Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

«Қытайша-қазақша үлкен сөздіктің» тұсаукесері өтті

27.2.2018 312
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы мен осы кафедраның доценті Айнұр Әбиденқызы құрастырған «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» атты іргелі еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазақстан мен ҚХР елдері арасындағы тез қарқын алып келе жатқан сан-салалы қарым-қатынас, өз кезегінде еліміздің еңбек нарығында қытай тілін білетін мамандарға деген сұранысты күшейте түскені де белгілі. Алайда күні бүгінге дейін елімізде қытайша-қазақша көлемді, әмбебап аударма сөздіктің болмауы қытай тілін үйренушілер үшін ғана емес, қазақ-қытай немесе қытай-қазақ тілдерінен аударма жасаушыларға да елеулі қолбайлау болып келді. Еліміздің ғылым-білім саласындағы, берісі қазақ-қытай тілдері бойынша аударма саласындағы ақтаңдақтың орнын толтыру мақсатында, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Дүкен Мәсімханұлы мен доцент Айнұр Әбиденқызы он жылдан астам уақыттарын сарп етіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Қытайша-қазақша үлкен сөздік» деп аталатын көлемді сөздік құрастырып шықты. Сөздіктің таралымы 2000 дана, көлемі 120 баспа табақ (1050 бет). Қазіргі қытай тілінің қолданысындағы 70 мыңға таяу сөз бен сөз тіркесі қамтылған. «Сөздік» ЖОО мен мектептерде қытай тілі бойынша білім берушілер мен білім алушыларға, қазақ-қытай тілдері бойынша тәржіма жұмысымен айналысатын аудармашыларға, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы саласында қызмет атқаратын дипломатиялық корпустар мен олардың қызметкерлеріне, қытай тілі, қытайтану ғылымы, жалпы тіл білімі саласында ізденіп жүрген ғылыми қызметкерлерге, сондай-ақ қытай тілін өз бетімен үйренгісі келетін жалпы көпшілікке арналған.

Сөздік көрнекті мемлекет қайраткері, әлемдік деңгейдегі дипломат, қытайтанушы-ғалым Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен жарық көрген.

«Дүкеннің «Үлкен сөздігінде» қытай сөздері мен сөз тіркестерінің қазақша аудармасымен қоса, оның қытай тіліндегі қолданыс мысалдары көбірек берілген. Мұнан қытай сөздерінің қазақша аудармасын табумен бірге, ол сөздің қытайша қолданысын да үйреніп алуға болады. Демек, аталмыш сөздік қосымша оқулық қызметін де атқарады. Мұндай мысалдар «Большой Китайско-Русский словарьда» да көп емес екен. Бұдан авторлардың сөздікті отандық оқырмандардың қажетіне қарай көп функциялы етіп жасауға көңіл бөлгенін көруге болады. Бұл да құптауға тұратын жаңалық деп санаймын», деп бағалапты ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы.

Тұсаукесер жиынға университет ректоры Ерлан Сыздықов, ҚХР Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй, түрколог-ғалым Әділ Ахметов, профессор Сейіт Қасқабасов сынды бір қатар ғылым қайраткерлері мен ұстаздар, қаламгерлер қатысты. Өз кезегінде Ерлан Сыздықов ғалымдарды үлкен еңбектерінің жарық көруімен құттықтап, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды. Бұл еңбек қазақ-қытай мәдени қарым-қатынасына айырықша қызмет ететін кітап ретінде бағаланып отыр.

Тегтер: ЕҰУ, қазақ, қытай, сөздік
Авторы: Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

54 0

ақпарат

Миллион кімге бұйырады?

31 0

ақпарат

Әдіскерлерге арналған республикалық онлайн семинар өтеді

66 0

ақпарат

​Тіл төрге озғалы қашан - Сүлеймен Мәмет