Ағылшын тілі қазақ тіліне көлеңкесін түсірмейді

Саяси ғылымдар докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғазизат Имақова "...ағылшын тілін білмей де өмір сүруге болады. Бірақ ол елдің ішіндегі шектеулі тағдыр болып ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

26 ақпан, 2018

- Ә дегеннен әңгімені тіл саясатына бұрсақ, бізде өз тілінде білім алып, өзге тілде сөйлейтіндер саны көп. Мемлекеттік тіл - қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейте алмай жатқанда, орыс тілінің белсенді ықпалы аз болғандай, ағылшын тілі оған үстемелене түсті дейтін пікір тағы бар. Десек те, үш тілде білім беруге деген дайындық қызу жүріп жатыр. Үш тілде білім беру бізге не береді?

- Үш тілдік білім ғаламдану шарттарындағы қажеттілік болып отыр. Әрине, ағылшын тілін жаппай үйрену тетіктері әлі де шикі және әлсіз. Көбіне, формальды тұрғыда жүргізіліп жатыр. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бастысы – осы бағытты бастау. Себебі, жастардың ғана емес, аға буынның да осы көштен қалып қоймауы керек. Ал, үш тілдегі білімнің қазақ жұртына не беретініне келсек, ол – алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылудың басты шарттарының бірі. Әлемдегі жинақталған білім мен мәдениет қоры ағылшын тілінде өте көп және оған оңай қол жеткізуге болады. Экономика мен қаржы, технология мен инновация осы тілде таратылатын болғандықтан, бұл тілдің маңызы біз үшін де жоғары.

- Жаһандану кезеңінде әлем тілдерін білу мен меңгерудің маңызы түсінікті. Алайда, қарапайым халық, қатардағы жұмысшыға шет тілдерін білудің қандай қажеттілігі туып отыр?

- Өзін-өзі жетілдіру мен өзінің кәсіптік саласындағы әлем жаңалықтарынан құр қалып қоймау заманауи талапқа айналып отыр. Әрине, ағылшын тілін білмей де өмір сүруге болады. Бірақ ол елдің ішіндегі шектеулі тағдыр болып саналады да, сапалы өмір сүру санаты болып табылатын: шетелдік білім алу, медициналық немесе демалыс туризмін пайдалану, азаматтардың өз жұмысында, қызметінде әлемдік дәрежедегі жаңалықтар мен жетістіктерді қолдану, т.с.с. өзіндік бағаны жоғарылататын психологиялық және іс жүзіндегі қолданыс аясын тарылтады.

- Үш тілде білім берудің алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Алайда, оның жүзеге асырылу деңгейіне көңіліңіз тола ма? Бұл сұрақты қоюыма сбебеп: бір бағдарламада Сіз бұл тұрғыдағы жасалып жатқан жұмыстардың жүйесіздігін айтып, сынаған едіңіз. Сын қаперге алынып, содан бері кем-кетік тұстары жөнге келді ме? Не өзгерді?

- Өкінішке қарай, әлі де жүйелі жұмыс жүргізілмей отыр. Идеологиялық саяси мәселелер жоғарыдан түсетін нұсқау түрінде қалып, оны азаматтық қоғамның іліп әкетуіне негіз жасалынбай отыр. Бұл тұрғыда жауапты мемлекеттік орталық органдардың қоғамдық кеңестердің қызметін өздерінің пиар компанияларына бағыттап, тәуелсіз сарапшылардың сын пікірлеріне жатсына қарауы тежегіш болуда. Дегенмен, партия жүйесіндегі жаңа іскерлік бағыттың жандануы мен кәсіпкерлік құрылымдардағы орталықтандырылған саясаттың мемлекеттік стратегиялық жоспарлармен астасуындағы соңғы көріністер кемшіліктерді түзеуге бағытталған жұмыстардың басталғанын білдіреді.

- Ағылшын тілін енгізу мәселесі қоғамда біраз талқыға түсіп, біраз топтардың сынына ілініп, кейбірі тіпті наразылық білдіруде. Біздің үш тілде білім беруден үрейленуімізге не себеп?

- Әрине, ұзақ жылдар бойы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салып келе жатқан ұлттық патриоттық және ұлтшылдық тұрғыдағы тіл саясатында, енді ағылшын тілінің ықпалына ілігеміз деген қауіп айтылып жатқаны дұрыс. Бұл – қоғамдағы пікір алуандығы. Мұндай әртүрлі пікір мен ағылшын тілінен үрейлену әр азаматтың тілге деген өзіндік ұстанымын қалыптастырады. Есімізде ұстайтын мәселе, қазақ тілінің мәртебесі төмендемейді және оның мәртебесін әлемдік дәрежеде таратып, ұлғайта беру осы үрейлену тетіктерінің негізінде әзірленеді. Сондықтан, қазір қазақ тілінің латынша әліпбиін әлемдік дәрежеде оқытып, үйрету әдістемесін жасақтау - ұлтшылдар мен ұлттық-патриоттық бағыттағы күштердің басты міндеті.

Қазіргі жаһандық өзгерістер мен жаһанданудың екпін күшіне ілесуге ұмтылған қазақ жастарының ұмтылысы, сол арқылы білім, ғылым, таным процестеріне мүмкіндік алуы – қазақ жастарының алдындағы тағы бір мүмкіндіктер ретінде бағаланары сөзсіз. Ақпарат алмасу, білім алу, танымды кеңейту – ағылшын тілін меңгерудің пайдалы жақтарының бірі.

Сол сияқты қазақ жастарының әлемдік дәрежедегі жарыстарға қатысып, өз білімдері мен тәжірибесін шыңдауларына, спорт, өнер, т.б. салаларда өздерін көрсетіп, жетістіктерін барынша көтеруге, тіпті, шетелдік іс сапарларда мемлекетімізді дұрыс танытып мойындатуда ағылшын тілін меңгерудің басымдықтары бар.

- Білуімізше, еліміздегі ЖОО-да жоғары білімнен кейінгі білім беру үдерісінде ағылшын тіліне басымдық беріледі. Тіпті, кәсіптік пәндер де ағылшын тілінде оқытылады дейді. Сонда біздің оқу орындарындағы оқытушы-профессорлар ағылшын тілді маман даярлауға дайын деуге негіз бар ма? Әлде бұл формальді түрде жүргізілетін дүниелер ме?

- Нақты қазіргі мезетте, ағылшын тілін білетін мамандар негізінен жастар болып тұрғаны белгілі. Олардың іс тәжірибелері аздау. Сондықтан, жоғары оқу орындары мамандарды ағылшын тілін оқытуға назар аударуы тиіс. Ағылшын тілінде білім беретін мектеп оқытушыларын жер-жерде оқытып жатқаны мәлім, бірақ ол үрдіс жеткіліксіз дәрежеде және формальді түрде көрініс тауып отыр. Кәсіптік дәрежеде ағылшын тілінде сабақ бере алатын маманды даярлау күрделі процесс. Оны шын мәнінде ынталандыру жүйесі арқылы, үйрететін уақытты оқытушыларға бейімдеу арқылы ұйымдастыру қажет. Алайда, тағы бір кемшілік қазіргі уақытта ағылшын тілін оқытуда аудиторияның қажеттіліктеріне бағытталмаған бағдарламалармен оқыту таралып отыр. Бұл пәрменсіз, әлбетте, осыдан барып, мардымсыз нәтиже шығады.

- Әңгімеңізге рахмет



Баға беріңіз