Жаңа латын графикасына қатысты пікірлер

Латын әліпбиі
Tilalem.kz

Tilalem.kz

21 ақпан, 2018

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

«Жаңа әліпби жобасын тағы да қайта-қайта қарау, әбден иін қандыру керек екендігі түсінікті. Бұл жер – жеті рет өлшейтін жер емес, бұл жер – жетпіс жеті рет өлшейтін жер. Сондықтан да біз қазірше асатпай жатып құлдық демей тұрмыз».

Өткен жылдың қыркүйегінде қазақ жазуын латын графикасына көшірудің мәселелерін тал­қылаған парламенттік тың­дауда сөйлеген сөзімізде осы­лай деген едік. Ол сөз рес­пуб­­ликалық баспасөзде толық күйінде басылған да болатын. Сол парламенттік тыңдаудан кей­­ін басталған қызба-қызу пі­кір­­­талас бара-бара шын мәнін­дегі бүкілхалықтық талқы­лау­ға ұласып кете барды. Елба­сы­мыз­дың жаңа әліпбиге ауысудың жай-күйін дәл осындай көлемде талқылаған ел әлемде бұрын-соңды болмағанын атап айтқаны да есімізде.

Жалпы, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел өміріне тікелей қатысы бар шешімдерді халық­пен кеңінен ақылдасып барып қабылдау керектігін қайта-қайта қадап айтып та келеді, солай етудің үлгісін өзі танытып та келеді. Дәл осы мәселеде бұл тіпті келісті көрінді. Әуелі диграфтар мен диакритикалық белгілерге негізделген бір жо­ба баспасөзде жарияланды. Пар­ламенттік талқылауда сол нұсқа талқылауға түскен болатын. Оның жетістіктері мен кемістіктері сарапқа салынды. Жетістігінен кемістігі көбірек деген пікірге ойысты жұрт­шы­лық­тың ойы. Араға бірер ай салып барып, таза қазақы әріп­терді апострофтардың көме­гі­мен таңбалауға негізделген жаңа нұсқа таразыға тартылды. Бұл нұсқа алдындағыдан анағұрлым дұрыс екен, сөзді әр­түрлі оқымауға, қилы-қилы ды­быс­тауға мүмкіндік бермейді екен десті жұртшылық. Бірақ бара-бара сонысымен қатар жазуды қағазға түсіргенде сырт суретінің көзге сүйкімді кө­рін­бейтіні де бар екен деген пікірлер белең ала бастағандай болды.

Енді, міне, ел мен Елбасы етенелігінің ерекше бір көрі­ні­сіне куә болып, қуанып отырмыз. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» 20 ақпанда жарияланған Жарлығы бойынша әліпбиіміз жаңа редакцияда жазылатын болып шешілді.

Неге қуанып отырмыз дейміз? Жазуды жаңғырту – тілді жаңғырту. Тілді жаң­ғыр­ту – елді жаңғырту. Бұл мә­селенің тағдыршешті си­па­тын соншалықты сергек се­зін­генімізге, әліпби ауыс­ты­ру­дың тіл тағдырын ғана емес, ел тағ­дырын да айқын­дайтынын бар­ша­мыздың білгенімізге, ана тіліміздің болашағына осын­ша­лықты жанашырлық таныт­қа­нымызға, қысқасы – елдік мінезімізге қуанып отырмыз. Ел сөзіне ерекше құлақ түрген, бұл іске оңынан да, солынан да, тігінен де, көлденеңінен де қараған, бәрін, бәрін ескерген, жеті рет емес, жетпіс жеті рет өлшеген Елбасымыздың тарих алдындағы жауапкершілігіне тағы бір мәрте куә болғаны­мыз­ға қуанып отырмыз. Еге­мен­діктің елең-алаңында-ақ басталған, осыдан алты жыл бұ­рынғы «Қазақстан – 2050» Стра­тегиясында белгіленген, өткен жылғы сәуір айында жарияланып, жан дүниемізді сәуірде есетін алтынкүректің самалындай желпіп өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы еңбегінен кейін бөлекше серпінмен қолға алынған істің тамаша тиянақ тапқанына қуанып отырмыз.

Неге тамаша тиянақ тапқаны дейміз? Өйткені бұл Жарлық қалың көпшіліктің жаңа әліпби қалыптастыруға қойған бас­ты талабының үдесінен шыққан­ды­ғымен аса бағалы. Ол талап – бір дыбысты бір таңбамен белгілеу. Жалпы, негізінен естілгені бойынша жазылуы – алфавит атаулының даусыз артықшылықтарының бірі. Олай ету жазуды да жеңілдетеді, оқуды да же­ңілдетеді, демек, тіл үйре­нуді де жеңілдетеді. Тілді айқын ете­ді. Сөзді дәл жаздыртады, ды­бысты дәл естіртеді. Жаңа әліп­биден көпшіліктің күт­кені де осы еді. Халықтың, қа­лың жұртшылықтың пікірін талай мәрте таразыға тартып, тарихи мәні бар тағдырлы мәселеге барынша байыпты көзқарасты талап еткен, сөйтіп түптің-түбінде барша ел күткен шешімге қолымызды жеткізген Елбасымызға айтар алғысымыз айрықша. Қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» дейтіні де осыдан ғой. Жаңа әліпби – рухымызды жаңғыртудың жарқын жетістігі. Құтты болсын айтамыз барша ағайынға!

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

Жалпы, әліпбидің ұлттық сана-сезімге, ұлттық мәдениетке ықпалы өте зор. Бұл бұрыннан бері дәлелденген. Сондықтан латын графикасының бүгінгі нұсқасы халықпен бірге ақылдасып, ойын ескеріп, қабылданып жатқан нұсқа. Бұл қадам бір жағынан саяси маңызды деп айта аламын. Әрине көбіне әлі түсініксіз болар. Уақытына байланысты айтар болсам, ережесі жасалғанша әлі біршама ауқымды жұмыс бар. Қазіргі жастарға, үлкендерге мұның қажеті қанша деген сұрақ туындауы мүмкін. Кеңес кезінде әліпби әдейі кириллге ауыстырылған. Осыны ескере отырып қазіргі қадамды тарихи шешім деп қабылдаймын.

Әлбетте мың адам болғаннан кейін мың түрлі пікір болады. Ереже қабылданады. Ендігі уа­қыт­та Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі, тіл институттары осы­ған байланысты қазақ тілінде жа­зу­дың ережелерін қабылдау керек. Яғни дыбыстар толық зерттеледі. Оның өзіне 5 жылдай уақыт кетуі мүмкін. Зерттеу барысында менің ойымша, айтарлықтай өзгеріс болмайды.

Ержан САЛТЫБАЕВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы ӘЭСИ директоры:

Президент бекіткен латын гра­фикасындағы қазақ әліпбиі ма­ман­дардың ұзақ мерзімді жұ­мыс­тарының нәтижесі және бұл әліпби осы уақытқа дейін айтылған сарап­шылар пікірінің жан-жақты үдесінен шығады.

Бекітілген әліпби нұсқасы алға жасалған қадам іспетті, себебі жалпы алғанда бұл қазақ тілінің ды­быс­­тық ерекшелігін айқын­дайтын әліп­бидің фонети­калық нұсқасына кө­шуді білдіреді. Әліпбиде әлемдік тәжірибеде мойындалған екі диграф – sh мен ch сәйкесінше «ш» мен «ч» әріп­те­рін бейнелеуге арналған.

Қазақ тілінің барлық дауысты дыбыстары жеке белгі ретінде көр­сетілген. Атап өту керек, қазақ тілі­нің вокализмі өте бай, ең алдымен, дәл осы факт диграфтарды қолдануды (алғашқы ұсынылған нұсқа) шектеді. Жаңа әліпбиде бұл мәселе түбегейлі шешілген.

Қазіргі уақытта көптеген заңды сын пікірлердің тууына себепкер болған «диграфтық» және «апос­трофтық» нұсқалардан гөрі, қазақ тілінің дыбыстық ретін толық ашып көрсете алатын әліпбиі жа­сал­­ды деп айтуға болады.

Енді жаңа әліпби қоғамның түр­лі топтарымен бірауыздан қа­был­­данып, күнделікті қол­да­нысқа енеді деген шынайы үміт бар.


Баға беріңіз