«Әліпби жаңғыру»: кірме таңбалардың (әріптердің) оқу-әдістемелік талданымы

Tilalem.kz

Tilalem.kz

12 ақпан, 2018

Қазіргі қазақ әліпбиінің тізбегінде төл таңбалармен қатар кірме таңбалар араласып жүр. Төркіні бөлек кірме таңбалардың жасалым-естілім (артикуляция-перцепциясы) бөгде болғандықтан, олар қазақ сөзінің үндесім әуезін, морфем құрамын, буын тұрқы мен тасымал ретін, сондай-ақ сөйлеу ырғағын түгел бұзып бітті. Көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып алған соң кірме таңба қаптаған жазуды да өгейсінбейтін болдық. Егер рухани сана жаңғыру ұлттың тілінен басталатынын ескерсек, онда алдымен төл әліпбиді қалыптастырып алу керек болады. Төл әліпбиден төл жазу қалыптасады, төл жазудан ұлт тілі қалыптасады. Бұл - әлеми жазу тәжірибесі көрсетіп отырған фонетика-грамматикалық ұстаным.

Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамындағы кірме таңбалардың дыбыс құрамы (мазмұны) академиялық орфоэпиялық сөздіктерде таратылып көрсетіліп келеді. Алайда академиялық орфоэпияның нәтижесіне ешкім мән беріп отырған жоқ. Сөздіктердің, мүмкін, таралым тапшылығы болар немесе оқу-әдістеме бағдарламалары мен оқулықтарда жеткілікті мән берілмей келе жатқандықтан болар, әлде орыс әліпбиімен тұмшаланып қалғандығымыздан болар, әйтеуір кірме таңбалардың тіл бұзар машақатынан арыла алмай-ақ келеміз.

Әдетте, әлеми әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше (екі-үш, одан да көп) таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал бірнеше дыбысты бір таңбамен белгілеу дәстүрі жоқ сықылды. «Жоқ сықылды» деп екіұшты сөйлеп отырғанымыздың себебі бар. Өйткені әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыстың тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Белгілеп қана қоймай, арнайы емле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық. Жарты ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпақ сол емле-ережемен ауызданып, сол емле-ережемен ер жетіп, сол емле-ережемен қартайып, сол емле-ережемен «ұзап» кетіп жатыр. Тіл бұзар емле-ереженің бастау сәті де белгілі – 1957 жыл, белсенділері де белгілі – сол кездегі аты әйгілі тіл мамандары.

Ендігі шешім не болмақ? Қазіргі естияр ұрпақты «олай емес, былай» деп сендіру қиын болып отыр. Бұрын бір ескерткеніміздей, қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ деп» сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біз, қазіргі ұрпақ, шамасы, сол «и-у-я-юлап» өтетін тәріздіміз. Амал жоқ, күйінесің-күйесің, іс өнбесін білесің...

«Әліпби жаңғыруды» мектептен, тіптен, бірінші сыныптан бастамаса болмайтын түрі бар. Сол ұрпақ өсіп жетілгенде ғана қазақ сөзінің қазақы жазылымы мен айтылымы кірме таңбалардың машақатынан тазаратын болады. Бірақ ұрпақ дайындығын бүгіннен бастау керек. Мұндай дайындық ең алдымен сауат ашудың бастау көзінде тұратын мұғалім-ұстаздарға керек. Көзі ашық сауатты қауымның да игеріп алғаны артық болмайды. Өйткені болашақ қабылданатын латын әліпбиінің құрамы мен емле-ережесі бүгінгі кемшіліктерден арылып жаңаратын болады.

Сонымен, кірме таңбалардың дыбыс құрамын таратып, көрнекі «әліпби» пішіндемесін (моделін) құрастырып шығамыз. Қазақ грамматикасында буын түрлерінің атаулары бар. Сол үлгіні дыбыс тіркестерінің талданымына да пайдалануға әбден болады. Буын түрлері мен тіркес түрлерінің дыбыс құрамы бірін-бірі қайталайды.

Алғашқы тіркес түрін «ашық тіркес» деп атадық: дауыссыздан (шартты түрде - Дз) басталып дауыстыға (шартты түрде - Дт) бітеді: Дз→Дт (1 пішіндеме).

1-пішіндеме. Жуан/жіңішке әуезді ашық тіркес

Тіркестің бірінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен қысқа й деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде қысқа/созылыңқы деген дыбыс жоқ). Тіркестің екінші сыңары бірде дауысты а болса, бірде дауысты ә болады. Ендеше оқулықтарымыздағы дауысты я деп жүргеніміз дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.

Келесі тіркес түрін «тұйық тіркес» деп атадық: дауыстыдан басталып дауыссызға бітеді: Дт→Дз (2 пішіндеме). Тұйық тіркес екі түрлі болып келеді.

Бірінші тұйық тіркес. Тіркестің бірінші сыңары бірде дауысты ы болса, бірде дауысты і болады. Тіркестің екінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (тағы қайталаймыз, орыс үлгісімен қысқа й деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінді қысқа/созылыңқы деген дыбыс жоқ).

2-пішіндеме. Жуан/жіңішке әуезді езулік тұйық тіркес

Ендеше оқулықтарымыздағы дауысты и деп жүргеніміз дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.

Екінші тұйық тіркес. Тіркестің бірінші сыңары бірде дауысты ұ болса, бірде дауысты ү болады. Тіркестің екінші сыңары дауыссыз у дыбысы болып табылады (орыс үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ): Дт→Дз (3 пішіндеме).

3-пішіндеме. Жуан/жіңішке әуезді еріндік тұйық тіркес

Ендеше оқулықтарымыздағы дауысты у деп жүргеніміз дербес-дербес екі дыбыс тіркесінің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі дыбыс тіркесін тағы да бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.

Соңғы тіркес түрін бітеу тіркес деп атаймыз: дауыссыздан басталып, дауыстымен жалғасып, дауыссызбен аяқталады: Дз→Дт←Дз (4 пішіндеме). Тіркестің бірінші сыңары дауыссыз й дыбысы болып табылады (тағы да, орыс үдгісімен қысқа й деуге болмайды, қазақ тілінде қысқа/созылыңқы деген дыбыс жоқ). Екінші сыңары бірде дауысты ұ болса, бірде дауысты ү болады. Тіркестің үшінші сыңары дауыссыз у дыбысы болып табылады (тағы да қайталаймыз, орыс үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз дұрыс емес, қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ).

Ендеше оқулықтарымыздағы дауысты ю деп жүргеніміз әрқайсысы үш дыбыстан тұратын дербес-дербес екі тіркестің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде үш дыбыс тіркесін де бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.

4-пішінднеме. Жуан/жіңішке әуезді бітеу тіркес

Қазақ тілінің сөзқұрауыш (просодикалық) заңдылығы бойынша жазу үлгісі «бір дыбыс-бір таңба» болу керек, сонда ғана мәтіннің үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлеу ырғағы үйлесімді шығады. Қазақ (жалпы түрік) тілінің өзге тілдердің жазу үлгілерінен басты ерекшелігі осы болып табылады.

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшкенде «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымын негізге алатын боламыз. Төменде кирилл-латын баламасының жиынтық үлгісін беріп отырмыз (5 пішіндеме).

5-пішінднме. Кірме таңбалардың кирилл-латын үлгісі

Қазақ әліпбиінің құрамында дыбыс тіркестерін белгілейтін таңбалардан (әріптерден) басқа кірме жеке таңбалар (әріптер) бар. Ол таңбалардың да дыбыс мәнін өз алдына талдауға тура келеді.

Сонымен арнайы фонетика-грамматикалық талданым қажет болып отырған кірме таңбалар и, у, я, ю болып табылады, бұлардың сыртында һ, х, щ тағы бар. Бұл жерде оларға тоқталып жатпаймыз.

Кірме таңбалардың әрқайсысына жеке-жеке оқу-әдістемелік дәріс дайындап жатырмыз, оқу-құрал үлгісінде жарық көретін болады.

Латын әліпбиінің таңбалары бүкіл әлем қабылдап отырған Халықаралық Фонетикалық Әліпби (ХФӘ немесе МФА - Международный Фонетический Алфавит) құрамынан алынды. Дыбыстың таңбасы тек сол дыбыстың артикуляциясының ғана көрсеткіші болады. Бір дыбыстың таңбасымен өзге дыбысты белгілеуге болмайды. Дыбыстың әріп таңбасы барлық уақытта тұрақты.

Біз қазіргі кезде қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ» деп сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біріне-бірі жалғасқан әліпби ауыстыру мен орынды-орынсыз емле құрастыру осындай жайға алып келді. Оп-оңай көрінген қазақ тілінің дыбыс құрамын түгендей алмай әлек болып жатқанымыз да сондықтан. Кез-келген қазақтан (ересек болсын, бала болсын) «қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деп сұрасаң, бәрінің берер жауабы біреу-ақ, «42 дыбыс бар» дейді. Бұл, әрине, олардың кінәсі емес, мектептен бастап жоғары оқу орнын бітіргенге дейін «42» деп тоқпақтай берсе, кім де болса соған ұйып қалады. Ұйып қалғандардың арасында, өкінішке орай, қазақ тілі пәнінің мұғалім-оқытушылары барын қайтерсің. Олар да «қырық екі» демесе де соған жете жығылып жатады.

Жүрген жерімізің бәрінде «әліпби сауатымызды ашып алудан бастайық» дегенді босқа айтып жүрген жоқпыз. Және «әліпби сауатты» алдымен оқулық авторлары мен әдістеме иелері бастау керек. Ал бастауыш сыныптан бастау алса, жас ұрпақ өсе келе, бүгінгідей «олай емес, бұлай емес» деп арпалысқан ересектердің «әліпби» дертіне ұшырамайтын болады.

Үлгі ретінде кірме у таңбасының жазылым үлгісін ұсынып отырмыз. Орыс жазуының үлгісімен дауысты у деп жүргеніміз жуан/жіңішкелі тұйық ұу/үу тіркесі екеніне жоғарыда көз жеткіздік. Бәрімізді шатастырып жүрген осы тіркестің бірде дауысты, бірде дауыссыз болып жүрген екінші сыңары у таңбасы болып табылады.

Сонымен бұл өзі неғылған дыбыс болып шықты? Оның академиялық мазмұны:

Анықтамасы: ерін-еріндік,жуысыңқы, үнді

Мәртебесі: жүйеқұрауыш

Қызметі: тұйық рай көрсеткіші

Тіркесімі: тек дауыстыдан кейін келеді

Шепорналасымы: сөз басында кездеспейді

Жиілігі: жиі кездеседі

Ұқсастығы: Орыс, араб тілдерінде жоқ, ағылшын тілінде бар.

Тағы да ғылыми негізге жүгінетін болсақ, халықаралық фонетикалық әліпби (ХФӘ немесе МФА – международный фонетический алфавит) үлгісі бойынша таңбасы [w] болуға тиіс. Бұдан әрі қарай осы таңбаны тұрақты пайдаланатын боламыз.

Егер [w] дауыссыз дыбысының жазылым емле-ережесі дұрыс құрастырылса, онда сөздің үндесім әуезі, морфем және буын құрамы, тасымал реті мен сөйлем ырғағы бұзылмайтын болады.

Жуан әуезді сөздердің құрамында:

-жуан әуезді қысаңҰ[u] мен үнді жуысыңқы У[w] дауыссызының тіркесі ҰУ[uw] болып жазылады;

-сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ұ[u] дауыстысынан басталады:
у (ұу) [uw], уық (ұ-уық) [u-wuq], уыс (ұ-уыс) [u-wus], уақыт (ұ-уа-қыт)

[u-wa-qɪt];

-сөз ортасында: туыс (тұ-уыс) [tu-wus], суық (сұ-уық) [su-wuq], жуан (жұ-уан) [ju-wan], шаруа (ша-рұ-уа) [şa-ru-wa], оқушы (о-құу-шы) [o-quw-şɪ];

-сөз соңында: ту (тұу) [tuw], су (сұу) [suw], бу (бұу) [buw], алу (а-лұу)

[a-luw], толу (то-лұу)[to-luw], оқу (о-құу) [o-quw], қару (қа-рұу) [qa-ruw];

Жіңішке әуезді сөздердің құрамында:

-жіңшке әуезді қысаң Ү[ü] мен үнді (жуысыңқы) У[w] дауыссызының тіркесі ҮУ[üw] болып жазылады::

-сөз басында [w] кездеспейді, сондықтан сөз ү[ü] дауыстысынан басталады: уіл (ү-уіл) [ü-wül], уәде (ү-уә-де) [ü-wә-de], ү-уәж (ү-уәж) [ü-wәj], уәли (ү-уә-лій) [ü-wә-liy], уәзір (ү-уә-зір) [ü-wә-zir];

-сөз ортасында: сурет (сүу-рет) [süw-ret], келуші (ке-ліу-ші) [ke-lüw-şi], сенумен (се-нүу-мен) [se-nüw-men],секіруге (се-кі-рүу-ге) [se-ki-rüw-ge], келуі (ке-лү-уі) [ke-lü-wi];

-сөз соңында: күлу (кү-лүу) [kü-lüw], тілу (ті-лүу) [ti-lüw], күту (кү-түу) [kü-tüw]

Ендеше латын әліпбиіне қазіргі кирил орфографиямыздың үлгісімен өтуге болмайды. Онда кирилдегі тілбұзар ережелерімізді сол күйінде қайталаған болып шығамыз.

Жазу реформасының нәтижесінде қазақ тілінің:

-төл дыбыс құрамы кірме таңбаларсыз таза анықталады;

-төл дыбыс құрылымы (жүйесі) сақталады;

-морфем құрамы бұзылмайды;

-буын тұрқы жаңсақ жіктелмейді;

-тасымал реті сетінемейді;

-сөйлем ырғағы сақталады.

Латын әліпбиіне өту үстіндегі жазу реформасының басты нәтижесі осы болмақ.


Баға беріңіз