Латын графикасына көшу жайын талқылады

​Ақтөбеде «Өрлеу» БАҰОАҚФ Ақтөбе облысы бойынша ПҚБА институты қызметкерлері еңбек ардагерлері Қ.Шүкіров, Қ.Қуанмен бірге мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі туралы пікірлесті.
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 ақпан, 2018

Латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшуді түсіндіру, насихаттау, көпшілікке танымал ету бойынша жоспарланған жүйелі жұмыстардың жалғасы «Өрлеу» БАҰОАҚФ Ақтөбе облысы бойынша ПҚБА институтында «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың басым бағыты» тақырыбында өтті.

Шараны институт директоры, филология ғылымдарының кандидаты Н.Абишева жүргізді. Жиынға институт қызметкерлері, облыстың ЖОО-ның филолог-ғалымдары, Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының өкілі, еңбек ардагерлері Қ.Қуан, Қ.Шүкіров және білім саласы қызметкерлері қатысты.

Басқосу барысында М.Жанасова: «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де тоқтамайды. Латын қарпіне көшу – заман талабы, жаһандану үдерісіндегі өркениетке апарар жол. Латын - индустрия тілі, сондықтан латын қарпіне көшетін кезең нақ осы шақ» - деді.

Сондай-ақ компьютерлендіру дәуірінде қазақ әріптерін сан жағынан ықшамдай отырып интернет-технологияға бейімдеу,ағылшын тілін жеңіл игеру, әлемдік білім кеңістігіне енуде латын негізді әліпбидің тиімділігі жөнінде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Т.Тоқсанбаева баяндама жасады. Қатысушылар баяндамашы Тілектес Жанабергенқызына тақырып төңірегінде сұрақтар қойып, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиын модераторы, институт директоры Н.Абишева Елбасының Рухани жаңғыру жолындағы идеялары мен бастамаларын негізге ала отырып,сөз мәдениетін және жазу сауаттылығын жоғары деңгейде қалыптастыру үшін латын негізді әліпбиді қолдайтындығын білдірді. Бұл ойды институт қызметкері, жаңа технологиялар және жаратылыстану-ғылыми (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты А.Дүйсенбаевқолдап, «Латын қарпіне көшу қоғамдағы барлық сала бойынша өзекті мәселе. Әлемде жойылуға жақын немесе жойылып кеткен тілдер қаншама. Жаңа графика тіліміздің шұбарлануынан сақтайды» - деген түйінді сөз айтты.

Шара барысында елдің көркеюі, білім мен ғылымның дамуы мәселелері кеңінен сөз болды. Әсіресе,бүгінгі ел тарихындағы маңызды кезең – қазақ тілінің латын графикасына көшуі ешбір адамды толғандырмай қоймайды. Сондықтан да басқосудың арнайы қонағы, медицина саласының ардагері, өз саласы бойынша 40 жылдан астам еңбек еткен, 83 жастағы Қалау Шүкіровте өз пікірін білдірді:

«Әліпбиді үйрену қиын емес. Қазіргі жастардың қабілеттері өте жоғары. Біз әліпбиімізді өзгерте отырып, қазақы құңдылығымызды, тілімізді жоғалтпаймыз» - деп Елбасы бастамасын қолдайтындығын қуана жеткізді.

«Жайсаң» көпсалалы колледжінің тарих пәнінің мұғалімі В.К. Есмухамбетова, облыстық рухани жаңғыру жобалық кеңесінің менеджері Д.Нұрмұхамедовалар да латын қарпіне көшу мәселесі бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан сан түрлі форматтағы шаралардың маңызды екендігін атап өтті.

Педагогтар, тарихшылар, ғалымдар, еңбек ардагерлері бас қосқан кездесуде латын қарпіне көшу мәселесі жан-жақты талқыланды. Қатысушыларкөкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мамандармен пікірлесті.


Баға беріңіз