақсы көріп кетіп едім. Сондықтан, оны ұмытпауға тиісті болдым. Не үшін? Ары ойланып, бері ойланып жүргенде 1973 жылы Пәкістанға барған сапарымда осының жауабын таптым.

Түркия қазақтарының көш жетекшілерінен әкем марқұм Дәлелхан Жаналтай сол жылы мені Төлеген Аланялы деген ағамызбен бірге Пәкістанға жіберді. Қазақтар 1952 жылы Пәкістаннан Түркияға көшкенде Оразай (керей, керей ішінде молқы) бір жас жігіт қалып қойыпты. Соның мекен-жайы табылып жағдайын білу және мүмкін болса Түркияға көшіріп әкелудің жолдарын қарастыруға тапсырма берді. Барсақ, Оразай Ислам Хан деген бір әкімнің қол астында қызмет істеп жүріпті. Балалы шағалы болыпты. Бастапқыда қазақша сөйлей алмады. Үш күннен кейін барып тілі ашылып қазақша сөйлей бастады. Біз де таң қалдық. Жалғыз жүріп тілді қалай ұмытпадыңыз деп сұрадық. Сондағы жауабы: “Мен Ислам Ханның қойын тауға апарып бағып жүрдім. Сонда тілімді ұмытпау үшін өз өзіме қазақша сөйлеуді әдетке айналдырдым. Өз-өзіме қазақша бірнәрселер айтамын. Сосын жерімді ауыстырып соған жауап берген екінші адам болып тағы қазақша сөйлеймін. Сөйтіп қой баққан кезде қанша жыл өз-өзіме сөйлеп ана тілімді сақтауға тырыстым. Бірақ соңғы жылдары балалы шағалы болып қой бағудан қалғаным үшін өз-өзіммен қазақша сөйлегенді тоқтатқан едім. Әне сіздер алғаш келген күндері тілім күрмеліп сөйлей алмай жүргенім содан”.

Міне, сол шалдың айтқанынан кейін ұрдұ тілін ұмытпау үшін не істеу керектігін үйренген едім. Сөйтіп мен де жалғыз болған сәттерімде өз өзіме ұрдұ тілінде сөйлесетін болдым. Бірақ мен басқа бір тәсіл тағы таптым. Күнде ұрдұ тілінде өлең тындауды да әдетке айналдырдым. Тіпті мұсылманшылықтың бес парзы болса, әр күні түнде жатар алдында Пәкістан ұлттық әндерін тындауды өзіме мұсылманшылықтың алтыншы парзы сияқты міндет санадым. Сөйтіп ұрдұ тілін сақтадым. Фейсбук ашылғаннан кейін содан Кәшмірдегі жастық шақтағы достарымды тауып олармен де ұрдуша сөйлесетін болдым.

Менің тілімді сақтауым осылай болған еді. Ал енді сенің тілді қалай ұмытқанына келер болсақ, меніңше сен дамыған Еуропалық елдерді көргеннен кейін өзіннің ұлтыңнан жиіркенген екенсің, оны қор көріп, безіпсің. Өзге ұлттарға еліктеп солардай боламын депсің. Содан ана тіліңнен безіп, оны ұмытыпсың.” Осы сөздерді айтқаннан кейін әлгі адам ойланып қалған екен.

Әлекең телефондағы әңгімесін “туған ұлтынан безген адам ғана ана тілін ұмытады. Ұлтын сүйген адам қайтсе де ана тілін сақтайды” деп түйіндеді. Рахмет Әлеке келелі әңгіменіз үшін. Маған көп ой салдыңыз.



Баға беріңіз