Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба

Әліпби ауыстыру қай заманда да оңай болмаған. Көп талқы, кеңес, керіске түспей шешім қабылданбайтыны анық. Қазақ халқы қазірде сондай күрделі кезеңде тұр. Осы орайда авторы «Жүсіпбек» деп жазылып (...
Tilalem.kz

Tilalem.kz

30 қаңтар, 2018

Хат танудың бір қи­ын­дығы – жазу таңба­ла­ры­мыздың көптігінен. Қазақ­тың ана тілінде дыбыс аз (24) болса да, жазуға келгенде көбейіп кетеді.

Хат тану қашан оңай­ланбақ? Әрине дыбыс басына бір-ақ таңба бол­ғанда.

Татарлар бас қаріптерді алып жүр. Олай жазғанда жазудың бұрынғы түрі мүл­де өзгеріп, танылмастай жат болып кететін көрінеді. Ол көрмеге де әдемі емес, толып жатқан ирек, керітінді болып шығады.

Жазу машинасына ла­йық­тап, Ахмет ағайдың шығар­ған қаріптері бар. Онда да дыбыс басына бір таңба алынған. Бұл қаріптер бас таңбаларды алғаннан әлдеқайда қолайлы.

Қайтсе де таңбаны азайту мәселесі майданға шықты. Кеп – дұрыс шешуде.

Ахмет ағайдың шығарған таңбалары осы күннен бас- тап, баспаханаларға арналып жасалса, жақсы-ақ болар еді. Онда хат тану бір жола жеңілденіп, орыс жазуының қатарына келер еді. Бірақ ол қаріптер жақын арада іске асады деп үміт етуге болмайды.Тыңнан қаріп жасатуға көп қаржы керек. Қаріп көп керек. Күллі Қазақстан, Түркістан жерлеріне (бас- паханаларына) түгел жеткендей қаріп қолға оңай түс­пейді. Олай болса, қаріп азайту әңгімесі бірталай заманға шейін созылуға мүмкін.

Өмір, ғылым жолы же­ңіл­дікті тілейді. Көрнеу тұр­­ған жеңілдік болса оны жай­ға қарату, «Асықпа, бі­рақ жарылқаймын» деу дұ­рыс емес. Сондықтан қа­ріп азайтудың қолайлы жолын іздеу керек.

Біздің түпкі мақсатымыз – дыбыс басына бір таңба беру. Соған жетуге талпыну керек.

Біреулер осы мақсұтқа бір-ақ секіріп жетеміз, жаңа қа­ріп­тер жасалып шыққанша, осы күнгі таңбаларымызбен жүре тұралық дейді. Мен ойлаймын: таңбаларымызды бұзбасақ та, санын азайтып, жаңа қаріптерге жетуге бір адым салған дұрыс деп, неге десеңіз, жаңа қаріпке біржола түсіп кетсек, осы күнгі баспа танитындар то­саң­сып, жаңа жазуды танымай қалуға мүмкін.

Жаңа қаріптерге тез тү­сініп кету үшін, одан бері де оқушыларды азды-көпті көзін үйретіп, әзірлеп алу керек. Жүзден төрт-ақ адамы хат танитын қазақтың көзін ашамыз деп жүргенде, біржола жаңа қаріпке түсіп кет­сек, сол төртеуін соқыр қы­лып алу қаупі бар – бұл бір. Екінші, тыңнан хат та­ни­тындарға жазу үйрену жо­лын жеңілдету үшін қа­зіргі қолданып жүрген қаріп­терімізді азайту пайдалы.

Бұл туралы менің ұсына­тын жобам мынау:

Бізде баста, ортада, аяқ­та, жеке жазылатын қа­ріп таңбаларын есептегенде, барлығы 100 таңба бар екен. Осының 58 таң­ба­сын алып тастасақ, жазуы­мыз­ға, баспамызға кемшілік келмейді деймін. Шығарып тастайтын таңбалар соңғылар: ﺖ , ﺘ , ﺞ , ﺠ , ﭽ , ﭻ , ﺪ , ﺮ , ﺰ , ﺴ , ﺲ , ﭗ , ﭙ , ﺐ , ﺒ , ﺎ , ﻲ , ﻴ , ﻰ , ﮫ , ﻩ , ﯟ , ﯘ , ﻮ , ﻦ , ﻨ , ﻤ , ﻞ , ﻠ , ﯔ , ﯖ, ﮓ, ﮕ , ﻚ , ﻜ , ﻖ , ﻘ , ﻊ , ﻌ

Көрініп тұр: әр қаріптің жеке таңбалары мен бас таңбаларын алып отырмын. Сөздің ортасында және ая­ғында жалғанып жазылатындарын шығарып тастап отырмын. Орталықта жазылатын таңбалар өзі де аз болады екен. Оны есептеп көрдім. Бас таңбалар үш есе, жеке таңбалар екі есе, орта таңбалар бір есе жазылады екен. Әрине бұл нобай есеп.

Сонымен бұрын үш-төрт, алты таңбалы болып жазылатын (А, Б, П, Т, Ж, Л, т.б.) қаріптері енді екі-ақ таңбамен жазылады. Бұрын екі таңбалы (Д, Р, З, О,Ұ, У, Е) қаріптері енді бір-ақ таңбамен жазылады.

«Е» таңбасының «ﻪ‎»-сін алу қолайлы. Өйткені жалғанып жазылатын «Е» көп келеді.

«Х», «Ш», «Ф», «Һ» таңбаларын енді шығарып тастау керек деймін. Өйткені ол дыбыстар қазақ тілінде жоқ. Өзімізде жоқ дыбыстарды әліпбиге кіргізудің қажеті жоқ.

Қазақ «һәр», «һәм», «һеш», «һаман», «қаһар», «шаһар», «халық», «хабар», «хүкімет», «махкәма», «хакым», «хажат» демейді; «әр», «әм», «еш», «әман», «кәр», «шәр», «қалық», «қабар», «өкімет», «мекеме», «әкім», «қажат» деп айтады. Егер сингармонизм заңын қолданатын болсақ, қазақтың өз ыңғайына көшу керек. Басқа жұрттан кіретін «фалсафа», «фотография», «фікір», «флегматик» деген сықылды сөздерді «пәлсепе», «потограпия», «пікір», «пілегматик» деп жазудан кемшілік жоқ. Бұл қаріптерді жоғалтсақ (16=4х4) он алты таңбаны жойған боламыз. Бұл – үлкен кіріс.

Жалғыз-ақ «Х» мен «Һ» дыбысының әдебиетте, әсі­ресе одағай сөздерде жолы­ғатыны болады. Мы­салы: «Х», «Ох», «Ай­хай», «Үһлеме», «Аһа» деген сықылды. Солар үшін бұл екі дыбысты алу дұрыс па? Жоқ, оларды шығарып тас­тап: «Ай-ой», «Ай-қай», «Үлеме» деп жазғанымыз дұ­рыс па? Алда-жалда бұл екеуін тастай алмаймыз десек, онда мен бұлардың бір ғана таңбасы Х», «Һ» алуды ұсынамын.

Сонымен бұрынғы 100 таңбаның 58 таңбасын жоғалтып, 42 таңбаға қал­дырамын.

Мен бұрынғы жобамда емлені өзгертуді ұсынғамын. Егер ол жоба бойынша емле өзгеріп, осы жоба бойынша таңбалар азайғанда, жазу түріміз қалай болар екен? Жазып көрмекші!

Бұл жоба баспахана жұмысына да өте жеңілдік келтіреді. Қаріп теру жұмы­сын үйренуге ол үлкен оңай. Енді қаріп кішірейтіп жасауға болады.

Әсіресе, бала оқытуға, хат танытуға өте пайдалы. Бұрын 100 таңбамен таныстырылатын шәкірт, енді 42 таңбамен ғана таныстырылады. Ендеше, екі есе оңайлатқан болады.

Тағы бір қолайлысы: бұл жобаны қазір іске асыруға ешбір бөгет, ешбір расход жолықпайды. Бұрынғы басылған кітаптармен артық айырмасы да жоқ.

Және «Л», «Р», «Е», «З», «О» сықылды жеке қаріп­терді оқып, көзі жат­тығу келешектегі Ахаңның қаріптеріне тез түсінуге өте қолайлы.

Бұл жобамен баспаханаға ғана өзгеріс кіргізгеніміз болмаса, қолжазбамыз түк өзгермейді.

Менің бұл жобамды кей­­біреулер бүйректен сирақ шығарған көрер. Олай емес. Бұл қазіргі ша­ғымызға ең пайдалы, ең қолайлы жол.

Сөзді ұзартпай, ендігісін сыншылардың қарауына беремін.

Газет басқармаларына: Қазақстан, Түркістанда шы­ға­тын барлық газеттер осы жобаны да көшіріп басуын тілеймін.



Баға беріңіз