Келешекке нық қадам

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ жазуының 2025 жылы толығымен латын әліпбиіне көшетіні туралы айтқан болатын. Қазіргі...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

29 наурыз, 2018

Қазақ жазуы бірнеше реформадан өткені белгілі. Араб әріптеріне негізделген төте жазу, одан соң латын әліпбиі, бүгінге дейін қолданып келе жатқан кириллица қазақ тілінің рухани дамуына, қазақ халқының сауат ашуына үлкен септігін тигізді. А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедов, Н.Төреқұлов және басқа да Алаш азаматтары қазақ әліпбиінің тарихын қалауға атсалысты.

Жазу – сауат ашу құралы ғана емес, қоғамды жан-жақты дамытатын негізгі құрал. Латын әліпбиіне көшу жаhандану белең алған қазіргі кезеңде әлем жұртшылығымен тығыз байланыста болу үшін қажет. Өйткені латын әліпбиіне көшу халықаралық компьютер тілінде кез келген мемлекет азаматтарымен еркін сөйлесуге жол ашады. Сонымен қатар өзге елде тұрып жатқан қандастарымыз үшін де тиімді. Олар Қазақстан халқымен, басылымдары мен кітаби туындыларымен емін-еркін сусындай алады.

Президентіміз өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында латын әліпбиіне өту мәселесіне айрықша тоқталды. Латын әліпбиінің Елбасы мақұлдаған жаңа жобасы бекітілді. Осы орайда О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің ұжымы да қызу жұмысқа кірісіп кетті. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерімен кездесу өткізіп, жан-жақты мәлімет алды. Колледждің оқушыларымен бірнеше тәрбие сағаттары жүргізілді. Оқытушылар алдағы уақытта болашақ көрмелерінің тақырыбын латын әліпбиіне арнап өткізуді жоспарлап отыр. Кәсіби оқулықтарды латын әліпбиінде шығару жобасы да қолға алынуда. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға зер сала отырып, мақсатымыздың айқын екендігіне көз жеткізе аламыз.Осы орайда айтпағым, латын әліпбиіне көшу – Қазақстанның әлемдік жаһанданудан артта қалмай, жан-жақты дами түсуіне септігін тигізері сөзсіз.



Баға беріңіз