Қазақ сөзжасам тарихына арналған құнды ғылыми еңбек

​Шерубай Құрманбайұлы - ғылыми еңбектерімен қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген ғалым. Сөзжасам, термин, терминжасам, аударма және терминология, ұлттық терминология тарихының мәселелері, Алаш қ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

01 наурыз, 2018

А.Құнанбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов және тағы басқа қаламгерлер қазақ сөзіне, сөзжасам процесіне, әдеби тілге, сөйлеу мәдениетіне көп еңбек сіңірді, жазушылар мен аудармашылар тудырған сөздер бүгінде халық аузында жүр. Әр нәрсенің тарихы болса, сөздің де тарихы бар.

Шерубай Құрманбайұлының көп жылдар бойы ұлттық термин, сөз тіркестері саласындағы еңбектері сөзжасам мәселелерімен ұштасып, ұлттық термин жүйесінің, оның ішінде, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, ғылым мен білім саласындағы қазіргі қолданыстағы терминдердің жасалу және қалыптасу кезеңдері көрсетіледі.

Соңғы ширек ғасырда мемлекеттік тілді дамыту, тіл саясатының мемлекеттік бағдарламалық шаралары шеңберінде, оның ішінде терминжасам үдерісінде, қазіргі қазақ тілі лексикасының жай-күйі, ісжүргізу мен терминология саласын нығайту мақсатында тілдің ресми нормасын қалыптастыру, стилі, лексика-грамматикалық мәселелері төңірегінде өткен жылдары көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді, ой пікірлер айтылды. Ондағы мақсат аударма тілдің деңгейінде келе жатқан мемлекеттік тілдің жағдайын оңалту, орыс тілінен қазақ тіліне аударылатын заңдар, жарлықтар, қаулылар, бұйрықтардың ана тіліндегі табиғатын, заңдылықтарын бұзбаудың жолдарын іздестіру, аражігін анықтап қайшылықтардың алдын алу, болдырмау еді. Бұл міндетті қазіргі қазақ тіл ғылымы абыроймен атқарып келеді, ізденістерге бара білді, тілді сындыруға барынша жол бермеді. Соның айқын дәлелі қазіргі азат еліміздің мемлекеттік тілінің ресми басқару стилі мен мәдениетінің орнығуы. Қазақ сөзінің қайнарларына ғылыми үңілуді, қазбалауды қажет етті. Сөзде ғасырдан ғасырға ауысатындарды білдіреді, олардың бұғауы да мықты, кейде уақыттың өзі де сөздің алдында қауқарсыз, сөзде бұрыннан өсиет қалғандарды ажырата алады. Бұл сөзге айтылған мадақ емес, тілдің, сөздің өткеніне үңілмейінше, келешегін анықтау мүмкінемес еді.

Бұл еңбекте өткен ғасырда тілдік қорға енген жаңа сөздер мен терминдер тарихы, олардың нормалануына ықпалы, қаламгерлердің сөзжасам, сөз қолдану, балама табу тәжірибесі талданады. Кітаптың үшінші бөлімінде жаңа атаулар мен қолданыстардың орысша-қазақша, қазақша-орысша сөздігі, лексикалық нұсқалары салыстырмалы кестемен беріледі. Еңбекте аудармадағы сөзжасам процесіне, аударма тарихы, тәржіме жасаған тұлғалардың шығармашылықтарына қатысты көптеген деректер қамтылады. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Жұмағали Ысмағұлов, Нығмет Ғабдуллин, Немат Келімбетов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Сарбас Ақтаев, Темірхан Медетбек, кәсіби аудармашылар,термин зергерлері: Әбен Сатыбалдиев, Құрманбек Сағындықов, Ісләм Жарылғапов, Кеңес Юсуп және тағы басқа қаламгерлердің әр жылдарда жасалған көркем аудармаларына талдаулар жүргізіп, жаңа атаулар мен сөздердің, қолданыстардың пайда болуы зерттеледі.

Аударма - әдебиеттің де, лингвистиканың да нысаны дегенмен де көбіне халықтар әдебиеті төңірегінде, қарым-қатынастары аясында, әлем және орыс әдебиетін аудару төңірегінде айтылып келді, енді міне, аударма арқылы терминжасамның лексика-грамматикалық мәселелері төңірегінде қаралып, қазақ тілі қорының жаңа сөздермен толысу процестерінің тарихи кезеңдері зерттеледі.

Еңбектегі Әлихан Бөкейхан аудармалары бөлімінде: «Әлихан Бөкейхан соңында қалған мұраларының елеулі бөлігі – аудармалары.Аудармашылық – оның шығармашылық қызметінің маңызды қыры. Алаш зиялысы көркем аудармамен, ғылыми, ғылыми-танымдық, саяси әдебиет пен түрлі пән оқулықтарын, оқу-ағартуға арналған құралдарды аударды» деп бастап, автор Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның аудармашылық шығармашылық мұрасы, аудармаларының жариялануы, тарихы, кітап болып басылуы, сондай-ақ Әлихан Бөкейханның сөз жасам, сөз тудыру ерекешеліктері туралы ғылыми деректерді қамтиды. Осындай әдіспен басқа да қаламгерлер мен аудармашылардың сөз тудыру дәстүрі, мұралары туралы да айтылады. Сондай-ақ, қазақ терминжасам зергерлері: Әбен Сатыбалдиевтің, Құрманбек Сағындықовтың, Ісләм Жарылғаповтың аудармаға қатысты теориялық және практикалық көзғарастары, пікірлерінің мол қоры ұсынылған. Шерубай Құрманбайұлы: Әбен Сатыбалдиевтің терминжасам теориялық қағидаларына қатысты, қазір де өте маңызды тұрған пікірін оқырманға жеткізеді: «Ғылым мен техниканың, өнердің белгілі бір саласында пайда болған жаңа ұғымдарға дер кезінде ат қойып, айдар тағып отырмаса, олардың өзге тілдегі атаулары тілге еніп қалыптасып қалары анық. Кейіннен тілдегі қолданысы бір ізге түсіп, жұрттың санасына сіңіп, құлағы үйреніп қалыптасып қалған ондай атауларды алмастыру оңайға түспейді» деп жазады. Әбен Сатыбалдиевтің тағы бір ойы: «Бізде термин сөз көбіне аудару арқылы шығады,сол себепті де, оның ұғымын беретін атаудыбіз, ең алдымен, халықта бар сөздерден іздестіреміз» деп беріледі.

Әбіш Кекілбаевтің аудармасындағы Ги де Мопассанның «Өмір» романынан: Жабынды - покрытие, жапқы – покрывало, киелі әкей – святой отец, саяжол – аллея, үстелше - столик, Альбер Камюдің «Оба» (Чума) романынан: аралшық - островок, баянхат – докладная, ғимарат - здания, дүңгіршек – лавка, зілзала – землетрясение, жағажол – бульвар, жеделхат - телеграмма, келіссөз - переговоры және тағы басқа қазіргі кезде терминдік қордың ғана емес, қазақ тілінің құрамына жасалған оң қолданыстар деуге болады», - деп баға береді автор.

Мысалы, Кеңес Юсуптың орыс тілінен Габриэль Гарсиа Маркесті аударған «Сенбіден сенбіге дейінгі» әңгімелерінен тізілген жаңа атаулар мен қолданыстардың тізбегі де термин тұрғысынан көңіл аударалық:

Жиекжол - тротуар. «Вагон басқыштықтарынан төменге түскен әйел мен қыз астынан көктей өскен өсімдік жарған тақтайшалары бар вокзалы алаңы арқылы көшенің көлеңкелі келесі бетіндегі жиекжолға шықты.» - деп, аудармашының мысалдары арқылы жаңа сөздің тууын ашып көрсетеді.

Шерубай Құрманбайұлының бұл еңбегін соңғы жүз жылдан астам уақыт ішіндегі қазақ аударма тарихын, Нобель сыйлығының лауреаттары: Э.Хемингуэй, А.Камю, Р.Тагор, Г.Маркес, Ф.Морнак, Г.Белль, У.Фолькнер, Дж.Стейнбек, И.Бунин және әлем әдебиетінің шоқ жұлдыздары: О.Бальзак, Г.Мопассан, В.Гюго, Дж.Лондон, О.Уайльд, П.Мериме, Л.Фейтвангер, А.Кристи, Л.Толстой, А.Чехов, И.Тургенев және тағы басқа жазушылардың шығармаларындағы қазақ тіліндегі тәржімаларын зерделеген, бүгінгі қазақ сөзжасам, терминжасам процестерін көрсеткен құнды ғылыми - танымдық еңбек дер едім.


Баға беріңіз