Қазақ тілін қызғыштай қорғаған…

Биыл 90 жылдық мерейтойы республика бойынша аталып өтіп отырған Әбділхамит Нарымбетов ежелден батырлар мен сұлулардың, ақындардың мекені болған Ақжайықтан екенін мақтана айтамыз. «Қарашы Орал қырла...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

19 ақпан, 2018

Құрманғазы мен Динаның дауыл­паз күйлері осы Нарыннан күллі қазақ даласына тарады, ұлттық рухқа дән екті. Осындай дүбірлі өл­кенің құмында, бүгінгі Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында 1928 жылы Әбділхамит ағамыз дүниеге келген. Қасиетті жерде туған, ұлт дәстүрі мен мәдениетін бойына сіңірген құм баласының арманы асқар таудай еді. Мектепті жақсы тамамдап, Республикамыздағы байырғы жоғары оқу орындарының бірегейі А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойын­ша оқыды. Елімізге белгілі Сәрсен Ақмурзин, Ғабдікәрім Әбуханов сияқты тілші, әдебиетші ғалымдардан дәріс алды. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы екені аян. Жасынан ғылымға құштар Әбділхамит 1948 жылы ­институтты үздік дипломмен бітіріп, Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасына қабылданады. Академик Қ.Жұмалиевтің жетекшілігімен әдебиеттану ғылымына бас қояды. 1954 жылы «20-30 жылдардағы қазақ кеңес поэмасы» деген тақырып­та филология ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Ұлыларға шәкірт, қазақтың игі жақсыларымен замандас, қаламдас бола жүріп, филология ғылымының докторы Ә.Нарымбетов белгілі әдебиеттанушы болып қалыптасты. Ерен еңбегі де бағаланды. Қазақ ССР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты болды. Өмір бойы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жұмыс жасады. Оның артында қалған 45 кітап, төрт жүзден астам мақала қажырлы еңбектің нәтижесі.

Бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған Әбділхамит Қуанұлы қазақ әдебиеттану ғылымында ұшан-теңіз еңбек етіп, ұлтқа қызмет етті, артына мол мұра қалдырды. Ал «Ұлттық қызмет ету білімнен емес, мінезден» (Ә.Бөкейханов). Жайшылықта қарапайым, кішіпейіл көрінетін Әбекеңнің мінезді болғанын 1956 жылы 1 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған «Ана тілін ардақтайық» атты бір мақаласынан ғана көруге болады. Бұл кезең Кеңес үкіметінің орыстандыру сая­саты күшейіп, Қазақстан даласы ұлттар достығының лабораториясына айналып, миллиондаған тың игерушілер келіп, қазақ мектептері жаппай жабылып жатқан тұс. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да, зұлмат ғасыр болды… қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады» деп ашық айтты. Осындай жанталас сәтте Әбділхамит сияқты ұлтшыл азаматтардың саяси қуғынға ұшырайтынын біле тұра өз пікірін білдіруі заңды құбылыс және ерлік деп бағалауға болады.
Мақалаға үңілсек, ана тілінің тағдыры үшін немқұрайлы қарай алмайтын ғалымның жан-айқайын аңғарамыз: «Әрбір азамат өзінің ана тілін жақсы білуге міндетті. Оны білмейтін кісіні нағыз мәдениетті адам қатарына қосу қыйын. Біздің елімізде әрбір халықтың өз тілінде оқып, білім алуына мүмкіндік бар. Амал не, өзінің ана тілін білмейтін қазақ интеллигенттерін жиі кездестіріп жүрміз. Бұл өте өкінішті жай. Мәдениеттің, прогрестің шыңына көтерілу деген – өз ана тілін ұмыту емес екенін марксизм-ленинизм классиктері талай айтқан». Тәуелсіз Қазақстанның үстіміздегі жылынан санасақ бақандай 62 жыл бұрын жазылған осы мақаланың көтерген проблемасы бүгінгі күнде де өзекті. Әбекеңнің пікіріне құлақ түрсек: «Кейбір қазақ жастарының өз ана тілін білмеуінің, біздіңше, әртүрлі себебі бар. Бәрінен бұрын біраз жолдастардың «қазақ тілі келешексіз, өмірсіз тіл» деп есептейтінін айтуымыз керек. Шынында олардың бұлай ойлауына дәлел бар сияқты. Бізде көп жағдайда қазақ тіліне деген немқұрайлы көзқарас орын алулы. Егер бірде-бір жиналыс, не мемлекеттік қаулы-қағаздар, указдар, қатынас қағаздар о баста қазақ тілінде жасалып көрмесе, кейбір басшыларымыз алдымен өздері қазақ тілін ұмытса, жоғарыдағы ой әркімге-ақ келуі мүмкін». Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын тойлап отырған Қазақ қоғамы осы кемшіліктерден арылып болды ма деген сұраққа тұшымды жауап бере аламыз ба? Біз әлі күнге мемлекеттік тілді білуге міндетті мемлекеттік қызметтердің тізімін де бекіте алмай отырмыз. Көңілге бір медет Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы болып отыр. Бұл құжатта мемлекет құраушы ұлт, қазақ қауымы көптен күтіп жүрген құнды мәселелер көтерілді. Елбасы рухани жаңғырудың басты қағидаларын, алдағы міндеттерді елеп-екшеп берді. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу» деп атап көрсетті. Ұлттық код неге сүйенеді деген сұрақ туындайды. Сөз жоқ ұлттық кодтың басты тірегі тіл, әдебиет, тарих, ұлттық мәдениет, ата-баба дәстүрі. ХХІ ғасырда жаһандануға жұтылып кетпеу үшін ана тіліміздің, мемлекеттік тіліміздің әлеуеті, қызметі әлеуметтік өмірдің бар саласында өркендеуі қажет. Кезінде А.Твардовский «Пушкинсіз барған коммунизмнен не үміт, не қайыр» деген еді. Біз «Мәңгілік елге» өз әдебиетімізбен, Абайымызбен, Әуезовпен баруымыз керек. Сананы жаңғыртып, «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» ойлап қою үшін Абайға жүгінуіміз шарт.
Ә.Нарымбетовтың мақаласында тағы бір көтерілген өзекті мәселе – термин мәселесі. «Қазақ тілінің бай қорының үлкен бір саласы – терминдердің қайта қарайтын, ойласатын жақтары аз емес. Қазақ тілі терминдерінің қолдану, жазу тәртібінің асығыс шешілген мәселелерін қайтадан дұрыс қалыпқа келтіру үшін жиналыстарда, баспасөз бетінде әлі де кең пікір алысу қажет» деп өз ұсыныстарын білдіреді. Иә, қазақ тілінде термин мәселесі қашанда өзекті болып келеді. Тіліміз әлемдік тілдермен араласпай, олардан кірме сөздер, терминдер қабылдамай томаға тұйық отыра алмайды. Бұл – табиғи заңдылық. Бірақ осы терминдерді қабылдауда қазақ тілінің мүддесін жат тілдің ықпалына жығып берген тұстармыз да көп. Елбасы биылғы Жолдауында да бұл мәселеге арнайы тоқталды. «…терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деп ерекше атап көрсетті. Елбасы сыны терминдерді мүлде аударуға болмайды деген сөз емес. Мәселе қалай аударуда, қалай қабылдауда. Бұл өзекті мәселеге ұлы Мұхтар Әуезов те өз тұсында пікір білдірген: «Орыс тілі мен ­шетелдер тілінен алынған атаулардың орфографиясы бізде әлі дұрыс жолға қойылып болмаған сияқты. Мысалы, орыс тіліне француз, ағылшын, неміс, латыннан кірген ұшан-теңіз сөздер бар екен. Олар орыс тілінің заңына бағынып айтылады да, жазылады да. Біздің грамматикамызда осы жөнінде асыра сілтеу, сыңаржақтық бар сияқты».
Тіліміздің бар байлығын пайдалана отырып, кейбір терминдері аударуға болады, ал аударуға келмейтін, бұрын ұғымымызда болмаған, ­заманауи, ғылыми терминдер мен кірме сөздерді қабылдауда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағындырып, қазақ тілінің заңдылығымен айтылып, жазылуына мән берген дұрыс. Тілімізді жат тілдердің ықпалынан сақтап, ­дамыту, байыту азаматтық міндетіміз. Қазақ әліпбиін латын жазуына ауыс­тыру үдерісінде, жаңа емле-ереже дайын­дауда осы мәселелер ескерілуі тиіс. «Ендігі жерде әрбір терминді бекітуде оның орыс, түрік, еуропа тілдеріндегі нұсқаларына салыстырмалы талдау жасап, қазақ тілінің тілдік нормасына сәйкесін ғана қабылдаған жөн».
Ана тілін менсінбейтін, білуге тырыспайтын интеллигенттерді жұртшылық алдында сынау қажет дей отырып, Әбекең: «Қазақ тілі елімізде коммунизм құру ісіне үлкен қызмет етіп отырған мықты, бай тілдердің қатарынан орын алады. Қазақ тілі еліміздегі халықтар достығының мықты құралдарының бірі» деп атап көрсетеді. Бұл пікірлер Елбасы­ның «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде», «Мемлекеттік тіл қазақстандықтарды біріктіруші басты фактор» деген пікірлерімен үндесіп жатыр.
Ғалымды жастар тәрбиесі де қатты алаңдатқан және тәрбие діңгегі ана тіл екенін баса айтып отырады: «Қазіргі қаулап өсіп келе жатқан қазақ жастарының ана тілін міндетті түрде жақсы білуін қамтамасыз ету бүкіл халықтық, мемлекеттік зор маңызы бар іс. Бұл жөнінде жекелеген адамдардың теріс әрекеттерін, түсінік-ұғымдарын сынаумен іс бітпейді. Сонымен бірге осы бағыттағы тәлім-тәрбие, үгіт жұмысын да күшейту аса қажет. Жастарды ана тілін сүюге тәрбиелеуге көпшілік, қоғам ұйымдары, тәрбие, оқу орындарымен бірге баспасөз де атсалысуға міндетті».
Оқу орындары дегенде тәуелсіздік алғалы реформадан көз ашпаған білім беру саласы ойға оралады. Бұл салада қордалаған мәселелер жетерлік. Қазіргі таңда орта мектептерде 5-7 сыныптар жаңартылған бағдарламамен, жаңа мазмұнмен оқуға кірісіп кетті. Осы мәселеде қазақ мектебінің өзінде қазақ тілі мен әдебиеті қандай дәрежеде оқытылып жатыр деген ой барша зиялыны ойлантуға тиіс. Рухани жаңғырудың өзегі – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, яғни гуманитарлық білімдер. Жаңартылған мазмұнға көшу – сырттан алған білім беру тәжірибесінің өзін рухани тамырға икемдеу. Бұл тұрғыда да Елбасы: «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз» деп атап өтті.
Қорыта айтқанда тіл үшін күрескен Ә.Нарымбетов сияқты алдыңғы жақсылардың өкшесін басып келе жатқан ел ағаларының алдында туған тіл мен әдебиеттің мүддесі үшін арғымақтың баласындай аз оттап, көп жусайтын, азамат ердің баласындай аз ұйықтап, көп жортатын күн, уақыт енді туды. Тіл үшін күрес – мәңгілік үшін күрес. Келер ұрпақ жаһандануға жамырап, өзге мәдениетке исініп кетпесін десек «ұлттық болмыстың өзегін сақтау» (Н.Назарбаев) басты парыз.



Баға беріңіз