«Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» атты семинар-кеңес өтті
Семинар-кеңес жұмысын Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Ол өз сөзінде облыста арнайы жұмыс тобы құрылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
- Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары облыстағы барлық аудан, қалаларды қамтып, 70 елдімекенде арнайы шара өткізіліп, оған 12 мыңнан аса адам қатысты. Қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген жаңа қаріпке көшіру бойынша түрлі тақырыпта дөңгелек үстел, конференция, кездесу, пікір алмасу, ақпараттық сағат, форум, дебат, акция, семинар, брифингтер өткізілді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,- деді Айдар Башбаев.
– Латын әліпбиіне көшу – ұлттық болмысымызға оралу деп түсіну керек. Елбасымыздың өзі мұны рухани жаңғырудың бірінші әрі басты шарасы ретінде қарастырып отыр. Себебі, әліпбиді реформалау арқылы біз тіліміздегі ұлттық нақышты, ұлттық жүйені сақтай аламыз. Ұлттық жүйе сақталатын болса, онда миымыздағы дүниені танитын ұлттық нейрондарымыз жұмыс жасайды, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжанова.
Сондай-ақ ол осы реформа туралы қоғамда сан түрлі пікірлердің айтылып жүргеніне де тоқталды.
Семинарда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Айна Рахимова, облыстық білім басқармасының бас маманы Роза Тұрғанбаева баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының өркениет көшіне табысты ілесуіне, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосатындығын айтты.
Баға беріңіз