«Абай жолындағы» лингвомәдени атаулар

Бүгінгі таңда тіл білімінің лингвостилистика саласы қазақ тілінде жаңа бағытта зерттеліп келе жатқан прагматикалық, когнитивтік, психолингвистикалық зерттеулердің нәтижелерін тиімді пайдаланып отыр...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

08 наурыз, 2018

Қазіргі кезде лингвостилистикалық зерттеулерді жазушының таза тілдік ерекшеліктері, яғни стильдік, сөз қолдану, көріктеу құралдарын қолдану ерекшеліктері т.б. сипатта қарастырумен ғана ­шектеуге болмайды. Жазушы шығармаларындағы ұлттық, танымдық белгілерді анықтаудың маңызы зор. Себебі ­жазушы өз кейіпкерінің танымы, ­болмысы мен психологиясы арқылы тұтас ұлттың дүниетанымы мен мәдени өмірін бейнелейді. Тілдік ұжым мүшелерінің дүниетанымы адамзат пен мәдениеттің даму кезеңдерінің сатысынан өткен сайын ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік қана емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да таныта алады. Осыған сай, тіл білімінде көркем шығарма тілін зерттеуде тілдік бірліктерді ұлттық таныммен, тілдік ұжымның дүниетанымымен тығыз байланысты қарастыру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы тұрғыда, біз мақаламызда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы кейбір тілдік бірліктерге «байланған» ұлттық-мәдени ақпараттарды талдап көрсетуге тырыстық.

М.Әуезов ұлт тарихы мен психологиясын, салт-дәстүрі мен болмысын, тіл байлығын шебер меңгерген тұлға ретінде өз көркем дүниелерінде осының барлығын бір-бірімен сабақтастыра білген. «Абай жолы» эпопеясындағы: «Жазды күнгідей емес, ауыл үйлері біріне-бірі сығылысып жақын қонған, үйлер арасына шиден ықтырма жасалыпты. Түнгі малдың жатысына, өздерінің қонысына бейімдеп отырған шаруақор ауыл. Ауыл сырты тозған, сары жұрт болса да бай ауыл, қарашаның қатты суық қара желіне жонын төсеп, күзекті тақырлап біткенше көшпей, тыртысып отыр»,«Боқырау өтіп, күзектегі ел күземін де алып болды. Қыстауға қайта көшетін күндер жақын. Бірақ күз суық болмай, күзек оты әлі де мол болғандықтан, жұрт іркіліп отыр» деген мәтіндердегі қаламгер сол тұстағы күзекте отырған ауыл бейнесін ұлттық болмыс тұрғысынан дәл бере білсе, осындағы қарашаның қатты суық қара желіне жонын төсеп тіркесі автордың ешкімге ұқсамайтын стилдік ерекшелігі мен тіл байлығының молдығын байқатады. Осы бейнелеудің Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңіндегі:

Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай,

Қыстың басы, бірде ерте, біреуі жай,

Ерте барсам жерімді жеп қоям деп,

Ықтырмамен күзеуде отырар бай, – деген күзгі ауылды суреттеу мазмұнымен үндестігін де байқаймыз. Бұл тек суреттеу емес – бұл ұлттық тарих, ұлттық мәдениет. Мәтінде суреттелгендей күн салқындағанда ауыл үйлерінің бір-біріне жақын орналасуы, үйлердің арасына ықтырма жасауы, қатты суық болғанша күзекті мекендеп, қысқы жайылымды сақтап ұстауы – этностың шаруашылық-материалдық мәдениетінің бір көрінісі. Мұндай лингвомәдени деректерді көркем әдебиетте ұлттың болмысымен, танымымен тығыз байланысты бейнелеу жазушының ұлт мәдениетін жетік меңгергендігін байқатады. Ал оны бай тілдік фактілер арқылы жеткізу шығарманың стиль ерекшелігін танытады. Себебі мәдени құндылықтар әр халықтың саналы еңбегінің жемісін, жетістігін анықтайды.

Этностың тарихи, мәдени өмірінің негізгі көрінісі болып табылатын мұндай мәдени ақпараттар тұрмыстағы зат, дүние атауларымен тығыз байланыста қаралады. Өйткені әр зат дүниеге адамның ойлаған ойы мен еңбегінің нәтижесінде ғана келеді. Сонымен қатар сол қоғамның этикалық, эстетикалық, символдық тәжірибесін де көрсетеді. Мысалы: Ауылдың иесінің үлкен үйі шеткерілеу тігіледі де, оған жалғаса, отау үйлер – оның үйленген ұлдарының үйлері, ең жақын туған-туыстарының үйлері, келім-кетім меймандарға арналған «қонақ үйлер» дөңгелене жалғасып кете барады, содан кейін барып ауылға қызмет ететін «көршілердің» үйлері тігілетін. Ауылдың осы жақ шетінде қойға арналған қотан – ашық қора, құлын байлайтын желі керілетін, ірімшік, құрт қайнататын қараша үйлер жайғасатын» деген мәтінде қазақ ауылына тән қоныстану жүйесі, тәртібі айқын көрсетілген. Яғни ол сол тұстағы ауыл саясатының, материалдық мәдениетінің бір көрінісі. Бірақ білгілі бір кезеңдегі этностың болмысын танытатын мұндай мәдени ақпарат­тарды М.Әуезовтің осы романы арқылы танып білмесек, қазіргі тілдік ұжымның таным көкжиегінен көмескіленіп бара жатқаны анық. Бұл тұрғыда белгiлi ғалым Қ.Өмiрәлиевтiң: «Егер бiз өткеннiң рухани қазыналарын өз дәуiрiнiң материалдық жағдайларынан бөлiп және ол мәдени мұралардың мазмұнын, қызметiн жалаң ғана алып қарайтын болсақ, сол сияқты олардың мәнi мен маңызын бiздiң өз түсiнiгiмiзге сәйкес келетiндiгi не сәйкес келмейтiндiгi тұрғысынан алып қарайтын болсақ, онда бiз ол мәдени мұралардың өз кезiндегi тарихи сипаты мен сырын түсiнбей кетемiз. Сондықтан да таным мәселесiне баса назар аудару керек» деген пiкiрiне ерекше мән беру қажет деп білеміз.

Әдетте ұлттық ерекшелік көбінесе халық­тың әдет-ғұрпынан, салт-санасынан, дәстү­рі­нен байқалады. Себебі дәстүрді халық жа­сайды. Басқаша айтсақ, салт-дәстүр – халықтың әлеуметтік, тұрмыстық, мәдени, дүниетаным-дық жағдайларына байланысты қалыптасады. Демек, мұны дәстүр – жалпыхалықтық құбылыс деп бағалауымызға болады.

Біз жоғарыда айтып өткен бай ауылы­ның қоныстану жүйесі де сол тұстағы қоғамдас­тықтың салты, дәстүрі ретінде қалыптасқан. Салт-дәстүрлердің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіліп жүргендігінің өзі оның тарихилығында. Оны жеткізетін – тіл . Олай болса, тіл – рухтың көрінісі деген қағидада шындық жоқ деп ешкім таласа алмайды. Мысалы, романдағы халықтың шаруашылық тәжірибесін бейнелеген деректерге назар аударсақ, малшылар өздерінің өмір сүріп, тіршілік етуінің бірден-бір көзі – малды аман сақтап қалу үшін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі бүкіл үй-ішімен түгелдей жұмыла еңбек етуге мәжбүр болатынын, әсіресе жұт кезінде ерекше күш-жігер жұмсайтынын байқаймыз. Мәселен, романда жайылымды жайпап үш тәулік бойына бұрқаған боран былайша суреттеледі: Сол кезде «ышқынып кеп, шуылдай түсіп, терезені дүбірлетіп, үскірік соққан жел ұйқыны қуған. Кәрі-құртаң жалбарынуда, шаруа иелері күрсінуде. Ер-азамат, қатын-қалаш, бел шешуден қалған. Күндіз-түні дамыл алмай, мал қораның ішін шарлайтын. Бұл жерде автор тек ұлттық болмысты беріп тұрған жоқ, сонымен бірге оны тіл арқылы суреттеудің шебер үлгісіне салады. Себебі тілдік фактілер сол тілде сөйлеуші этностың ұғым-түсінігіне, ой-санасына, салт-дәстүріне байланысты болған сайын, соғұрлым мол мағлұмат бере алады. Өйткені тіл этносқа тән асыл қазыналардың бәрін бойына сіңіріп, оларды ата-мұра ретінде сақтайды.

Тіл мәдениетінде сақталған әдет-ғұрыптар мен салт-саналар іздері фразеологизмдер мен белгілі бір атаулар арқылы да көрініс тапқан. Халықтың ұрпақтан-ұрпаққа архисемалық код ретінде жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарының тілдік формасы мен бүгінгі күнге дейін сақталған әдет ғұрып атауларынан уәжділік іздерін айқындауға болады. Бұл тұрғыда профессор Ж.Манкеева былай дейді: «Қазақ тілінің лексикасы қат-қабат, сарқылмас мол қазына. Онда мағынасы күңгірттеніп, қолданыстан шығып қалған, өткен өмір мен ескірген әдет-ғұрыпты бейнелейтін, әртүрлі кәсіпке байланысты ұмыт болған атаулар мен сөз тіркестері көптеп кездеседі». Ғалымның осы пікірінен белгілі бір кезеңдегі тілдік қоғамдастықтың күнделікті қолданысында болған кейбір атаулардың бүгінгі тілдік ұжымның санасында көмескі іздері ғана қалып қойғанын байқаймыз.

Ұлттың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, т.б. мәдени-әлеуметтік ақпараттарды таңбалайтын тілдік бірліктерге жасырынған кодтардан тілден тыс аялық білімдер жүйесін тануға болады. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы Құнанбай ауылының жайлауға көшіп келген кезіндегі ерулікке әкелген ауыл жұртының сыйын автор былайша суреттейді: «Үлкен ауыл жайлауға көшіп келісімен «Алғаш үлкен ауылдың ерулігі» деген табақ-табақ еттер, саба-саба қымыздар көп-көп қыдырушы қатындармен ілесе келіп-келіп қалды, ежелгі салт-машық бойынша бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ… сыбаға мен ерулік әкелушілер көп болса да… келіп жатқанның барлығы момын ағайын». Осындағы әдет-ғұрыпқа байланысты сыбаға, ерулік сөздері бүгінге дейін қолданылып жүргенімен, «үлкен ауылдың ерулігі» тіркесі қазіргі таңда тілдік қоғамдастық арасында қолданыла бермейтіні анық. Сонымен бірге романда жиі кездесетін сауын беру, ерікті тартулар тіркестерінің де қолданыс аясы мен мәні көмескі тартып, ондағы мәдени ақпараттар бүгінгі тілдік ұжым үшін «жабық кодқа» айналған. Осындай тұрмыстық өмірде өз үйлесімін тауып жатқан заттық атаулардың рухани өмірге тікелей қатыстығын және бұл құбылыстардың барлығы тілде сақталып, ұлттық өмірдің ерекшелігін байқататынын тілші В.Виноградов былайша көрсетеді: «социокультурный уклад определенной национальной общности имеет свои особенности отличающие его от других национальных укладов. Эти особенности отражаются в лексике и составляют в ней фоновую информацию, передающую сведения о национальных формах, видах и проявлениях духовной и материальной культуры». Бұл дегеніміз ұлттық тілді этностың ерекшеліктері тұрғысынан, тіл мәселелерін сол тілді қолданушы қауымның тарихымен, ұлттық мәдениетімен, рухани байлығымен, өмір тіршілігімен байланыстыра, халықтың бай мұраларын, болмысын, салт-сана мен әдет-ғұрыптарын таным түсініктерін зерттеу деген сөз. Бірақ бұлардың бәрі тіл арқылы, тілдік материалдар мен тілдік деректер, тілдік фактілер арқылы ашылуы шарт. М.Әуезовтың де шеберлігі сол романның мазмұнын осындай ұлттық мәдениет пен шаруашылық тәжірибесіне байланысты бай материалдарды тілдік фактілер арқылы ұлттық таным негізінде бере білуінде. Бұған дәлел ретінде қаламгердің «Абай жолы» романындағы: «Қазақтар қазынаға берілетін ресми салықтардан тыс жергілікті болыстардың қалтасына келіп түсетін «қарашығын» дейтінді де төлеп тұрады. Шынына келгенде мұның өзі пара еді, мұны управитель қазыналық жалақыға қосымша ретінде халықтан сығып алады. Бұл алымдардың белгіленген көлемі де, белгілі бір мерзімі де болмады. Халық бұған «қарашығын» деп ат тақты» деген мәтіндегі «қарашығын» сөзін алуға болады. Қазіргі тілімізде түрлі салық төлеу, жарна төлеуге қатысты қолданылып жүрген атаулардың біріне бұрыннан ұлттық тілімізде бар, әсіресе М.Әуезов сынды дана қаламгердің тілдік қолданысында болған осы сөзді қайтадан тілдік айналымға, нормаға енгізуге әдбен болатыны даусыз.


Баға беріңіз