Қаз Latقاز        
Кіру
Кіру тіркелу
Тәуелсіздік тұғыры - мемлекеттік тіл

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды

Халел Досмұхамедұлы

Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады

Ахмет Байтұрсынұлы

Тіл – адам жанының тілмашы

Мағжан Жұмабаев

Тіл тазалығы үшін күрес - ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес

Бауыржан Момышұлы

Ана тілін жақсы меңгере алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес

Жүсіпбек Аймауытұлы

Әрбір термин шығармашылық тұрғыдан зерттеуді талап етеді

3.2.2018 347
Сырттан енген терминдерді қазақ тіліне қалай бейімдеу керек? Барлық терминдерді тілімізге тікелей енгізу дұрыс па? Жалпы, сөзжасам ісінде қандай қағидаттарды ескерген жөн? Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да термин мәселесі көтерілген болатын. Осыған байланысты терминолог ғалым, филология ғылымның докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлын сөзге тартқан едік.

- Шерубай Құрманбайұлы, жалпы терминология саласында шеттен енген қандай сөздерді аудару немесе аудармай тікелей енгізу орынды деп ойлайсыз?

- Терминнің түрлері өте көп. Оның барлығына бірдей өлшеммен қарауға болмайды. Аударуға болатын және аударуға келмейтін терминдер, баламасыз лексика деген бар. Сондықтан, олардың бәріне бір өлшеммен қарап «аударуға келеді немесе келмейді» деген шешімге келуге асықпаған жөн. Жалпы, отандық терминқорымыздың арғы-бергі даму тарихы мен басқа елдердің тәжірибесін саралап қарасақ, тілімізге баламасыз лексика мен аударуға келмейтін терминдердің көбірек енетіні байқалады. Немесе номенклатуралық атаулардың, мәселен, белгілі бір техниканың, көліктің, тауардың жартылай қысқарған, жартысы сан, жартысы сөз болып келетін атаулар бар. «ГАЗ-21», «Т-34», «СУ-32», «F-16» сияқты автомобильдің, танктің, ұшақтың атаулары, маркасы, жер-судың, адамның атымен аталатын химиялық элемент, белгілі бір жаңалық ашқан ғалымдардың есімімен айтылатын Вольт, Ом және Ньютон тәрізді заңдар атаулары - түпнұсқадан аударылмайды. Ал енді белгілі бір мағынаны білдіретін сөздерден жасалған терминдерді әлем халықтары өз тілдеріне қолайлы етіп түрлі жолдармен аударып алу, фонетикалық тұрғыдан икемдеп қабылдау тәжірибелері өте көп. Мысалы үшін «компьютер» сөзін біз тура қабылдасақ, 70 миллион түрік оны «білгісаяр» деп аударып алды. Біз «тінтуір» деп жүргенді ағылшындар «маус» десе, француздар «суғи», орыстар «мышь» дейді. Біз «әуежай» десек, түріктер - «хавалиманы» (Havalimanı), немістер - «Флюгхафен» (der Flughafen, ұшу+ айлақ), арабтар - «әл матарум» «ұшақ мекені» المطار)), қытайлар - «фэй цзи чхан» (飞机场。fēijī chǎng) дейді. Қысқасы осылай кете береді. «Сендер неге дәл ағылшын немесе француз тіліндегідей алмайсыңдар» деп ешкім ешкімге міндеттемейді. Сондықтан, әр халықтың сырттан келген сөзді өз ыңғайына қарай бейімдеп алуға, қажет деп тапса, аударып, төл баламасын жасауға құқығы бар. Оны шектеп тастауға келмейді. Өйткені, тілде сөзжасам, терминжасам тәсілдері бар. Егер белгілі бір тілде сөзжасам жұмыс істемейтін болса, ол тіл біртіндеп өлі тілге айналады. Былайша айтқанда, ауызың болып тұрып сөйлемесең, көзің болып тұрып көрмесең - онда соқырдан, мылқаудан не айырмашылығымыз бар? Сол секілді тіл деген де өзінің заңдылығы бойынша жұмыс істейді. Тірі тілде, қолданыстағы тілде сөздің пайда болуы, жасалуы немесе өзге тілдерден аударылып алынуы табиғи нәрсе.

- Халықтың қолданысына оңай еніп кететін сөздерді тілге шебер түрде енгізу ісімен кімдер айналысуы керек? Өйткені, қазір термин шығаратындар да, термин ұсынатындар да біршама бар секілді...

- Шығармашылық үрдіс тілдің жасампаздығын көрсетеді. Ал екінші жағынан сөзді жасай алатын, соған қабілеті бар адамдар сөзжасам тәртібін бұзбай, тілдік нормаға сай жасағаны дұрыс. Кез келген істі қолынан сол шаруа келетін маман жүргізгенде ғана ол іс нәтижелі болады. Абай атамыздың «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, қазақтың келістірер қай баласы?» демекші, сөзді жасап жатқан адамдардың барлығы да келістіріп жатыр деу қиын. Нағыз мамандардың, сөз зергерлерінің қаламынан туындаған, солардың елегінен өткен сөз халықтың жаппай қолданысына ұсынылып, лексикалық қорымызды байытуға тиіс. Ал енді сәтсіз жасалып жатқан терминдерді мамандар уақтылы қарап, сараптан өткізіп, олардың асылын-жасығынан ажыратып, елеп-екшеп отыруы керек. Жалпы, менің пікірім - сөзжасамға мүмкіндік берген дұрыс. Қазақ тілі ешкімнің тілінен кем емес. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмеген». Бұл терминжасамға да қатысты пікір. Біздің тіліміз де көптеген дамыған тілдер сияқты сөз туғызуға, жаңа ұғым мен сөздерді қалыптастыруға қабілетті тіл. Бірақ, онымен нағыз білікті, терминге қойылатын талапты білетін, терминжасамның амал-тәсілдерін жақсы меңгерген кәсіби мамандар айналысқаны жөн. Сонда ғана сөздік қорымызға көңілге қонымды, тыңдауға жағымды, ұғымның мазмұнын дәл қамтитын сөздер мен терминдер енеді. Сөздерді мүлдем аудармай-ақ қояйық деу де немесе сөздің бәрін аударып тастайық, шет тілі сөздерінен түк қалдырмайық, тап-таза тіл жасайық деген де - біржақты пікір. Жалпы, ешбір тіл басқа халықтың тілінен сөз алмай тұра алмайды. Мәдениеттердің арасындағы байланыс, мәдениетаралық қатынастар қашан да болған, бола да береді. Көрші отырған немесе мәдениеті, ғылымы мен технологиясы дамыған халықтар бір-бірінен сөздерді, ұғымдардың атауларын алады, өзара сөз алмасады. Мәселен, біздің лексикамыздағы араб, парсы сөздері өте көп. Бірақ, олар біздің тіліміздің заңдылығын, фонетикалық және морфологиялық заңдылықтарын мойындап барып, қабылданды. Сол себепті олар өз сөздеріміз сияқты болып кетті. «Кітап», «қалам», «әлем», «дәптер» деген сияқты жүздеген сөздерді мысалға келтірсек болады.

- Бізде көп жағдайда заманауи терминдердің қазақ тіліне кірігуінде орыс тілі делдал болып тұрғаны байқалады. Мәселен, түпнұсқасы қазақша «Енгләнд» деп айтылатын мемлекеттің атауын біз орыс тілінің «Англия» атауымен тікелей қабылдап, тілімізге кіргізе салған сияқтымыз ба?.. Осындай мысалдар қазақ тілінде көптеп кездеседі ғой...

- Біріншіден, ертеректе де, ғасырлар бойы да өзге жұрттардың сөздерін, алып, беріп келе жатқан халықпыз. Мәселен, славян тілдерінде түркілік сөздер өте көп. Олар ондап емес мыңдап саналады. Мәдениетіміз әл-ауқатты, халқымызбен, мемлекетімізбен өзгелер санасып, түркілер дәуірлеп тұрғанда бізден де өзгелер сөз алған. Енді дүние алмасып, біз өзгелерден сөздерді көп алатын тілге, халыққа айналдық. Араб халифаты күшейген заманда олардың мәдениеті бізге келіп, мұсылман дінін қабылдау арқылы біздің тілімізге арабтың, парсының, иранның сөздері көптеп енді. Мына мәселені айта кету керек: араб, парсы сөздері біздің дыбыстық жүйемізге бағындырылып қабылданды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының: «Қазақтың тіліне кірген сөз қазақтың шапанын жамылып, тымағын киіп кіру керек» дейді. Сонымен қатар, Халел Досмұхамедұлы да «Біздің тілімізге енген сөз біздің дыбыстық жүйемізге, үндестік заңына бағынып келуі керек» деп тайға таңба басқандай айтып кеткен. Бұл тұрғыда бірнеше шығыс тілін, араб тілін жетік білген қайраткер Нәзір Төреқұлов зерттеу жүргізіп, «Жат сөздер» деген кітап жазған. Сол кітапта араб, парсы тілдерін біз қалай игердік, қалай игеру керек, еуропалық елдердің терминдерін қалай қабылдау керек деген мәселені бірінші рет Нәзір Төреқұлов атап көрсеткен болатын. Айтып өткенімдей, араб-парсы, иран, басқа да тілдердің сөздерін біз өзімізге икемдеп, қазақ тіліндегі бар дыбыстарды пайдалана отырып, қабылдағанбыз. Өкінішке қарай, орыс тіліне келгенде «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сара жырлағандай, тілдің осы заңдылығын, қағидатын сақтай алмадық. Біздің әліпбиімізге орыс тіліне тән ё, ю, я, ц, ъ, ь сияқты бізде жоқ кірме әріптер сол тілдегі сөздер қалай айтылса, қалай жазылса, солай қабылдау үшін тілімізге енгізілген. Олар - қазақ тіліне жат дыбыстар. Сол дыбыстарды кіргізіп алдық та, орыстар қалай жазса, солай жазып, қабылдап келдік. Былайша айтқанда, қазақ тілі мен орыс тілінің өзіндік орфографиялық ережелері, өзіндік тіл заңдылықтары бөлек екендігіне қарамастан, орыс тілі славян тобына, ал біздің тіл түркі тілдерінің қыпшақ тобына жататынын ескерместен, біз сол славян тобындағы сөздерді өзгертпей, тікелей қабылдадық. Қытай қазақтары осыған дейін Қытай астанасын «Бейжің» деп келсе, біз орыстарға ұқсап «Пекин» дедік. Соңғы кезде ғана түпнұсқадағымен бірдей алып жүрміз. Сондықтан орыс тілінен сөздерді қабылдауда үлкен кемшіліктерге жол берілді. Лингвистика ғылымында «үстем тіл» деген ұғым бар. Біздің тіліміздің дыбыстық жүйесіне де, сөз алмасу, термин алмасу процесіне де үстемдік жасалды. Біз оны біліп, өткеннен сабақ ала білуіміз керек. Жауырды жаба тоқып, ескі сүрлеумен тарта берсек, онымыз қазақ тілінің табиғатын сақтап, өзіндік ерекшелігін ескеру болмайды. Тілдік реформа жасаған кезде, әліпби алмастырғанда біз осыны ескергеніміз абзал. Басы артық таңбалардан құтылып, латын әліпбиіне көшсек, шет тілдерінің сөзін қабылдағанда делдал ретіндегі орыс тілі арқылы емес, тікелей «Бейжің» деп алуымыз керек. Орыс халқы да мәселен кез келген ұлттан сөз алғанда өз тілдеріне бейімдеп алады. Ал біз орыс тілінде қалай жазылса, солай қабылдаймыз. Бұл өз тіліміздің дыбыстық, морфологиялық заңдылықтары мен ережелерін ескермеу деген сөз.

- «Кітап» деген арабтың сөзі төл тілімізге сіңіп кеткен. Ақыры шеттен термин алатындықтан, осылайша, оны тілге ыңғайлы бейімдеумен енгізу үшін қандай жұмыс атқару керек?

- Терминдеріміздің 80-90 пайызы кеңестік кезеңде орыс тіліндегі терминдермен бірдей болды. Егер кеңестік кезеңдегі терминологиялық сөздерді сараптап қарасақ, техника, нақты ғылымдар саласындағы бірқатар салаларында ғылыми атаулардың 80-90 пайызға дейінгі бөлігі орыс тілінен еш өзгеріссіз, тікелей алынған. Бұның өзі терминжасам емес, яғни бейімдеп қабылдау емес - олардың терминдерін қаз қалпында көшіре салу. Осы дәстүрге әбден бойы үйреніп алған кейбір сала мамандары, ғалымдар ұлт тілінде термин жасауға, өз тілін де іске қосуға мүлде құлықсыз. Әлем тілдеріне кең тараған, аударуды қажет етпейтін терминдерді біз де алайық, терминқорымызды байытайық. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Алайда, шалағай, жауапсыз мамандардың қаламынан шыққан кейбір сөздерді бетке ұстап алып, қазақ тілінде жасалған сөздің бәрін қаралап, ұлттық сөзжасамға, терминжасамға қарсы тұру - мемлекеттік тілдің ғылым мен техника саласында қанат жаюын ойлаған білікті адамның тірлігі емес. Ендеше, қажетіне қарай өзгеден сөз алудан да қашпайық, өз тілімізде сөз жасауға да жол ашайық. Ұлт тілінде сөз, термин жасау бұл - табиғи процесс. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демей ме дана халқымыз. Термин, терминология жөніндегі мамандар мен маман еместердің айтқан пікірлерінің бәрін елеусіз қалдырмай, ғылыми сараптан өткізген ләзім. Ғылыми негізге сүйене отырып, іс жүргізсек, басқа тілдердегі сөздер де араб тіліндегідей тілімізге сіңіп кетеді. «Әлем», «кітап», «дәптер» деген сөзді ешбір қазақ мынау арабтың сөзі, мынау кірме сөз деп жатсынып жүрген жоқ. Олар бізге тастай батып, судай сіңіп кетті. Себебі, біз олардың барлығын тіліміздің заңдылығына сәйкестендіріп барып, бағындырып қабылдадық. Ал қазір кірме сөздерді икемді етпей, тілімізге бағындырмай, көршілер қалай жазса, біз де солай жазып келгендіктен, олар оқшауланып, жаттығын жасыра алмай, тілге қабылданғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, алаш қайраткерлері айтқандай «бөгде сөздер» деген аттан арыла алмай келеді.

- Демек, сырттан енген әрбір терминді жеке талдау керек деген пікірдесіз ғой?

- Жат сөздерді қабылдау, тілімізге бейімдеп алу - өте маңызды мәселе. Әрине, әр терминді жеке-жеке талдау керек. Әр терминнің табиғатын зерттеу керек. Ол қандай термин? Қай жақтан келді? Қандай мағынаны білдіреді? Тілімізде баламасы бар ма? Оларды аударуға бола ма, сол қалпында қабылған жөн бе? Біздің шетелдегі қазақтар оны қалай қолданып жүр? Бауырлас түркілерде қалай жасалған? Түпнұсқасы қалай, қалай икемдейміз деген мәселеге - шығармашылық тұрғыда келіп, сәтті балама тапқан кезде ғана оны тілге енгізуге болады. Егер шынымен аударуға келмейтін қазақтан өзге әлем жұртшылығы қабылдаған кең тараған термин болса, біз де өзімізге икемдеп алайық. Жаңа жасалған термин болса, ол шұбалаңқы болмай, ғылыми ұғымды дәл беретін, сонымен бірге құлаққа жағымды, тілге жеңіл, айтуға оралымды болатын жағын да ескеруіміз керек. Қысқасы, терминге қойылатын арнайы талаптар баршылық. Терминтану - тіл білімінің дербес саласы. Оны өзінше кешенді ғылым саласы ретінде қарастыратын да ғалымдар аз емес. Біз тісіміз ауырса тіс дәрігеріне, ішіміз ауырса терапевтке барамыз. Сондықтан, тілдің, терминологияның мәселесін де білікті ғалымдар мен тәжірибелі сала мамандары шешкені дұрыс қой деген пікірдеміз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Тегтер: термин, Шерубай Құрманбайұлы, ғылым, терминком
Авторы: Аян Бекенұлы, "inform.kz"

Сондай-ақ, оқи отырыңыз

43 0

ақпарат

​Латын қарпіне өтудің төте жолы талқыланды

35 0

ақпарат

​Қ.Тоқаев: Қазақ тілінің мәртебесін одан әрі арттыру өзекті мәселе

34 0

ақпарат

​Қостанайда латын әліпбиіне көшу туралы республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті