Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында еліміздің жарқын келешегі үшін атқарылуы тиіс маңызды мәселелерді айқындап бергені анық. Мақаланы мұқият оқып шығып, көп дүн...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

05 ақпан, 2018

Жалпы жаңғыру дегеннің өзі ұмыт болған, ескерусіз қалған құндылықтарға мән беріп, қадір-қасиетін білу емес пе? Бүгінгі таңда Тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтан ойып тұрып орын алған Қазақ елі рухани жаңғыру арқылы да өзінің мәдениеті мен өркениеттік құндылықтарын жаңаша түлетіп, нық қадамдармен алға басып келеді. Президент Н.Ә.Назарбаев күні кеше Біріккен Ұлттар Ұйымының алқалы жиынында қазақ тілінде сөйлегені мерейімізді тасытты. Рухани жаңғыру осындай нақты шаралармен бекітіліп, түйінделіп отырса, құба-құп. Бүгінде жасым сексеннің сеңгіріне шықса да тіл жанашыры ретінде ұлтымыздың темірқазығы, Тәуелсіздігіміздің бірден-бір тұғыры ана тіліміздің тағдыры мен оның айналасындағы өзекті мәселелерге үнемі назар аударып отырамын. Өйткені жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Ел келешегін жарқын ету тіл мерейін үстем етумен де тікелей байланысты. Олай болса, қазақ тілінің көсегесін көгертпей, ісімізден оң нәтиже шықпайды.

Біле білген жанға, тіл – халық­тың, ұлттың рухы, жаны. Мұны біз емес, кешегі Алаш арыстары айту­дайын-ақ айтып кеткен. Негізгі бағдарымыз да, ұстанымымыз да бойға қуат, жанға жігер беретін осындай ұлағатты сөздер ғой. Рухани жаңғырудың маңыздылығын біз тілдік тұрғыдан да түсініп, қабылдауымыз керек. Өйткені тіл жаңғырмай, әдебиетіміз де, мәдениетіміз де, әдет-ғұрпымыз да, тәлім-тәрбиеміз де жаңғырмайды. Демек, тілді жаңғырту – рухани жаңғырудың бір парасы әрі ең бас­тысы, ең маңыздысы дер едім.

Қазіргі кезде «Мен қазақпын деген әрбір азаматтың алдында ана тілімізді сақтап қалу, оны одан әрі дамыту үшін не істеу керек?» деген үлкен сұрақ тұр. Тіл жайында қанша айтып, жазғанымызбен әліде атқарар іс қомақты. Көбіміз тілімізге жанашырлық танытпай келеміз. Арамызда қазақ тілінде сөйлемейтін бауырларымыз қаншама. Статистикалық деректерге жүгінбей-ақ, оны өмірдің өзі көрсетуде. Бұл ұлт ретінде дамып, қалыптасуымызға айтарлықтай кедергі келтіреді. Жолымызға едәуір тосқауыл болады. Өз тілін жетік білетін біртұтас ұлтқа айналмасақ, қазақы бет-бейнемізден айырылып қалуымыз да ғажап емес. Жаратқан мұндайдан сақтасын. Осының бәрі де тіл жөнінен туындап жатқан, шешімін табуды қажет ететін күрделі мәселелер. Сондықтан сөзден іске көшіп, нақты қарекет жасауымыз керек. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамымен бір­лесе жұмыс істеп, тіл саласында біраз игілікті жұмыстарды атқарған едім.

Мысалы, Қостанай облысындағы Рудный, Лисаков қалаларында басшылардың табал­дырығын тоздыра жүріп алғашқы қазақ сыныптарын ашқанбыз. Қалалық радио да тұңғыш рет қазақ тілінде хабар тарата бас­тады. Қазіргі таңда Лисаков қаласында бір қазақ мектебі, Рудныйда екі қазақ мектебі бар. Екі қалада да қалалық радио мен телеарналар қазақ тілінде сөйлеп тұр.

Нақты іс керек деп отырғаны­мыз­дың бір мәнісі осы. Бұл ретте айтайын дегенім, «Қазақ тілі» қоғамы да қайта жаңғырып, тіл саласындағы қыруар жұмыстарға ұйытқы, бастамашы болуын бұрынғыдай жалғастыра бергені абзал. Өйткені бір­лесіп атқарған істен міндетті түрде нәтиже шығады. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы ғой. Бөле-жаратын ештеңесі жоқ. Ортақ шаруа болғаннан кейін, мәселеміз де, міндетіміз де ортақ. Ол – мемлекеттік тіліміздің өз тұғырына қонуы.

Өзімнің зерттеуім бойынша және көпші­ліктің пікіріне қарағанда қазақ мектептерінде, әсіресе балабақ­шаларында бүлдіршіндердің ана тілімізде сөйлеп кетуі айтарлықтай дәрежеде көрінбейді. Жұмысты, ең алдымен, жас ұрпақтан бастаған ләзім. Ол үшін отбасы тәрбиесіне көңіл бөлінуі қажет. Алдымен, болашақ ұрпақтарымыздың орыс тілді болып кетпеуіне абай болайықшы. Алдымызда аумалы-төкпелі жағдайдағы ана тіліміздің тағдыры тұр. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры екенін естен шығармайық.

Біз ширек ғасыр бойы (егемендік алғаннан бұрынғыны есептемегенде) ана тіліміздің тағдыры туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп Ата Заңымызға тайға таңба басқандай етіп жаздық. Бірақ оның мемлекеттік форумдарда қолданысы көңіл көншітпейді. Заңдар да көбіне-көп басшылардың қолайлығына қарай орындалатынын байқап жүргенімізді несін жасырайық. Әсіресе тіл мәселесіне келгенде.

Былтыр ұшақта қазақ тілінде қызмет алғысы келген азаматтың басы дауға қалғаны бар. Шын мәнінде, бұл жерде Конституция бабын бұзған, өз міндетін дұрыс атқара алмаған ұшақ қызметкері кінәлі емес пе? Соны айыптау керек еді ғой. Бұл жағдай бір емес, талай көрініс тауып жүрген оқиға.

Қоғамымызда тілге байланыс­ты өзекті өртейтін жайт­тар аз емес. Жар­на­ма­лардағы қате жазулар, тілді қор­лайтын сауатсыз ­ау­дармалар, тағысын тағы­лар. Бұған күнделікті өмірде куә­міз. Бірде дүкенге кірсем, сатушы қазақ қызы менімен орысша сөйлесе бастады.

– Қарағым, мен қария кісімін ғой, менімен қазақша сөйлессеңші, – дедім. Ол сөзімді ұнатпай қалды. Ойының аңғарынан байқағаным, өзінің қазақ тілінде сөйлемей жүргенін өзгелерден көргісі келіп тұр. Әр адам өзінен бастауы керек емес пе? «Алдымен өзгелер сөйлесін, сонда мен де қазақша сөйлейтін боламын» дейді. Сөйтті де, міз бақпастан орысша сөйлеуін жалғастыра берді. Немеремдей жас қызбен тәжікелесіп тұруға дәтім де бармады, дәрменім де жетпеді. Ештеңе алмастан шығып жүре бердім. Қайтесің, қайран ата-бабаның тәрбиесі-ай, көзден бұл-бұл ұштың-ау дейсің қамығып.

Мен тұратын үйдің ауласында бала­лардың ойынына арналған шағын алаңқай бар. Сол маңда тұратын ата-аналар бүлдіршіндерін әкеліп ойнатады. Бәрі де қазақ. Қазақ болғандарын қайтейін, балаларымен тек орысша сөйлеседі. Қайсыбіреулеріне: «Бұларың не, қарақтарым-ау, мына сәбилер ертең кім болып өседі?» деп жайлап қана айтып едім, олар жаңағы дүкенші қызға ұқсап, дес бермей, өз дегендерімен қарсыласып, айтыса бастады. Сөзімді амалсыз тоқтаттым. Шынымды айтайын, әке-шешелерінің өз балаларымен орысша сөйлескенін естігенде еріксіз қапаланасың. Қазақ тілі қазақтың өзіне керек болмай отырғаны ма? «Ашиды жаның, қайнайды қаның».

Туған тілдерін мансұқ етіп, өзге тілді қолданып һәм қолдап жүрген қаракөз­дерімізді көргенде «Шіркін-ай! Бұларға ана тілдерінен жеритіндей не күн туды екен?» деген ауыр ой келеді. Мені, әсіресе жастар жағы көбірек алаңдатады. Ертең олар ұлттық сана-сезімнен жұрдай, ата-баба дәстүрінен тү­бегейлі қол үзіп қалса, кім­нен көреміз? Өздері ержетіп, ақыл тоқтатқан жасқа келгенде тіл жайының қа­дірін түсінсе ғанибет. Түсін­бесе, ұлт үшін сол қайғы.

Мен тұратын үйдің ауласында бала­лардың ойынына арналған шағын алаңқай бар. Сол маңда тұратын ата-аналар бүлдіршіндерін әкеліп ойнатады. Бәрі де қазақ. Қазақ болғандарын қайтейін, балаларымен тек орысша сөйлеседі.

Осылардың бәрін көріп-біліп мазам кетіп отырсам, «Апа, уайым­дамаңыз, елімізде қазақ мектептері көптеп ашылып жатыр емес пе? Бәрі де біртіндеп орнына келеді» деп балаларым мен немерелерім мені жұбата бастайды. Иә, лайым солай болғай деп тілеймін. Дегенмен, қарекетсіз отырғаннан ештеңе шықпасына көзіміз жетті ғой. Тіл үшін әрқайсымыз бір шаруа тындырып, қолымыздан келгенше нақты іспен үлесімізді қоссақ, қанеки!? Әркімнің өз мүмкіндігі бар. Тым болмағанда әр ата-ана өз баласын қазақша оқытсын, қазақ балабақшасына берсін! Бұл да жұмыстың маңызды бір парасы.

«Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп Жұбан Молдағалиев жырла­ғандай, түрлі зұлмат-зобалаңдардан, аштық пен қырғындардан аман қалып, тәуелсіздік заманына жеттік. Құдайға шүкір. Қызыл империяның құрсауында жүріп те тілінен айрылмаған қазақ, әлем таныған егеменді елге айналғанда өкінішке қалдырмас деген сенім бар.

Кезінде Қазақстанға саяхаттап келген бір француз елімізбен жақсылап танысқан соң қазақтар туралы «Өздері орысша сөйлейді, бұл сонда қандай халық болғаны?» деп таңғалған екен дейді. Қалай тауып айтқан! Бәрі де рас қой. Намысқа тиетін-ақ сөз. Бірақ ащы да болса шындық.

Осының бәрі тілге байланысты айтылып отыр. Тіл тұтастығы – мемлекет тұтастығы. Бұған бәріміз де жана­шыр­лықпен қарауымыз керек. Сондықтан орыстілді қазақ, қазақтілді қазақ болып екіге бөлінбеу қажет. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, мұның өзі мемлекетіміздің тұтастығына жік салмай ма? Адам қай тілде сөйлесе, сол елдің өкіліне айналатынын зерттеушілер айтып жүр. Тіл білмеген қазақ әдебиетімізден де, салт-дәстүрімізден де, тарихымыздан да мақұрым қалады. Ондайлар білектің күшімен, найзаның ұшымен елімізді, жерімізді қорғап қалған батырлардың есімін де, қазақ халқының тағдыры үшін мерт болған Алаш азаматтарының да кімдер екенін білмейді. Тіпті әндері сахна төрінен күнде естіліп жататын Шәмші Қалдаяқовты білмейтін қандастарымыз да бар. Өйткені олар қазақ тілінде беріліп жататын радио, теледидар хабарларын тыңдамайды. Қазақ әдебиетінен тіпті бейхабар. Дей тұрғанмен, орыстілді қазақтардың бәрі осындай деп топырақ шашқым келмейді. Қаны бір қазағымды жамандыққа қимаймын. Түптің-түбінде өз тілдерінің қадірін түсініп, үйренер деген үмітім бар. Намыссыз болмайық, тіліміздің мәртебесін көтеруге бәріміз атсалысайық. Сөзден іске көшейік. ­Айтайын деген ойым осы еді.


Баға беріңіз