Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Жергілікті жердегі сөз қолданыстары

29.3.2018 1181
Әдеби тілдің дамуы барысында тілдегі диалектілік ерекшеліктер жойылып, жергілікті жерлерге тән нұсқа әдеби тіл элементтерімен алмастырылып отырады. Бұл, әрине, табиғи, заңды құбылыс. Себебі өзін дамыған қоғамның мүшесі ретінде сезінетін, әдеби тіл нормаларын, оның қалыптасу үлгілерін түсінетін кез келген адам сөздік қорындағы жергілікті тілге тән ерекшеліктердің орнына әдеби тілдегі баламаны қолдануға тырысады.

Жергілікті тіл ерекшеліктері қалада біршама орнығып қалған немесе орталыққа жақын жерде тұратын тұрғындардың тілімен салыстырғанда, көбінесе орталықтан шалғай жерлерде, ауылдық жерлерді мекен ететін адамдардың тілінде жиі кездеседі. Мұндай ерекшеліктерді олар жергілікті ерекшелік ретінде қабылдамауы да, әдеби тілге тән норма есебінде тануы да мүмкін.

Фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан алғанда тыңдаушы сөйлеуші тіліндегі кейбір ерекшеліктерді байқағанмен, олар өзара түсінуге елеулі ықпал ете алмайды. Ал лексикалық ерекшеліктерді жекелеген дыбыс, фонема, қосымша морфема көлемінде емес, тұтас лексикалық бірлік болғандықтан маңызды қызмет атқарады. Бұл орайда «Дүниеде диалектісіз тіл болған емес. Халық тілі дегеніміз – сол диалектілердің жинағы» деген А.Жұбанов сөзі ойға оралады. Қазақстанның Зайсан, Тарбағатай өңіріндегі тұрғындардың тіліндегі ерекшеліктерді ғалым Н.Сауранбаевтың жазбаларынан кездестіруге болады.

Ғалым Шығыс Қазақстан облысының тілінде аффрикаттардың (үзілмелі және сүзілмелі дауыссыздардың жымдаса кірігуінен жасалған бір бүтін дыбыс) жиі қолданылатын айта келіп, әдеби тілдегі «ш» дыбысының орнына жергілікті тұрғындардың тілінде «ч» аффрикаты қолданылатынын (чикі — шикі, чакпақ – шақпақ, чіберек – шүберек), «д» ұяң дауыс­сыз дыбысының орнына «л» үнді дауыссызы қолданылатынын маңлай –маңдай, таңлай – таңдай, тыңла – тыңда, т.с.с.) айтады. Сонымен қатар Күршім, Зайсан, Тарбағатай өңірі тұрғындарының тіліндегі жергілікті қолданыстар Ж.Досқараевтың, Ш.Сарыбаевтың, Ж.Аралбаев пен Ш.Бектұровтың, Ж.Болатовтың зерттеу еңбектерінде сөз болады. С.Аманжолов пен Ж.Досқараевтың диалектологиялық сөздіктерінде Шығыс Қазақстан өңірі тұрғындарының жергілікті қолданыстары көрсетілген.

Ж.Досқараев көптеген сөздер моңғол, қалмақ сөздерімен ұқсас келетінін айта келіп, бірнеше мысал келтіреді. Қазақ-моңғол тілдерінде: Көл – гөл, бұлақ – бұлағ, малақай (құлақшын) – малақай (бөрік), саба (қымыз құятын ыдыс) – саба (ыдыс, нәрсе сақтайтын орын, қалта, т.б.). Сабын, сүлдер (құр сүлдері) – сабуын, сүлдір, елек (елеуіш) – елек (елеуіш), темекі – тамаг, насыбай – насыва, таға (аттың тағасы, қара) (сын.мағ) – тақа, хара, ары – ару, бұрыс – бұру, мүлде – мүлта болып жазылады.

Ғалым мұндай сөздердің этимологиясы туралы айту қиын екеніне тоқталады. «Түрік, моңғол тіддерінің бірсыпыра сөздері, кейбір грамматикалық формалары бір-біріне ұқсас болған. Ол халықтар кейін бір-бірінен алыстап, басқа елдердің мәдени-шаруашылық, қоғамдық әсерінен өзгеріске ұшыраған. Тілдегі ұқсас формалар бірте-бірте өзгеленіп, кейбіреулері өзінің бұрынғы қалпын сақтап, әрбір түрік, моңғол тілдерінде қолданылып келген» деген тұжырым жасайды.

Жұмат Досқараев, сонымен қатар Шығыс Қазакстан өңіріндегі топо­нимикалық атаулардың да көпшілігі моңғол, қалмақ сөздері екенін айта келе, Тұғылдан Ақжарға қарай жүргенде жолдың Маңрақ жағында Толағай деген тау бар екенін, ол таудың атауын да моңғол тілінің толоғай – бас сөзімен байланысты екендігін түсіндіреді. Академик Рабиға Сыздық мектеп оқулықтарында толағай сөзінің «бас» деп дұрыс түсіндіріліп жүргенін айта келіп: «Толағай – таза түркі (қазақ) сөзі емес, ол – не түркі-моңғол тілдеріне ортақ, не тек моңғол тілдеріне тән сөз.

Қалмақ тілінде толһо – «бас», моңғол тілінде толгой – 1) «бас»; 2) «бастық, басшы, ие»; 3) «бастаушы»; 4) «бір нәрсенің басы (мысалы, таудың)»; 5) «бір бөлік, бір дана». Осы сөзден «басшы болу, басқару, жетекшілік ету» мағынасын беретін толгойло(х) (толағайлау) деген етістік жасалған. Ал қазақ тілінде бұл сөз қу толағай тіркесі түрінде жұмсалғанда, біздің байқауымызша, тек «бас» деген ұғымды емес, «тақыр бас, жалаңаш бас» дегенді білдіреді» дейді.

Жергілікті халық мекен еткен жерлердің оңтүстік-шығыс жағы моңғол, қалмақ, қытай елдерімен шектесіп, көрші елдермен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан, оның үстіне бірқатар моңғол, қалмақтардың қазақ арасына келіп, сіңісуіне байланысты осы өңірдегі қазақтардың тілінде моңғол тілінің элементтері жиі кездесіп отырады. Мұндай ерекшеліктер тілдің лексикалық қабатында ғана емес, грамматикалық, фонетикалық қабаттарында да анық байқалады.

Зайсан өңірінде «қиын» сөзі әдеби тілден өзгеше реңктерде жұмсалады: қиын қызық кітап екен, қиын жақсы көрдім, т.б. бұл тіркестерде «қиын» сөзі өте, аса сияқты күшейткіш үстеу орнына қолданылса, «басым қиын ауырып тұр» деген сөйлемде «қатты» деген сөздің орнына қолданылған. «Қиын» сөзін осындай түрлі реңктерде қолдану Абай шығармаларында да кездеседі: Сабырмен талап беріпті, Ақылың рахымың қиын-ды (Абай. Таңдамалы. 1-том, 244-бет).

Сонымен қатар «айттым емес пе?», «бардық емес пе?» түрінде келетін жедел өткен шақ тұлғалы етістікке «е» көмекші етістігінің есімшенің болымсыз тұлғасында келіп, сұраулық шылаумен тіркесінен құралған формалар жиі кездеседі. Мәселен: Жалпы біздің жауынгерлердің көпшілігі қып-қызыл оттың ішінде жүрді емес пе? («Зайсан асулары» Б.Құдабаев).

«Ұйықтағаным жоқ па», «барғаным жоқ па» деудің орнына «ұйық бардым емес пе» тәрізді сөз формалары жұмсалады. Есімшені жасайтын -ған, -қан жұрнақтарының және болымсыздық мағынаны білдіретін «жоқ» сөзінің орнына өткен шақтың жедел көрсететін жалғаулары негізгі етістікке жалғанып айтылады және «емес пе» тұлғаларымен тіркесіп тұтас бір ойды білдіреді. Үш жақта да жұмсалады. Мысалы: Мен оған жо­лықтым емес пе?, сен оған жолықтың емес пе?, ол оған жолықты емес пе? және т. б.

Осы өңірге тән грамматикалық ерекше­ліктердің қатарында жіктік жалғауының ықшамдалып қолданылуын да атауға болады:

Бұлттардың биік көшінде,

Сауырдың сұлу төсінде.

Ұмытпан сені, өскен жер,

Тұрасың мәңгі есімде.

(Ә.Нілібаев)

Сөзім кәдік, асқақ әрі,

Көзден кейде жас тамады.

Жершіл емен, отаншылмын,

Отан сенен басталады.

(Т.Қызықбай)

Тілдегі ерекшеліктерді тексергенде, тілдің ішкі даму заңдылықтарымен қатар сыртқы экстралингвистикалық факторлар да ескерілуі тиіс. Диалектілік ерекшеліктердің көркем шығармадағы қолданысы туралы айта келіп, академик Р.Сыздық былай деп тұжырым жасайды: «Сөз жоқ, жалпы көпшілікке ортақ емес, қолдану аясы шектеулі сөздер мен тұлға-тәсілдерді ешбір себепсіз тоғытып жұмсау принципінде әдеби нормаға, оның ішінде ұлттық көркем сөз нормасына қайшы екендігі даусыз, бірақ текстегі бейтаныс элементтердің қолданылу себептерін, уәжді-уәжсіздігін, қажеттілік дәрежесін, лексика қазынасын байыту мүмкіндігін, т.т. жан-жақты түгел есепке алған күнде ғана «иісі» диалектизмнен қашудың жөн еместігі және әңгіменің бір ұшы жазушы шеберлігіне (автор идеясына қызмет еттіре білу сипатына) тікелей қатысты екендігі байқалады. Демек, бұл жерде норма проблемасы стилистика мәселелерімен ұштастырыла каралуға тиіс.

Зайсан өңіріне тән грамматикалық ерекшеліктердің қатарында -ғалы/-гелі көсемшелерінің орнына -ғайы/-гейі түрінде қолданылуын жатқызуға болады. Н.Дмитриев «Грамматика кумыкского языка» атты еңбегінде -ғанлы/-генлі, -ғалы/-гелі қосымшалары есімшенің -ған/-ген жұрнағынан өрбіген құрамды қосымша ретінде түсіндіреді. Ал Ж.Досқараев -ғайы/-гейі жұрнағының этимологиясына байланысты мынадай тұжырым жасайды: «-ғайы, -қайы (-кейі, -гейі) қосымшаларының пайда болуы етістіктің көне қосымшасы — ғай, -қай формаларымен байланысты бола ма деп ойлаймыз. Өйткені «ол барғай», «ол жүргей», «oл барғайы отыр», «ол жүргейі отыр» деген сөйлемдердегі етістіктердің тұлғалық, мағыналық жағынан бір-біріне байланысы бар; семантикалық жағынан ішінара аз-маз айырмашылығы болғанмен, қайсысын алсақ та, келер шақта қолданылған тілек-мақсаттық мағынаны білдіреді.

Тілдегі ерекшеліктерді тексергенде, тілдің ішкі даму заңдылықтарымен қатар сыртқы экстралингвистикалық факторлар да ескерілуі тиіс. Сонымен қатар сөз мағынасын нақтылауда тіл­ден тыс жағдаятты ескере отырып, сөздердің денотаттық ерекшеліктерін, жалпы денотаттық жағдаятты зерттеудің мәні зор.

Тегтер: диалект, сөз қолданысы, малақай, леген, құман

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

181 0

ақпарат

Балалары орысша сөйлейтін келіншек жанайқайын жеткізді

151 0

ақпарат

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІ ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН!

157 0

ақпарат

​Жазғы демалыс лагеріне іс-сапар