​«Бешбармақ» сөзі һәм Голощекиннің сайқымазағы

Астанаға келген жылдың күзінде тіркеуге тұру үшін Алматы аудандық ардагерлер ұйымының кеңсесіне бар­дым. Ұйым төрағасы Сайлаубек Дүйсенбекұлы жылы қабылдады. Сөзі­нің соңында «Тілімізге мүлдем жат ...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

09 ақпан, 2018

Сол әңгімеден кейін алты жылдай уақыт өтсе де қолданыстан қалмаған, тілі­мізді бұзып тұрған кесірлі сөз жайын­дағы ойды ортаға салу үшін қолыма қалам алдым. Өйткені жадымда жатталып қалған әкеммен екеуара болған бір әң­гі­мені де жаңғыртқым келді. Әкем тоқ­сан­нан асып, 1994 жылы дүниеден өтті. Бозбала шағында соқа сүйретіп, алғашқы се­рік­тестіктерді құрысуға қатысып, ауыл басқарып абыройға жеткен адам еді. Соғыс жылдарында Сталинград, Рос­тов шайқастарының өтінде бір қол, бір аяқтан жараланып, І топтағы мүге­дек болып елге оралды. Мүгедек қал­пымен шаруашылықтан қол үзбей, кең­шар басқарып, жылқышы болып, құрметті зейнеткерлікке шығып, баянды ғұмыр кешті. Мұның бәрін жазып отырғаным, әкем ел десе ішкен асын жерге қоятын ерекше адал адам еді. Сұрапыл шайқаста опат болған туған екі інісінің өтеуіндей (әкем осылай дейтін) соғыстың соңын ала туған, кештеу көрген тұңғышы болғандықтан мені алабөтен жақсы көріп, өзімен қатар адамдай әңгімеге тартып, ішкі сырын ірікпейтін еді. Бұл мен үшін үлкен тәрбие, білім мектебі болды.

Әкемнен әлгі «бешбармақ» сөзі жөнінде сұрағаным есімде. Сонда: «Еее, бұл Голощекиннің сайқымазағы ғой. «Қазақ етті қолмен жейді» деп сондай ат қойыпты. Оны жандайшаптары қолпаштап, ел-жұртқа таратып жіберіпті. Үлкен асымызға таңылған жолбике атау содан бері жабысып, қалмай келеді», деп қынжылып еді. Халқымыз «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дейді. Ардақты асымызға түскен бір құмалақтай ана тілімізді былғап тұрған осы бір жолбике жамау сөзсымақтан арылуға халық болып жұмылатын уақыт келген сияқты. Сөзсымақ дегенім, «бешбармақ» қазақ сөзі емес. Орысша да емес, бірақ түп-төркіні орысшадан бастау алатын сияқты. Ойланып көрелік. Неге бес сөзі беш болып бұзылған? Орыс тілінде де бес сөзі бар. Мағынасы қазақшадан мүлдем бөлек. Мәселен, «бес попутал», «беситься» (жын-шайтан түртті). С дыбысы ш-ға айналып (бешеный) кететіні де бар. Сөйтіп қазақша бес орысша беш болып кетті ме екен? Сондай-ақ бір қол саласында бір бармақ, төрт саусақ бар. Төрт бармақ қайдан келген? Шешуін тағы да тіл ерекшеліктерінен іздейік. Орыс тілінде «бармақ» деген сөз жоқ. Орысшада екі қол саласының бәрі сау­сақ. Орыс тілінің ыңғайымен бір қол­да­ғы бір бармақ, төрт саусағымыз тү­гелдей бармақ болып кеткендей. Қаласа, жер-судың, қала, дала, ауыл атауларын, тіп­ті кісі есімдерін өктемдікпен оп-оңай орыс­шаға өзгерте салу – кеңестік билік­ке тән тәсіл. Ендеше бірі ғана емес, бар­лығы бар­мақ болсын деген өктемдіктен «беш­бармақ» шыққан сияқты. Қайдан, қа­лай шық­са да, тілімізге жат сөзді ұлттық та­ға­мы­мызға таңып, ұнатпасақ та «қыңқ» демей көніп жүре бердік. Енді арылуымыз, қол­даныстан түбірімен жұлып тастауымыз керек.

Әр халықта еттен жасалатын тағам түрлері бар. Қазақта да қуырдақ, сірне, тағы басқалары баршылық. Дегенмен иісі мұрын жарып, буы бұрқырап, қазы-қартасы, жал-жаясы мен жілік-омыртқасы төңкеріліп алдыңа келгенде тәбетіңді де, көз-көңіл қуанышыңды да әп-сәтте көтеріп жіберетін еттің орны бөлек. Ес білгеннен қазанда пісіп жатқан ерекше иісін сезгеннен «ет жейміз» деп қуанатынбыз. Келе-келе басқа ұлт өкілдерімен аралас-құраластық көбейіп, оларға «Қазақша ет» деп түсіндіріп, осы атауға ден қойып, әбден үйрендік. Тоқсаныншы жылдары Алматы қаласының ірі мейрамханаларының қазақша-орысша жазылған ас мәзірінің (меню) тізімінен «Тайлық ет» («мясо по-тайски»), «Французша салат» («салат по-французски») дегендей, «Қазақша ет», «Мясо по-казахски» атауын оқып, қуанған едік. Бірте-бірте ас мәзірінің қазақша жазылуы да, «Қазақша ет» атауы да сирей бастады. Шынымды айтсам, көңілге қаяу түсіретін, ерсі естілетін «бешбармақ» атауын ұмыттырмай жаңғыртып, төрге сүйреп жүрген өзіміз бе деген де ой келді. Себебі қазақта, шүкір, той көп. Болсын. Қазақ тойының салтанатын асырып, сәнін көтеретін қазақша ет тартылатын сәтте той тізгінін ұстаған асаба көтеріңкі дауыспен «ет дайын болды» деп хабарлайды. Кейде мәндеп-сәндеп «бешбармақ» деп әндете созып қосып қояды. Оған ешкім «мұның не?» демейді...

Әңгіме төркіні ұлттық бас тағам туралы болған соң «сыбаға» атауы жөнінде ойымызды білдіре кету жөн сияқты. Өйткені қазақы қонақжайлықтың үзілмейтін үлгісіндей «сыбаға» сөзі қағажу қалып жат­қандай. «Сыбаға» – қазақы сый-құр­меттің салты. Халқымыздың салт-дәс­түрі көрініс беретін тойларда, әсіресе екі жас­тың шаңырақ көтерген қызығында құда­ларды шашу шашып, ерекше қарсы ала­мыз. Ал табақ тартуда олар жалпымен бірдей болып қалады. Құдаларға табақ­тарын «Сыбаға» деп жекелей хабар­лап, зор құрметпен тартса, той сәні арта түсер еді. «Қазақша ет», «Сыбаға» атау­лары да қатар естілер еді. Яғни, мейрам­ха­на, дәмханаларда ас мәзірі тізіміне «Қазақ­ша ет», «Сыбаға» деп жазылуы керек. «Қа­зақша ет» туралып, «Сыбаға» мүшелеп тар­тылады. Осылайша, еттің ежелгі атау­ла­ры бас тағамымыздың жолбике атаумен тарауына тосқауыл болар еді.


Баға беріңіз