Тағы да жер-су атаулары хақында “Atau.kz” ономастикалық электрондық база жүйесі негізінде

Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 наурыз, 2018

Тәуелсіздік рухы бастапқы отаршылдық кейінгі кеңестік дәуірде бұрмаланған байырғы жер-су атауларының ұлттық негізде қайта жаңғыруын талап етеді. «Atau.kz» ономастикалық электрондық база жүйесі іске қосылып, облыстар бойынша орталықтандырылған ақпараттық деректер берілген. Оларда әкімшілік-аумақтық бірліктер, нысандар, көшелер, олардың қазақша, орысша бұрынғы атауы, атаулардың өзгертілгені туралы мәліметтер қамтылған. Міне, аталған ономастикалық электрондық база жүйесі негізінде әр облыста жергілікті әкімшілік және тілдерді дамыту басқармаларындағы ономастикалық жұмыстарда атқарылып жатқан іс-шаралардың қандайлық деңгейде екенін бағамдай аламыз.

Бірінші кезекте облыс аудандарының атауларына назар аударайық. Ақтөбе (12 аудан), Жамбыл (10 аудан), Қызылорда (7 аудан), Оңтүстік Қазақстан (11 аудан), Маңғыстау (5 аудан) облыстары бойынша аудандардың бәрі қазақша атауға ие. Ақмола облысындағы он жеті ауданның біреуі, Алматы облысындағы он төрт ауданның біреуі, Қарағанды облысында тоғыз ауданның біреуі, Солтүстік Қазақстан облысының он үш ауданының біреуі, Қостанай облысы бойынша он алты ауданның екеуі орысша атауында қалып отыр.

Бұл ретте байырғы ұлт өкілдері 34,36% құрайтын Солтүстік Қазақстан облысындағы орысша аталып келген аудандарға Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Қызылжар атауларының берілуі қуантады. Бұрынғы Жамбыл, Ғабит Мүсірепов есімдерін иеленген аудандар қатарына Шал ақын (бұрынғы Сергеев), Мағжан Жұмабаев (бұрынғы Булаев) атындағы аудандарың қосылуы жан жадыратады. Бұның бәрі жергілікті атқарушы биліктегі басшылардың азаматтығын көрсетеді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар 39,21% деңгейіндегі Қостанай облысындағы 16 ауданның тек үшеуі ғана (Денисов, Федоров, Таран) орысша аталуы қазағы 49,75% құрайтын Қарағанды облысындағы ахуалмен салыстырғанда бір адым болса да ілгері екенін аңғартады.

Қарағанды облысында 9 ауданның тек біреуі ғана (Осакаров) орысша аталғанымен, тұтас аймақта қазақтандыру ісі барынша баяу жүруде. Аудан әкімі Қайрат Абдуллаевич Шайжановтың халық алдында берген есебінде атап көрсетілгендей, «Қазіргі кезде 22 ауылдық округтердің 12-і өзгертіліп, 54 пайызды, 48 елді мекен атауларының 25-і қазақша атауға өзгертіліп, 52 пайызды құрап отыр. Аудандағы 472 көшенің 20-сы қазақша аталған. Көше аттарының үлесі - 4,2 пайыз» (www.osak-akimat.gov.kz/kk/vlast_11_22).

Қарағандыда Абай, Махамбет, Мәди есімдерін атамағанда, сол өлкенің руханиятында өшпес өрнек қалдырған Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы көше мүлдем жоқ. Қаладағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру аяқсыз қалып отыр. Қаладағы советтік дәуірде қойылған Ленин, Щорс, Крупская, Куйбышев, Либкнехт, Луначарский, Люксембург, Нахимов, Плеханов, Потемкин, Пугачев, Разин, Радищев, Свердлов, Суворов, Тельман, Фурманов, Чкалов, Чижевский, Ильич, Маркс, Ермолов, Бедный, Ушаков, Космодемьянская т.б. көше атаулары әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұр (Қараңыз: Список улиц Караганды - адресный телефонный справочник t.spravkaru.net/streets/7/7212/).

1990 жылдары Бұқар жырау, Әлімхан Ермекұлы, Саттар Ерубаев аттарына даңғыл, көше атаулары берілген болса, соңғы жиырма жылда ұлтымыздың бірде бір қайраткеріне Қарағанды қаласында көше атауы берілген емес. Есесіне ул. 2-я Пятилетка, ул. 3-я Кочегарка, Анжерская, Арсеньева, Асфальтная, Аэрологическая, Высоковольтная, Гвардейская, Донская, Депутатская, Заводская, Защитная, Зональная, Инженерная, Ипподромная Итеэровская, Ишимская, Камская, Керамическая, Кирзавод, Кирпичная, Ключевая, Колодезная, Коминтерна, Комиссарова, Коммунистическая, Коммунальная, Коммуны, Конструкторская, Кооперации, Мелитопольская, Медицинская, Мельничная, Методическая, Металлистов, Механическая, Привокзальная, Приканальная, Пригородная, Пристанционная, Путейская т.б. сынды құлаққа түрпідей тиетін көше атаулары сірескен күйінде қалуда. Әрине жергілікті тілдерді дамыту басқармасы тарапынан қордаланған түйіндерді қолдан келгенінше тарқатуға күш салынуда. Мәселен Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқарамасының деректеріне сүйенер болсақ, 2014 жылдан бүгінге дейін облысы бойынша 15 мемлекттік мекеме, 6 елді-мекен, 121 көше атауы өзгертілген.

Байырғы тұрғындары 50,30% құрайтын Павлодар облысындағы он ауданның алтауы (Железин, Качир, Лебяжі, Май, Успен, Павлодар), қазақтардың үлес салмағы 58,84% көлеміндегі Шығыс Қазақстан облысының он бес ауданының төртеуі (Бородулиха, Глубокое, Зырян, Шемонаиха) бәз баяғы атауынан айырылар емес. Рас, Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха, Глубокое, Зырян, Шемонаиха аудандарындағы байырғы ұлт өкілдерінің пайыздық көрсеткіші әлі де төмен. Мәселен Шемонаиха ауданында орыстар 79,59%, қазақтар14,51% көлемінде. Глубокое ауданында орыстар 70,58 %, қазақтар 23,76 % деңгейінде қалып отыр. Осындай сипат Павлодар облысының Железин ауданына (орыстар 46,15%, қазақтар 40,5 %) тән. Сондықтан да бұл аймақтарды қазақтандыру мәселесі мемлекет назарынан тыс қалмағаны абзал.

Павлодар облысындағы Железин, Качир, Лебяжі, Май, Успен, ал Шығыс Қазақстан облысындағы Бородулиха, Глубокое, Зырян, Шемонаиха аудандарындағы ауылдық/селолық округ атауларын байырғы тарихи атауларына сай өзгерту істері мүлдем қолға алынбаған сыңай аңғарылады. Мәселен, Железин ауданындағы әкімшілік-аумақтық бірліктің басым бөлігі Башмачный, Веселопрощинский, Новомирский, Лесной, Михайловский, Озерновский, Прииртышский сипатындағы бұрынғы атауында қалуда. Тап осындай көріністі Павлодар ауданының Авангард, Григорьевск, Ефремовск, Заринск, Красноармия, Луганск, Мичурин, Ольгин, Рождественский, Романовский, Чернорецкий, Черноярка; Кашир ауданынының Береговой, Березовский, Бобровский, Верненский, Воскресенский, Ивановский, Калиновский, Коммунарский, Октябрьский, Песчанский, Федоровский әкімшілік-аумақтық бірлік атауларынан байқаймыз. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысындағы Бородулиха ауданындағы селолық/поселкелік округ атаулары Андреевский, Дмитриевский, Жерновский, Красноярский, Ленинский, Новодворовский, Новопокровский, Переменовский, Петропавловский, Подборный, Степной, Таврический болып самсап тұр. Глубокое ауданындағы селолық округ атаулары Глубоковская, Алтайская, Белаусовкая, Бобровский, Веселовский, Верхнеберезовская, Калининский, Кировский, Кожоховский, Красноярский, Куйбышевский, Малоубинский, Опытнопольский, Секисовский, Ушановский, Фрунзенский, Черемшанский деп бәз баяғы қалпында тіркелген.

Соңғы жылдардағы еліміздегі демографиялық ахуалдағы оң өзгерістер барысы жер-су атауларын қазақ мүддесіне сай жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы Павлодар облысының Лебяжі, Успен аудандарының атаулары өзгертуді талап етері сөзсіз. Өйткені Лебяжі ауданында қазақтар 80,9 %, орыстар 11,32 %, Успен ауданында қазақтар 34,24 %, орыстар 28,17 % деңгейінде.

Қазақ ұлты басым қоныстанған еліміздің кейбір облыстарындағы аудан атауларының жаңартылмауы ойландырмай қоймайды. Байырғы ұлт 74,69 % құрайтын Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов (қазақ 55%), Казталов (қазақ 98,8%) аудандарының атауы соны көрсетеді. Салыстырмалы тұрғыда алғанда қазақ үлесі 49,64% көрсеткішіндегі Ақмола облысында 17 ауданның 16-ы қазақша атауға ие.

Еліміз бойынша бұрмаланған жер-су атауларын, отаршылдық озбырлық пен кеңестік ұлтсыздандыру саясатын таңбалайтын көше атауларын өзгеру мәселесі әлі де өзекті. «Atau.kz» ономастикалық электрондық база жүйесінің декректеріне сүйенер болсақ, Қазақстанда әлі күнге дейін Ленин (Ленинград) есімімен сабақтас 13 әкімшілік-аумақтық бірлік, 4 нысан, 534 көше аты бар. Ол аз десеңіз Ульянов атындағы 2 әкімшілік-аумақтық бірлік, 8 көше аты тіркелген болса, Крупская атындағы 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 28 көше аты ұшырасады.

Ленин есімімен байланысты әкімшілік-аумақтық бірлік атауы және көше атауларының берілу көрсеткіші бойынша көш басында Ақмола облысы мен мұндалайды. Ақмола облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 124 көше бар. Одан кейінгі орындарға Қостанай облысы (3 нысан, 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 111 көше), Солтүстік Қазақстан облысы (3 әкімшілік-аумақтық бірлік, 98 көше), Павлодар облысы (2 әкімшілік-аумақтық бірлік, 68 көше), Шығыс Қазақстан облысы (1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 67 көше), Жамбыл облысы (1 нысан, 11 көше), Батыс Қазақстан облысы (8 көше), Қарағаны облысы (7 көше), Алматы облысы (6 көше), Ақтөбе облысы (2 көше), Оңтүстік Қазақстан облысы (2 көше), Алматы қаласы (2 көше) жайғасқан. Еліміздегі Қызылорда, Маңғыстау облыстарындағы көше атауларының ғана Ленин есімінен ада болуы бұл бағытта қолға алынар істердің мәнісін ұғындырса керек.

Республикада Карл Маркс есімімен 2 әкімшілік-аумақтық бірлік, 40 көше аты аталса, Энгельс атын 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 23 көше иемденген.

Карл Маркс атында Солтүстік Қазақстан облысында 14, Ақмола облысында 10, Павлодар облысында 4, Жамбыл облысында 3, Қызылорда облысында 1, Шығыс Қазақстан облысында 1 көше аты сақталған.

Крупская атындағы нысандар мен көше атауларын өзгерту де мейлінше көкейкесті. Шығыс Қазақстан облысында 8 көшеге, Солтүстік Қазақстан облысында 8 көшеге, Қостанай облысында 3 көшеге, Павлодар облысында 3 көшеге, Қарағанды облысында 1 көшеге Крупская аты берілген.

Отаршыл Ресей өкілдері Карбышевке 6, Кутузовқа 15, Нахимовқа 10, Суворовқа 12, қызыл қырғын орнатқан революционерлер Дзержинскийге 6, Фрунзеге 46, Чапаевқа 103, Котовскийге 8, Свердловқа 24, Кировқа 54; кеңес басшылары Ворошиловқа 5, Брежневке 2, Черненкоға 1, Колбинге (Колбин қалтарысы) 1 көше аты берілген. Қазақ тарихына еш қатысы жоқ Разин атында 2, Пугачев атында 12 көше тіркелген. Ол аз десеңіз Октябрь атауы 14 әкімшілік-аумақтық бірлікке, 5 нысанға, 158 көшеге танылған.

Чапаев есімінің қойылуынан тек Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары ғана ада. Қостанай облысында 7 әкімшілік-аумақтық бірлік, 2 нысан, бақандай 103 көше, Солтүстік Қазақстан облысында 21 көше, Шығыс Қазақстан облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 16 көше, Батыс Қазақстан облысында 12 көше, Павлодар облысында 11 көше, Алматы облысында 5 көше, Ақтөбе облысында 3 көше, Қарағанды облысында 2 әкімшілік-аумақтық бірлік, 2 көше, Атырау облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 2 көше, Жамбыл облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 2 көше, Қызылорда облысында 1 көше Чапаев атында.

Фрунзе атына Шығыс Қазақстан облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 46 көше берілген. Ақмола облысында 12 көше, Павлодар облысында 5 көше, Қостанай облысында 4, Алматы облысында 5, Алматы қаласында 3, Ақтөбе облысында 3, Солтүстік Қазақстан облысында 3, Батыс Қазақстан облысында 2, Қарағанды облысында 1, Жамбыл облысында 1 көше аты қосақталған.

Киров, Свердлов аттарынан арылуға да асығар емеспіз. Кировпен байланысты Солтүстік Қазақстан облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 23 көше, Шығыс Қазақстан облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 12 көше, Ақмола облысында 11 көше, Қостанай облысында 4 көше, Павлодар облысында 3 көше, Алматы қаласында 1 көше, Қарағанды облысында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік есепке алынған. Ал Свердлов атын иеленген Ақмола облысында 9 көше, Солтүстік Қазақстан облысында 4 көше, Шығыс Қазақстан облысында 4 көше, Алматы облысында 2 көше, Алматы қаласында 2 көше, Қарағанды облысында 1 көше, Қостанай облысында 3әкімшілік-аумақтық бірлік, 1 көше, Павлодар облысында 1 көше өзгертуді қажет етеді.

Бұрынғы Одақтың бас қаласы Москва, «төңкеріс бесігі» деп дәріптелген Ленинград сонымен қатар Ташкент, Орынбор, Магадан, Иркутск, Минск т.б. қала атауларынан да аяқ алып жүргісіз. Москва 5, Ленинград 39, Ташкент 16, Орынбор 3, Магадан 2, Иркутск 2, Минск 9 рет ұшырасады.

Тоталитарлық жүйедегі бүгіндері құрдымға кеткен мемлекет құрылымын айқындайтын атаулар да жетіп артылады. Революцияға мадақ тұрғысында 13, коммунистер құрметіне 57, комсомолдар белгісіне 369, пионерлерге орайластырылып 113 көше атауы мен мұндалап тұр.

Мән-мағынасы жоқ Кирпичная (14, Бензинная (1), Заводская (66), Гвардейская (11), Механическая (7), Путейская (6) т.б. атауларынан да аяқ алып жүргісіз.

Отарсызданудың басты өзегі әрбір қазақ баласына рух беретін әрі намысын қамшылайтын тарихи атаулар мен тарихи тұлғалар есімін жаңғырту болуы шарт. Мәселен еліміз бойынша исі қазақ баласы қастерлейтін Алаш аты Оңтүстік Қазақстан облысында 6, Алматы облысында 1, Атырау облысында 1, Ақмола облысында 1 ғана көшеге берілгеніне қынжыласың. Сан ғасырлар бойы бабаларымызға ұран болған айбынды да айбарлы атаудың саны Қазақстан көлемінде онға да жетпейді деп айтудың өзіне ауыз бармайды.

Абылай хан аты Алматы облысы бойынша 30, Ақмола облысы бойынша 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 30 көше, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 21 көше, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 14 көше, Ақтөбе облысы бойынша 5 көше, Атырау облысы бойынша 4 көше, Батыс Қазақстан облысы бойынша 8 көше, Жамбыл облысы бойынша 7 көше, Павлодар облысы бойынша 4 көше, Қызылорда облысы бойынша 3 көше, Қостанай облысы бойынша 2 көше, Қарағанды облысы бойынша 1 көшеге берілген. Осынау елдік маңызы ерен үрдістен қазақ исі аңқыған Маңғыстау облысының шет қалуын ақылға қонымсыз демеске лаж жоқ.

Ел мен жерге қорған болған хандар мен батырлар, би-шешендер есімінің ардақталуы да мемлекеттік деңгейде шындап қолға алынуы керек. Елімізде хан Кенесары Қасымұлы атында 4 көше, Қабанбай батыр атында 5 әкімшілік-аумақтық бірлік, 87 көше, Бөгенбай батыр атында 43 көше, Махамбет Өтемісұлы атында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 3 көше тіркелген. Төле би атында 50, Қазыбек би атында 36, Сырым Датұлы атында 26 көше, Байдалы би атында 1 көше рәсімделген.

Отаршылдық ойранын тереңнен болжаған Дулат Бабатайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Шортанбай Қанайұлы, Кердері Әбубәкір сынды ақындардың есімдері де ұлықталуы назардан тыс қалмаған абзал. Шортанбай Қанайұлы атында елімізде 2 көше, Мұрат Мөңкеұлы атында 1 нысан, 14 көше бар. Дулат сынды туған жерімізді қызғыш құстай қорыған отаншыл сөз зергерлерінің есімдерін қадірлеудегі парызымызды ар биігінен сезінетін уақыт әбден пісіп жетілгенін еске салудың өзі де әбестік болмақ.

Ұлттық күй өнерінің тарихында есімдері алтын әріппен жазылған өнерпаздарға деген ұрпақ құрметі асқарлы болғанын қалаймыз. Күй өнерінің саңылақтары Тәттімбет атында 2 көше, Құрманғазы Сағырбайұлы атында елімізде 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 64 көше, Дәулеткерей Шығайұлы атында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 1 нысан, 10 көше, Ықылас Дүкенұлы атында 10 көше, Қазанғап Тілепбергенұлы Дина Нұрпейісқызы атында 1 әкімшілік-аумақтық бірлік, 31 көше, Сейтек Оразұлы атында 1 көше, Сүгір Әлиұлы атында 9 көше бар. «Қасірет», «58-ші статья» күйлерін шығарып, зобалаң заман шындығын өнер құдыретімен өрнектегені үшін атылып кеткен Сармантайұлы Ахметжандай дарындар ел құрметінен шет қалмағанын есергеніміз дұрыс. Сталиндік қара түнек жылдары атылған Итаяқ, Қыздарбек, Сембек, Әбди өзге де күйшелер қандай да болмасын құрметке лайықты.

Алаш арыстарын ұлықтау мәселесі де көңіл көншітерлік емес. Рас, еліміздің бас қаласы Астанада Алаш қайраткерлерінің есімімен аталатын 1 даңғыл, 26 көше және Алаш деп аталатын 1 тасжол бар (қараңыз: Ержан Еңсебай. Астана онамастикасындағы Алаш мәселесі // www. dalanews. kz/22771). Десе де Алашорда Үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан есімін Атырау облысында 1, Батыс Қазақстан облысында 1, Ақмола облысында 1, Қарағанды облысында 2, Шығыс Қазақстан облысында 1, Қызылорда облысында 1 ғана көше аттарының иеленуі ойландырмай қоймайды.

Алашорда үкіметінің мүшелері Мұстафа Шоқай (12), Халел Досмұхамедұлы (7), Халел Ғаббасұлы (2) Жақып Ақбайұлы (1), Мұхамеджан Тынышбайұлы (1), Жанша Досмұхамедұлы (1) көше (өткел), Әлімхан Ермекұлы (1), Айдархан Тұрлыбайұлы (1), Уәлитхан Танашұлы (1), ағайынды Бірімжанұлдарының (1) құрметіне көше атаулары қойылған. Алайда Базарбай Мәметұлы, Бақтыкерей Құлманұлы, Садық Аманжолұлы, Отыншы Әлжанұлы сынды Алашорда үкіметіне мүше болған қайраткерлерге бірде бір көше атауларының берілмеуі қынжылтады.

Алашорда Үкіметіне мүшелікке кандидаттар Иса Қашқынбайұлы, Нүсіпбек Жақыпбайұлы, Ережеп Итбайұлы, Сатылған Сабатайұлы, Есенғали Қасаболатұлы, Батырқайыр Ниязұлы, Мұқыш Ботшайұлы, Сейілбек Жанацдарұлы, Сәлімгерей Нұрлыханұлы, Өмір Алмасұлы, Сейдәзім Қадырбайұлы, Аспандияр Кенжеұлы, Молданияз Бекімұлы, Есен Тұрмағанбетұлы, Сатылған Сабатайұлы, оқу комиссиясының мүшелері Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Елдес Омарұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Телжан Шонанұлы тұлғаларын қазақ жерінің түкпір түкпірінде қастерлеудің айқын белгісі ретінде ең басты көшелер, орталық даңғыл атауларын атау бірінші кезекте тұруы қажет.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атына Оңтүстік Қазақстан облысында 8, Қызылорда облысында 6, Жамбыл облысында 4, Ақтөбе облысында 3, Алматы облысында 2, Ақмола облысында 4, Атырау облысында 1, Батыс Қазақстан облысында 1, Маңғыстау облысында 1 көше аты берілген. «Оян, қазақ!» деп ұран салған Міржақып Дулатұлы атында елімізде 16 көше бар.

Қазақстанда Мағжан Жұмабайұлы атында 14, Жүсіпбек Аймауытұлы атында 5, Ғұмар Қараш атында 2, Қошке Кемеңгерұлы атында 1, Смағұл Сәдуақасұлы атында 1, Санжар Асфандиярұлы атында 2, Ғұбайдолла Бердиев атында 1, Жұмахан Күдеріұлы атында 1 көше тіркелген.

Ұлттық рухани жаңару мен жаңғыруға қаржылай қолдау көрсеткен сол арқылы елдік істерге тұтқа бола білген қазақтың тұңғыш меценаттары Маман әулеті, Оразай әулеті, Әнияр Молдабайұлы, Ике Әділұлы, Қаражан Үкібайұлы, Медеу Оразбайұлы, Ақайдың Хасені, Шәңгерей Бөкейұлы, Ыбырай Ақпайұлы, ағайынды Бекметовтер, Иса Көпжасарұлы, Салық Омарұлы, Тобанияз Әлниязұлы есімдеріне көше атауларын беруді қаперімізден шығармағанымыз жөн.

«Қазақстан» атауын тұңғыш рет ресми түрде рухани және саяси қолданысқа енгізген Елеусін Бұйрин, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшенов, Шаһмардан Есенов есімдерін құрметтеу де өрелі биікте емес. Елеусін Бұйрин атында Орал қаласында, Жұмабек Тәшенов құрметіне Астана, Шымкент қалаларында, Шаһмардан Есенов атында Алматы, Қызылорда қалаларында ғана көше атауларының болуы соны көрсетеді.

Қорыта айтқанда, ұлтымыздың бұрмаланған байырғы жер-су атауларын қалпына келтіруде, кеңес дәуірінен әлі де өзгертілмей қалған көше атауларын ауыстыруда, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен мемлекеттік маңызы бар нысандарды қайта атауда қолға алар әрі атқарар келелі мәселелер жетіп артылады. Отаршылдық озбырлық пен кеңестік ұлтсыздандыру саясатын таңбалайтын кез келген атау мен есімдерден түпкілікті арылу уақыт талабы. Сан жылдар бойы қордаланған түйіндердің шешімін тарқатпай келесі ұрпаққа қалдыру арға сын болмақ.

Бұл тұрғыда біріншіден, ұлт тарихында өшпес із қалдырған тарихи тұлғаларды, руханият қайраткерлерін ұлықтауда көбіне қисынды да қисынсыз басшылыққа алынатын аумақтық межелену шеңберінің қасаң қағидаларынан арылуымыз шарт.

Екіншіден, еліміз бойынша көше атауларының берілуін жіті назарда ұстайтын ономастикалық комиссия жанына белгілі тұлғаларға қойылып отырған атауларды саралап таразылайтын (мониторинг) бөлімнің болғаны дұрыс. Ол ономастика саласында назардан тыс қалып отырған мәселелерді объективті бағамдауға мүмкіндік бермек.

Үшіншіден, байырғы жер-су атауларын қалпына келтіру ісіндегі БАҚ жүйесіндегі үгіт-насихат жұмыстары мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде кешенді түрде жүргізілуі шындап қолға алынуы қажет.

Төртіншіден, көше атауларына күні кешегі коммунистік жүйенің қазанындай қайнаған кездейсоқ адамдардың есімдерін жөнсіз тықпылануына жол берілмеуін қоғам болып талап етуіміз керек.

Ең бастысы ұлты тарихындағы айтулы тұлғалар есімдерін ұлықтау барысы Алаш баласының мемлекетшілдік ұстанымдарын ұйыстыратын қуатты күшке айналуы тиіс.


Баға беріңіз